Әділ АХМЕТОВ: Мұсылман әлеміндегі қанды қақтығыстар алпауыт күштердің имансыздығынан болып отыр
Әділ АХМЕТОВ: Мұсылман әлеміндегі қанды қақтығыстар алпауыт күштердің имансыздығынан болып отыр
9 жыл бұрын 4738
Сұхбаттасқан Марфуға Шапиян
Әділ АХМЕТОВ – белгілі ғалым, ұстаз, мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, Ресей және Қазақстан халықаралық жоғары мектеп ғылым академияларының академигі, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі жанындағы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі

 

Университетті студент боп аттап, ректорлықпен аяқтадым

– Аға, «Тәңіртау түлегі» атты кітабыңызда «Аллаға Қайшыбек атамды аман қалдырғанына бүкіл әулетіміз болып тәубе қылатынбыз» деген жолдар бар. Өзіңіз тәубешіл, иманды отбасында дүниеге келіп, тәрбиеленген көрінесіз?

Біздер екінші дүниежүзілік соғыс басталған 1941 жылдың түлегіміз. Жергілікті халық «Аспантау» атайтын Хантәңірі шыңының етегіндегі Нарынқолда дүниеге келіппін. Әкем Құрманжан төрт ағайындының кенжесі екен. Мен алты айға толғанда соғысқа өзінің Қайшыбек, Бөшен, Ақтанбай деген ағаларымен бірге аттаныпты. Әкемнен 1942 жылдан соң хат-хабар үзілген. Анам Қаныша 22 жасында жесір қалып, менен екі жас үлкен Күләш әпкем екеумізді жалғыз өсірді. Біздің бағымызға майданнан Қайшыбек атам ғана аман-есен оралды. Төрт үйдің шиеттей бала шағасына сол кісі бас-көз болды, бәрімізді жеткізді. Ол кісінің жұбайы Сәндібала апам керемет ақылды әрі өте ісмер адам болатын. Бәріміздің киімдерімізді бүтіндеп, біздерге туған баласындай қарайтын. 

– Дәл осы кітабыңызда Сәндібала апаңыздың өз күйеуіне әйел алып берген даналығын айтасыз. Ол кісі мұндай қадамға неліктен барды? Бүгінгі ұрпаққа ғибрат болсын, айтып беріңізші.

Балалардың ішіндегі ең кішісі болғандығымнан болар, Қайшыбек атам мені жанындай жақсы көретін. Өзі колхоздың бір табын бойдақ сиырын бағушы еді. Жазғы демалысым басталысымен өзімен бірге жайлауға алып кететін. Жаз бойы жайлауда болып, ойға түсуге дайындалып жүрген кезіміз еді. Бір күні азанғы шәй үстінде Сәндібала апам Қайшыбек атама қарап: «Көптен бері көкейімде жүрген бір әңгімем бар еді. Қайшыбек, сен соған жақсылап құлақ сал. Алдын-ала ескертіп қояйын, мені алжыған екен деп ойлап қалма. Сөзімді аяғына дейін тыңда. Бұл – менің мың ойланған, жүз толғанған шешімім. Осы жасқа келгенше екеуміз «шәй» десіп, бір-бірімізге көңіл қалдыратын ауыр сөз айтып көрмеппіз. Алланың бергеніне ризамын. Өзің білесің, мен құрсақтан ерте қалдым. Жалғыз қызымыз Гүлжан да өз теңін тауып, басқа ошаққа келін боп кетті. Тұрмыс құрғанына екі жылдай уақыт өтсе де, әлі күнге дейін бала көтерген жоқ. Қайшыбек, сен биыл елу алтыдасың. Құдайға шүкір, күш-қуатың әлі бойыңда. Артыңа ұрпақ қалдыруға әлі де мүмкіндігің мол. Осы күзде, ойға түскеннен кейін төсек жаңғырт. Ойымда жүрген басы бос бір келіншек бар. Онымен сөз байласып қойғанмын», – деді. Бағанадан үндемей отырған атам: «Сен не деп отырсың, қай-қайдағыны айтып? Мен саған әйел әпер деген жоқ едім ғой. Ел-жұрттан, туған-туыстардан ұят емес пе? Қасыңда отырған мына жас баладан ұялсаңшы. Мені келіндерімнің алдында қарабет қылғың келе ме?» – деді ашуына мініп. Сәндібала апам сәл кідіріп, сөзін қайта сабақтады: «Қайшыбек, сен менің сөзімді бөлме. Менің тағы да айтатыным бар. Жайлаудан ойға түскеннен кейін келіндерге де, қайындарымның бала-шағаларына да өзім түсіндіріп айтамын. Ең кішісі мына Әділ ғой. Бұл да 11-ге келіп қалды. Қалғандарының он үштен кемі жоқ. Бәрі де естияр, түсінеді. Сосын мен сенен мүлде кетіп қалайын деп отырған жоқпын ғой. Бәрі де бұрынғыдай болады. Тек үйге тағы бір адам келеді. Ол – бала табатын жастағы әйел. Өңі де бар, ақыл-парасаты да жеткілікті. Ол екеуміз тіл табысып, абысын-ажындай өмір сүретін боламыз. Сенен туған балаларды өзім-ақ күтіп, бағып беремін. Сен менің сөзімді жерге тастама. Бұл менің Жаратқаннан тілеп отырған жалғыз тілегім, түсіндің бе? Алла алдында ант етемін. Мен шын ниетіммен сенің ұрпағыңды өсіргім келеді. Қолымды қақпа. Мен мұны еріккеннен айтып отырған жоқпын», – деді. Сонымен не керек, ойға түскеннен кейін Сәндібала апам жайлауда жоспарлағанын орындап, Қайшыбек атама Естеусіз дейтін өзіне таныс келіншекті алып берді. Қайшыбек атам Естеусіз шешемізден үш ұл, үш қыз сүйді. Олардың бәрін де Сәндібала апам өз немерелеріндей бағып-қағып өсірді. Қазір олардың бәрі де үйлі-баранды болып кетті.

