Баланы үш жасқа дейін тәрбиелеудің маңыздылығы
Баланы үш жасқа дейін тәрбиелеудің маңыздылығы
9 жыл бұрын 16160
Данияр Жігітбек

Бүгінгі таңда бала тәрбиесі жайлы, оның ішінде ерте жастағы (үш жасқа дейінгі) тәрбиенің маңыздылығы туралы көптеген кітаптар жазылды. Өкінішке қарай, қазақ қоғамында бұл тақырып көлеңкеде қалып келе жатыр. Үш жасқа дейінгі тәрбие тұрмақ, жалпы бала тәрбиесі – аз қозғалатын тақырыптардың бірі. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында бұл мақалада баланың үш жасқа дейінгі интеллектуалды, эмоционалды дамуындағы ананың рөлі жайлы сөз қозғамақпыз.

Баланың интеллектуалды, эмоционалды дамуының критикалық кезеңі екі жасқа толғанға дейін жалғасады. Бұл кезеңнің «критикалық» деп аталуының өз себебі бар. Өмірінің алғашқы 2-3 жылында адам миында нейрондар (жүйке жасушалары) өте көп мөлшерде өседі. Бала белгілі бір машықты меңгергенде немесе қоршаған ортамен қарым-қатынасқа түскен кезде нейрондар арасында байланыстар түзіледі. Бір қызығы 2-3 жасқа дейін бұл байланыстар адам жаңа нәрсені үйрену үшін арнайы күш салмаса да, қалыптаса береді екен. Яғни, нейронаралық байланыстардың құрылуы жеңілірек болады. Мәселен, Масару Ибуканың «После трех уже поздно» деген кітабында бір жапон азаматының мысалы келтіріледі. Ол үш жасқа толғанға дейін ата-анасы қытай тіліндегі кассеталарды қосып қояды. Бала бұны еріксіз тыңдап өседі. Кейін 17-18 жасында қытай тілін меңгеру қажеттілігі туғанда, әлгі жапон бала сыныптастарымен салыстырғанда қытай тіліне әлдеқайда бейім болып шығады. Бұл ерекшелікті критикалық кезеңде түзілген нейрондық байланыстардың болғанымен түсіндіруге болады. Байланыс құрып үлгермеген нейрондар критикалық кезең аяқталған соң жойылады. Сондықтан критикалық кезеңде балаға барынша көңіл бөліп, оның жан-жақты дамуы үшін ата-анасының күш салғаны маңызды. Мұны Норман Дойдждің «Пластичность мозга» кітабындағы мына мысал қуаттай түседі: «Сиэтл қаласындағы Вашингтон атындағы университетте жұмыс жасайтын Патриция Кухл ми жұмысын зерттеумен шұғылданады. Оның тәжірибелерінің нәтижесі әр нәрестенің әлемнің кез келген тіліндегі дыбыс ерекшеліктерін естіп ажырата алатынын растайды. Әлемде бірнеше мыңдаған тіл бар екенін білеміз. Алайда мидағы есту қабығының дамуының критикалық кезеңі аяқталған соң, белгілі бір мәдениет аясында тәрбиеленген бала осы дыбыстардың көбін естіп ажырату қабілетінен айырылады да, қолданылмаған нейрондардың жойылу процесі басталады. Бұл процесс ми картасында аталған мәдениеттегі тіл басымдық танытқанша жалғасады. Осыдан соң баланың миы мыңдаған дыбыстарды сүзгіден өткізеді. Алты айлық жапон баласы ағылшынша R және L әріптерінің арасындағы айырмашылықты дәл американдық бала сияқты естиді. Бірақ бір жасында ол мұндай қабілетке ие болмайды. Болашақта бұл бала өзге елге көшсе, жаңа дыбыстарды дұрыс қабылдап, дұрыс шығару үшін біраз қиналуы мүмкін». Осы орайда мынандай ой келеді. Егер балаларымызға үш жасқа дейінгі кезеңде үнемі Құран оқып беріп жүрсек немесе Құран үнтаспаларын қосып қоятын болсақ, болашақта ол балалардың тәжуидті еркін меңгеріп, Құранды оңай жаттайтыны анық.

