Неге ер адамдарға төрт әйел алуға болады да, ал әйелдерге болмайды?...
Неге ер адамдарға төрт әйел алуға болады да, ал әйелдерге болмайды?...
3 жыл бұрын 20479
Мұхаммед Ратиб ән-Нәбүлсий

Жаратушы Құдай Тағала әйел баласын жаратқанда нәзік, ибалы, кәрім (керім), әрі құрметке лайықты етіп жаратқан. Олардың осы құндылықтарын қорғап қалу мақсатында, оларға көп еркекке тиюшілікті рұқсат етпеген. Бұл әйел затын кемсіту емес, керісінше оларға деген құрмет көрсету, олардың құнын қорғау болмақ. Өйткені, ибалы әйелдің болмысының өзі көп еркекпен бір мезгілде некелесуді қабыл етпейді. Ол нәрсені табиғаты қаламайды. Яғни, бұл нәрсе әйел баласының болмысына теріс нәрсе.  

Бір мәртесінде Америкаға барғанымда, сондағы кейбір адамдар осы мәселені бетіме басып: "Неге Ислам дінінде әйел кісілер бір еркекпен шектелу керек те, ал еркектерге шектеу қойылмаған?" - деп наразылықтарын білдіргені бар еді. Сол кезде мен олардан сұрадым:

-Сіздерге сұрағым бар. Мемлекеттеріңізде жезөкшелікке заң бойынша рұқсат етілген бе? 

Олар:  

- Мұнда кейбір штаттарда жезөкшелік рұқсат етіледі, - деп жауап берді.

- Адамдардың денсаулықтарына келер зиянның қалай алдын алып жатырсыздар? - деп сұрағанымда, олар:  

- Дәрігердің тікелей бақылауымен. Дәрігер осыған ұшыраған қызды аптасына екі рет тексерістен өткізіп тұрады. Оның аурулардан аман екеніне көз жеткізу үшін және келушілердің денсаулығына кепілдік бере алу үшін, ол неше түрлі тексерістерден өтеді, - деп түсіндірді.  

- Жақсы екен, - дедім. – Сіздер әрбір үйленген әйелдерді де осылай аптасына бір рет немесе айда бір рет тексерістен өткізіп тұрасыздар ма?

Олар:
- Жоқ, - деді.

Мен:
- Неге? Неге үйленген, тұрмыстағы әйелдерді айына бір рет болса да тексеріп тұрмайсыздар? – дегенімде, олар: 

- Өйткені, тұрмыстағы әйелдер жаман микробтарға тап болмайды, - деп жауап берді.

- Не себепті олай? - дедім.

- Өйткені су – бір адамның ғана суы (шәуеті), яғни, күйеуінің ғана. Түрлі жұқпалы аурулар – бірнеше еркектің суының бір жерде топтасуынан пайда болады, - деді.

Мен:
- Олай болса, Алла Тағаланың еркекке бірнеше әйел алуды рұқсат етіп, ал әйелді бір еркекпен шектеуі бекер емес екен, көрдіңіз бе?! – дедім.

Мен бір сәт үнсіздіктен соң, оларға:

- Мына сауалыма жауап беріңіздерші! Сіздер жігіттердің көңіл көтерулері үшін жезөкшелер үйін ашасыздар. Олар құмарлығын қандырсын деп әйелдерді бір мекенде жинайсыздар. Осылайша жігіттердің жағдайын жасайсыздар. Неге тура осылай қыздар үшін жасамайсыздар? Неге қыздардың да бір пәс келіп нәпсани құмарлықтарын көріп кететін, оларға сондай қызмет көрсету үшін оларды күтіп отыратын "еркек жезөкше үйін" ашуға рұқсат бермейсіздер? – деп сұрадым.

Олар:

- Ол ешқашан болмайтын нәрсе, - деп жауап берді.  

- Неге болмайды? Себебі, сіздер қанша атеист болсаңыздар да, қанша Алланы жоққа шығарсаңыздар да, ішкі жан-дүниелеріңізбен ондай нәрсе әйел затының құнын төмендететінін сезесіздер. Ол нәрсені түйсіктеріңіз қабыл ете алмайды.

Ендеше, Ислам дінінің ер адамдарға бірнеше таза әйелдерді алуға рұқсат етіп, ал әйел баласына шектеу қойылуының мәні – әйел баласының құндылығы мен қадір-қасиетін сақтап қалу үшін екен (және дүниеге текті, таза ұрпақ әкесін дегендік). Алла Тағалаға қатысты және Оның бұйрықтарына қатысты жақсы ойда болуымыз керек. Алла Тағала нені бұйырып, неден тыйған болса, міндетті түрде оның астарында адамға және қоғамға пайдалы тұсының бары анық. Мұнда да солай, - дедім...

Аударып, дайындаған: А. Қасым.

0 пікір