Кітабымнан осы оқиғаны оқыған біраз жігіттер маған қалжыңдап: «Сіздің анау әңгімеңіз жақсы болды. Келіндеріңіздің құлағына құйып жатырмыз», – дейді. Мен оларға: «Сендер оны басқа жаққа бұрмаңдар. Мен онда шындықты жаздым. Тоқал алғыларың келіп жүрен жоқ шығар», – деймін, күліп. Бастапқы кезде үйдегі жеңгең де: «Осы әңгімені жиі айтасың ғой», – деуші еді. Жиі айтқанда ойымызда артық ештеңе жоқ, Сәндібала апамыздың даналығын айтқым келгені ғой. Әйтпесе, өзінің жан-жарын басқаға қию деген оңай шаруа дейсің бе?! Күйеуінен ұрпақ қалмай бара жатқаны шымбайына батып, сондай қадамға барды емес пе?

Мұны оқыған кей адамдар: «Бір фильмге жүк болатын дүние екен. Дәріптеуге де лайық әңгіме», – деп жылы лебіздерін  білдірген-ді. Анамыздың көзі тірі тұрғанда жетімдік көрмедік. Мектеп бітіріп, азамат болып өстік. Осындай жағдайға дейін жеттік. «Артында бар оңалар» деген сөздің жаны бар. Бүгінде немерелі ата болдық. 38 жыл ұстаздық салада қызмет еттік. Алматы шет тілдер университетін студент боп аттап, ректор болып аяқтадым. Білім комитетін басқардым, Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары лауазымын иеленіп, кейін Ұлыбританияға елші боп кеттім. Елші бола жүріп, Президенттің арнайы тапсырмасымен, еліміздің мұнай-газ және қаржы салаларына мамандар даярлайтын Қазақстан-Британ техникалық университетінің негізін қаладым.

 

Ана тілін сіңіріп алмай тұрып, балаға басқа тілді үйрету оңай болмайды

– Аға, сіздің буынның атеистік қоғамда өмір сүрсе де рухы мықты болды. Ауылдан, университетке студент болып келіп, ректорлыққа дейін көтерілгеніңізді айтып жатырсыз. Ал қазір кішкентай қиыншылық болса болды, қабырғасы қайысып, тіпті өздеріне қол жұмсап жатқан жастарды жиі естиміз. Мұның сыры неде? Қазақ жастарының намысын қалай жаныса болады?

