Сахаба ана Умәмәның қызын ұзатарда айтқан 10 өсиеті
Сахаба ана Умәмәның қызын ұзатарда айтқан 10 өсиеті
26 күн бұрын 5978

Сахаба ана Үмәмә бинти Харис қызы Үнәсті ұзатқанда оған былай деп насихат айтқан болатын:

«Тыңда, қызым!  Адамның  әдептілігіне,  тәрбиесіне, асылдығы мен қасиетіне қарап, насихат айтып,  ұсыныс  жасаудан  бас  тарту  орынды  іс болса, онда менің де қазір саған насихат айтып, ұсыныс  жасауымның  керегі  жоқ  еді.  Бірақ  насихат –  білген  адамның  есіне  салу,  білмегенге  де білдіріп, үйрету деген сөз. Сондықтан ақыл-кеңес әркімге де пайдалы.

Қызым!  Егер  қыз  бала ата-анасының байлығынан күйеуге мұқтаж болмағанда, сенің ешкімге  мұқтаж  болмауың керек болар еді. Бірақ олай емес, еркектер біз үшін, біз еркектер үшін жаратылғанбыз.

Қызым! Сен ата-анаңның  үйінен,  туып  өскен ұяңнан шығып, танымайтын және үйреншікті емес жат адамның үйіне бара жатырсың. Олай болса, сол адамның разылығын көздеп, қызметшісі  сияқты оған бағын! Сонда ол да саған құл болады. Сені сүйіп, разы қылу үшін қолынан келген әр нәрсені істейді. Саған қазір он нәрсе айтамын. Бұларды жадыңда сақтап, қажетіңше амал ет. Сонда күйеуіңмен көркем қарым-қатынасқа қол жеткізесің. Ол он нәрсе төмендегідей:   

1. Саған ішіп-жейтін не әкелетін болса, оны жан-тәніңмен қабылда.

2. Күйеуіңнің бұйырғандарын істеп, тыйғандарынан тыйыл. Сөзін тыңдап, оған бағын.

3. Үсті-басың мен үйіңді таза ұстауға маңыз аудар.

4. Күйеуің көргенде немесе иісін алғанда жиіркенетін нәрселерден сақтан. Өзіңнен оны жирендіріп, күйеуіңнің көзінен де, көңілінен де түсіп қалма.

5.  Күйеуіңнің ұйықтайтын уақыты мен тамақ ішетін уақыттарына назар аудар! Яғни бұларды қай уақытта істейтін болса, сол уақытта тамағы мен төсегін дайындап қой! Өйткені аштық адамның ызасын тудырады, ұйқысыздық ашуландырады.

6. Күйеуіңнің малын қорға. Оның мал-дүниесін ысырап етуден және жойылуына жол беруден сақтан!

7.  Күйеуіңнің  абыройын  көз  алдыңда  ұстап, оның туған-туысқандарына құрмет көрсет!

8. Ешбір істе оған қарсы келме!

9.  Отбасыңның сырын ешкімге айтпа! Егер күйеуіңнің әміріне бағынбасаң, саған кек сақтап қалады. Ал оның сырын паш етсең, оның қаһарына тап боласың.

10. Қызым! Күйеуің мұңлы болған кезде сен әсте шаттанып, қуанба! Ол шаттанып, қуанған кезде сен мұңайма![1].


[1] «Бір насихат мың бір ғибрат» атты кітаптан. «Хикмет» баспа үйі. 2011 ж.

1 пікір
  • Осы керемет 10 өсиетті ұстанатын әрбір қыздың бағы ашылары сөзсіз. Бұл насихат қаншама жыл бұрын айтылса да, оның өзектігі жойылмайтыны хақ. Расында, осы насихатты жадында ұстап өмір сүрген қаншама қыздың отбасы ажырамай тату -тәтті жалғасары анық. Кезінде мұндай ақпараттан бейхабар болдық. Жас болдық, оңымызбен солымызға қарамай, барымызды бағаламай өстік. Жас қыздарға, келіндерге айтарым, исламда айтылған әрбір сөзді, мейлі өсиет болсын, насихат болсын, дұға болсын, бекерге жібермеңдер! Сендердің өмір бойғы бақ - берекелерің ол.
    25 күн бұрын