Отбасы қиындықтарына шыдаған ең ізгі төрт әйел
Отбасы қиындықтарына шыдаған ең ізгі төрт әйел
9 жыл бұрын 6493
Бердібек Мәсенов

Хадистерде өмірдегі орны ерекше, ең ізгі әйелдер саны төрт екені айтылады. Атап айтсақ, олар Перғауынның әйелі Әсия, Иса (а.с.) пайғамбардың анасы Мәриям, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) жұбайы Хадиша мен қызы Фатима аналарымыз.

Мынаны ұмытпаған дұрыс: Алла ешкімге кездейсоқ игілік бұйыртпайды, себепсіз сый-сияпат жасамайды. Алла кімге игілік пен жақсылық бұйыртқан болса, олардың да соған лайықты жасаған зор істері, жанқиярлықтары не сабыры болғаны аян. Алла сол жақсылықтардың ешбірін зая етпей қайтарым жасауда.

Енді осы жұмақ әйелдерінің іріктеулісі дәрежесіне шыққандардың не істегенін, қандай істерімен сондай биік деңгейге жеткеніне бір қарайық.

Мәселен, Әсия анамыз Перғауынның әйелі еді. Перғауын секілді залым әрі бұған қоса Жаратушымын деп көкірек соққан жанға әйел болу қанша төзімді қажет етті десеңізші?!

Екіншісі Мәриям анамыз. Раббымыз әке-шешесіз Адам атаны жаратқаны секілді әкесіз адам жарата алатынын көрсету үшін Исаны әкесіз дүниеге келтірткен. Осы бір астарлы ақиқатты түсінбеген жұрт Мәриям анамызға жала жауып, «Бұл баланы қайдан таптың?» деп дүрсе қоя берген. Міне, Мәриям анамыз осындай қиындықтарға сабыр етіп, шыдамдылық танытқан...

Үшіншісі Хадиша анамыз. Ислам тарихында бұл кісінің алар орны ерекше. Ол кісі Пайғамбарымыз (с.а.у.) үшін яғни күйеуінің жолында барлық байлығын сарп еткен. Керек десеңіз, қаншама уақыт аштықты бастан өткеріп, қысым көрген. Осыған қарамастан ешқашан тағдырды тілдемей, Аллаға мұң шақпаған, тек сабыр еткен. Осы жақсылығы үшін жұмақтағы әйелдердің ең ізгісі болу бақытын иеленген.

Ал Фатима анамыз ше? Фатима анамыз жоқшылыққа сабыр ете білді. Өмір бойы арпадан жасалған нанға да тойып жарымады. Үнемі жоқшылық пен таршылықта өмір өткізді.

Тіпті бір жолы Пайғамбарымыз (с.а.у.) қонақ болған бір үйде алдына қойылған асты жей алмай, көзі жасаурады. Тамағынан бөліп алып «Мынаны Фатимаға беріңдерші, ол үш күннен бері нәр татпады» деген еді еріксіз.

Тағы бір жолы намазға кешіккен Біләлдан Пайғамбарымыз кешігу себебін сұрады. Хазірет Біләл:

– Қызыңыз Фатима арпа үгіту үшін қол диірменін айналдыратын. Сондай бір кезде баласы жылай бастады. Диірменді мен алып тарта бастадым. Фатима балаға қарады, осы себепті кешіктім, – деді.

«Фатиматуз–захра» кітабында айтылғандай, Фатима анамыздың өмірі көп қиындықпен өтті. Тіпті үйде үнемі қол диірмен тартатындықтан, құдықтан тартқан суды ылғи иін ағашпен таситындықтан, қолы мен иығы күстенген болатын.

Алла елшісі (с.а.у.) қызына мынандай ескерту айтатын:

– Қызым, тағдырға налып, тап болған ауыртпалықтар мен қиындықтарға қабақ шытушы болма. Сабыр етсең, Раббым саған да (бұрынғылар секілді) жұмақ әйелдерінің ең іріктеулісі болуды нәсіп етеді. Солай болды да.

Иә, Алла Тағала өте әділетті. Пендесінің шыдамдылығы мен сабырын, жасаған жанқияр істерін ешқашан елеусіз қалдырмайды. Бұ дүниеде сабыр еткендер, ақыретте жұмаққа барумен шектелмейді. Көрсеткен сабыры қаншалықты үлкен болса, көрген қиындығы қаншалықты ауыр болса, соншалықты биік дәрежеге көтеріледі. Тіпті жұмақ әйелдерінің арасындағы ең іріктеулісі дәрежесіне де жете алады.

0 пікір