Әл-Харам мешіті
Әл-Харам мешіті
9 жыл бұрын 12787
Қ. Сабыржанұлы

«Харам» сөзі әдетте «тыйым салынған» деген мағынаны білдіреді. Мұсылмандар танымында «Харамайн» деген ұғым бар. Көбіне «Харамайн шарифайн» деп айтылады. Ол тыйым салынған екі қасиетті аймақ Мекке мен Мәдина қалаларын білдіреді. Бұл қасиетті аймақта әдеттегі жақсылықтарға анағұрлым көп сауап берілсе, жасалған жамандықтарға да өте көп күнә жазылады. Бірақ Мәдина харамының Меккеге қарағанда өз ерекшелігі де жоқ емес. Мәдина харам аймағындағы өсіп тұрған жасыл ағаш пен шөптер қажеттілік туғанда оталуына рұқсат етілген. Мәдина шаруашылық аймағы болғандықтан, хазірет пайғамбардан рұқсат сұрағанда, Мекке харам аймағындағы кейбір өсімдіктерді аса қажеттілік туғанда отауға рұқсат еткен. Бұл жағдай Мәдинада анағұрлым кеңірек қолға алынған. Айталық, Мәдинаның тысында аң аулауға еркіндік берілген. Тек Меккеге ихрамсыз кіруге болмайтыны себепті оның қасиеттілігі Мәдинадан да жоғары деп есептелген (әз-Зұхайли, әл- Фиқһул ислами уә әдиллатуху, III, 336, 337). Меккеде болса, ихрамға оранған адам жыныстық қатынасқа түспейді, аң ауламайды, харам аймағындағы өсіп тұрған шөп не ағашты сындырмайды.

Құранның білдіруі бойынша, «адамдар үшін тұрғызылған алғашқы үй (ғибадатхана) Қағба» (Али Имран, 96). Риуаяттар бойынша, оны ең алғаш хазірет Адам тұрғызған. Өзіне қойылған сұрақтар бойынша, хазірет пайғамбар жер бетінде алғашқы мешіттің әл-Харам мешіті, екіншісі Ақса мешіті екенін түсіндірген (Бұхари, Әнбия, 49). Өз дәуірінде Ибраһим мен Сүлеймен пайғамбарлар сол көне қасиетті ғибадатханаларды жаңалаған. Бұл мешіттер «бәйт» (үй) деп аталған. Қағба үшін «әл-Бәйт», «Бәйтул-харам», «Бәйтул-атиқ» деген атаулар берілген. Тарихи деректер бойынша, Харам мешіті бар болуы себепті Мекке көне ғасырлардан бері мешіттің орны ретінде білінген.

Харам мешіті – арнайы зиярат етіп баруға сауап жағынан артық тұрған таңдаулы үш мешіттің ең сауаптысы. Бұл жерде оқылған бір намаздың өзі басқа мешіттерде оқылған жүз мың намаздан артық екенін риуаят етілген. «Мешітімде оқылған бір намаз Харам мешітінен тыс мешіттерде оқылған мың намаздан артық. Ал Харам мешітінде оқылған намаз басқа мешіттерде оқылған жүз мың намаздан артық».

әл-Харам мешіті – Меккеде Қағба тұрған мешіттің атауы. Құрметке лайық мешіт деген мағынада «Құрмет мешіті» деген мағынаға келетін «әл-мәсжидул- харам» деген ат берілген. Жер бетіндегі бүкіл мұсылмандардың құбыласы осы мешіт болып табылады. Бұл жер «Харам шәріп» деп те аталады. Ашық жерде тұрған Қағба Ибраһим орны, Зәмзәм құдығы осы мешіттің аймағында. Қоршаған қабырғалары 547 метрді құрайды. Осы төрт қабырғада 9 есік, маңайында 92 күмбез бен жеті мұнара бар.

«Харам мешіті» Құранда 15 тұста аталады. Исламның алғашқы жылдарында сахабалар құбыла ретінде намазда Ақса мешітіне бет түзесе, хижреттен кейінгі бір жарым жылға жуық уақыттан кейін құбыла Меккедегі Харам мешітіне өзгерген. Ол туралы «Бақара» сүресінің 249-250 аятында айтылады. Шабуыл орын алмайынша, маңайында соғысуға тыйым салынған. «Харам мешітінің

жанында олар сендермен соғыспайынша, сендер де олармен соғыспаңдар» (Бақара, 191).

Харам мешітіне Омаяттар, Аббаситтер, Осман билеушілері мен Саудтықтар кезінде түрлі өңдеу жұмыстары жүргізіліп, қазіргі жағдайына келтірілген. Қазіргі жағдайында Қағбаға жақын тұстардың төбесі ашық, ал сырт жақтарының төбесі жабық. Қазіргі уақытта Харам мешіті аумағындағы коммуналдық ғимараттар, әкімшілік кеңселер, қауіпсіздік жөніндегі штаб квартиралар, азаматтық қорғаныс, Денсаулық сақтау департаменті мен басқа да мекемелерді жабдықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр әрі Қағбаның айналасы барынша кеңейтілу үстінде.

0 пікір