Оның барлығы тәрбиеге байланысты. Отбасында ана сүтімен келетін құндылықтардың қазығы мықты болмаса, кез келген жасқа өмірде қиын болады. Бала дүниеге келгеннен кейін оның тәрбиесін балабақша, мектеп, жоғарғы оқу орнына итере салуға болмайды. Тәрбиенің негізгі іргетасы отбасында қалануы керек. Балалар ана тілін отбасында, кішкентай кезінде үйренбесе, кейін қанша қолын созып, қамшы басқанмен, уақыты өтіп кеткеннен кейін толыққанды игере алмайды. Игерсе де шала игереді. Іргетасы мықты болмаған бала шайқалып тұрады, жел қалай қарай соқса, солай қарай ұшып кетеді.

Бірде өзің секілді сұхбат алып отырған журналист: «Аға, бізде рухани құндылықтардың институты бар ма?» – деп сұрақ қойды. Үйінде мақал-мәтел кітабының бар-жоғын сұрадым. «Бар», – дейді. Нағыз рухани құндылық мақал-мәтелдер емес пе?! Әр мақалдың астарын қарасаң, онда талай асыл мұра жатыр. Мақал-мәтелдерді санасына құйып өскен бала осал болмайды. Мысалы, қазақ: «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейді. Бұл мақалдың философиялық мәні өте тереңде жатыр. Әлемде жерінің көлемі жағынан 9-шы орында тұрған Қазақстандай алып елдің бүтідігін сақтау үшін халық саны көп болуы керек. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөз – «халқыңның санын көбейт, балаңның тәрбиесін бесіктен баста» дегені. Балаға жастайынан бастап салт-дәстүрлерді, мақал-мәтелдерді, ұлтжандылықты сіңіру керек  дегені.

Ұрпақ тәрбиесіне қатысты келелі ойлар айттыңыз. Ал өзіңіз ше? Балаларыңыздың бойына сол құндылықтарды сіңіре алдыңыз ба?

Бала ата-анаға қарап өседі. Ата-анасының арасындағы сыйластықты көріп, өздері де соған ұқсауға тырысады. Отбасында ырың-жырың болса, оны да байқайды. Менің де балаларым солай өсті деп ойлаймын. Жеңгең екеуміз де педагогпыз. Құдайға шүкір, балаларымыз жаман болған жоқ. Немерелеріміз өсіп, шөбере сүйдіруге де дайын тұр.

Сенат төрағасы Қасымжомарт Тоқаевтың "Құрмет" орденімен марапаттау сәті

Ұзақ жылдар ұстаздық қызмет атқарғаныңызды білеміз. Оның үстіне филологсыз. Мына сауалды сұрамай кете алмаспыз. Қазір мектептерде бастауыш сыныптан-ақ үш тіл қатар оқытылатын болды. Бұған көзқарасыңыз қандай?

Қабырғасы қатпай, бұғанасы бекімей, өз ана тілін сіңіріп алмай тұрып, балаға басқа тілді үйрету оңай болмайды. Керісінше, өзінің іргетасын бекіткен, ана тілін жетік меңгерген бала кез келген тілді өте тез үйреніп алады. Бұл пікірді мен ағылшын тілінің маманы болған соң айтып отырмын. Оған бір дәлел келтіре кетейін. Қазіргі Абылайхан атындағы әлем тілдері университетінде ректор болып жүргенде мынандай жағдай орын алды. Ол кезде оқуға қазіргідей тестпен емес, ауызша емтихан арқылы қабылдайтынбыз. Сондай емтихан кезі болатын. Комиссия мүшелерінің алдында сүп-сүйкімді бір бала отыр. Бірақ көзінен мұң байқалады, көңілі де тым пәс. Комиссия мүшелерінен: «Мына баланың жанары оттай жанып тұр екен, өзі де жап-жақсы бала сияқты. Бұған не болды?» – деп сұрасам, «Бұл бала ағылшынша білмейді екен, екі қояйық деп отырмыз», – дейді олар. Өзімнің оқуға қалай түскенімді еске түсіріп, емтихан алушыларды тоқтаттым да, балаға қазақша бір сөйлем беріп, сөз таптары мен сөйлем мүшелеріне талдап беруін сұрадым. Ойлағанымдай, бала сөз таптарын да, сөйлем мүшелерін де шемішкеше шағып тұр. Сосын: «Мынау мықты оқитын студент болады, дұрыс баға қойыңдар да, жіберіңдер», – деп кеңес бердім. Сол бала кейін қызыл дипломмен бітірді. Ана тілін жақсы білген бала кез келген тілді оқып кетеді. Өйткені грамматикалық категориялар барлық тілде ұқсас қой. Ана тілін жақсы білмеген адамның басқа тілді жылдам үйренуі неғайбыл. Оны өз тәжірибемнен жақсы білемін.

