Бүгін – 8 наурыз! Халықаралық әйелдер күні! Офистегісі бар, үйдегісі бар, басқасы бар – ер-азаматтар, жігіт-желең құшақ-құшақ немесе бір-бір талдан раушан гүлінің түр-түрін тасып, абыр-сабыр күйге түскен. Соңғы жұмыс күні – жұма күнінде, сенбіде. Ал бүгін жексенбі, демалыс. Таңертеңгі шайға нан алайын деп үйден шықтым. Жер көктайғақ, тоң боп қатып қалған мұздың үсті ыс басып қарайып кеткен. Кенет, ту сыртымнан машина бепілдеп қоя берді. Жолдың шетіне кібіртіктей басып ығыса бердім. Тұсымнан өтіп бара жатқан джеп автокөлігіне, рулде отырған жүргізушіге көзім түсіп кетті: құндыздан тігілген тон киген әйел адам екен. Тым паң көрінді. Әйелге тән қылыққа ұқсамайды. Ең бастысы, жараспайды. Түрі жас көрінсе де қақсал – ойлап үлгергенім жоқ, тек түйсіндім. Әдеттегі көрініс болғаннан кейін мән де бермейсің. Дала сұп-сұр, сұрықсыз, сұрқай көріністен қашқандай көзімді табан астымнен айырмаймын. Тек дүкенге жақындағанда ғана басымды көтердім. Алдымдағы тым жұпыны киінген екі бойжеткен жабық тұрған дүкен есігінің тұтқасын ұстап, ары итеріп еді, мізбақпады. Екеуі күліп жіберді. Артындағысы маған әнтек жасқана көз қиығын салып еді, кекіл шашы сырғып балғын шекесіне құлады. Әлденеден қысылғандай. Таң атпай дүкенге бас сұқпақ болғаны үшін бе, әлде жалғыз алданыштары болған жерде ұрлықтарының үстінен түскендей мен де қысылып, олардың болмашы бақытының өзін байқаусызда маған аңдатып алғандарына, түні бойы мерекені тойлаған жұрт әлі ұйқыдан тұрмағанда мынау сұп-суық қалада екеуінің көшеге шыққаны да – бәрі-бәрі... алқымыма өксік боп кептеліп, еріксіз көзімді төмен салдым.
Өзекті мақалалар

■
әл-Фарабидің Жаратушы Құдай туралы көзқарастары

■
Құранда жердің жеті қабаттан тұратындығы айтылған. Бұған ғылым не дейді?

■
Иммануил Канттың докторлық диссертациясы "бисмилләмен" басталғанын білетінбе едіңіз?

■
Құтайба ибн Муслим. Самарқанд қаласының алынуы

■
Ауырлықтан кейін жеңілдік бар! (Мотивация)
Көп оқылғандар

■
әл-Фарабидің Жаратушы Құдай туралы көзқарастары

■
Имам Нәсәфи (р.а.). Табыс табудың парыз, сүннет және рұқсат болатын кездері

■
«Баланы туғаннан бастап бес жасқа дейін дамытпаса, кеш болады»: Д.Хекман, баланы ерте дамытудың қоғамға пайдасы жайында

■
Құран берекесіне кенеліңіз

■
Имам Раббани - тирания алдында тізе бүкпеген ғалым