Жаңа құрыла бастаған бір қоғам өмірдің әрбір саласында өзіне бір үлгі қажетсінеді, әсіресе отбасылар бұған өте мұқтаж. Себебі, жеке тұлғалардың, қоғамның салауаты үнемі отбасына келіп тіреледі. Адам – отбасының бір мүшесі болса, отбасы – қоғамның бір бөлшегі. Сондықтан адамға және қоғамға қатысты мәселелердің бәрі отбасын айналып кете алмайды.
Жаңа қоғам ретінде қалыптаса бастаған уақытта сахабаларға үлгі боларлық отбасы – Пайғамбарымыздың (с.а.у.) отбасы еді. Бұл өнегелі шаңырақтың отбасылық өмірі, отағасы әрі әке ретінде Хақ Елшісінің (с.а.у.) рөлі қандай еді, енді осы мәселелерді қарастырайық.
Адамзаттың Ардақтысы (с.а.у.) алғаш рет 25 жасында Хадиша Хуайлидқызымен үйленген. Хазірет Хадиша (р.а.) өте салиқалы әйел болатын. Алла Елшісі (с.а.у.) пайғамбарлық өмірінің ең қиын кезеңдерін Хадиша анамызбен бөлісті. Қиыншылықтарға мойымаған бұл жұп бақытты отбасын құрды. Пайғамбарымыз (с.а.у.) ардақты Хадиша анамыз қайтыс болғанға дейін, яғни 23 жыл бойы екінші рет үйленуді еш ойлаған емес-ті. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) Ибраһимнен басқа балаларының бәрі де осы Хадиша анамыздан (р.а.) еді. Ұлдары Қасым мен Абдуллаһ сәби кездерінде шетінеп, ал қыздары Зейнеп, Рұқия, Үммү Күлсім мен Фатима бойжетіп, тұрмысқа шығып, балалы-шағалы болады. Пайғамбарымыздың адал жары Хадиша һижрадан үш жыл бұрын өмірден озған.
Пайғамбарымыздың (с.а.у.) көп әйелге үйленуі Мәдина кезеңінде басталған. Меккеде Сәуда бинт Зәм‘амен (р.а.) үйленіп, Айша анамызбен некесін ғана қидырған еді. Одан кейін Умму Сәләмә (р.а.), Хафса (р.а.), Зейнеп б. Хузәймә (р.а.), Зейнеп б. Жахш (р.а.), Жуәйра (р.а.), Сафия (р.а.), Умму Хабибә (р.а.), Мәймунә (р.а) аналарымызға үйленген. Алайда, бұл некелерінің бәрі діни, саяси қажеттіліктен туындаған-ды. Пайғамбарымыз (с.а.у.) үйленген кезінде сол кезеңнің дәстүрі бойынша әйелдерінің бәріне «мәһір» (әйел адамның өзіне берілетін мал) төлеген. Тек қана құлдыққа түскен хазірет Сафияны мәһір ретінде бостандыққа қауыштырған. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) Хадиша анамызбен отасқан 23 жылдық өмірі өзінің абыройлығымен, пәктігімен бір әйелмен некелі отбасылар үшін үлгі-өнеге. Діни және саяси қажеттіліктен туындаған көп әйелмен некелі өткен өмірі де әйелдерінің әрқайсысының мінез-құлқы, әдеттері, көрген тәрбиесі басқа болғанымен, бәрінің тілін тауып, бір шаңырақта тату-тәтті ғұмыр кешуі, бәріне әділдікті теңдей бөлуі, тіпті бір оқиғаға байланысты Пайғамбарымыздың жұбайларына Алла Тағаладан әмір келіп: «Ей, Пайғамбар, жұбайларыңа айт: «Егер осы дүние мен оның зейнетін қаласаңдар, сендерге соны беріп, сендерден ажырайын, ал егер Алланы, Пайғамбарын және ақырет өмірін қаласаңдар, онда біліп қойыңдар, Алла сендердің араларыңда жақсылықпен әрекет еткендерге өте үлкен сый дайындаған», – де» деген қалау мүмкіншілігі берілгенде бәрінің бір ауыздан Алланы, Пайғамбарымызды және ақырет өмірін қалаулары Алла Елшісінің (с.а.у.) теңдессіз отағасы екенін танытады.
Хақ Елшісі (с.а.у.) әйелдерінің материалдық қажеттіліктері, киім-кешектері мен сәндік бұйымдарына қыспақ көрсетпеген. Сонымен қатар, әрбір әйелі үшін жеке баспана жағдайын қарастырған. Отағасы ретінде ең көп мән берген нәрсесі – отбасы мүшелерімен сұхбат болатын. Сұхбат екі түрде өтетін. Әрқайсысымен бөлек және отбасы мүшелерінің бәрінің басын қосып сұхбаттасуы. Пайғамбарымыз (с.а.у.) кей істерінде әйелдерімен де кеңесіп отыратын. Қараңғылық дәуірде адам қатарына қосылмаған әйелдер Исламның нұрымен «Жәннат аналардың аяқтарының астында» деген марапатына ие болып, өзінің лайықты болмысына қайта оралды.
