Имам Ғазалиден "тамақ жеудің әдептері"
Имам Ғазалиден "тамақ жеудің әдептері"
8 ай бұрын 2340

Тамақ жеудің әдептері келесідегідей:

  1. Қолды жуу.
  2. Тамақтың басында "бисмилләны" айту және соңында «әлхамдулилләһ» деу. Қомағайлығы Алланың зікір етуді ұмыттырмас үшін, мүмкін болса әр үзімді ауызға саларда «бисмилланы» айтқан жақсы. Бірінші үзімді жегенде «бисмиллә» дейді. Екіншісін ауызға саларда «бисмилләһир рахман», ал үшіншісін саларда «бисмилләһир рахманир рахим» дейді және өзгелер де ұмытып кетпес үшін дауыстап айтқаны жақсы.
  3. Тамақты оң қолмен жеу.
  4. Тұзбен бастап, тұзбен аяқтау.
  5. Ауызға салатын үзімнің (нанның үзімі т.б.) кішкене болуы.
  6. Жақсылап шайнау (жартылай шайнап жұта беру жөн емес).
  7. Әуелгі алғанын жеп болмай, екіншісіне қолын созбау.
  8. Жеуге жарамды асты қор көрмеу (кесірлі болмау). Алла елшісі (с.а.у.) қандай да бір асты тілдемейтін, ұнаса жейтін, ұнамаса жемейтін.
  9. Өз алдынан жеу. Бірақ жеміс-жидектерді жегенде қалаған жерінен алып жей берсе болады. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Өз алдыңнан же» дейтін де, алайда қолын жеміс-жидектерге шарлататын. Неге олай істейтіндігін сұрағандарға, Ол (с.а.у.): «Жемістер бір түрден емес» деп жауап беретін.
  10. Табақтың үстінен және тамақтың ортасынан жемеу (шетінен жеу).
  11. Нанды шетінен үзіп жеу. Және нанды болсын, етті болсын жегенде пышақпен кеспеген абзал. Алла елшісі (.с.а.у.) одан қайтарған: «Етті алдыңғы тістеріңізбен үзіп жеңіздер» дейтін.
  12. Нанның үстіне табақты т.б. нәрсені қоймау. Бірақ нанмен бірге тұздық ретінде жейтін нәрсесін нан үстіне қойып (мысалы, ірімшік т.б.) жеуге болады. Алла елшісі (с.а.у.) былай деген: «Нанды құрметтеңдер. Шынында Алла Тағала оны көктің берекеттерінен түсірді».
  13. Нанға қолын сүртпеу.
  14. Жерге түскен үзімді (нанның үзімін т.б.) алып тазалап жеу. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген: «Біреулеріңнің (жеп отырған) үзімі жерге түссе, оны алып, зиянды нәрселерді тазаласын да жесін. Оны шайтанға қалдырмасын. Және саусақтарын жаласын».
  15. Ыстық тамақты үрлемеу. Алла елшісі одан тыйған. (Суытыңқырап барып жеу керек).
  16. Құрманы тақ санда жегені абзал.
  17. Құрма салынған табаққа құрманың сүйегін тастамау керек.
  18. Тамақты қатты тоймай тұрып тоқтату.
  19. Тамақтан кейін қолын алдымен жалап, сосын майлықпен сүртіп, артынан жуады.
  20. Тамақты ішіп болғаннан кейін тамақ қалдықтарын жинау. Пайғамбарымыз бір сөзінде: «Кім дастарханнан түскен қалдықтарды жесе, таршылық көрмейді» деген.
  21. Тамақтан кейін «Ықылас» сүресі мен «Құрайш» сүресін оқу.
  22. Тамақты алмай және дастарханды жинамай дастархан басынан тұрмау.

Сусын ішудің әдебі

  1. Сусын ішкенде оң қолымен ұстап «бисмиллә» деп, сорып, ұрттап ішу. Өйткені, бауыр ауруы сусынды ауыз толтырып, демалмай сіміріп ішуден туындайтынын Алла елшісі ескерткен.
  2. Сусын ішкеннен кейін: «Бізге өзінің мейірімімен суды тұщы, тәтті қылған және оны біздің күнәміз себепті ащы, тұзды қылмаған Аллаға шүкір» деп айту.
  3. Кезекпен ішкенде, ыдысты оң жақтан айналдыра жіберу арқылы ішу.
  4. Суды үш рет демалып (үзіп) ұрттап ішіп, әр ұрттағанда бисмилла айтып, соңында әлхамдулилләһ деп отыру.1.

 А. Қасым


1«Ихя улумиддин» кітабынан ықшамдап алынды.

0 пікір