Күйеуіңізге сезіміңізді білдірудің 5 тәсілі
Күйеуіңізге сезіміңізді білдірудің 5 тәсілі
6 жыл бұрын 4299
Данияр СҮЛЕЙМЕНОВ

«Жақсы көрген адамдарыңа жақсы көретіндеріңді айтыңдар!»

Өмір – себептер алаңы. Белгілі бір себеп арқылы белгілі бір іс жүзеге асып жатады. Осы жүзеге асқан іс басқа бір істің жүзеге асуына себеп болады. Сол секілді адамның сүйгеніне сүйетіндігін білдіруі – арадағы сүйіспеншілік пен жылулықтың туындауына себеп. Ерлі-зайыптылардың бір-біріне сүйетіндіктерін білдірудің тәсілдері көп. Әр тәсілдің өзіне тән қолданылу түрі мен тілі бар. Аталмыш тілдерді бәріміз де білеміз, бірақ өкінішке орай аз қолданамыз немесе мүлде қолданбаймыз. Егер әрбір тәсіл мен оған лайықты тіл өз орнымен дұрыс қолданыс тапса, отбасылық өмірге жан бітірер еді. Ендеше, осы тәсілдерге төменде тоқталып өтейік:

Сөйлеу тәсілі және дыбыс ырғағы

Сөздің сиқыры барын ұмытпаңыз. Күйеуіңізге сүйгеніңізді айту оның жүрегіне қуаныш сыйлайды. Алла берген тіл арқылы біреудің сыртынан ғайбат немесе өсек айтпай, басқаның, әсіресе, күйеуіңіздің көңіліне шаттық сыйлауға қолданыңыз. «Мен сені сүйемін!» деген бір ғана сөзіңіз, арадағы салқындықты сейілтіп, сыйластық пен мейірімнің артуына себеп болуы мүмкін. Өйткені адам табиғаты сүюмен қатар сүйілгенді, еске алумен қатар еске алынғанды қалайды. Кез келген адам өзін жақсы көретін әрі жатсынбайтын адамдардың қасында жүргенді ұнатады. Алла берген қызыл тіл екі дүние бақытына жетелейтін зікір мен шүкірге және өзіңізге де, басқаға да зиян тигізбейтін жақсы сөзге толы болсын!

Сөйлеген кезде даусыңыздың ырғағына да қатты мән беріңіз. Өйткені әйел адамның дауыс нәзіктігі – ер адамға қатты әсер ететін құрал. Әйел адамның нәзік те жұмсақ дауысы, мейлі ол дуалдың арғы бетінде болсын, ер адамға әсер етіп, оны неше түрлі қиялға жетелейді. Ал арада ешбір бөгет болмаса, әсері қаншалықты болатынын өзіңіз ойлап көріңіз. Сол себепті де шариғатымыз әйел кісіге бөтен еркектің алдында қылымсып сөйлеуге тыйым салады. Ал күйеуіңіздің алдында барынша еркелеп, әйелге тән нәзіктігіңізбен қылымсып көрінуге шариғат тыйым салмайды, керісінше, құптайды.

Ер адамның табиғаты әйел кісінің даусын естігенді жақсы көреді. Ендеше, сіз де күйеуіңіздің алдында әйелге тән бар нәзіктігіңізбен көріне біліңіз! Сөйлеген кезде, даусыңызға табиғи нәзіктік пен қоса еркелік те аралассын. Күйеуіңіз жанға жайлы жылы сөздің бәрін сізден естісін. Басқадан естуге мүмкіндік қалдырмаңыз!

Көзбен айту тәсілі

Көз – адамның ішкі жан дүниесінің айнасы. Көз – мына таңғажайып әлемнің сұлулығын тамашалайтын құрал. Көз – өтеуі мен теңдесі жоқ Алла берген үлкен нығмет!

Көз арқылы тікелей адамның жүрегіне жол тартуға болады. Көздер түйісу арқылы бір-біріне тіл қатады. Сіздің бір ғана көзқарасыңыз жақын адамыңызға көктем гүлін ұсына алатыны секілді қоңыр күздің салқынын да сыйлай алады.

Отбасылық өмірде ерлі-зайыптылар көз арқылы бір-біріне көп нәрсені ұқтырады. Көз – ерлі-зайыпты жандарда жүректегі алапат сезім мен терең махаббаттың жаршысы. Ендеше, сіз де күйеуіңізге махаббат көзімен қарай біліңіз. Күйеуіңіз сізге қараған кезде көзіңізден өзіне деген құрмет пен сүйішпеншілікті көре алсын!

Тағы бір мәселе, сыртқы көрінісіңізді, яғни күйеуіңіздің көзіне әдемі көрінуді де ұмытпаңыз. Күйеуіңіздің алдында әрдайым сұлу болып көрінуге тырысыңыз. Себебі ер адамдар көбіне көзбен көру арқылы ұнатады.

Күйеуіңіздің көзайымына айналыңыз! Күйеуіңіз сізге қарағанда, жаны жадырап, қуанатын болса, өзіңізді салиқалы әйелдер қатарынан санай беріңіз!

