ТУЫС АҚЫСЫ
ТУЫС АҚЫСЫ
5 жыл бұрын 8015

Әрбір кісінің туыстарымен және жақындарымен байланысты үзбеуі, олармен ара-қатынасты қорғауы дініміздің ең көп мән беретін негіздердің бірі болып саналады. Өйткені Алла Тағала туыстарды бір-біріне мұрагер еткен. Туыстар арасында көптеген міндеттер жүктей отырып, байланысты күшейткен.

Туыстар адамның материалдық және рухани тұрғыдан күйзелуден құтқарады. Әрі көптеген игі істердің іске асуына жәрдемші болары хақ. Пайғамбарлар тәблиғтерін (үгіт-насихаттарын, миссиясын) әуелі өз туыстарына жеткізген. Әрі олардың демеуі арқылы өз міндеттерін ойдағыдай атқарған[1]. Мысалы Шұғайып ғалейһиссәләмнің бүлікшіл қауымы оған: «Егер ағайының болмағанда, сені тас боран етіп өлтірер едік», - деген болатын.

Сондықтан мұсылман адам ақыреттік және дүниелік істерде туыстарына пайдалы болуы қажет. Игі істерде оларды қолдану үшін туыстық қатынасты үзбей, өзінің туыстық парызын мүлтіксіз орындауы ләзім. Алла Тағала Құран Кәрімде былай деген:

«Туыстармен арадағы қарым-қатынасты үзуден сақтаныңдар! Күмәнсіз, Алла Тағала сендерді бақылаушы». (Ниса сүресі, 1-аят).
«Ата-анаға, туыстарға... жақсы мәміле жасаңдар!». (Ниса сүресі, 36-аят).

Алла Тағала туыстық қарым-қатынасты «сыйла-и Рахым» деп атап, "Рахым" сөзін - «Рахман» (аса рақымды) және «Рахим» (ерекше мейірімді) деген көркем есімдерінен алған. Құдси хадисте Құдай Тағала: «Оны (туыстық байланысты) үзбегенге, мен игілік жасаймын. Ал олармен қарым-қатынасты үзгенді игілігім мен мейірімімнен мақұрым етемін», - дейді[2].

Демек, туыстық қарым-қатынас - Алла Тағаланың «Рахман» есімінен шыққандықтан, ол мейірімділік пен рақымдылық негізінде болуы тиіс. Төмендегі мына хадис-шәріп осыны ұғындырады:

«Туысының жасаған игілігіне дәл сондай игілік жасаған жан, туыстық қатынасты үзбеген кісі қатарына енбейді. Нағыз туыстық қатынасты үзбеген адам, ол – туыстары онымен байланысты үзгенімен, оларға жақсылық жасаудан танбаған адам болып табылады»[3].

Бір сахаба Алла елшісінен (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) сауабы мол амал жайында сұраған болатын. Сонда Алла елшісі оған: туыстарының онымен қарым-қатынасты үзгендеріне қарамастан, ол олармен кездесуін тоқтатпаса, сол- сауабы мол амалдардың бірі екендігін айтады[4].

Сонымен қатар туыстық байланысты сақтау – тікелей иманға да қатысы бар екендігін айта кеткен жөн. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір сөзінде: «Аллаға және ақыретке иман еткен адам, туысына игілік жасасын», - дейді[5].

Алла Тағала өзінің ізгі пенделерін: «Олар, Алланың үзбеуді әмір еткен нәрсесін (туыстық қарым-қатынасты) үзбей жалғастырады, әрі Раббыларынан қорқады, сондай-ақ, (қияметте) есептерінің жаман болуынан қорқады», - деп сипаттайды.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) немес ағасы Әзіреті Аббасты (Абдулла ибн Аббастың әкесі): «Бұл - Аббас ибн Мутталиб! Құрайыш руының ең жомарт адамы, әрі туыстық байланысқа үлкен мән беретін жан», - деп мақтайды[6].

Алла елшісі (с.а.у.) жақсылық жасауымыз керек болған жандарды тізбектей келе арасында туыстық қарым-қатынасты сақтауды былай айтып өткен:  

«Қаражатты әуелі өзіңе жұмса! Артылғанын бала-шағаңа жұмса. Жанұяңнан бір нәрсе артылып жатса, оны туыстарыңа жұмса. Туыстарыңнан артылғанын, оң жағың мен сол жағыңдағы көршіңе бер»[7].

Туыстарға жұмсалған дүниенің (напақаның) екі есе сауабы бар. Бірі – садақа сауабы. Екіншісі – туысқа қарайласқаны үшін берілетін сауап.

Туыстық байланысты сақтап тұрудың көптеген қиыншылықтары болуы мүмкін. Бірақ, есесіне сауабы мол. Ғаламның мақтанышы Пайғамбарымыз (с.а.у.) туысқа қарайласудың жақсылығын айта келе былай деп өтеді:

«Кімде-кім ырзық-несібесінің молаюын және өмірінің ұзақ болуын қаласа, туысына қарайлассын»[8].

