Мұхаммед пайғамбардың (ғ.с.) жұбайларымен қарым-қатынасы қалай болған?
Мұхаммед пайғамбардың (ғ.с.) жұбайларымен қарым-қатынасы қалай болған?
3 жыл бұрын 14629

Ислам діні әйел адамның дәрежесін көтеріп, оның құқығын аяққа таптағандарды қатты сынға алған. Ал, әйелдерімен жақсы қарым-қатынаста болып, әйелдерін сыйлаған мұсылманды керісінше «ең қайырлы мұсылман» деп мадақтаған. Алла елшісі (с.а.у.) өзінің сахих бір хадисінде: «Сендердің ең жақсыларың – әйелдеріңе жақсы болғандарың. Мен – сендердің араларыңдағы өз әйеліне ең жақсы болғандарыңмын!» - дейді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) тек айтып қана қоймай, іс жүзінде де үмбетіне үлгі бола білген тұлға.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) қанша таршылық көрсе де, қанша қиындық көрсе де, жұбайларының бірде-бірін далаға тастамай, өз қамқорында ұстады. Бәріне теңдей қарады. Ешқайсысына жәбір көрсетпеді. Ешқайсысын депрессияға шалдықтырмады. Бәріне махаббатпен, сүйіспеншілікпен мәміле жасады. «Мен – сендердің араларыңдағы өз әйеліне ең жақсы болғандарыңмын» деген сөзін іс жүзінде көрсете білді.

Өкінішке орай бүгінгі біздің қоғамда - әйел зорлық-зомбылығы, әйелдерінің құқын таптау, түрлі жағдайлармен оларды депрессияға ұшырату т.б. сол сияқты мұсылманға жат қылықтар белең алып жатқанына куә болудамыз. 

Төмендегі деректерде Алла елшісінің (с.а.у.) әйелдерімен қарым-қатынасының үлгілерінен кейбір мысалдар беріп отырмыз.

1). Жұбайларының бірінің көңілі түссе, оның көңілін аулайтын.

Сахаба Әнәс ибн Мәлік былай деп әңгімелейді: «(Алла елшісінің жұбайы) Сафияның құлағына Хафса анамыздың оған қатысты «Йәһудидің қызы» деген сөзі жетеді. (Оның олай деуін көтере алмай) Сафия анамыз жылап қалады. Ол жылап отырған заматта Пайғамбарымыз да (с.а.у) келген еді. Ол (с.а.у.) Сафияның жылап отырғанын көріп: «Сені жылатқан не нәрсе?» - деп сұрады. Сафия: «Хафса менің йәһуди қызы екенімді айтты» - деді. Сонда Алла елшісі оған (Сафияға): «Сен – пайғамбарлардың бірінің қызысың. Сенің көкең - пайғамбар болған. Және қазыр бір пайғамбардың – жұбайысың. Ал ол (Хафса) саған қарсы несімен мақтана алады?» - деп басу айтты. Артынан Хафсаға: «Уа, Хафса! Алладан қорық!» - деді. (Тирмизи, «Сүнән»).

Тағы бірде Сафия анамызбен сапарға шықанда, Сафия анамыздың мінген түйесі жай жүріп, артта қалып қояды. Пайғамбарымыз (с.а.у.) оны күтіп алғанда, Сафия жылап, Оған: «Мені жай жүретін түйеге отырғыздыңыз» дейді. Сонда Алла елшісі қолымен оның көздерін сүртіп, тыныштандырған екен. (Имам Ахмед: «Мүснәд»; Нисаи).

2). Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өз киімін өзі тігетін.

Айша анамыз (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мәмілесі жайында айта келе: «Ол аяқ-киімін өзі жөндеп, киімдерінің жыртығын өзі жамайтын». (Ахмед: «Мүснәд»).

3). Пайғамбарымыздың (с.а.у.) жұбайларын жақсы көруі.

