Қазақ танымындағы келіннің рөлі
Қазақ танымындағы келіннің рөлі
11 жыл бұрын 7878 islam.kz
Досымбек ХАТРАН, тарих ғылымдарының кандидаты

«Келін ененің топырағынан жаралады» дейді халық. Жас келін әулет үшін жасалатын қасиетті де, киелі міндетін мүлтіксіз ат­қарып, болашақта еңбекқор, ізетті, ақ­жар­қын, көпшіл ана болуына әжелер мен енелердің өмірлік тәжірибесі, келінге берер ақыл-кеңесі маңызды. Парасатты әжелердің: «Келініңді қыздай көр, қызың келін болмас па?» деуі өзара сыйластыққа ұмтылуды мең­зеген, астары тым тереңде жатқан сөз болса керек. Сондықтан, жас келінді о бас­тан шаруашылық, үй шаруасын жүргізу мен меңгерудің жаңа ортадағы үлгісіне бейімдеп, оң мен солын тез тануына жәр­демдесуі керек. Осы өтпелі кезеңге аса мән берген аталар «қатынды бастан» (тәрбиеле) деген өсиет қалдыруы тегін емес.

Сөйтіп, бұрынғы ерке қыз, бұла бойжет­кеннің, ендігі келіннің әлеуметтік мәртебесі (статусы) өзгеруіне байланысты, оның іс-қимылына, мінез-құлықтарына түрлі шектеулер салынып, ырым-тыйымдарға бой ұсынуына тура келеді. Мәселен, күйеуінен басқа бөгде адамдарға «әурет» (ғаурат-араб сөзі) саналатын қолының ұшымен бетінен басқа денесін жалаңаш көрсетпеу, жалаң бас, жалаң аяқ жүрмеу, ерлердің жолын ке­сіп өтпеу, үлкендер отырған үйге кірмеу, үлкендердің әңгімесіне араласпау, оларға шай құйғанда бір тізерлеп қырын отыру, қазан аяғын сылдырлатпау, үлкен адам кө­зінше дауыс көтеріп сөйлемеу, балаларға қатқыл сөйлемеу, шаңқылдап ұрыспау, үлкен үйдің төріне шықпау, ата-енесінің, қайын ағаларының, қайныларының төсегіне отырмау, жер таянып отырып ас ішпеу, киімін желбегей жамылмау т.с.с.

Осы атал­ған және осы тектес келінге байланысты ырым-тыйымдар мен әдет-ғұрыптардың тәр­биелік мәнінен тыс олардың түпкі мәні – ендігі кезекте дүниеге ұрпақ әкелуші, болашақ ана денсаулығына, яғни болашақ ұрпақтың имандылығы мен саулығына деген қамқорлықта жатқаны даусыз. Патриархалдық-рулық негізге құрылған қазақ қо­ғамында баланың денесі әкеден (рудың ішіндегі ұсақ тармақтарды қазақ «сүйек» деп атаған), қаны шешеден деп танитын үрдіс қалыптасқаны мәлім. Бұны «сүйек әкеден, ет анадан» деп те айтады. Сондықтан, жатырдағы ұрық-ұрпаққа ананың асыл мінез-құлқы, тектілігі қанмен берілетіндік­тен келін болсын, жалпы әйел затына қарасты ырым-тыйымдардың көп болып келу себебі ұлттың асқақ болашағына деген арман-мұраттан туындайды. «Ел боламын десең бесігіңді түзе!» деген ұранда осы ниеттен туған.

Ендігі кезекте енесі келіннің тезірек құрсақты болып, өздері немере сүюге асығады. Келін өз денсаулығымен бірге, өмірге дені сау бала әкелу үшін аяғы ауыр келін қоршаған орта, табиғат, ауа-райы құбылыс­тарына аса мән беріп, көп нәрседен сақ­танып жүруі керек болады. Мәселен, бал­аның беті шұбар болады деп күнге қыз­­ды­рылмайды, баланың тілі шықпай, кешігеді деп, балық жеуге, толғағы қатты әрі, тоғыз айдан артық көтереді деп, түйенің етін жеуге тыйым салынады. Қолөнермен шұғылданған кезде баланың кіндігі мойнына оралып қалады деп арқан есу, ұршық иіру, кесте тігуден сақтандырады.

