Нығмет болған бала
Егер балаға жақсы тәрбие берілер болса, оның болашақта істейтін барлық ізгі істерінің сауабы – оны тәрбиелеп, оқытып-шоқытқан ата-анасының амал таразысына қойылады. Бұған байланысты Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің әрбір ата-ананы балаларына жақсы тәрбие беруге және оларды тура жолға салуға итермелейтін мына бір хадис шәрифінде былай деген:
«(О дүниеде) кісінің пейіштегі дәрежесі көтеріледі. Сол кезде ол (түсінбей): «Маған бұл қайдан? (Не үшін мұндай мәртебеге көтерілдім?)» - деп сұрайды. Сонда оған: «Балаңның сен үшін Алладан тілеген кешірімі себепті» - делінеді»[1].
Өлгеннен кейін амалдары тоқтап, сауапты істер істеуге қайта дүниеге оралуға үміті жоқ әкенің, артында қалдырған ізгі ұрпағының арқасында пейіште дәрежесі көтеріліп отыр. Неткен керемет инвестиция! Неткен табысты салым!
Балаңды жақсы көресің бе?
Егер балаңды жақсы көрсең ақыретіне еш пайдасы жоқ, дүниелік өткінші қор берумен ғана шектелмей, мәңгі өмірде де оған пайдасы тиер әрі қалушы қорын арттыруға күшіңді сал.
Егер балаңды жақсы көрсең оған Құран жаттат. Баласы Құран жаттаса ата-анасының басына күн тәрізді тәж кигізілетіндігін білесіз бе?! Ондай ата-анаға бұ дүниеде құны жоқ екі қымбат киіс кигізілетіндігінен хабарыңыз бар ма? Бұл – ата-ананың балаларының жүрегіне салған ізгілік тұқымының жетіліп, жеміс беруінің нәтижесі болмақ. Мүмкін осы жақсылық шығар Әзіреті Омар ибн Хаттабты былай деп айтуға итермелеген:
«Алланы тәспих етер бір перзент шығып қалар деген үмітпен өзімді жақындасуға мәжбүрлеймін» - деген екен абыз сахаба.
Ертеде Әбу Исхақ әл-Жибинияни деген адам өткен. Бір күні ол өлім төсегінде жатқан баласының бөлмесіне кіреді. Баласының қасына барып шәһәдат сөзін айтып, иманын үйіреді. Баласы әкесінің артынан шәһәдат сөзін қайталап, сол арада жан тәсілім етеді. Сол кезде әкесі бөлмеден шығып анасына:
«Уа, Абдулланың анасы! Сені сүйіншілеймін. Шынында балаң мұсылман күйінше көз жұмды. Оның сауабы сенің амал дәптеріңе жазылды. Иіс су себініп, әдемі киімдеріңді ки. Осылайша, Алланың берген нығметіне деген шүкіріңді көрсет» - дейді де өзі бөлмесіне кіріп, екі рәкәғат шүкір намазын оқып, әдемі жаңа киімдерін киеді. Сөйтіп сүйіншінің көрінісін бойында байқатып, адамдардың алдына шыққан екен.
Әбу Исхақ қана емес, Фудайл ибн Айяз да осылай жасаған. Фудайл ибн Айяздың досы Әбу Али ар-Разидің ол жайында былай деп әңгімелегені бар:
«Мен Фудайл ибн Айязбен отыз жыл достық құрдым. Оны ешқашан күлгенін немесе жымиғанын көрген емеспін. Тек бір мәрте, баласы Али қайтыс болған күні қуанғанын көрдім. Оның себебін сұрағанымда, Ол:
«Алла Тағала бір істі жақсы көрген екен. Мен де Алланың жақсы көрген ісін жақсы көрдім» - деп жауап берді» - дейді досы.
Күрмелген тілді шешер болсақ (яғни, оның мәнін тарқатып айтар болсақ)!
Мұндай таңданарлық қуанышқа себеп болып отырған – Алла елшісінің (с.а.у.) мына сүйінші хабары тұғын. Пайғамбарымыз былай деген:
«Қашан пенденің баласы қайтыс болса, Алла Тағала періштелеріне:
- Құлымның баласының жанын алдыңдар ма?» - деп сұрайды. Періштелер:
- Иә, - деп жауап береді.
- Жүрегінін жемісінің жанын алдыңдар ма? - деп тағы сұрайды (бауыр еті деген мағынада).
- Иә, - деп жауап береді періштелер.
- Пендем ше? Ол не деді? – деп сұрайды Алла Тағала.
- Ол саған мақтау айтты әрі бәрінің қайтар жағы Сен жақ екендігін тілге алды, - дейді періштелер. Сонда Алла Тағала оларға:
- Ол пендеме пейіштен бір үй соғыңдар. Және оның аты «Мақтау үйі» болсын, - деп бұйырады»[2].