Мектепте оқып жүрген кезде Зақан Әшімова есімді білімдар ұстаз бізге қазақ тілінен сабақ берген еді. Қазір ол кісінің жасы сексеннің үстінде. Қазақ тілінің өте білгір маманы болатын. Мектепте сол кісіден алған білім маған бүгінге дейін мызғымас азық болып қалды. Ағылшын тілін үйрену маған сондықтан да еш қиындық тудырмады. Өйткені бұл қазақ тілінің грамматикалық категорияларын жете меңгеріп алғандықтың тікелей нәтижесі болатын. Соның арқасында маман болып шықтық. Демек, ұстаз мықты болмаса, шәкірт мықты бола алмайды. Егер мектептегі ұстаздардың сапасы жоғары болатын болса, мектептен шығатын шәкірттердің де сапасы жоғары болады. Бұл – аксиома.

 

Алпауыт мемлекеттердің көз құрты – мұнай мен газдың үлкен қоры мұсылман елдерінің жер қойнауында

Шәкәрімнің сонау ХХ ғасырдың басында өз дәуірінің білімділеріне қойған бес сауалы бар екен. Бүгінгінің зиялысы – өзіңізсіз. Сол сауалдардың бірін менің де сізге де қойып көргім келіп отыр. Алланың адамды жаратқандағы мақсұты не?

«Адамды, жануарларды, мына дүниені кім жаратты?» деген сұрақтар бізді де толғандырады. Әрине, олардың барлығының бір ғана Жаратушысы бар, ол – Алла. Осыны түсінгеннің өзі үлкен сатыға көтерілгенмен бірдей. Құранның өзі білім алуға, қоршаған ортаны тануға шақырады. Біле-білген адамға қоршаған ортаның өзі – үлкен университет. Алла адамды жаратқанда осы табиғат атты үлкен кітапты зерттесін, оқысын, білсін, иманды болсын деп жаратқан сияқты.

Белгілі теолог Қайрат Жолдыбайұлы «Имани гүл» атты кітабында Алланың бар екеніне күдік келтірушілердің көзін жеткізу үшін мына бір қарапайым да шынайы дәйекті, атап айтқанда, бүркіт, лашын, қырғи сияқты құстар азайып кетсе, жыландар көбейіп кететінін, ал жылан көбейіп кетсе, бақалардың азайып кететінін, сол сияқты бақалар азайса, шыбын-шіркейдің көбейіп кететінін көлденең тарта отырып, қоршаған ортадағы тепе-теңдікті ұстап тұрған тек қана Алла екенін өте нанымды суреттейді. 

«Имани гүлде» осындай ғибратты дәйектер өте мол. Бұл кітапты мектеп бағдарламасына енгізсе құба-құп болар еді. Онда Абайдың да, оның шәкірті Шәкәрімнің де басты мақсаты халықты имандылыққа баулу екені тайға таңба басқандай көрініп тұр. Әйтпесе, Шәкәрім жоғарыдағы бес сауалды  олардың жауабын білмегендіктен қойып отырған жоқ.Тек зиялылар ғана емес қалың қазақ оқырманы да, оның ішінде, әсіресе, жас ұрпақ ойлансын деп қойып отыр.

Сіздер қалыптастырған islam.kz-тің де мақсаты оқырманға имандылықты дарыту. Ал имандылық болмаған жерде еш жақсылық болмайтынына әлемнің бүгінгі болмысы көз жеткізіп отыр. Қазір жан-жағымызда, әсіресе, мұсылман әлемінде орын алып отырған шиеленістер мен қанды қақтығыстардың барлығы да алпауыт күштердің имансыздығынан туындап отырғанына күллі адамзат куә. Мәселен, кезінде АҚШ бастаған әскери күштерге Иракқа басып кіруге ешбір негіз жоқ еді. Соған қарамастан агрессорлар «жаппай қырып-жоятын қаруы бар» деп, бүкіл әлемді алдап, аталмыш елдің талқанын шығарды емес пе?

