Сіз солақайсыз ба?
Сіз солақайсыз  ба?
10 жыл бұрын 7924
Бақ БЕР

Энциклопедиялық мәліметтерде «солақай – қимыл-әрекетке оң қолдан гөрі сол қолдың бейімділігі. Солақай орта жүйке жүйесіне, әсіресе, кейбір жүйке орталықтарының орналасуына байланысты» делінеді. Бүгінгі күні әлемде әр он баланың біреуі солақай болып туылады екен. Европаға қарағанда Азияда солақайлардың анағұрлым аз кездесетіндігі айтылады.

Мамандар ата-анасы оңқай балалардың 92 пайызының оңқай, ата-анасының бірі солақай болса, балалары да солақай болу мүмкіндігі 20 пайызға артатынын айтады. Себеп ретінде солақайлықтың дағдыдан, не үйренуден туындауы, тұқым қуалаушылықтан, не кеш босанудан болуы мүмкіндігін де жоққа шығармайды. Бірақ солақайлықтың бәріне ортақ нақты себебі білінбеуде.

Медицина ғылымында солақайлықты табиғи қалыпты жайт ретінде қабылдайды, кемістікке жатқызбайды. Адам миы екі жарты шеңбер бөліктен құралады. Оның қызметі мынадай: денесінің оң жақ жартысын (оң аяқ, қол, құлақ, көз т.б.) мидың сол жақ жарты бөлігі басқарады. Ал сол жақ бөлігіндегі дене мүшелерін мидың оң жақ жарты бөлігі басқарады. Көп адамда миының сол жақ жарты бөлігі жетекші, енді біреулерде оң жақ бөлігіндегі миы жетекші. Бұдан солақайларда оң жақ ми бөлігі жетекші екенін түсінеміз. Сондықтан солақайларға сол қолы икемдірек. Оң қолмен жұмыс істеу оларда табиғи қабілет, икемділік, зейінге кері әсер ететіні айтылады. Психологияда солақай жандардың ісіне тындырымды, шығармашылық қуаты мол, анағұрлым сезімтал, ойлау қабілеті жоғары, ширақ қимылды, мінезі уайымшыл, тез ашуланғыш келетіні айтылады. Зерттеуші Г. Робин мидың оң жақ жарты бөлігінің шеберлік пен өнерге жауапты екенін, сол жақ жарты бөлігінің болса гуманитарлық, есеп, логика сынды сараптамалық зейінге жақын екенін білдірген. Аристотель, Юлий Цезарь, Леонардо да Винчи секілді әлемге әйгілі тұлғалардың арасында, сондай-ақ спортта гандбол, бейсбол, футболда үлкен жетістікке жеткендерде солақайлар аз кездеспеген.

Ислам дінінде ас ішерде оң қол, дәретханадағы тазалық үшін сол қолды қолдану керектігі ұсынылған. Алайда жаратылысынан сол қолын қолданатындарға бұндай күштеу жасалмаған, солақайлыққа тыйым салынбаған. Тепе-теңдік діні болып табылатын Исламда кей істерде бір қолды, кей істерде екі қолды қолдануға кеңес берілу арқылы мидың екі жақ бөлігінің де жақсы жұмыс істеуі қадағаланған. Зерттеулер, туылғаннан бастап мидың бір жақ жарты бөлігінің көп қолданылуы келесі жарты бөлігінің жұмысы баяулауына себеп екенін көрсеткен. Ислам дінінде екі қолдың да атқаратын өз істері белгіленуі арқылы бір қолдың әрі аста, әрі дәретханадағы тазалықта қолданылуына жол бермей, гигиенаға да назар аудартылған. А. Шахин секілді мұсылман ғалымдардың айтуынша, исламда оң қолмен қайырлы, игі істерді бастауға кеңес берілген. Ал асты оң қолмен жеуге әдептілік ретінде көрініс беруде, сондықтан солақай балаларға тамақты оң қолмен ішуге кеңес беріп, мәнін түсіндіріп, үйретуге әрекет жасаған дұрыс. Егер бала қанша әрекет еткенмен де асты оң қолмен ішуге қиналса, онда баланы оң қолмен жеуге күштемеу керек.

0 пікір