Алла елшісінің (с.а.у.) жұбайларына деген сүйіспеншілігінің бір көрінісі - оның жұбайы ішкен ыдыстан ішіп, оның мұжыған сүйегін мұжуы. Айша анамыз былай деп әңгімелейді: «Мен су ішіп, ыдысты Пайғамбарға ұзататынмын. Ол болса, ыдыстың мен ішкен жерінен ішетін. Сүйектің, мен мұжыған жеріне аузын қойып, сол жерден жейтін». (Имам Мүслім: «Сахих Мүслім»).

4). Пайғамбарымыздың (с.а.у.) жұбайларымен түнде серундеуі.

Айша анамыздың айтысына қарағанда, Алла елшісі (с.а.у.) түн болғанда жұбайы Айшамен бірге сыртқа шығып, онымен әңгіме-дүкен құрып, серуендеп қайтатын. Басқа бір жұбайы Хафса анамызбен де реті келгенде түнде серуендегені айтылады. (Имам Бұхари: «Сахих Бұхари»).

5). Жұбайын мақтап, көтермелеп отыратын.

Алла елшісі (с.а.у.) Айша анамызға қарасты: «Айшаның өзге әйелдерден артықшылығы – Сәрид асының өзге тағамдардан артықшылығы іспетті» дейтін. (Бұхари, Мүслім).

(Сарид – арабтардың дәстүрлі тағамы. Негізгі қоспасы ет және наннан тұрады. Қосымша көкөністер, жемістер қосылады. Мұхаммед пайғамбардың сүйікті асы екендігі айтылады).

6). Алғашқы жұбайы Хадиша анамызды үнемі жақсылықпен еске алып отыратын. Қайтыс болып кетсе де, ұмытпайтын.

Айша анамыздың айтысына қарағанда, Пайғамбарымыз (с.а.у.) бақилық болып кеткен алғашқы жұбайы Хадиша анамызды аузынан тастамайтын болған. Хадиша анамызға деген махаббатының қайтыс болып кетсе де өшпегенін Айша анамыз қызғанады екен. Ол кейіннен осыны еске алып: «Мен Алла елшісін Хадишадан қызғанғандай ешбір әйелден қызғанған емеспін. Мен Хадишаны көрмедім. Бірақ Алла елшісі оны аузынан тастамаушы еді. Егер бір қой сойса, оның бір ағзасын кесіп, Хадиша анамыздың бұрынғы достарына жолдайтын. Сонда мен оған: «Осы дүниеде Хадишадан басқа әйел жоқтай!» деп қызғанышымды білдіретінмін. Алла елшісі болса маған: «Алла Тағала маған Хадишадай қайырлы жар сыйлады. Ел маған сенбегенде, ол маған сенді. Жұрт түгел мені өтіріксінгенде, ол растап, мені қолдады. Халық менен не нәрсесін болса да аяп бермеген кезде, ол мені өзінің мал-дәулетіне ортақ етті. Алла Тағала тек қана содан маған перзенттер нәсіп етті,– деген еді". ("Сахих Муслим").

7). Пайғамбарымыз (с.а.у.) әйелдеріне қол көтерген емес.

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) жұбайларына ренжіген кездері болғанымен, ол ешқашан әйелдеріне қол көтермеген. Ол жайында Айша анамыз былай дейді: «Алла елшісі әйелдерінің ешқайсысына қол көтерген емес». (Имам Мүслім: «Сахих Мүслім»).

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өмірбаянын оқып, сондай-ақ, көзін көрген сахабалардың жеткізген мәліметтеріне қарап, Оның жұбайларына деген сүйіспеншілігінің және көрсеткен сый-құрметінің,әрі қамқорлығының деңгейін анық сезуге болады. Ендеше, әйелдеріне физикалық әрі моральдық тұрғыда зәбір көрсетіп жүрген, соның нәтижесінде депрессияға ұшыратып, тіпті өзіне қол салуға дейін апаратын еркектер Алла елшісінен үлгі алса екен дейміз. 

Абдусамат Қасым

 

  

0 пікір