Міне, сондықтан да бүгінгі таңда “демократия” деген сөз былғаныш ұғымға айналды. Өйткені Батыс әлемі өзгелерге күштеп таңбақшы болған әлгі демократия Ауғанстанға да, Ирак, Сирия, Ливия, Иеменге де орнаған жоқ және жақын болашақта орнауы да мүмкін емес. Өйткені Батыс әлемінің  Сэмюэл Хантингтон атты сәуегей философы: “Өркениеттер қақтығысы” атты кітабында әлгі қақтығыстың себебін өркениеттер арасындағы  экономикалық немесе идеологиялық айырмашылықтардан іздемейді, керісінше, діндерлің өзегіне өрілген сын-қатерлерден іздейді. Сөйтеді де, әсіресе, Ислам дінін дін емес, зиянды идеология деп қаралап, ол дінге табынатын мұсылмандарды да  құбыжық етіп көрсетеді.

Батыс әлемі мұсылмандарға неліктен тиісе береді? Мұның себебі неде? Осы тұрғыда ойланып көрдіңіз бе?

Ойландым. Бірінші басты себеп мынау: алпауыт елдердің көз құртына айналған мұнай мен газдың үлкен қоры мұсылман елдерінің жер қойнауында жатыр.

Екіншіден, Ислам – адамгершілік пен даналықтың және бейбітшіліктің діні. Оның тартымды да мықты дін екенін Батыс өркениеті жақсы біледі, бірақ біле тұра ұнатпайды. Өйткені мұсылман дінін қабылдаушылардың саны бүкіл әлемде күн санап өсіп келеді.

Үшіншіден, мұсылман әлеміндегі демографиялық дүмпудің қарқыны өте жоғары. Бұл үдеріс те алпауыттардың ұйқысын қашыратын сыңайлы. Себебі “көп қорқытады, терең батырады” демекші, түптің түбінде билік тізгіні көптің қолында кететінін демографиялық жағдайы жұтаң алпауыттар сезіне бастады. Бұл – тағы да көзге ұрып тұрған шындық.

Төртіншіден, 2001 жылғы 11 қыркүйекте дүниежүзілік сауда үйі жарылғаннан кейін «оны жарған мұсылмандар» деген қауесет тарауы мұң екен, оларға деген көзқарас күрт өзгерді. «Мұсылман фундаментализмі», «мұсылман экстремизмі», «мұсылман терроризмі» деген ұғымдар пайда болды. Сөйтіп, терроризмді тек мұсылмандармен ғана байланыстыра бастады.

Әділ аға, қазір шеттегі мұсылман елдерінің жағдайы өте қиын болып тұрғанын айттық. Сирия, Мысыр, Палестина секілді мемлекеттер талай қасіретті  бастарынан өткерді.  Біздің де жеріміз бай, мұнайымыз көп, халқымыз аз. Мұндай жағдайға ұшырамау үшін не істеуіміз керек?

Бізге ондай жағдайға ұшырамас үшін бірлік керек. Ынтымақ болмаған жерде ырың-жырың белең алады. Сондықтан Президентіміздің бірлік пен ынтымақты ту етіп жүргені жайдан-жай емес. Мұның бір дәлелі мына мысалдан айқын көрінеді. АҚШ-тың сұңғыла саясаткері Збигнев Бзежинскийдің «Ұлы шахмат тақтасы» деген кітабы бар. Автор сол шахмат тақтасының бір шаршысын біздің елге арнапты. Есіңізде болар, егемендігімізге алты жыл толғанда алпауыттар Югославияның быт-шытын шығарған болатын. З.Бзежинский әлгі кітабында «келесі Югославия Қазақстан болады» деп сәуегейлік жасапты. Себебі сол кездегі Югославия секілді біздің ел де полиэтносты ел ғой. Алайда сәуегей саясаткердің айтқаны келмеді. Өйткені Президент Назарбаевтың бастамасымен құрылған Қазақстан Халық Ассамблеясының туы астына жұдырықтай жұмылған халқымыздың мызғымас бірлігі сырттан ірітушілердің жымысқы саясатына тосқауыл қойды. Сондықтан осы ынтымағымыздан, бірлігімізден ажырамауымыз керек. Осы тұрғыдан алғанда, бізде атқарылып жатқан іс-шаралар тек қазақтың ғана мүддесі емес, бүкіл әлемнің үдесінен шығып отыр. Елбасының бастамасымен өмірге келген Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының съезі, Азиядағы өзара ытымақтстық және сенім шаралары кеңесінің де мақсат-мүдделелері халықаралық бірлік пен ынтымақтастықтың арнасына келіп тоғысады. Біздің ең басты құндылығымыз – Конституциямыз да «ырыс алды – ынтымаққа» негізделген әрі Біріккен Ұлттар Ұйымының қағидаларымен үндес. Этносаралық татулықты да ту етіп көтеріп жүрген біздің ел емес пе?! Кішкентай БҰҰ Қазақстанда. Өйткені бізде өз ұлтымызбен қатар 130-ға тарта ұлыстардың барлығы да тату тұрады. Ешкімді ешкім кемсітпейді, шеттетпейді.