Баласының ерте жаста интеллектуалды дамуымен қатар эмоционалды дамуында да анасының атқаратын рөлі өте үлкен. Cәбиінің жанында эмоционалды дамудың критикалық кезеңі (екі жасқа дейін) бойы болған анасы дауыс екпінін өзгерту арқылы және түрлі ымдармен оған эмоцияларды түсінуді еріксіз үйретеді. Ол сүтін еміп жатып, кішкене ауа жұтып қойған сәбиіне қарап: «Балапаным, сен қапаланып тұрған сияқтысың ғой, қорықпа, тым тез тамақтанам деп, ішің ауырып тұр-ау. Тұра тұр, анашың қазір жұтып қойған ауаны кекіруіңе көмектессін, сосын өзіңді жақсы сезінетін боласың», – дейді. Ана баласына эмоцияның атын (қорқу) ғана айтып қоймай, сонымен қатар оған себеп болған фактордың (ол тым тез тамақтанды) барын, бұл эмоцияның жүзінің құбылуынан көрініс тапқанын («сен қапаланып тұрған сияқтысың ғой»), мұның оның денесіндегі аурумен байланысты екенін (іштің түйілуі) және өзгелерден жәрдем сұраудың кейде көмек болатынын («анашың қазір жұтып қойған ауаны кекіруіңе көмектессін») білдіруде. Тек сөздерді қолданып қана қоймай, сәбиін аялаған нәзік үнімен жұбатып, құшақтап, ұстауы арқылы анасы сәбиіне аталған эмоцияның көптеген аспектілері бойынша жеделдетілген курс өткізгендей болады. Бала түрлі эмоцияларды түсініп, басқара алуы үшін, сәйкесінше әлеуметтік байланыстар орната білуі үшін критикалық кезең бойы осындай қарым-қатынасты жүздеген мәрте бастан кешіруі керек және өмірінің келесі жылдарында соны бекіте түсуі қажет.

Өмірінің алғашқы жылында нәресте миының салмағы туылған кездегі 400 грамнан 12 айлық кезіндегі 1000 грамға дейін артады. Біздің ерте жаста өзге адамдар тарапынан жылуды, махаббатты, қамқорлықты сезінуге деген тәуелділігіміздің қатты болуының басты себебі – мидың үлкен бөліктері тек туылғаннан кейін ғана дами бастайды екен. Эмоцияларды басқаруға жауапты алдыңғы ми қабығындағы (префронтальная кора) нейрондардың арасындағы байланыстар өмірдің алғашқы екі жылында түзіледі. Бірақ бұл нәрестенің жанында жақын адамдары, әсіресе анасы болғанда ғана жүзеге асады. Қорыта келе, баланың миын толықтай ана қалыптастырады десек, артық айтқанымыз емес.  

Бүгінгі қоғамда бәсекеге қабілетті болу үшін интеллекттің (IQ) ғана жоғары болуы жеткіліксіз. Сонымен қатар адам эмоционалдық жағынан да мықты болуы керек. Оны сипаттайтын арнайы термин де табылған: EQ – emotional intelligence quotient, эмоционалды интеллект көрсеткіші. Қазақ балаларының ішкі сезімін бүгіп, қысылып, ашыла алмауының, жаңа ортаға бейімделіп, әлеуметтік байланыстар орнатуда қиналуының басты себебі ерте жаста эмоционалды тәрбиенің берілмеуінен деп ойлаймын. Сол үшін жас аналар баланың ерте жастағы, оның ішінде үш жасқа дейінгі кезеңдегі жетілуіне, тәрбиесіне ерекше көңіл бөлсе болашақта дарынды да қарымды ұрпақтың өсері анық.

3 пікір
  • Paidali kenes eken
    Kobi bilip jurse artik bolmas
    9 жыл бұрын
  • Пайдалы жазба. Көкейге тоқитын дүниелері бар екен.
    9 жыл бұрын
  • zhalpi, ozimnin koskim kelgeni. Bir kitaptan okiganim boinsha, kishkentay balalarga (sol 3 zhaska dein) ote kop soileu, angimelesu kerek. Angimelesu barisinda ulkendermen soileskendey sozder koldanu abzal. Kop angimelesu barisinda bala neuron-dari ote tez daimidi, zhane onday active neurondar sani kobeiedi. Experimentte kishkentay balamen kop soilesken bala mektep kezinde bastapki siniptarda zhaksi korsetkishter korsete bastagan. Kein erte siniptagi, bilim zhogari siniptarmen, kein profession-men tikilei bailanisti bolgandiktan, kishkentay kezindegi soilesudegi neurondar, keingi neurondardin artiuina ote kop komegin tigizgen.
    9 жыл бұрын