Көпбалалы отбасылар көпке үлгі
Көпбалалы отбасылар көпке үлгі
10 жыл бұрын 5210
Қанат Тілеубектегі

Біз батыстағы еуропа халқынан, шығыстағы қытай жұртынан әлдеқайда бақыттымыз. Бізде әр ата-ана оншақты, тіпті одан да көп, шектеусіз бала сүюге құқығы бар. Ал, қытайлықтар 1971 жылдан «Бір бала – бір отбасы» заңы күшіне енгеннен бастап үбірлі-шүбірлі болу бақытынан айырылған. Еуропа болса әзірге одан аман. Бірақ, ол жақта ажырасу, біржынысты неке, азаматтық неке, көгілдірлену кең етек жайған. Оның ішінде ажырасуға келетін болсақ, он адамның үшеуі ажырасып кетіп жатса да, Еуропаға қарағанда еліміздің жағдайы тәуірлеу деп өзімізді жұбатамыз. Көп балалы болудан көпшілігі неге қорқады? Ол балаларды ертең асырай аламыз ба? Таршылық көрсетпей өсіре аламыз ба? – деп қорқады. Әрине, қорқыныштары орынды шығар. Бірақ, әрбір жан иесіне ризықты Алла Тағаланың өзі беретінін ескерсек, онда бұл қорқынышты сейілтуге болады. Қазақта да: «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» деген сөз бар. Бұл әр бала өз несібесімен туылады деген сөз. Хош делік. Біз енді он бала жайында сөз қозғамай-ақ қояйық. Бір ғана қыз баланы өсіріп отырған отбасылар бар. Ұл бала болса мейлі еді. Қыз – жат жұрттық. Ертең тұрмыс құрады да бөлек кетеді. Сонда әкесі мен шешесі бір-біріне қарап қала ма? Әрине, қорқынышты жағдай. Баланың санының көп болуы маңызды емес. Дегенмен де, біреумен шектеген де дұрыс болмас. Одан соң сан болған соң, сапаның да болуын қадағалаған жөн.

Қазақ елі көпбалалы отбасылардан кенде емес. Бұрындары көпбалалы отбасылардың санына жету қиын болса, қазір саусақпен санайтындай жағдайда. Көпшілікке үлгі бола алатындай отбасылар әлі бар. Солардың бірі он бір баланың анасы Рабиға Байділдәқызы.

Рабиға Байділдәқызы, 90 жаста: 11 баланы дүниеге алып келдім. Соның 8-ін өсіріп жетілдірдік. Қалғаны шетінеп кетті. Келін алдық, қыз ұзаттық. Немере, шөбере, шөпсек сүйдік. Менің өмірбаянымды айтатын болсам, 1941 жылы 15 жасымда тұрмыс құрдым. Екеуміз отбасын құра салысымен жолдасым соғысқа кетті. Содан 5 жыл жолдасымды күттім. Ол кісі аман-есен 1946 жылы соғыстан оралды. Содан 1947 жылы алғашқы сәбиіміз дүниеге келді. Тұңғышымыз қыз болды. Қазір Қазалыда тұрады. Өзі мұғалім. Тату-тәтті жанұясында 7-8 ұл-қызы бар. Нұртөре (Нұртөре Жүсіп, «Айқын» газетінің бас редакторы) жетінші ұлым. Бие, түйе саудық. Балаларымыз солардың сүтімен өсті. Отағасы соғыстан келе салысымен фермер болып жұмыс істеді. Аллаға шүкір, бәрі өсіп-өнді. Қазір ештеме істемеймін. Балаларымның арқасында қолым ұзарып, тек көргенім жақсылық. Тек төрт балам ғана әлі келін әкелген жоқ. Алла қаласа олардың да қызығын көрермін. Келіндерім жолымды қуып жатыр. Бәрі де көпбалалы отбасылар. Кейінгі келіндерге айтарым, өз күйеуін сыйласын, құрметтесін, айтқанын орындасын. Ағайын-туысын құрметтесін. Бала-шағасын ұрмай, соқпай жақсылап тәрбиелеп өсірсін. Әйелі күйеуінің айтқанынан шықпауы керек. Айтқанын істеуі керек. Сол жаманшылыққа апармайды. Мен секілді көп балалы отбасының бір тірегі болыңдар! Жастар бақытты болсын! Алла не тілесеңдер де қабыл етсін! Халыққа қалаулы, елге елеулі азамат болыңдар!

Жас отбасы болса да, көпбалалы отбасылардың қатарын көбейтіп отырған Астана тұрғыны Мақатовтар отбасы.

Олжас Мақатов: Біздің отбасымызда жеті бала бар. Үлкені 13 жастағы Мирас деген ұлымыз. Одан кейін Мерей (11 жас), Айгерім (10 жас), Манас (9 жас), Қызғалдақ (8 жас), Қыдырәлі (4 жас), Мәдина деген ұл-қыздарымыз бар. Аналары осы балаларымыздың арқасында «алтын алқа» иегері атанды. Отау құрғанымызға 14 жылдың жүзі болды. Үйленер алдында жұбайымыз Самал екеуміз осы көпбалалы болу жайында ақылдасып, келіскенбіз. Бірінші, әрине Алладан. Осыларды нәсіп еткен Аллаға тәубе дейміз.

Самал Мақатова: 30 жасымда күміс алқа, 31 жасымда алтын алқа иегері атандым. Бұлай болады деп ойлаған да жоқпын. Алланың бергені ғой. Осыған тәуба дейміз.

Олжас Мақатов: Әр бала өзінің несібесімен дүниеге келеді. Рызықты адамға адам бермейді, Алла береді дейді. Балалардың санына байланысты біздің табысымыз азайып қалды, не болмаса қатты қиналып қалдық деп айта алмаймын. Қазақта: «Қуған жетпейді, бұйырған кетпейді» деген жақсы сөз бар. Дүниеге келген балаларымыздың Алла берген несібесі өздеріне жетеді деп ойлаймын. Енді біздің мақсат бұл балаларымызды үлде мен бүлдеге орап қою емес, жақсы тәрбие берсек, жақсы білім алуына көмектессек, рухани бай болса, материалдық байлық өзі келеді деген сенімдеміз.  

Иә, қазіргі кезде бір бала, ары кетсе екі баланы қанағат тұтатын отбасылардың саны артуда. Ал, бір балаға зар болып жүргендер қаншама. Не де болса, саны көп, сапасы бек болсын, саны аз болса да, ата-анасына сеп болсын ұрпағымыз!
0 пікір