Әр адам «бақыт» дегенді әртүрлі түсінеді. Біреулер үшін бақыт — күнделікті қарапайым нәрселер болса, енді біреулер бақытты болу үшін тау қопарып, үлкен жетістікке жету керек деп есептейді. Алайда, шынайы бақыттың мәні мүлдем басқада.
Мүмін үшін әр істе ең басты үлгі — күллі адамзатқа рақым етіп жіберілген Мұхаммед пайғамбарымыз ﷺ. Әрбір мұсылман өмірінің кез келген саласында Алла елшісінің ﷺ өнегесінен барынша пайда алуы тиіс.
Біздің дініміздің басты мақсаттарының бірі — адамды шынайы бақытқа жеткізу және бақытсыз ететін дүниелерден алыстату. Бұл өте маңызды, өйткені көптеген адамдар «дінді ұстану» дегенді — үнемі қабағы түйіліп, көңілсіз жүру деп қате түсінеді.
Шындығында, жан тыныштығынсыз бақытты болу мүмкін емес. Ал жан тыныштығын табу үшін мына үш нәрседен аулақ болу қажет:
1. Күнә
Күнә — адамның шынайы бақытына кедергі болатын және оны барлық жақсылықтан айыратын ең басты жау. Өкінішке орай, көбіміз бұған мән бермей, күнәні үйреншікті әдетке айналдырып алғанбыз.
Сәубаннан (р.а.) жеткен хадисте Пайғамбарымыз ﷺ былай дейді:
«Шын мәнінде, адам жасаған күнәсінің кесірінен өзіне тиесілі несібесінен айырылады. Тағдырды тек дұға ғана өзгерте алады, ал өмірді тек ізгілік қана ұзартады» (Имам Ахмад, Ибн Мәжа).
Күнәлардың кесірінен адам құлшылықтың ләззатынан, намазын дер кезінде оқудан және Алланы зікір ету бақытынан мақрұм қалады. Сондықтан бақытты болғысы келген жан ең алдымен күнәлардан және оған апаратын жаман әдеттерден арылуы тиіс. Күнә бізді Алладан алыстатады. Егер қателесіп күнә жасап қойсаңыз, дереу тәубеге келіңіз. Есіңізде болсын: ешбір күнә Алланың мейірімінен үлкен емес.
2. Күншілдік (Көреалмаушылық)
Күншіл адам өзгеге берілген нығметтің жойылуын қалайды. Бұл, шын мәнінде, Алланың үкіміне, Оның бөлісіне наразылық таныту деген сөз.
Алла елшісі ﷺ ескерткен:
«Күншілдіктен сақтаныңыздар! Өйткені от отынды қалай жағып жіберсе, күншілдік те адамның ізгі амалдарын солай тауысады» (Әбу Дәуд).
Бұл дерттің қауіптілігі сондай — жер бетіндегі ең алғашқы адам өлімі дәл осы күншілдіктен болды. Ібілістің Адам атаға (а.с.) сәжде жасаудан бас тартуына да осы көреалмаушылық себеп болған еді.
Күншіл адам қолында барға шүкір етудің орнына, үнемі өзгеде бар дүниеге іші ашып, соған налиды. Көреалмаушылық адамның ішін жегідей жеп, жанын мазасыз етеді. Ал мазасыз адам ешқашан бақытты бола алмайды.
3. Түңілу (Пессимизм)
Жақсылықтан үміт үзу — мұсылманға жат қасиет. Ол жан тыныштығы мен бақытты өлтіреді. Үнемі жамандықты күтіп, тек жағымсыз ойларға берілетін адам өз энергиясын босқа сарқиды. Әрдайым жақсылыққа ұмтылыңыз және Алладан жақсылық күтіңіз. Өйткені Ислам — үміт пен бақыт діні.
Алла Тағала бізге екі дүниенің де қуанышын ұсынады, тек біз соны дұрыс пайдалана білуіміз керек. Біздің міндетіміз — Жаратушы сыйлаған әрбір нығметке қуана білу.
Құран Кәрімде былай делінген:
«Олар — иман келтіргендер және жүректері Алланы еске алумен (зікірмен) орнығатындар. Біліп қойыңдар, жүректер тек Алланы еске алумен ғана жай табады! Иман келтіріп, ізгі іс істегендер үшін бақытты өмір мен көркем қайтар орын (Жәннат) бар» (Рағыд сүресі, 28-29 аяттар).
Жүрек пен жан тынышталмайынша, шынайы бақытқа жету мүмкін емес. Жан тыныштығы — адамның барына қанағат етіп, денсаулығына, отбасына, жұмысына риза болуынан басталады. Ал келешекке деген қорқыныш пен мазасыздық, керісінше, адамды бақытсыз етеді.
Жанды тыныштандырып, бақытқа жетудің ең тиімді жолы — Алланы еске алу (зікір) және құлшылық ету. Алланың есімдерін атап, дұға жасау жүйкені тыныштандырып, жан сарайыңызды тепе-теңдікке келтіреді.
Көңіліңіз көтеріңкі, айналаңызға мейіріммен қарап, бүкіл әлемге жақсылық сыйлауға дайын болғанда ғана бақыттың дәмін сезесіз.
Муслим Абдулаев, islamdag ru