Бірақ аға, біз өз елімізде, өз жерімізде жүре тұра, өзге этностарға тым жалтақ болып кеткен жоқпыз ба?

Жоқ, олай емес. Еліміздегі қай этностың өкілдері болмасын Қазақ Елінің тең құқықты азаматтары екенін естен шығармаған жөн. Оның үстіне кезінде ата қоныстарын тастап кетуге оларды мәжбүр еткен өз қалаулары емес, керісінше, өзіміз отары болған кешегі қос империяның солақай саясатының салдары екенін ұмытпаған жөн. Осы ақиқатты мойындасақ, еліміздің полиэтникалық бүгінгі болмысын да құрметтеу ортақ парызымыз дер едім. Өйткені ұлы Абайдың өзі де “адамзаттың бәрін сүй бауырым деп” өсиет қалдырды емес пе?

Халқымыздың саны өсіп, демографиялық жағдайымыз жақсарған сайын, жалтақтық та жойылып кететіні күмән туғызбайды. Өйткені пұттап кірген ауру мысқалдап шығады емес пе?! Мәселен, Кеңес Одағының кезінде саяси тыйымның салдарынан ұлы хандарымыз туралы аузымызды ашып айта алмайтынбыз. Ал бүгін тәуелсіздіктің арқасында Елбасымыз «Біз – Алтын Орданың заңды мұрагеріміз» деп батыл айтып жүр.

Болашақта кезіндегідей түркі әлемінің басы бірігуі мүмкін бе?

Бұл идеяның басы-қасында қазір Елбасымыз тұр. Соның нәтижесінде Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі қалыптасты. Оның штаб пәтері – Ыстамбұлда. Оның бірнеше институттары бар. Оның бірі – Түркі- тілдес мемлекеттердің Парламент ассамблеясы. Оның штаб-пәтері Бакуде. Одан кейінгісі – Анкарадағы ТҮРКСОЙ, яғни түркітілдес мемлекеттердің ЮНЕСКО-сы. Ал халықаралық ұйым – Түркі Академиясы бізде, Астанада орналасқан. Ынтымақтастық ұйымның ішінде Ақсақалдар кеңесі бар. Оған Әзербайжан, Қырғызстан, Түркиядан бір-бір ақсақал, Қазақстаннан мен мүшемін. Сосын Ұйымның саммиті жыл сайын мүше мемлекеттердің бірінде өтіп тұрады. Мұның барлығы – түркі әлемінің мәдениет, ғылым, білім, экономика жағынан ықпалдасып келе жатқанының нақты көрінісі.

 

Алғаш Құранның ағылшынша нұсқасымен таныстым

Кезінде «Құранның ғажайып құпиясы» атты мақала жазғаныңызды білеміз. Құранның іші толған мұғжиза десек те, сіз куә болған ғажайып туралы білгіміз келіп тұр.

