Алла пендесін бұл өмірде де, ақыретте де бақытты болсын деп жаратқан. Бақыты толықсын деп Адам атаның жанына Хауа анамызды қосақтағаны да сондықтан. Әрине, шын бақыт жұптардың бір-бірімен тіл табыса білуінде, сыйласып өмір сүруінде. Жұп болып жаратылғандықтан, жұп құрап өмір сүру о бастан адам баласына тән қасиет. Ардақты пайғамбарымыздың мынандай мағынада бір хадисі бар: Жомарттық жақсы, бірақ байларда болса тіптен жақсы. Ынсап жақсы, бірақ кедейлерде болса тіптен жақсы. Ұят жақсы, бірақ әйел кісілерде болса, тіптен жақсы. Тәуба жақсы, бірақ жастарда болса тіптен жақсы. Осы хадистің қисынымен қарасақ, сабыр жақсы, бірақ отбасындағы сабыр тіптен жақсы деуге болар. Неліктен? Өйткені сабыр отбасының тыныштығы мен бақытын сақтап қалуға көмектеседі, ашумен болатын түрлі қателіктердің ушығып кетпеуінің алдын алады. Анығында Жаратушы иеміз де отбасымыздың бұзылғанын қаламауда. Сол үшін мұсылмандарға сабырдың діндегі орны, басты денедегі орны секілді екенін білдірген. Отбасындағы сабырдың маңызды болатын тағы бір себебі, ол тек бір адамға ғана қатысты болмайды, нәтижесі отбасы мүшелерінің барлығына да жағымды әсер етеді. Сол себепті бұл сабырға Алланың беретін сауабы аз деуге келмейді.
Негізі ең дұрысы, отбасында ешкімнің ешкімді сабыр етуге итермелемеуі, жүйкесін жұқартпауы. Ортақ шешім қабылдап, ортақ тіл табысып өмір сүре білуде. Өкінішке қарай, бұл барлық жерде жүзеге аса бермейді. Көбіне отбасының бақытты ғұмыр кешуінде ерлі-зайыптылардың бірінің ерекше шыдамдылығы рөл ойнайды. Бірақ оның алатын сауабы да сондық зор болмақ.
Жаратушы иеміз отбасы ішіндегі сабыр сынағына ұшырағандарға өзге істерімен жете алмайтындай үлкен марапат жасамақ. Әйел кісі сабыр етсе, сабырының ауырлығына қарай жұмақтағы әйелдердің таңдаулысы жағдайына жетпек. Ал ер кісі сабыр етсе, жұмақтағы жастардың мырзасы дәрежесіне қол жеткізбек. Отбасында сабыр етуге неге осыншалықты марапат жасалмақ? Өйткені Жаратушы иеміз отбасының бұзылғанын қаламайды. «Ең ұнатпай адал еткенім, ажырасу» деп, отбасын бұзбауға әрекет жасағандарға зор сыяпат беретінін аңғартқан.
Сабыр етушілер сол іс-әрекетінен рухани ләззат алуы тиіс. Өйткені басқа амалдарымен жете алмайтын сауапқа сабыр еткендіктен ғана жететінін ойға алғаны жөн. Сол себепті ренжіп емес қайта қуана сабыр ете білгендері жөн.
Сабыр етуде жұмақ барын мына оқиғадан да аңғарғандаймыз. Аузы дуалы бір әулие кісі Башри Хафиға былай депті: - Сіз өзіңізді іздеп келген науқастарға дұға етесіз, олар жазылып жатады. Бірақ өзіңіз науқасыңыздан айыға алмай жүрсіз, кішкене өзіңізге де дұға етсеңіз болмас па?
Сонда нағыз сабырлы жан үлкен әулие:
- Сабыр ету арқылы қандай үлкен дәрежелерге қол жеткізетінімді білгендігімнен өзіме дұға етіп, солардан айрылып қалғым келмейді. Ал сабырдың адамға қандай жақсылықтар әкелетінін түсінбейтіндерге дұға етемін, сабырсыздық танытып, болайын деп тұрған жақсылықтарына қолдары жетпей қалмасын деп.
Міне, әулие кісілер сабыр етуді осылай түсінген әрі өз ынталарымен сабыр етуге тырысқан. Сабыр етуде бақыт барын жақсы білген.
Тағы бір мысалға мына оқиғаны келтіруге болады. Самарқандтық ғалымның бірінің әйелінің мінезі шайпау екен. Әйелін жақсы танитын көршілері «Мынандай әйел сізге тең емес. Жіберіп, басқасын алсаңыз болмас па? Өзіңізге лайықты әйел табылмайды емес» дейді.
Сонда сабыр етудің астарын жақсы білетін ғалым былай деп жауап берген екен:
- Бұл әйелмен ажырассам екеуміз де ұтыламыз. Әйелім дәл мен сияқты сабырлы жанды кезіктіре алмай өмірден ұтылады. Мен болсам осындай әйелге сабыр етудегі сауабымнан айрыламын.
Отбасындағы сабырдың орнын білетін ғалым өз сөзін былай деп түйіндепті:
- Жоқ әлде сендер отбасында сабыр етудің жұмаққа қол жеткізетінін білмеуші ме едіңдер?!
Имам Ғазали тақырыпқа қатысты мынандай хадисті келтірген екен: «Әйелінің нашар мінездеріне сабыр еткендерге Аюб пайғамбарға берілген сауаптай сауап беріледі. Ал күйеуінің нашар мінезіне сабыр еткен әйелдерге Перғауынға сабыр еткен әйелі Әсияның сауабындай сауап беріледі».
Иә, сабыр етудің астарында мол сауап, тіпті жұмақ барын білгендер, сабаға тез түседі. Ашуға ерік бермейді. Әліптің артын бағады. Өмірдегі өзіне тән сынақтан сүрінбей өтуге тырысады. Ж. Руми «Сабырлы құс өзге құстардан анағұрлым жақсы ұшады», - деп бекер мысал етпеген.