Оған қоса, туыстық қарым-қатынасты үзбей, олармен байланысты сақтау – Құдай Тағаланың сүйіспеншілігіне ілігудің бірден-бір жолы болып табылады. Бір «Құдси хадисте» Алла Тағала былай дейді:

«Туыстары мен достарымен қатынасты үзбегендер және  менің разылығым үшін бір-бірін зиярат етушілер – менің сүйіспеншілігіме ілігеді»[9].

Ал керісінше туыстарымен арасын үзгендерге және оларға қарайласпағандарға шариғатта көптеген ескертулер жасалған. 

Құран Кәрімде бұл жайлы былай делінеді:

«Аллаға берген серттерін бұзғандар, сондай-ақ Алланың үзбеуді әмір еткен нәрсесін (туыстық байланысты) үзгендер, әрі жер жүзінде бұзақылықпен айналысқандар – Алланың лағынетіне ұшырайды. Тозақ та соларға арналған»[10].

Алла елшісі (с.а.у): «Алла Тағала барша махлұқатты жаратып болғаннан кейін «рахым» (туыстық байланыс) орнынан тұрып: «Құзырыңдағы мына тұрыс – туыстық байланысты үзген жаннан саған сыйнғанның тұрысы», -деді. Сонда Алла: «Саған қарайласқанға қарайласатындығыма, ал сенен арасын үзген адамнан мен де мейірімімді үзетіндігіме разы емессің бе?» - деп сұрайды. Сонда «туыстық байланыс» Аллаға: «Иә , разымын», - деп жауап берді» дейді Пайғамбарымыз. Алла елшісі (с.а.у.) бұл жайтты айтқаннан соң: «Қаласаңдар (мұны растай түсетін) мына аятты оқыңдар деді:

«(Ей Мұнафиқтар!) Егер сендер іс басына келетін болсаңдар жер жүзінде бұзақылық жасап, туыстық қатынасты үзесіңдер ғой. (Солай емес пе?). (Міне) осындайлар Алла лағнет еткен, құлақтарын саңырау, көздерін соқыр еткен жандар!». [11]

Пайғамбарымыз (с.а.у.) осы мәселе төңірегінде хадис-шәриптерінде былай дейді:

«Ақыретте жазасы берілуімен қоса, бұл дүниде де Алла Тағаланың жазасына тез арада ең лайықты күнәлар – зұлымдық жасау мен туысқа қарайласпау күнәсі»[12].

«Әр жұма сайын адам баласының істеген амалдары Алла Тағалаға ұсынылады. Алайда туыстарымен қатынасты үзген жанның амалдары қабыл етілмейді»[13].

«Жер жүзіндегі кез-келген мұсылман Алладан бір нәрсе тілесе және (одан кейін) күнә істеуден, яки туыстарымен байланысын үзуден аулақ болып жүрсе, Алла Тағала міндетті түрде оған тілегенін береді. Немесе оның тілеуінің мөлшеріндей жамандықтан сақтайды»[14].  

«Туыстарымен ара-қатынасты үзген жан пейішке кірмейді»[15].

Жоғарыда келтірілген аяттар мен хадистер – туыстық қарым-қатынастың маңыздылығын көрсетеді. Маңыздылығы соншалықты, туыстар мұсылман болмаған күннің өзінде, олардың белгілі деңгейде өзіндік құқықтары бар. Өйткені Құран Кәрімде мұсылмандықты қабыл етпеген әке-шешеге игілік жасауды, оларға жақсы мәміледе болуды айтқан[16].

«Өркениет шыңындағы жауһарлар» атты кітаптан.
Авторы: Осман Нури Топпаш


[1] Ибн Хиббән. Сахих. 16. 86. (Бейрут. 1993.)
[2] (Әбу Дәуід, сүнән. Зекет. 45. 1694).
[3] Сахих Бұхари. Әдәб. 15 бап; Әбу Дәуіт, Зекет. 45 бап; Тирмизи, Бирр. 10 бап.
[4] Имам Ахмад: Мүснәд. IV, 148, 158.
[5] Сахих Бұхари. «Әдәп». 85 бап.; Сахих Мүслім. «Иман». 74, 75.
[6] Әл-Хаким: әл-Мүстәдрак. ІІІ, 371.
[7] Имам Нәсәи. «Зекет». 60. «Буюъ». 84; Сахих Мүслім. «Зекет». 41.
[8] Сахих Бұхари. «Әдәп». 12, «Буюъ» 13; Сахих Мүслім. «Бирр», 20, 21; Әбу Дәуіт. «Зекет» кітабы. 45.
[9] Имам Ахмад: Мүснәд. V, 229.
[10] Рағд сүресі, 25-аят.
[11] Мұхаммед сүресі, 22-23 аят.
[12] Әбу Дәуіт. «Әдеп». 43; Тирмизи. «Қиямет». 57.; Ибн Мәжә. «Бирр». 16.
[13] Имам Ахмад. ІІ, 484.
[14] Тирмизи. «Дағуат». 115. 3573;  Ахмед. ІІІ, 18.
[15] Бұхари. «Әдәп». 11; Мүслім. «Бирр». 18, 19.
[16] Лұқпан сүресі, 10-аят.

0 пікір