– Құранның 74-сүресі «Мүдәссир» аталып, «Тығулы құпия» деген мағына береді. Сол сүренің 30-аятында: «Бәрінің төбесінде он тоғыз тұр» деген жалғыз сөйлем бар. Осы 19 санын көптеген ғалымдар басқаша түсініп келген екен. Ал мен оның басқа сырына қанық болдым. 1990 жылдары Американың Аризона штатында, Тусон қаласында қызметте жүргенмін. Ол қала мешітінің бас имамы биохимик, ғылым докторы Рашад Халифа деген азамат еді. Сол кісіні бір баскесер өлтіріп кетті. Газеттерде жазылып, телеарналарда көрсетіліп жатты. Мен сол кезде Тусонда Алматының өкілі болып қызмет атқарып, сонымен қатар «Түркі тілдеріндегі табу мен эвфемизмдер» деген тақырыпты зерттеп жүрдім. Имамды «Құранға қол тигізгені үшін өлтіріпті» деген ақпарат шықты. Қызығушылық танытып, «Құранға қол тигізгені несі?» – деп, сондағы Өмер деген түрік жігітіне қоңырау шалдым. Өмер мені Рашад Халифаның Эдип Юксел деген шәкіртінің үйіне алып барды. Олармен әңгімелесе келе, Рашад Халифаның ғұлама ғалым екеніне көзім жетті. Ол Құранды сканер арқылы толықтай компьютерге түсіріпті. Сосын оны математикалық әдіспен зерттей бастайды. Әсіресе, «Мүдәссир» сүресіндегі 19 санына үңіледі. Сөйтіп, әр сүренің басында келетін «бисмилләһи рахмани рахим» аятының 19 араб әріпінен тұратынына көз жеткізіп, бірден жаңалық ашады. Сосын «Бисмилләнің» Құранда қанша рет қайталанатынына қарамастан, 19-ға қалдықсыз бөлінетіндігін байқайды. «Рахман» қанша рет қайталанса да, 19-ға қалдықсыз бөлінеді. «Рахим» да тура солай. Тіпті, бүкіл сүренің саны да 19-ға қалдықсыз бөлінеді. Бүкіл аят сандары да дәл солай. Алланың 99 есімі бар десек, оның кейбірі Құранда 19 рет қайталанады. Алланың және бір есімі – Уахид. Рашад халифа осы сөзді құрайтын араб әріптерінің сандық мәнінің қосындысы да 19 екенін және оның арабша мағынасының “жалғыз” деген ұғымды бідіретінін анықтап, бәрінің төбесіндегі «19-дың» Жалғыз, яғни Алла екеніне көз жеткізеді. Мұндай математикалық дәлдікті адамның ойлап табуы мүмкін емес екендігін не анықтайды. Америкадан елге келгеннен кейін Рашад Халифаның осы ашқан жаңалығын мақала етіп, “Егемен Қазақстанда” жарияладым.

Құранды жиі оқып тұрасыз ба?

Дәл солай. «Құранның ғажайып құпиясы» деген мақалам жарық көргеннен кейін, Қазақстанның түкпір-түкпірінен маған хаттар келе бастады. “Көзімізді аштың, айналайын, рахмет!» – деп көпшілігі ризашылықпен Құран салып жібергендер де бар.

Бірде Қазақтың қыздар педагогикалық институтының сол кездегі ректоры, академик Сейілбек Исаев маған қоңырау шалып: «Әділ, мақалаңды оқып шықтым. Жақсы әсер алдым. Бірақ бір күдігім бар. Сен араб тілін білмейсің, Құранды қалай оқып жүрсің?» – деді. Мен оған ағылшынша нұсқасын оқығанымды айттым. Шынында да, Құранды алғашында ағылшын тілінде, кейін В.Порохованың аудармасымен орыс тілінде, сосын қазақ тілінде оқыдым.

Тағы бірде сол кездегі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректоры академик Төлеген Әбдісағиұлы хабарласып: «Әділ, мақалаңмен таныстым, керемет екен. Сен ұзындықтың ең кіші өлшемнің неге тең екенін білесің бе?» – деп сұрады. Мен: «Өзің сияқты физик те, математик те емеспін ғой. Неге тең екенін өзің айтшы», – десем, «10-19» деп жауап қайтарды. Сөйтіп, киелі «19» саны тағы да алдымнан шықты. Бұдан мен күллі әлемнің есебін тек Алла ғана білетініне және бір рет көзімді жеткіздім.

– Дәстүрлі сұрағымыз, islam.kz порталына тілегіңізді естісек?

Islam.kz-тің бағыт-бағдары жастарды имандылыққа тәрбиелеу екенін мен жақсы білемін. Осы тұрғыдан келгенде, бұл порталдың атқаратын рөлі өте үлкен. Ғалым Қайрат Жолдыбай бауырымыз осы портал арқылы халықты имандылық бұлағынан сусындата бергей. Порталдың, әсіресе, жастарға беретін  ғибраты мол. Ұлттық құндылықтар мен Исламды ұштастырып, порталдың салмағын арттыра беруге тілектеспін. Бағыттарың өте дұрыс. Жұмыстарың алға баса берсін, тоқтамасын, кемелдене түссін!

1 пікір