Қыз бен жігіт өзіне болашақ жар таңдағанда, ең бірінші жүрегі мен ақыл-ойы иман нұрымен шуақтанған жанды іздеуі тиіс. Бұл Алла Тағаланың әмірі. Құранда бұл турасында:
«Иманға келмейінше мүшрік әйелдерге үйленбеңдер. Шындап келгенде, мүмін күң өздеріңе ұнайтын басы азат мүшрік әйелден әлдеқайда қайырлы. Сондай-ақ, иманға келмейінше мүшрік ерлерге мүмін әйелдерді бермеңдер. Шынтуайтында, мүмін құл өздеріңе ұнайтын басы азат мүшріктен әлдеқайда қайырлы. Өйткені мүшріктер сендерді тозаққа шақырады. Алла Тағала болса, Өзінің қалауымен жұмаққа және кеңшілігіне шақырады. әм адамдарға ойланып-толғансын, ғибрат алсын деп аяттарын ашып түсіндіреді», – делінген («Бақара» сүресі, 221-аят).
Құран кәрім адамзат баласының екі дүние бақыты үшін түсірілген. Демек, қамшының сабындай қысқа осы өмір мен мәңгілік мекені болып саналатын ақыретте адамның бақытты болуы үшін иманды жарды таңдауы қажет.
Өнегелі өмірдің жарқын үлгісін адамзатқа танытқан Пайғамбарымыз (саллаллау аләйи уә сәлләм) да:
«Әйел байлығына, шыққан тегіне, көркіне және діндарлығына қарай таңдалады. Сен діндарын таңда, сонда бақыт табасың», – деу арқылы жар таңдауда ең бірінші имандылыққа басты назар аударуды өсиет еткен. Себебі адамның сұлулығы мен дүние-мүлкі өткінші. Шын байлық – ішкі жан дүниенің сұлулығы. Ал ішкі жан дүниенің сұлулығы – иманның жемісі.
Құран кәрім иманды ерлі-зайыптылар жайлы былай дейді:
«Мұсылман ер кісілер, мұсылман әйелдер, мүмін ер кісілер, мүмін әйелдер, Аллаға толық бойұсынған ер адамдар мен толық бойұсынған әйелдер, турашыл ер адамдар мен шыншыл әйелдер, сабырлы ер адамдар мен сабырлы әйелдер, Алладан шын қорқатын кішіпейіл ер кісілер мен кішіпейіл әйелдер, садақа беретін ерлер мен әйелдер, ораза ұстайтын ерлер мен әйелдер, ар-ұятын сақтаған ерлер мен ар-намысын қызғыштай қорыған әйелдер, Алланы үнемі еске алып, аузынан тастамайтын ерлер мен әйелдер, міне, Алла Тағала осыларды жарылқап кешіреді әрі үлкен сый-сияпатқа бөлейді» («Ахзаб» сүресі, 35-аят).
Дінге берік, обал-сауапты білетін, құлшылығын жасайтын ерлі-зайыптылардың тілегі мен тірлігі жарасып, сөзі мен ісі көбіне бір үдеден шығып отырады. Олар қиындықтарға шыдамдылық танытып, күнәға жуымайды. Ар-ұятын қызғыштай қорып, күпірлікті тозаққа апарар жол деп біледі. Олардағы рухани қуат айналасындағыларға, бала-шағасына үлгі болады. Алланы құрметтейтін, ақыретіне алаңдайтын, өз міндетін адал атқаруға тырысатын, ажалды үнемі қаперде ұстайтын ата-ананың балалары барлық жағынан өнегелі болып өседі. Ораза ұстап, намаз оқитын, парыздарын өтеп, харамнан бойын аулақ салатын әйел мен ер кісі тәрбиелі отбасын құрады. Ал тәрбиелі отбасылардан құралған қоғам бейбітшілік пен бақытқа бет түзейді.