Қолынан ұстау

Күйеуіңізге сүйетініңізді жеткізудің тағы бір тәсілі – денеңізді оның денесіне тигізу. Мысалы, психологтар «қарым-қатынас жасағанда, адамға есімін атау арқылы ілтипат көрсетілсе, қатты әсерлі болатынын» айтады. Сол секілді қолынан ұстау немесе иығына қолыңызды қою арқылы алдыңыздағы адамды жақсы көретініңізді білдіре аласыз. Бұл мәселеде өнегелі өмірі бүкіл адамзат баласына үлгі болған Алла елшісінің өмірінен ғибрат аламыз. Алла елшісі бір адаммен амандасатын болса, әлгі адам қолын алмайынша алмайтын болған. Отбасылық өмірін бақытты еткісі келген ерлі- зайыпты жандарға баға жетпес насихат қалдырды. Әсіресе, арадағы махаббатқа сызат түсіретін қандай да бір мәселенің алдын алуда күйеуін жақсы көретін, жаны жайсаң әйелдің сипатын баяндап былай дейді: «Жәннаттық әйелдердің сипатын айтайын ба? Олар – күйеуін жақсы көретін, жаны жайсаң, жарқын жүзді, алтын құрсақты әйелдер (яғни, себепсіз бала туудан қашпайтын әйел, мысалы, кейбір әйелдер дене бітімім бұзылады т.б. сылтау айтып бала тууды қаламайды), олар күйеуін ренжітіп немесе өздері ренжіген күннің өзінде күйеулеріне жақын барып, қолын қолының үстіне қойып: «Сен разы болмайынша, көз ілмеймін» – деп айтады», – дейді.

Ендеше, сіз де шексіз нығметке толы жәннатқа қауышқыңыз келсе, арада келіспеушілік туған жағдайда күйеуіңіздің қолынан ұстап кешірім сұрау арқылы мәселені оп-оңай шеше салыңыз. Күйеуіңіз анасының аялы алақанынан кейінгі бар жылулықты сізден тапсын. Басқадан табуға және іздеуге мүмкіндік қалдырмаңыз!

Жақсы иіс қолдану тәсілі

Жақсы иіс қолдану тәсілі – адамды өзіне үнсіз баурап алатын тілдердің бірі. Оның сиқырлы әріптері ауада қалқып, иіс сезу арқылы адамға әсер етеді. Зерттеулер нәтижесінде, жақсы иіске құмар аңның ұрғашысы басқа ұрғашы аңдарға қарғанда серігін тез табатыны анықталды. Аң екеш аңның өзі жақсы иіс қолдану арқылы осындай жетістіктерге жетіп жатса, ардақты етіп жаратылған адам өмірінде жақсы иіске ие әтірдің қаншалықты маңызды екенін ойлай беріңіз. Сіздің отбасыңызда да осы тәсіл жұмыс жасау керек. Егер бұған аса мән бермей жүрген болсаңыз, бүгіннен бас- тап қолға алыңыз. Адам өмірінде, әсіресе, әйел кісінің өмірінде жақсы иісті әтірдің рөлі өте үлкен. Күйеуіңіз ең жақсы иісті сізден, үйіңізден тапсын. Басқа жерден табуға және іздеуге мүмкіндік қалдырмаңыз!

Бұл жердегі ескеретін мәселе, әйел кісі жақсы иіс пен барынша сәнденуді басқаға емес күйеуіне ғана арнауы тиіс. Сонда барып отбасының бірлігі мен тыныштығы баянды болады. Басқа еркектің алдында сәнденуі керісінше отбасының ыдырауына әкелуі мүмкін және бұған шариғатымыз да тыйым салады.

Тәтті шақтарды еске алып тұру

Мұхтар ағамыздың мына өлең жолдарын оқығанда іштей тебіренбеу мүмкін емес шығар, сірә:

Балаң жылдар байқатпастан өте шықты аяңдап,

Балалықтың біздің бастан көшкендігін баяндап.

Балалық шақ – іңкәр дәурен сұңқар тауын шарлаған,

Өз көктемін сағынбайтын, аңсамайтын бар ма адам?

Кеудемізде сенің ізің, сенің күзің жатады

Балалық шақ – боямасыз ақ көңілдер отаны.

Аяймын мен аналарды балаларын алдаған.

Аяймын мен балаларды ойыншығы болмаған.

Балалық шақ – гүл жазира, балалық шақ – байтақ ән,

Қартаямыз, бірақ саған ораламыз қайтадан.

Саған оймен ораламыз, көңіл шалқып айтады ән,

Ал сен қайтып келмейсің-ау, оралмайсың қайтадан.

Шынымен-ақ, адам өзінің балалық шағын немесе басқа да тәтті кездерін еске алып, сол жайында әңгімелескенді жақсы көреді. Біз кейде тіпті, тәтті кезеңдерді немесе балалық шақты еске алған соң «бір жасап қалдық-ау» деп те жатамыз. Себебі бұл біздің өміріміз, тарихымыз! Өміріміздің тәтті кезеңдері сана- да мәңгі сақталып қалмақ.

Сіз осындай бір әдемі тәсілді отбасы бақыты үшін ұтымды пайдаланыңыз. Күйеуіңіздің тәтті шақтарын біліп алыңыз да, сәті түскенде есіне салып қойыңыз. Арада әдемі әңгіме өрбіп, кейбір тәтті, ұмытылмас шақтарды еске алып бір жасап қаласыз.

0 пікір