 Мұның сыртында дұрыс, құнарлы тамақтануы керек екені, әрине, белгілі жайт. Кейін, аман-есен босанған соң баласын үлкендердің жанында емізуге тура келсе, бір қырындай отырып төсін жасыруы тиіс. Үлкендер отырған дастарқанда ең төменде отыратын жас келін, сусын, шай ұсынғанда қос қолдап, немесе сол қолымен кесе, тостаған ұстаған оң қолының білек тұсын сол қолымен демей ұстап, инабатпен ұсыну керек. Үлкендерге тура қарамай назарын төмен салып отыруы, сусын ішкенде, тамақ жегенде бір қырындай отырып, аузын бір қолымен көлегейлеп, ас шайнап отыруы керек деген сияқты өзін ибалы ұстай білуге, адамдармен қарым-қатынаста сақ, абай болуға үйрететін тәр­биелік мәнді көптеген т.б. тыйымдар бар.

Келіннің жаңа ортадағы әрмен қарайғы әлеуметтік мәртебесін белгілейтін бірнеше шарттар атқарылады. Олар – сәукеледен кейінгі – «желек жамылу», одан кейінгі «кимешек кию». Мәселен, келін болып түскен­нен кейін, сәукелесін сандыққа орап сақтап қойған келін, бір жылдай уақыт бойы, яғни балалы болғанға дейін «желек» жамылып жүреді. Желек – күрең өңді жеңіл матадан тігілген, бас киімнің шетін ала, шекені, маң­дайды жаба келіп, бет қана ашық қал­дырылатын, төгіле, денені орай жауып тұ­ратындай етіп мол қамтылған, ұзындығы тізеден аса келетін ғұрыптық киім түрі.

Белгіленген мерзім болған кезде мал сойып, ауыл кемпірлерін, абысын-ажындарын шақырып, арнайы атай отырып, келіннің «желегін алып», «кимешек кигізеді». Бұл — келіннің осы әулеттің толық мүшелігіне өтіп, ана, адал жар, үй иесі деген атаққа ие болғандығын айғақ­тайтын жас, әлеуметтік инициацияны белгілеген ғұрып болып табылады. Жас келін түрлі-түсті, зер жіппен кестеленген, моншақпен, танамен әшекей­ленген кимешек кисе, жасы ұлғая келе ол әшекейлері азайған, реңі біркелкі кимешек киетін болады. Осы орайда ерекше айта кетер жайт, егер балалы болып үлгермей, келін өмірден қайтқан жағдайда, ежелгі қазақ тәртібі бойынша кезінде төленген жасаудағы жылқы, түйелермен бірге қалың­дықтың ұзатыл­ғанда киген сәукелесін де қоса қайтаратын болған. Егер бала туып, ұрпақ қалдырса, жасау да, мал да, сәукеле де қайтарылмай, күйеуінің меншігі болып қала береді. Сондай-ақ, отбасылық кикіл­жің­дерден туындап, ажырасу мәселесі қоз­ғалып, әділ сотқа жүгінудің нәтижесінде, әйел заңды ажырасуға қол жеткізген жағ­дайында, жасау малымен бірге, күйеуі сәу­келені де қайтаруы тиіс. Өйткені, сәукеле өсіп-өну символикасы міндетін атқаратын, қымбат тас, қымбат аң терілерімен сәнделіп тігілген ғұрыптық бас киім екені белгілі. Сәукеле аса бағалы зат, мәселен көптеген деректерде белгілі болғандай әшекейлі сәу­келенің құны жүз жылқыға бағаланатын.

Осылайша, өмір өткелдерінен өтіп, көп тәжірибе жинақтап, немере-шөбере сүйген аналар ауыл-аймаққа беделді болып, ер адамдар ауылда жоқта іс басқарып, мал сойғызып, қонақ күтіп, түсел түсіріп аттандыратын жайт қалыпты рәсімге айналады. Ендеше, әрбір салттың, әдет-ғұрыптың, ырым-тыйымдар жүйесінің негізгі міндет­тері сайып келгенде қоғам, қауым мүшеле­рінің жұмылып, біріге түсуіне қызмет ете­тіндігін баса айту керек.

0 пікір