Бала тәрбиесінің алғашқы кезеңінде ескерілуге тиіс мәселелердің бірі – бала үшін жақсы орта мен жақсы көрші таңдау. Байқап қарасаңыз, ешбір ата-ана баласын жаман болсын демейді. Олардың әдепті, көркем мінезді, тілалғыш, білімді болып өскенін қалайды. Бірақ көбінесе балалары өздері ойлағандай болып шықпай жатады. Бір күні баласының әдепсіз сөзін естіп қалады. Екінші күні өтірік айтқанына куә болады. Тағы бір күні ата-анасына сөз қайтарады. Өз перзентінің осындай жаман әдеттері күн сайын көбейгенін ешбір ата-ана күтпесе керек. Сонда осының бәрі қайдан шығып отыр? Сонда баламыздың тәрбиесімен айналысып отырған бізден бөлек тағы кім бар? Міне, бұл ойлануға тұратын сұрақ. Иә, перзенттерімізді жалғыз өзіміз ғана тәрбиелемейміз. Бала тәбиесіне бізбен қатар араласатындар көп. Теледидардың, мектептің, дос-жаранның тәрбиеге қатысы жоқ десек қателесеміз. Сондай тәрбие көздерінің бірі – көше мен аула.
Адам баласының жетіліп, қалыптасуына қоршаған ортаның әсері елеулі. Сондықтан жетелі ұрпақ жетілдіру ісінде баланың өсетін жері мен көршілеріне көңіл бөлінуі тиіс. «Ұлың өссе, ұлы жақсымен ауылдас бол, қызың өссе, қызы жақсымен ауылдас бол» деген аталы сөздің де бір мәні осында болса керек. Бұл жағынан алғанда, бала үшін жақсы ана таңдаудың маңызы қандай болса, дұрыс көрші мен мұсылмандық өмірге игі әсері болатын жақсы мекен таңдаудың мәні де одан кем емес. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадистерінің бірінде: «Төрт нәрсе – бақыттан. Олар: ізгі әйел, кең баспана, ізгі көрші, жүйрік көлік», – деген. Ендеше, көршісі жаман кісі толық бақыттымен деп айта алмайды. Көршісі жаманның балалары да дұрыс жетілмейді. Өйткені біз қаласақ та, қаламасақ та, балалардың көбінесе тәлім-тәрбие алатын жері – көше мен аула.
Әрине, көшеге шыққан баланың бәрі түгел бұзылып кетеді дей алмаймыз. Алайда жас шыбықтай өсіп, әлі қалыптаса қоймаған бала айналасындағы жақсылықты да, жамандықты да талғамай үйрене береді.
Байқап қарасақ, балалар былапыт сөздер мен жаман қылықтарды, өтірік, өсекті көбінесе көшеден үйренеді. Төбелес, ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылықтың, бос қылжақ пен жеңілтектіктің, басқа көптеген қылмыс-күнәлардың ең бастапқы «үйірмесі», «мектебі» осы көше тәрбиесі десек артық айтқандық емес. Кім де кім бала-шағасына дұрыс қарамай, бетімен жіберсе, көп кешікпей олардың осы аталған жаманшылықтарға үйір бола бастағанын байқайды. Осы тұрғыдан қарағанда, көршілер мен тұратын ауданның мұсылмандыққа, ынтымақ-бірлікке жақын болғаны өте маңызды. Мәселен, үйіміздің маңында мешіт болғаны қандай, түнгі клубтар мен кафелердің болғаны қандай? Ол жағын саралау қиын емес. Мешітке үйір балалар бір жерде жиналса, дөрекі былапыт сөздер айтпайды, әдепсіздік жасамайды, бірін-бірі темекі шегуге, сыра ішуге шақырмайды. Олар бірін-бірі намаз оқуға, Құран жаттауға, адамдарға жақсылық жасауға, көркем мінезді болуға үндейді.
Ендігі мәселе біз өмір сүретін ауданда аузы дуалы, батагөй ақсақалдардың көп болса, бала тәрбиесіне оның да әсері бар. Өйткені жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыятындар, көбінесе көпті көрген көнекөз қариялар. Алла тағала елімізде осындай ақсақалдарымыздың көп болуын нәсіп етсін. Ұл-қыздарымызды тәрбиелі, иманды, ибалы етсін.