Жанұя қорғалмаса қоғам ыдырайды
Жанұя қорғалмаса қоғам ыдырайды
11 жыл бұрын 7349
Айдар Манас

Пайғамбарымыздан (с.а.у.) келген хадис шарифте: «Адамның денесінде бір ет бар, ол сау болса барлық денесі сау» делінген. «Ол қандай ет?» деген сұраққа Алла елшісі (с.а.у.): «Ол - жүрек» деп жауап берген дейді. Демек жүректің адам өміріндегі орны қандай болса, жанұяның қоғам өміріндегі міндеті де сондай. Жүрегі таза, һәм сау адам алаңсыз өмір сүретіні сияқты, жанұялары тәрбиелі қоғам, һәм мемлекет те алаңсыз күй кешеді. Мемлекет ағзасы дерттен аман болу үшін – жанұялардың амандығы керек.  

Дұшпандар дұрыс қоғамды ірітудің бір жолы – жанұяның берекесін кетіру екенін жақсы біледі. Қазіргі таңдағы жаман сорақылық: адамды азғындыққа шақыратын істерді жақсылықтың, өркениетке жетудің үлгісі ретінде насихаттау әрекеті қалыпты көрініс ретінде қабылдануда. Мұндай жағдайда күллі қоғамды, әрбір жанұяны жалмап жатқан дерт: арсыздықтан, азғындықтан... ұрпақты аман сақтау үшін не істеуіміз керек?!

Бұдан құтылатын жол бар ма?! Бар! Ол –ислам діні мен оның адамзатқа ұсынған таза жолы. Осы жолдан берік ұстанғанған да ғана біз елімізді, мемлекетімізді, қоғамды, жанұяны пәле-жала, арсыздықтан аман сақтай аламыз. Мысалы, исламда зинақорлыққа қатаң тыйым салынған. Себебі, ғылымда анықталғандай, зинадан туған ұрпақтың тегі дүбәрә болғандықтан әлеуметтік, һәм саяси тұрғыдан біртекті жамағат бола алмайды. Жәй  тобырды құрайды. Олардың болмысы генетикалық тұрғыдан имани  шарттарды бұзғандықтан дүниетанымы құмарлықтан басқа ешқандай сипатқа ие емес. Яғни, зинақұмарлық, дүниеқұмарлық, билікқұмарлық, атаққұмарлық, мақтанқұмарлық т.б. жаман сипаттар имани құндылықтар ескерілмеген қоғамда өркен жаяды. Адамдар ұят пен ұятсыздықты ажырата алмай қалады.

Қоғамды жоғарыдағыдай жамандықтардан сақтайтын аса маңызды тетік – жанұя тәрбиесі. Құранда күллі ғаламның мәселесі бір жанұядан басталатыны жайлы аят бар. «Ниса» сүресінің алғашқы аятында: «Ей, адам баласы! Сендерді бір кісіден жаратқан және оның жұбайын жаратып, ол екеуінен көптеген ер-әйелді таратқан Раббыларың алдындағы жауапкершілікті біліңдер» дейді. Бұл аятта - исламның жанұяға ерекше мән беретіні жайлы нақты ұғым бар. Өйткені, білген, түсінген адам үшін жанұяның бұзылуы рухани өліммен тең. Хазіреті Пайғамбар (с.а.у.): «Алланың адамдарға адал қылған нәрселерінің арасында ажырасудан артық ұнатпайтын нәрсесі жоқ» деген.

Құранда жанұяның қорғалуын былай деп бұйырады: «Ей, иман келтіргендер! Өздеріңді әрі үй-іштеріңді отыны адамдар мен тастардан болған оттан қорғаңдар» (66/6) деген. Яғни, жанұяңды қорғай алмасаң (арсыздықтан, жамандықтан, зинақорлықтан т.б) шариғатқа лайықсыз өмір сүргенің (Алла сақтасын!). Алла тағала үшін сенің байлық-шайлығың, атақ-абыройың, мансабың керек емес, құлшылығың қажет. Біздің құлшылығымызға да Алла Тағала мұқтаж емес, қайта сол құлшылыққа біз мұқтажбыз. Құлшылық дегеніміз – тек намаз, құрбан шалу сияқты шариғи үкімдермен шектелмейді. Отбасыңды ислам үкіміне сай тәрбиелеп, оларды Алланың тыйғандарынан тыйып, ұлықсат еткен дүниесін құштарлықпен орындауды үйретудің өзі құлшылыққа жатады.

Көптеген қазақ азаматтарының, әсіресе жасы үлкен аға буын, зиялы қауымның қателігі – күллі халыққа еңіретіп тұрып ақыл айтады да, өз жанұясын арсыздықтан қорғай алмайды. Мысалы, атағы зор қайраткер көкелеріміз: «Қазақтың тілін дамыту» қажет дегенді көп айтады, бірақ өзінің туған балалары қазақша бір ауыз сөз білмейді. Осындай парадокс-екіжүзділік бар елде жанұялық тәрбие толық жолға қойылды деп айту қиын.

Сөзімізді түйіндей айтқанда, ислам дінінің жанұяны қорғауға ерекше мән беруінде үлкен себеп бар. Өйткені, шаңырақтың шайқалуы – жеке адамдардың бұзылғандығының көрсеткіші. Сонымен қатар сол қоғамның іріп-шіруінің хабаршысы.  Жанұя қорғалмаған қоғамның бейнесі – алқаш әке, жесір ана, жетім бала... Ақырында қоғамның бірлігі ыдырайды.

Ей, ағайын, қоғамды сынап,  өзіңе қажеті жоқ дүниелерге тұмсық тыға бермей, отбасыңа ие бол, жанұяңды қорға. Жанұяны қорғау үшін ғалым болудың, бай-бағлан болудың қажеті жоқ. Тек имани ақылың, тұрақты түсінігің, жаман мен жақсыны ажырата алатындай қабілетің болса жетіп жатыр. Бұрынғы аталарымыз: «Балаңды бес жасына дейін патшадай ұста, бестен он екі жас аралығында құлыңдай жұмса, он екі жастан асқан соң өзіңмен тең көр!» - деп бекер айтпаған.

2 пікір