Ей, отағасы! Енді білдің бе, Алла Тағала не себепті саған бала-шаға бергенін? (Оларға жақсы тәрбие беріп, өсіріп жетілдіруің сен үшін пейіштегі үйің болмақ).
Балаларың – асыл тастарың.
Имам Әбу Хамид әл-Ғазали айтқан: «Сәби - ата-анасының қолындағы аманат. Оның жүрегі – таза, әрі аңғал. Ешқандай нақыш нақышталмаған, сурет салынбаған асыл тас тәрізді. Ол кім қандай ою салса соны қабыл етуге әзір. Кім қайда бұрса, сол жаққа қисаюға бейім. Егер, оны жақсылыққа баулып, ізгілікті үйретсе, сол негізде есеймек. Соның нәтижесінде ата-анасы екі дүниеде де бақытты болмақ. Ал, егер оны жамандыққа баулып, хайуандарға ұқсатып тәрбиесіне мән берілмесе, жаман адам болып өсіп, қасыретке ұшырайды. Обалы қамқоршысының мойнында!...
Бала сынақ!
Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде былай дейді:
«Бала – жүректің жемісі. Шынында ол – қорқынышқа, сараңдыққа және қайғыға себепші»[3].
Қорқынышқа себеп болуы: Адам баласы өзіне немесе баласына бір жамандық келер деген оймен шындықты айтатын кезде үндемей қалуы мүмкін. Немесе әлдебір ұнамсыз нәрсеге үндемей, жалған нәрсені көрмегенсіп мән бермей өтіп кете беруі мүмкін.
Сараңдыққа себеп болуы: Адам баласы бала-шаға деп өзіндегі мал-дүниесін қайыр жолына, Алла жолына жұмсаудан тартынуы мүмкін. Оның үстіне жұрттың мына бір айтатын ұнамсыз сөзіне құлақ асары да ғажап емес: «Үй ішінің мұқтаж болған нәрсесі – көпшілікке харам».
Қайғыға себеп болуы: Баласының табанына тікен кірсе де, аяғын басып кетсе де немесе сырқаттанып қалса, ата-ананың көңілін уайым жайлап, аяушылық сезімі кернейді. (Қайғыға себеп деуінің мәні сол).
Әзіреті Әли ибн Әбу Талибтың мінезіндей мінез қайда! Әзіреті Әлиге Алла Тағала он төрт ұл, он бес қыз нәсіп еткен екен (барлығы жиырма тоғыз). Оған қарамастан Әзіреті Әли былай дейтін:
«Аллаға ант етейін! Олардың нәпақасы жөнінде бір күн болса да шайтан маған уәсуәс (күмән) салған емес».
(Яғни, сонша бала-шағаны қалай бағып-қағасың, олардың ішіп-жемін қалай тауып бермексің деген ой ешқашан келген емес деп отыр радияллаһу анһ).
Балаға мал қалдырма, тәрбие қалдыр!
Мұқатил бин Сүлеймен деген кісі аббасит халифасы әл-Мансұрдың таққа отыру рәсіміне келеді. Сонда халифа әл-Мансұр оған:
- Бізге уағыз-насихат айтқын, ей Мұқатил! - дейді.
- Көргенімді айтайын ба, әлде естігенімді ме? – деп сұрайды Мұқатил.
-Көргеніңді айт, - дейді халифа.
- Уа, мүміндердің әміршісі! Халифа Омар ибн Абдульазиз өзінен кейін он бір ұрпақ және он сегіз алтын динар ғана қалдырған еді. Оның бес динары кебініне, төрт динарымен жерлейтін жері сатып алынды, қалғаны балаларына бөліп берілді. Тура сол сияқты, халифа Һишәм ибн Абдульмәлик те өзінен кейін он бір ұрпақ қалдырды. Бірақ, қалдырған мұрасынан әр баласына бір миллион динардан тиді. Аллаға ант етейін, уа, мүміндердің әміршісі! Мен бір күні мархұм Омар ибн Абдульазиздың балаларының бірін Алла жолындағы соғысқа жүз сәйгүлік садақа етіп жатқанын көрдім. Ал, Һишәмның балаларының бірін базарларда қайыр тілеп жүргенін көрдім, - деген екен Мұқатил ибн Сүлеймен астарлап (рахимаһуллаһ)...
"Нәсә'иму имәния".
Араб тілінен аударылды.
[1] Ибн Мәжә: «Сүнән». Сахих. Сахаба Әбу Һурайрадан риуаят етілген.
[2] Имам Тирмизи: «Сүнән». Сахих.
[3] Ибн Әбу Шәйбә: «Мусаннаф». Сахих.