Пайғамбарымыз (саллаллау аләйи уә сәлләм) келесі хадистерінде былай деген:
«Әйелдерге сұлулықтарына қарап үйленбеңдер. Сұлулықтары оларды дандайсытуы мүмкін. Сондай-ақ, оларға байлықтарына бола үйленбеңдер. Байлығына мастанып азғындауы мүмкін. Сендер әйелдерге діндарлығына қарап үйленіңдер. Өйткені ұсқынсыз зәңгі болса да діндар күң жақсы».
Жар таңдағанда болашақ жардың ең бірінші имандылығына қарау қажет. Себебі бұл Құран кәрімнің аятында айтылған. Одан кейінгі кезекте мына ерекшеліктерге назар аударған дұрыс:
2. Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер
Пайғамбарымыз (саллаллау аләйи уә сәлләм) бір хадисінде:ِ «Қоқыстың арасында өскен қызыл гүлге қызықпаңдар» деп ескертеді. Мәнісін сұраған сахабаларына «нашар ортада өскен сұлу әйел» деп түсіндірген. Хазірет Омар (р.а.) осы хадиске сай: «Жаман ортада өскен сұлу әйелден сақтаныңдар. Себебі оның туған баласы тегіне ұқсамай қоймайды. Текті, көргенді жердің қызын алыңдар. Себебі ол нағашыларына тартқан салиқалы ұрпақ дүниеге әкеледі», − деген. Демек, жар таңдағанда оның әке-шешесінен, туған-туыстарынан алған тәрбиесіне де көп көңіл бөлу керек. Адамның мінез-құлқының қалыптасуында алған өнегесінің маңызы ерекше. Дегенмен, мұсылман ғұламалары мінез-құлықты қайта тәрбиелеуге болатынын айтқан. Себебі Пайғамбарымыз (саллаллау аләйи уә сәлләм) бір хадисінде «Мінез-құлықтарыңды көркемдеңдер» деген еді. Демек, адам баласы туа біткен мінез-құлқын иманы арқылы тәрбиелеп, қайта түзеуіне болады. Яғни жоғарыда айтылған қағида барлығы үшін бірдей емес. Құран кәрімде де баяндалғандай Ибраим пайғамбар (а.с.) мүшрік әкесімен, Мұса пайғамбар (а.с.) Перғауынның сарайында өссе де Алла тағаланың сүйікті құлдарына айналған. Ал Нұх пайғамбардың (а.с.) ұлы шаңырақтағы шұғылалы нұрдан қапы қалып, ақырында топан суға батты. Міне, осындай оқиғаларға назар салсақ, адам отбасында көрген тәрбиесінен кейін де өзінің адами болмысын көркейте аларына көз жеткіземіз. Дегенмен жар таңдағанда отбасына, алған тәрбиесіне, іске бейімділігіне мән берудің артықшылығы жоқ. Бұны тек қана ер жігіттерге айтылған ескерту деп түсінбеу керек. Қыздар да жігіттердің тәлім-тәрбиесіне көңіл бөлгені абзал.
3. Ер азаматтың аяғы құтты қалыңдық таңдауы
Босаға аттаған келіннің етегінен қарадомалақтың өруі хадистермен құпталған. Жар таңдаған ер азаматтың осы мәселеге де көңіл бөлуі қажет. Бір кісі Алла елшісіне (саллаллау аләйи уә сәлләм) келіп: «Уа, Алланың елшісі, мен бір текті, беделді, бай әйелді таптым. Бірақ құрсақ көтермейді. Оған үйленуіме бола ма?» − дегенде, Пайғамбарымыз (саллаллау аләйи уә сәлләм) тыйым салады. Екінші рет келіп айтқанда, Пайғамбарымыз (саллаллау аләйи уә сәлләм) тағы да қарсы болады. Үшінші рет және келіп сұрағанда:
«Сендер өздеріңе ұнамды және бала туатын әйелдерге үйленіңдер, өйткені мен басқа үмбеттердің алдында сендердің көптіктеріңмен мақтанамын», – деген екен.
