Күллі жаратылыс атаулы – Алла Тағаланың құдіретін, шеберлігін, ілімін, жалғыздығын, ұлылығын танытар жеке-жеке құдайылық мөр. Біз осыларға қарап Оны таныдық, әлі де тану үстіндеміз. Алла Тағала Құран Кәрімде:
«Мен жындар мен адам баласын тек қана (мені танып), маған ғибадат етсін деп жараттым» - дейді. [ Зәрият сүресі, 56-аят.].
Демек, Алла Тағала бізді бұл дүниеге Өзін мына жаратылысқа қарап тапсын, танысын, білсін, құдіретінің, шеберлігінің, ілімінің алдында таңғалып, бас исін, құлшылық етсін деп жіберген. Мысалы, кез-келген атақты суретшінің табиғатты өрнектеген суретіне қарап таңғалып, тамсана таңдай қағамыз. Оның өнерін, шеберлігін, талантын мойындап, оған мақтау айтамыз. Ал енді сол суретшінің салған суретін бір сәт бағалап көрелікші!... Өспейді, өнбейді, төрт мезгілде әр түрлі құбылысқа енбейді, ағаштары жеміс бермейді, сулары ақпайды, құстары сайрап, балықтары жүзбейді. Міне, біздер осындай жансыз, жасанды, көшірме суреттерге қарап таңғалып, таңдай қағамыз. Бірақ сырттағы көркемдігі ғажап мына шынайы әлемге көңіл бөлмейміз. Ондайғы жұпар исі аңқыған сан алуан гүлдерді, әр түрлі жеміс-жидегін шашу еткен ағаштарды, құрлық пен теңізді мекендеген сансыз қасиетке ие жанды-жансыз атаулыны, көздің жауын алар жасампаздыққа тұнып тұрған жалпы табиғатты жаратқан негізгі Ұлы суретшіні, шебер Жаратушыны елемеуге бола ма? Саналы адам үшін нағыз мақтауға ие сол Жаратушы емес пе? Қалай ғана Оның құдіретінің, шеберлігінің, ұлылығының алдында таңғалып, Оған мадақ, мақтау айтпастан жайбарақат жүре аламыз?
Ендеше, адам баласының ең басты міндеті – Ұлы Жаратушыны тану. Оның ұлылығын дәріптеп, «Аллаһу әкбар», «Алла Тағалам, сен қандай ұлысың!» деп бас иіп, мадақ айту.
Иә, Оның шексіз құдіретінің, ұлылығының, шеберлігінің, ілімінің алдында таңғала бас иіп, мақтау айту – құлшылықтың нағыз өзі.
Намазымыздың әр рәкәғатында үнемі оқылатын «Фатиха» сүресіндегі: «Бүкіл мадақ та, мақтау да тек қана бүкіл әлемнің Раббысы – Аллаға тән», - деудің мағынасы да осы болса керек.
Құлшылықтың тағы бір мәні – Ұлы Жаратушы тарапынан бізге тегін тарту етілген сан жетпес жақсылық, ризық, нығмет үшін рақметімізді ғибадат арқылы білдіріп, Оның алдында қарыздар екенімізді мойындау.
Жан-жағымызды қоршап жатқан күллі болмыс атаулы тек қана біз үшін жаратылған. Алла Тағала өзінің шексіз құдіретімен оларды әлсіз, дәрменсіз адам баласының қызметіне бас идірген. Алып табиғат денелерін Ұлы Жаратушы өзі бас идірмесе оларды күшпен бағындыруға адам баласының қауқары жетпесі даусыз.
Арайлап таңның атуы, алаулап күннің батуы кім үшін?!
Жосылып бұлттың көшіуі, еркелеп желдің есуі кім үшін?!
Сылдырлап аққан өзен мен буырқанып тасыған теңіз кім үшін?!
Қойнауын қазынаға толы, тәкәппар бейнеде жаралған, аспанмен таласқан асқар таулар кім үшін?!
Етімен, сүтімен, терісімен, жүнімен өрісте жүрген жан-жануар атаулы кім үшін?!