Алла Елшісі (с.а.у.) әйелдерімен қарым-қатынасында әрдайым сыпайылық танытатын. Олардың нәзік жаратылыстарын үнемі естен шығармай, оларды шыныдан жасалған құмыраға теңейтін. Олардың қателіктеріне де сабыр мен сыпайылықпен жауап беретін. Сахабаларына да әйелдерге қол жұмсамауды, жәбірлемеуді өсиет ететін. Өзі де әйелдеріне әділдікпен қарап, жорыққа шыққан кезде қасына ертетін әйелін жеребе тастап таңдайтын. Өмірінің соңғы күндерінде әйелдерінің үйін аралауға шамасы келмей ауруы асқынған кезде хазірет Айшаның үйінде қалу үшін басқа әйелдерінен рұқсат алған. Осылайша ауыр халде жатқанның өзінде әйелдерінің құқығын аяққа таптамай, артында қалған мұсылман қауымына әйелдерді құрметтеуде өнегелі бір жол ұсынған.
Отбасылық өмірдің реңін кіргізетін маңызды бір мәселе – отбасы мүшелерінің бір-біріне деген құрметі. Пайғамбарымыз: «Мұсылмандардың ішінде ең жақсысы – мінезі жақсы болғаны. Қайырлысы – жұбайына қайырлы болғаны», − дейді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзі де жұбайларын ешқайсысын бөліп-жармай, олардың біреуі бай отбасынан, біреуі кедей отбасынан шықса да, біреуі жас, біреуі кәрі болса да, бәріне бірдей құрметпен қараған. Мысалы, Алла Расулының жұбайларынан Сафия анамыз яһуди отбасынан болатын. Пайғамбарымыз (с.а.у.) онымен үйленгенде, Сафияны (р.а.) көруге келген хазірет Айшадан ол жайлы пікірін сұрайды. Сонда Айша анамыз қызғанышын жасыра алмай: «Жай ғана яһуди қызы», – деп жауап береді. Пайғамбарымыз: «Ей, Айша, олай деме, ол Исламды қабылдады, оның мұсылмандығы қандай тамаша!» – деп тіл қатқан. Бір күні Пайғамбарымыздың жұбайларынан Хафса (р.а.) да Сафия анамызға «Яһуди қызы» деп айтып салады. Сонда жылап отырған жұбайын көрген Алла Елшісі (с.а.у.) хазірет Сафияға: «Сен пайғамбар қызысың, (яғни пайғамбар ұрпағысың) ағаң пайғамбар еді (Мұса пайғамбарды (а.с.) меңзейді (ав.)), өзің болсаң Пайғамбардың жұбайысың, ал олар сенің алдыңда несімен мақтан етеді», – деп жұбатады. Ал хазірет Хафсаға: «Алладан қорықпаймысың, ей, Хафса!» – деп ескерту жасайды. Сахабаларына да: «Ешкім әйелін жек көріп, кек сақтамасын. Оның бір мінезін жақсы көрмесе, басқа мінезін ұнатар», – деп өмірлік мәні бар уағызын айтқан. Себебі, кемшіліксіз пенде жоқ. Кемшілікке кешіріммен қарап, «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп атам қазақтың да айтқанындай, отбасы мүшелерінің бір-бірінің жақсылықтарын көруге тырысуы – отбасы бірлігін сақтап қалатын ең маңызды қасиет. Пайғамбарымыздың отағасы ретінде осы қасиетті бойына сіңіруі – оның (с.а.у.) жұбайларына деген құрметін асыруға, жұбайларының да айлар бойы аш қалып, дастарқандарында қара нан мен кепкен құрмадан басқа дәм-тұзы болмай қалған күндерде де отағасына деген сүйіспеншіліктерін бір сәт те жоғалтпай, оны мен дүние-мүлік арасында таңдау берілгенде, еш ойланып жатпай өмірлік жолдастарын таңдауына сеп болған еді.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) әке ретінде де адамгершіліктің заңғарында болатын. Үнемі таң намазына мешітке кетіп бара жатып, жолай қызы Фатиманың (р.а.) үйіне соғып, қызы мен күйеу баласы хазірет Әлиді таң намазына оятып кететін. Үлкен қызы Зейнеп мүшірік күйеуі Әбул-Аспен Меккеде қалып қойып, кейіннен Мәдинаға келген кезінде сүйікті қызын көріп қатты қуанады. Хазірет Османмен (р.а.) үйленген қызы Рұқия Хабәшістанға һижрет еткенде, ұзақ уақыт қызының хабар-ошарын біле алмай жүргенде, бір әйелдің келіп, олардың дін-аман екенін білдіргенде қуанышқа кенелуі, қызы Үммү Күлсім қайтыс болғанда қабірінің басында жылауы – міне, осының бәрі оның (с.а.у.) әкелік сүйіспеншілігінің жарқын көріністері. Алла Елшісі (с.а.у.) немерелері Хасан мен Хүсейінді (р.а.) құшағына басып сүйетін. Немере қызы Умамә намаз оқып жатқанда келіп, үстіне шығып алса оны арқалаған күйінше намазын жалғастыратын. Үйінде немерелерін ойнататын. Бір күні әдеттегідей өзі ат болып Хасан мен Хүсейінді (р.а.) арқасына мінгізіп, ойнатып жүргенде ішке кірген хазірет Омар (р.а.) мына көрініске таң-тамаша болып, Пайғамбарымыздың немерелеріне: «Сіздің қандай тамаша сәйгүлігіңіз бар!», – дейді. Пайғамбарымыз да кідірместен: «Бұл сәйгүліктің қандай тамаша шабандоздары бар!» – деп үстіндегі немерелерін меңзеп, оларға деген құрметін көрсетеді.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің Тәңірі берген парасаттылығымен жаңа құрыла бастаған қоғамға осылайша өнегелі отағасы ретінде де үлгі бола білген хақ Пайғамбар еді.