Тағы бір хадисте былай деп айтылған:
«Әйелдеріңнің ең жақсысы – Алладан қорқатын, өздеріңе ұнамды, бала туатын, өздеріңе жайлы әм жанашыр әйелдер. Ал ең жаманы – тәнін ашып жүретін, тәкаппар әйелдер».
Хазірет Омар (р.а.) халифа кезінде жамағатқа айтқан құтпасында (уағыз) былай деген екен: «Пенде иманнан кейінгі кезекте көркем мінезді, өзі ұнататын және бала туатын әйелінен артық жақсылық көрген емес».
4. Тұрмыс құрмаған қызбен үйлену
Жар таңдауда ер жігітке айтылған кеңестердің бірі – есік көрмеген оң жақтағы қызды таңдау. Ал оның артықшылығын Пайғамбарымыз (саллаллау аләйи уә сәлләм) бір хадисінде былай баяндайды:
«Есік көрмеген қыздарды алыңдар. Өйткені олардың тілі тәтті, құрсағы берекелі және аз нәрсеге разы болып келеді».
Бірде Айша анамыз (р.а.) Пайғамбарымызға (саллаллау аләйи уә сәлләм): «Уа, Алланың елшісі, егер сіз бір баққа кірсеңіз, ол жерден жемісі желінген ағаш және жемісіне ешкім тиіспеген ағашты көрсеңіз, қайсысына баратын едіңіз?», − деп сұрайды. Пайғамбарымыз (саллаллау аләйи уә сәлләм): «Жемістері желінбеген ағашқа барамын», − дейді. Сонда Айша анамыз: «Олай болса әлгі ағаш менмін», − деп, Алла елшісіне өзінің ғана қыздай тұрмысқа шыққанын мақтан еткен.
Сол кездегі мына оқиға да ғибрат аларлық. Бұл туралы Жабир ибн Абдулла (р.а.) баяндайды:
«Әкем қайтыс болды. Артымда жеті бірдей қарындасым қалды. Содан мен бір жесір әйелге үйлендім. Артынша Пайғамбарымызды (саллаллау аләйи уә сәлләм) жолықтырғанымда ол менен: «Үйлендің бе?» – деп сұрады. Мен: «Иә», – дедім. «Қызға ма, жоқ әлде, бұрын-соңды тұрмыс құрған әйелге ме?» – деп сұрады. Мен: «Жесір әйелге үйлендім», – деп жауап бердім. Сонда Пайғамбарымыз (саллаллау аләйи уә сәлләм): «Одан да өзіңмен ойнап-күлетін, сен де онымен ойнап-күле алатын жас қызға үйленбедің бе?» – деді. Мен: «Әкем қайтыс болып, артында қарындастарым жетім қалды. Сол себепті қарындастарыммен құрбылас жас қызды алуды ерсі санадым. Оларға қарайтын, дұрыс тәрбие беретін әйел алуды жөн көрдім», – деп жауап бердім. Сонда Алла елшісі (саллаллау аләйи уә сәлләм): «Алла саған берекесін берсін», – деп разылығын білдірді», – дейді. Демек, кей жағдайда тұрмыс құрмаған қыз қайырлы болса, кей жағдайда жесір әйелге де үйленудің де қайыры бар. Бұл ер кісілердің ақылға салып шешетін ісі.
Жар таңдау мәселесінде Жүсіп Баласағұн бабамыз да хадистерде айтылған өсиеттерді өзінің өлеңдеріне арқау еткен екен:
«Әйел алмақ болсаң егер қарарсың,
Жіті бағып, таңдаулысын аларсың.
Жақсы болсын тегі, заты, ұрығы,
Пәк ұятты, болсын жанның тұнығы.
Дұрыс үйдің қызы ол қол тимеген,
Сенен өзге еркек жүзін көрмеген.
Сені сүйіп, басқа жанды білмесін,
Жаман тексіз қылық істеп жүрмесін».