Мұсылман адам бүкіл өмірінде шариғатымыздың өлшемдерінен мүлт кетпеуге тырысады. Өйткені ол әр нәрсенің сұрауы алынатын Есеп күніне сенеді. Бір періште келіп: «Күнің бітті, дәм-тұзың таусылды, енді бұл өмірмен қош айтысуға дайындал» деген кезде адамдар өмірінде ұтқанын біліп қуанады, не ұтылғанын біліп өкінеді. Міне, осы тұрғыдан алғанда Ислам дінінде бір мұсылманның өзіне жар таңдап, отбасын құруы, одан Алла разылығын көксейтін ізгі ұрпақ өрбітуі өте маңызды мәселе. Алла тағала Құран кәрімде былай дейді: «Оларға бойларың үйреніп тұрақтауларың үшін сендерге өз араларыңнан жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік пен мейірім салуы да Алланың белгілерінің бірі. Ой жүгірте білетін қауым үшін мұнда көп ғибрат бар» («Рум» сүресі, 21-аят).
Ендеше, үйлену, отбасын құру адамның жаратылысымен, табиғатымен астасып кеткен нығмет. Аяттың мазмұнына үңілсек, ер мен әйелдің арасына махаббат сезімін салушы Алла тағала екенін байқаймыз. Шынында да бұл аятта көп ғибрат жатыр. Егер Алла тағала ер мен әйелді жаратып, бірақ оларға сүйіспеншілік сезімін бермесе, онда екі жар бір-бірін тауып қосылмас еді. Үйленбес еді, ұрпақ жалғастырып, адам санын көбейте алмас еді. Міне, ақын-жазушылардың сан ғасырдан бері шығармаларына негізгі арқау етіп келе жатқан махаббат, сүйіспеншілік сезімі аса мейірімді Алла тағаланың өз құлдарына нәсіп еткен үлкен нығметі екенін осы аят айқын білдіруде. Сол себепті Аллаға иман келтірген әрбір мұсылман өз жұбайы Алланың нығметі екенін сезе отырып, отау құру, ақ неке қидыру секілді отбасы төңірегіндегі істерінің бәрін шариғат заңдары бойынша атқаруы тиіс. Бұл бір. Екіншіден, әрбір қоғамның, ұлттың, халықтың озық болуы, кемел болуы отбасынан, яғни өмірлік серік болуға келіскен екі жастың қол ұстасып құрған ұясынан бастау алатыны сөзсіз. Демек қоғамда кез келген проблема туындап жатса, оның шешімін отбасы тәрбиесінен іздесек қателеспейміз. Өйткені – жан-жақты тәрбиенің де қайнар көзі.
Ал жеке адамға қатысты жағынан келсек, сәтті құрылған отбасы бұл өмірдің де, бақи өмірдің де сәтті болуының алғашқы баспалдағы екендігі анық. Сондықтан мұсылман адам отбасын құру мәселесіне үлкен жауапкершілікпен қарағаны дұрыс.Енді үйленетін жастың әуелі қандай жағдайларға мән беруі керек?
Отбасы – қоғам тіршілігіне серпін беретін ең маңызды бөлшек болумен қатар ұлттың, мемлекеттің бастапқы ядросы. Отбасы – қасиетті әрі аса қастерлі ұғым. Сондықтан кім кімде үйлену мәселесіне үлкен мақсатпен келу керек. Оның қасиеттілігінің ең бірінші белгісі – Ислами некеде жатыр. Некенің сақталуы тиіс ұстанымдары, мақсат-міндеттері болады. Ерлі-зайыптыларға жүктелетін салмақты құқықтық міндеттері болады. Үйленудің осындай маңызды жағы бар. Бір қызға үйлене салсам, бірге тұра берсем, соным неке болады деген тар түсініктен аулақ болу керек. Некенің шарттары сақталмай, шариғат талаптары орындалмай, яғни мақсатсыз құрыла салған отбасы мұсылмандық негіздерден алшақ.
Мақсатсыз құрылған жанұя ниетсіз амал секілді. Онда береке болмайды. Мақсат болмаған соң, кейде адамдар бір-бірінің дініне, тәрбиесіне, ішкі жан дүниесіне, ар-ұятына қарамай, тек түрі мен келбетіне қызығып үйлене салады да, аз ғана уақыт ішінде түсінісе алмай, келісе алмай, ұрыс-керістерге бой алдырып, ақыры ажырасумен аяқталып жатады. Бұл әрине ата-ана үшін де, қоғам үшін де үлкен қайғы. Мақсатсыз құрылған отбасы әдемі басталғанмен, бір күні гүрс етіп құлауы мүмкін. Ал енді мақсатқа келер болсақ, отбасының әуелгі мақсаты Алла тағаланы разы ететін, ақыретте Пайғамбарымызды қуандыратын ұрпақ, жетілдіру болуы керек. «Үйленіңдер, көбейіңдер, мен қиямет күні үмбетімнің көптігімен мақтанамын» деген хадисте осы мақсат анық білдірілген. Сүйікті пайғамбарымыз бұл хадисте үмбетінің тек санымен ғана мақтанатынын айтып отырған жоқ. Үмбетінің өзін қуандыратындай ізгі ниетті, адал, құлшылығы мол, жаны мен тәні таза, көркем мінезді т.б. жақсылықтарды тал бойына жинаған ұрпақ болуы тиіс деп талап қойып отыр. Алла тағала еліміздегі отбасылардың осы талаптарға сай болуын жазсын!