Өтпелі кезеңнің ерекшеліктері
Өтпелі кезеңнің ерекшеліктері
10 жыл бұрын 16649
Бақ БЕР

Өтпелі кезең бұл жеткіншектің балалықтан ересектікке қадам басқан күрделі психологиялық кезең. Әр елде сол елдің мәдени және діни салтына байланысты өтпелі кезең әр түрлі анықталады. Бұл жас жеткіншектің жыныстық жағынан жетілу, биологиялық жағынан шұғыл өзгерісті бастан кешетін кезең. Әр түрлі елдер мен діндерде өтпелі кезең 10-16 жас аралығы ретінде көрініс табады. Психологиялық жағынан алғанда әр адамда өтпелі кезең әр түрлі кездеседі. Сондай-ақ өтпелі кезең жеткіншектерде жүріс-тұрыста тәуелсіздікке ұмтылу, қоғамда өз орнын табуға тырысу, өзін көрсету, кейде өз ортасын өз талғамына бейімдету ретінде байқалады. Ата-аналық тұрғыдан өтпелі кезең өте бір алаңдаушылық тудырады. Бұл уақытта баланы бақылауда ұстау қиындап, ата-анасының әсіре қамқорлығынан арылып, бала өз бетінше шешім қабылдағысы келеді, өзіне психологиялық жағынан жақпаған істерге жақамаушылығын білдіреді. Бұл уақыттарда жастардың барлық нәрсені татып көрсем деген әуестігі артып, бұзықшылықтарға қосылып кету, ішімдік, анаша, есірткі секілді нашар қылықтарға еріп кету қаупі зор. Бұған қоса, өтпелі кезеңде жасөспірімдердің романтикаға деген құмарлығы күшейіп, ол ойындағыдай болмай қалған жағдайда салдары өз өзін өлімге қиюға дейін апаратын жайттар кездеседі. Жасөспірім бұл шақта өзінің дене бітіміне мән бере бастайды. Биологиялық жетілу барысында дене бітімінде кемістік болса, мазасызданады. Жасөспірімдерде өзін салыстыра бастайтын өз сұлулық эталоны болады. Көпшіліктен ерекшеленіп, көзге түсуге тырысады. Қыз балалар мен ұлдардың арасындағы қарым-қатынас та қалыптылығын сақтай алмайды. Бұл кезеңде қыздар мен ер балалар арасында өзіндік айырмашылықтар да кездеседі. Қыздарда жас­өспірімдік дағдарыс ұлдарға қарағанда ер­те басталып, тезірек аяқталады. Қыз балалар үшін өтпелі кезеңде жыныс гормондарында үлкен өзгерістер орын алып, сол өзгерістер оның жүйке, қан тамырлары, эндокринді жүйесінде ауытқулар, қимыл қозғалыстарында ебедейсіздіктер тудырады. Қыз бала әсіресе өзінің жеке бой күтіміне ерекше мән береді. Ұл балаларда бұл кезде қарсыласу, бұзықтық, тілазарлық жиілеп, ересек болып көрінуге көбірек талпынады. Физиологиялық жағынан иықтары кеңейіп, белдері жіңішкереді. Дауыстары тұрақсызданып, нәтижеде жуандай түседі. Әке-шешесіне талап қоюы жиілейді. Отбасындағы жайсыздықтарға қатты намыстанып, ата-анасына да сын көзбен қарайды. Тез өкпелегіш, көңілге алғыш, тыз етпе ашуланшақ мінезге тап болады. Психолог мамандар бұл уақытта жасөспірімдердің өмірден түңіліп, айналадағы құбылыстардың барлығын жағымсыз қабылдайтынын айтады. Жасөспірімдер түрлі арман мен қиялға беріліп, өзіндік өмірдегі таңдауын жасауға талпынады.  

Бұл кезеңнің балалардың тәртібі мен сабақ үлгеріміне кері әсері бар.  Кейбір балалар қоғамды жатсына бастайды. Ағзада болатын өзгерістерге байланысты өтпелі кезеңде жасөспірімдер өмірінде сезімге берілгіштік, түрлі мазасыздықтар көбейеді. Сондықтан ата-аналар мен ұстаздар үшін ең басты нәрсе: бұл күйзелісті әрі сыртқы ортаның ықпалына тез ұшырайтын өтпелі кезеңде жасөспірімдерге түсіністікпен қарап, оларға өмірге керекті дұрыс, басалқы ақыл-кеңес беріп, салдары ауыр болатын жаман әдеттерден сақтандыру.

1 пікір