Жан-тәнімізді сүйсінтіп, өне бойымызды толқытып, ән салатын, тоты, бұлбұл жыршы құстар кім үшін?!
Жұпар исін аңқытып, көздің жауын алатын, сан алуан түсті гүлдер мен балдай тәтті жеміс-жибек кім үшін?!
Алып Күн денесінің жылуы мен жарығы кім үшін?!
Бір ғана жауап – бәрі де біз үшін! Бәрі де адам баласы үшін. Бәрі де ардақты жаратылыс иесі адамзат үшін.
Әр ай сайын қолданған ыстық, суық суымыз бен жаққан электр шамымыздың ақысын төлеп жатырмыз. Ал, көзімізді ашқаннан бері бізге жылуы мен жарығын күлімдей төккен күннің Ұлы Иесіне қандай ақы төледік? Төле деп талап еткенде немізді төлер едік?
Ендеше, адамның міндеті тек қана ішіп-жеп, тайраңдау емес, осыларды тегін берген Ұлы Жаратушысына алғыс білдіріп, құлшылық жасау.
Абай атамыздың айтқанындай:
«Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй Ол Алланы жаннан тәтті».
Бізге сүйіспеншілікпен қарап, таусылмас қымбат нығметтерді сыйлаған Ұлы Иемізге біз де сүйіспеншілікпен қарап, бас иіп, алғысымызды ғибадат арқылы білдіруіміз – біздің ұмытылмас міндетіміз.
Адам - дене мен рухтан тұрады. Денені күн сайын ішкен-жеген тамақ арқылы қоректендіреміз. Ал рухты немен қоректендіреміз? Рухымызды және оның мазасыздығын дамыған ғылым да, шарықтаған экономика да, сәт санап өркендеген мәдениет те қанағаттандыра алмайды. Адамның төрт түлігі сай болып, жегені май болса да, бәрібір оған бір нәрсе жетпей тұрады. Өйткені оның сұрағаны заттық емес, рухани байлық.
Демек, материалдық денеміздің материалдық қорек талап еткені тәрізді рухымыз да рухани қоректі талап етеді. Олай болса, рухымыздың, жан дүниеміздің қорегі – біздің намазымыз, оразамыз, жалпы күллі ғибадатымыз.
«Рағд» сүресінде: «Біліп қойыңдар! Жүректер тек қана Алланы еске алу арқылы жай табады, - деп ғибадат жасаған уақытта ғана рухымыз еркін тыныс алып, жүрегіміз жай тауып, жан дүниеміз тыныштыққа, шексіз рахатқа қауышып, ерекше ләззатқа бөленетінін білдіреді.
Нұсқа айтсақ, ғибадат – рухымызға қорек, жүрегімізге шипа, денемізге саулық, ақылымызға туралық, ерік-жігерімізге қуат, сезімдерімізге кемелдік, әлсіздігімізге сүйеніш сыйлайды. Ғибадат – өмірімізді ретке келтіріп, күнәлардың батпағына батудан, рухани ластықтан сақтайды.
Ғибадатымыз – екінші дүниемізге жинаған азығымыз, мәңгілік дүниеде бақытты болудың бірден-бір жолы да сол.
Ғибадатымыз – бәрінен бұрын Ұлы Жаратушының бізге жүктеген ең ұлы парызы.
Ғибадатымыз – иманымыздың белгісі, әлсіздігіміздің, мұқтаждығымыздың, шарасыздығымыздың, қысқасы, құлдығымыздың нышаны.
Біздің Аллаға бас июіміз – басқаға бас имейтіндігіміз үшін берілген шынайы антымыз бен сертіміз. Өйткені біз Аллаға құл болған кезде ғана нәпсіге, дүниеге жалпы барлық басқа жалған құлшылықтардан құтыламыз.
Тәніміз сәждеде барынша кішірейген сәтте, рухымыз Ұлылардың Ұлысына самғай ұшып, көтеріліп жатады.
«Ислам ғылымхалы» атты кітаптан.
Авторлары: М. Исаұлы, Қ. Жолдыбайұлы