Қазіргі таңда ажырасу ісі қоғамда көп орын алып жататыны белгілі. Ерлі-зайыптыларды ажырасуға итермелейтін де себептер көп. Бірақ соның ішінде ең әсерлісі - көзге шөп салу, жеңіл жүрістікке салыну жағдайы.
Бүгінде ерлі-зайыптылардың арасында опасыздық жасап, өзгемен жасырын көңілдес құратын жағдайлар жиі кездеседі. Мұның ақыры – шаңырақтың шайқалуына және отбасының бұзылуына әкеп соғады. Мұндай олқылық көбінесе ер адамдар тарапынан жіберіліп жататыны рас. Бірақ, әйел кісілердің арасында да жарының көзіне шөп салу оқиғасы мүлдем кездеспейді емес. Өкінішке орай, қазіргі қоғамда әйел кісілердің де күйеулерінің көзіне шөп салатын жағдайлар жиілеп бара жатқандығын айта кету керек. "Әйел бұзылса, әлем бұзылады" деген аталы сөзді ескерсек, мұның еш көңіл қоншытарлық жағдай еместігі шындық. Бұның бәрі қазақшылығымыз бен мұсылманшылығымызды жоғалтып, батыстық европаның тәрбиесін бойға сіңіргеннен туындап отыр..
Ендігі жерде, күйеуі тарапынан опасыздыққа ұшыраған жағдайда бірден ажырасу оңды шешім бе, әлде кешірімділік танытып, тағы бір мүмкіншілік бергені жақсы ма? Осы сұраққа жауап іздеп көрелік.
Қателік. «Жаңылыспайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» дегендей, егер күйеуі абайсызда нәпсінің жетегінде кетіп, бірақ онысына өкініп, енді ондай ағаттыққа бармайтындай болса, ол кезде оған тағы бір мүмкіншілік танығаны абзал. Алайда суыт жүріске баруы әдетке айналып, бетің бар, жүзің бар демей тайрандап жүрсе, әрине ондай жағдайда жалғыз шешім – ажырасу болмақ.
Себепті анықтау. Сондай-ақ, әр нәрсенің бір себебі бар. Опасыздық жасауына да белгілі бір себеп болуы мүмкін. Ажараспас бұрын жарын ондай қиянатқа баруға не итермеледі, соны анықтап көргені дұрыс. Әрине, ондай ауыр күнәні ақтап алуға болмайды. Десе де, отбасын сақтап қалу мақсатында, ондай тірлікке баруына белгілі бір себеп болған болса, соны анықтап, оңтайлы шешімге келген де кейде дұрыс шешім.
Өкіну, кешірім сұрау. Опасыздыққа барғанына өкініп, жарынан кешірім сұраса және оның енді ондай іске бармайтындығына сенімді болса, кешірім берген абзал. Алайда істеген ісінің жауапкершілігін түсінбей, онысына кешірім сұраудан бас тартса, тіпті онысын әдеттегі жағдай деп ойласа, ажырасу ең жақсы шешім болуы мүмкін.
Мансап қуу. Кейбір адамдар бар белгілі бір мансапқа қол жеткізу үшін өзінің жарының көзіне шөп салып жатады. Мұндай жағдай еркектердің де, әйелдердің де арасында кездеседі. Ондай кісілер мақсатқа жету үшін таза жолдарды қолданудың орнына, әлгіндей әбес жолмен жетуді дұрыс көреді. Мұндай опасыздық жағдайында да ажырасу ең дұрыс шешім болуы мүмкін.
Кек. Егер ерлі-зайыптының бірі екіншісінен әлдебір ісі үшін кек алу мақсатында әлгіндей тірлікке барып жатса, екеуінің арасындағы мәміленің болашақта дұрысталатыны күмәнді, ондай жағдайда да ажырасу дұрыс шешім болуы мүмкін.
Жарын сүйетіндігін дәлелдегісі келмесе. Өмір болғаннан кейін барлық нәрсе болады. Қиянат та, опасыздық та. Алайда «ат айналып қазығын табады» демекші, істеген ісіне өкініш білдіріп, жарын жақсы көретіндігіне сендірсе, және де отбасын сақтап қалуды көксеп, ол үшін жарынан өзгесі керек еместігін дәлелдесе, әрі ондай тірлікке бармауға бекінсе, әрине тағы бір мүмкіндік берілгені жақсы.
Ұзын сөздің қысқасы, опасыздыққа барған жарымен әрі қарай отбасылық өмірді жалғастыруға тұрарлық па, әлде оңтайлысы ажырасу ма, мұның шешімі әрине әркімнің өз еркінде. Дегенмен көріп тұрғанымыздай, кейбір опасыздық жағдайында кешіріп, тағы бір мүмкіншілік берген абзал, алайда кей жағдайда керісінше ажырасу – ең дұрыс шешім болмақ екен. Қалай болғанда да, ажырасу - ең соңғы шешім екендігін ұмытпаған жөн. Сол себепті, әлдебір шешімге келместен бұрын, іштегі кек пен ызаны және өкпе-ренішті басып, саф ақылмен шешім шығарған жөн.
Осы тұрғыда айта кетелік, төл дінімізде жарының көзіне шөп салу үлкен күнәлар қатарынан саналып, тозаққа жетелер ең басты істердің бірі екендігін айта кету керек. Некесіз қатынасқа түсуді "зина" десек, зинаның ең ауыры - отбасылы адамның жеңіл жүрістікке салынуы. Сол себепті де, Ислам шариғатында зина жасаған бойдақтарға дүре соғу жазасы қарастырылса, отбасылы кісілерге "тас боран ету" жазасы қарастырылған. Осыдан-ақ, жарының көзіне шөп салудың қаншалықты ауыр екендігін ұғынуға болады. Сондықтан да, әрбір мұсылман жауапкершілікті түсініп, ондай ағат тірліктен аулақ тұрмағы парыз екен.
Алла Тағала әрбір отбасыға баяндылық нәсіп еткей!
Абдусамат Қасым