Адамдар қалай өтірік айтады?
Адамдар қалай өтірік айтады?
11 жыл бұрын 7417
Нұрқанат Нұрдәулетұлы

Адам баласына өтірік айту – үлкен апаттар мен қайғы-қасірет, берекесіздік алып келеді. Имам Маликтен риуаят етілген хадисте Алланың Елшісінен (с.ғ.с.): «Мүмин қорқақ бола ма?» - деп сұралды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Иә» деді. Одан соң: «Мүмин сараң бола ма?» - деп сұралды. Тағы да: «Иә», - деп жауап қатты. Кейін тағы да: «О, Алланың Елшісі, мүмин өтірікші бола ма?» - деп сұралды. Ол кісі бірден: «Жоқ», - деп жауап берді» делінген (Сафуан ибн Сулайм). Ең көп кездесетін өтіріктің бірі белгіленген уақытта адамдардың кездесер кезінде болады. Уәделескен  уақыттан жарты немесе бір сағат кешігіп келеді. Адамдар көбіне сол уақыт айтқанда өтірік сөзге жол беретін көрінеді. Ол қалай сонда? Ол былай:

Қазір келем...

Әдетте бір адам басқа бір кісіні күтіп тұрғанда, әлгі күттіріп қойған кісіге хабарласса: «Қазір келем немесе қазір барамын» дейді. Сол кісі қазір келем дегеннен кейін жарты сағаттан кейін немесе одан да ұзақ уақытта кездесу орнынан табылуы мүмкін. Негізінде «Қазір келем» деген сөздің ең ұзақ уақыты он минут. Одан артығы артық. Күттіріп қойған кісіге бұл кездесу маңызды болуы мүмкін. Сол үшін әлгі кісіден айырылмас үшін алыста жүрсе де жақындап қалғандай жеткізеді. Бұл – өтірік. Айтқан адам – өтірікші. Осындай қиын жағдайға қалмас үшін ертерек қимылдау керек, не болмаса ащы да болса шындықты айту қажет. 

10-15 минутта барамын...

Бір адамдар болады кездесу орнына: «10-15 минутта барамын» дейтін. Солай айтқан екен, онда сол 10 минутта, не болмаса ары барса 15 минутқа жеткізбей жетсін айтылған орынға. Егер 15 минутта бара алмаса, онда әлгі адамның амал дәптеріне өтірік айтты деп жазылуы бек мүмкін. Пенде болғаннан кейін қателесеміз. Уақыт біздің еркімізде емес қой. Кездесетін адамыңыз күтер-ау қанша кешіксеңізде. Бірақ, уақыт сізді күте алмайды. Сол үшін де кездесу уақытын дәл емес, болжалдап, тіпті болжалдамай-ақ, арадағы уақытты сөз қылмай-ақ, келе жатқан жеріңізді айтсаңыз жеткілікті. Мысалға: «Міне, мынадай жерде келе жатырмын. Амандақ болса барып қаламын. Сізді күттіріп қойғаным үшін кешірім өтінемін» десеңіз жеткілікті. Уақытын айтып әуре болмаңыз.

Сағат қанша болды?

Бір кісілерден сағат сұрасаң: «12 болды» дейді. Шын мәнісінде 12-ге 4 минут қалуы мүмкін. Көп адамдар сағатты домалақтап айтуды әдетке айналдырып алған. Мысалға, 10-нан 51 минут өтсе: «Сағат 11 болып қалды» десе болатындай. Ал, егер: «Сағат 11 болды» десе, онда өтірік айтқанға бір табан жақын. «Болып қалды» мен «Болдының» айырмашылығы бар. Ең абзалы сағат тілі қаншаны көрсетіп тұрса, тура солай уақытты айтқан дұрыс. Аналогты сағатта болмаса да, кейбір сандық сағат түрлерінде секундына дейін көрсетіліп тұрады. Керек десеңіз сағат, минут, секундын да айтсаңыз болады. Уақытты айтар кезде сағатқа қараңыз, сағат қанша болса, сол уақытты дәл айтуға тырысыңыз. 

Не дейміз?

Уақытты тура айту өте маңызды. Айтылған кездесуге уақытында бару немесе 5 минут ерте барудың да маңызы зор. Себебі, кейбір кісілер дәлдікті жақсы көреді. Ондай кісілер айтылған нәрсенің дәл орындалуын қатаң қадағалайды. Айтылған уақытқа дәл түспесеңіз, біріншіден, өтірік айтқан боласыз, екіншіден сенімнен шығып қаласыз. Келіскен уақыттан кешігіп, үш күннен кейін келген адамға: «Сіз кешіктіңіз ғой», - деп айтумен ғана шектеліп, қабағын да шытпаған ардақты Пайғамбарымыздай (с.ғ.с.) болу қайда? Белгіленген уақытқа, уәделескен жерге дәл уақытында келмеу көп кездеседі. Телефон соғып сұраса: «Міне, жақындап қалдым. Кептелісте тұрмын» дейді. Ал, шын мәнінде әлгі күттіріп қойған адам үйінен әлі шықпаған еді. Сондай жағдайларға өз көзімізбен куә болған жайымыз бар. «Міне, жетіп қалдым», - деп айтатыны тағы бар. Ол да өтірік. Адам осындай өтіріктерді айту арқылы бойын жалғандыққа үйретеді. Келесі жолы ол тағы бір өтірік айтады. Содан кейін әлгі адамның еті үйреніп кетеді. Алла Тағала мұндайдан сақтасын! 

1 пікір
  • Пунктуальность - вежливость королей. Осы қағиданы ұстануға тырысамын. Кешігу жаман әдет, уақыт тапшы деу ол сылтау ғана, барлық нәрсеге уақыт табуға болады тек ниет болса болғаны.
    10 жыл бұрын