Мұхаммед ибн Сәмаъа, Имам Мұхаммед ибн Хасанның кәсіп қылу жайында айтқан мынадай сөзін келтіреді:
«Кәсіп (жұмыс, нәпақа) іздеу – парыз. Құдды, білім іздеу парыз болғаны сияқты».
Бұл - рас. Өйткені, сахаба Ибн Мәсъудтан жеткен мына риуаятта да Алла елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) былай деп бұйырған:
«Кәсіп іздеу (яғни, кәсіп қылу) – барлық мүмін-мұсылманға парыз»[1], - деген.
Тағы бір хадисінде Алла елшісі (с.а.у.):
«Кәсіп іздеу – бес уақыт намаздан кейін», -
- дейді. Яғни, кәсіп қылу парызы – намаз оқу парызынан кейінгі қатарда тұрады деген сөз. Өйткені, намаз парызын орындау - кәсіпсіз болмайды. Сондықтан, кәсіп қылу да парыз саналады. Өйткені, бойда күш-қуат болмаса құлшылықты орындау мүмкін емес. Ал, бойдағы күш-қуат – ас-ауқатпен болары табиғи жайт. Адамның жаратылысы солай. Алла Тағала Құранда: «Біз оларға ас ішпейтін дене жаратпадық», - дейді. Адам жұмыс істеп, кәсіп қылумен ас-ауқатқа қол жеткізеді.
Кісінің дәрет алып, ғұсыл құйынуы үшін құдықтан су тартатын құрал мен ыдыс қажет. Намаз оқу үшін ғаурат жерлерін жауып тұрар киім қажет. Мұның бәрі кәсіп қылу арқылы пайда болады.
Пайғамбарлар да еңбек етіп, кәсіп қылған. Мысалы, Адам ата бидай егіп, оны суғарып, кейін орып, бастырды. Одан соң, диірменнен өткізіп ұн қылды. Ұнды илеп қамыр жасады. Оны пісірді. Сөйтіп жеді.
Нұх пайғамбар (ғалейһиссәләм) ағаш ұстасы еді. Ибраһим пайғамбар (ғалейһиссәләм) мата саудасымен айналысатын[2]. Дәуід пайғамбар (ғалейһиссәләм) сауыт жасайтын[3]. Сүлеймен пайғамбар (ғалейһиссәләм) пальманың жапырақтарынан себет (корзина) жасайтын[4]. Зәкәрия пайғамбар (ғалейһиссәләм) ағаш ұсталығымен айналысатын[5]. Біздің пайғамбарымыз Мұхаммед (ғалейһиссаләту уә сәлләм) болса, мал бағумен айналысатын[6]. Пайғамбарлардың бәрі нәпақаларын кәсіп қылып табатын.
Әзіреті Әбу Бәкір Сыддық мата саудасымен айналысатын. Әзіреті Омар терімен айналысатын. Әзіреті Осман азық-түлік сататын. Әзіреті Әлидің жалданып жұмыс істейтіндігі сенімді деректерде айтылады.
Кәсіп қылуды жоққа шығарушы адамдарға мән бермегін. Олар мешіттерде отырып алып, көздері жәутеңдеп, қолдарың адамдардың қолдарындағыға созады, сөйтіп өздерін «тәуәкелшілміз» деп атайды. Алланың мына бір сөзін өздеріне арқау етіп алған: «Сендердің ризықтарың көкте...». («Зәррият», 22). Алайда, бұл аяттың мағынасын да, тәпсірін де олар білмейді. Бұл аяттағы «ризықтан» мақсат – жаңбыр. Жаңбыр – жерден ризықтың өсіп шығуына себепші. Егер де, ризық бізге аспаннан түсетін болса, жұмыс істеп, ризық себептерін табу жолында жүгіруге бұйырылмас едік. Құранда Алла Тағала былай деген:
«Жер бетіңде кезіп, оның ризық-несібесінен жеңдер!».
Бір риуаятта былай делінеді:
«Алла Тағала пенделеріне: «Ей, пендем! Қолыңды қимылдат, саған ризық түсірейін» - дейді».
Сондай-ақ, Алла Тағала Мариям анамызға: «Құрма ағашының бұтағын сілкіле, саған жаңа піскен құрмалар түссін», - деп бұйырған еді[7]. Құдайдың оған бұтақты сілкілемей-ақ, ризық беруге күші жетері сөзсіз. Бірақ, пенделер нәпақа табу жолдарын тәрк етіп қоймасын деп, Мариям анамызға «бұтақты сілкілеп, еңбектеніп ризиғыңды ал» деп бұйырып отыр...
«әл-Ихтияр литәълиль мұхтәр».
Аударған: А. Қасым
[1] Имам Табаранидің «әл-Әусат» атты хадистер жинағында, сахаба Әнәс ибн Мәликтен осыған ұқсас мынадай риуаят орын алған: «Адалды іздеу (адал табыс іздеу) – әрбір мұсылманға міндеті». Бұл хадистің келу жолын (иснад) хадисші әл-Һәйсәми «хасан» деген. Бірақ, сәнәдінда «Бәқия ибн әл-Улид» деген кісі бар, ол «мүдәллис».
[2] Әл-Хәким: «әл-Мүстәдрак».
[3] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари», 2072 хадис.
[4] Имам Ахмед: «Мүснәд». Зуһд.
[5] Имам Мүслім: «Сахих Мүслім». 2379 хадис.
[6] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари», 2262 хадис.
[7] Мариям сүресі, 25 аят.