Балам үшке толды дегенше, азамат болды десейші...
Балам үшке толды дегенше, азамат болды десейші...
10 жыл бұрын 4720
Баян Тұрсынбаева

Жанұяға қосылған сәби – қай ата-ананың да ең үлкен қуанышы. Сол қуаныш әкелген сәбиге жеткілікті көңіл бөліп, оның тәрбиесімен айналысу – әке-шешенің негізгі міндеті.  Ол үшін жас мөлшеріне қарай сәбидегі ерекшеліктерді білген жөн. Мәселен, туылғаннан үш жасқа дейінгі аралыққа тоқталайық.

Жаңа туған сәби алғашқы жылы өте жылдам өседі. Бұл кездің ең басты ерекшелігі –нәрестенің өздігінен өмір сүруге толықтай қауқарсыздығы. Бұл жаста сәби үшін қоректену, тазалық, ұйқы қаншалықты маңызды болса, оны айналып-толғанып өбектеу де соншалықты маңызды.

Жүргізілген бірнеше зерттеулер сәби кезінде ата-анасынан жылылық көрмей өскен балалардың есейгенде рухани жағынан кемшілік тартатындығын байқатқан. Осы орайда, аты әйгілі «Ойлар» кітабының авторы, Француз ойшылы Блез Паскальдің өмірін тілге тиек ете кеткен орынды. Әкесі оны өте қатал тәрбиеледі. Баласының болашағына үлкен үміт артқаны сонша, оған толықтай көңіл бөлу үшін мемлекеттік қызметін де тастады. Балаға жағрапия, тарих, пәлсапа, шет тілі мен математиканы да өзі үйреткен әкесі оның сана-сезімін жан-жақты дамытуға барын салды. Паскаль әке үмітін ақтады. Атақты математик, физик тіпті діни ойшыл дәрежесіне көтерілді. Алайда, оның «өмірім іштей өксікпен өтті, ел секілді бала болып ойнаудың, қуанудың не екенін білген емеспін» деп күйзелгенін көп адам біле бермейді. Өйткені, үш жасында шешесінен ерте айрылды. Ана махаббатын көрмеді деуге де болады. Паскаль бар-жоғы 39-ақ (1623–1662) жыл өмір сүрді. Бала кезінде өз құралпыластармен ойнау мұң болды. Есесіне дік-дік етіп үнемі қасынан бір елі ажырамайтын қатал әкесін ғана көрді. Бұл әрине оның денсаулығы мен психикасына да кері әсер еткені сөзсіз.

Әке баланы данышпан ғып шығаруы мүмкін, алайда, баланы барынша рухани әрі физикалық жағынан кемелденген жақсы азамат етіп өсіру тікелей шешеге байланысты. Баланың ерте жаста ана махаббатына қатты зәру болатын себептерінің бірі міне осы.  

Бар қажеттілігінің уақтылы атқарылуы сәбидің сыртқы әлемге, әсіресе, анасына деген ішкі сенімін күшейте түседі. Ол осы арқылы бірте-бірте сыртқы әлеммен аралас-құраластықты үйрене бастайды.

Сәбилердің қимыл-қозғалыстары дамыған сайын олардың айналаны танып-білуге деген қызығушылықтары да арта түседі. Осының нәтижесінде олардың қоршаған ортамен араласу мүмкіндіктері көбейеді. Әсіресе, жүре бастаған 1 жас шамасында физикалық зияны тиетін нәрселерден қорғану мақсатында қимыл жасауына, айналаны тануына мүмкіндік беру оның әлеуметтік сана-сезімін жетілдіре түседі. Бұл кезеңде баланы не болса содан қақпайлай беру, заттарды тиісіп, ұстап-көруіне, бойындағы өз қабілетін байқауына мүмкіндік бермеу баланың өз-өзіне деген сенімін болдырмаумен қатар оның бойдағы бар қабілетін шектеуіне әкеліп, содан барып өз бетінше әрекет ете алмайтындай күйге түсіреді.

Бала екі жасқа аяқ басқанда қимыл-қозғалыстары анағұрлым көбейе түседі. Қозғаушы координациялары артады, көп нәрсені өздігінен жасап көруге құмартады. Бұл кезеңде сырттай бақылай отырып, баланың әрекетіне қолдау білдіру керек. Өз қолымен ұстап көру арқылы үйренуі – баланың сана-сезімін өсіріп әрі өз-өзіне деген сенімін күшейтеді. Бұл жастағы балаға үйдегі заттарды, айналасындағы нәрселерді тану аса қажет. Ойын ойнауда әлі де басқалардың қолдауына зәру кезі. Көбіне қимылдайтын ойыншықтарды қалайды.

Әлеуметтік тұрғыдан әлі де толық жетіліп үлгірмегендіктен өз құралпыластармен бас біріктіріп ойнай алмайды. Сол себепті, ата-ананың баламен ойнауы тек қана баланың ойын қажеттілігін өтегендік емес. Ол сондай-ақ ата-ананың баламен құруы керекті қарым-қатынасты дамыту, баланы анағұрлым жақыннан тани түсу, оның сана-сезімінің қаншалықты даму үстінде екенін біліп отыру тұрғысынан керек. Оған қоса, баланы ойын кезінде бақылау әрі онымен бірге ойнау – баланы тану үшін ең оңай әрі ең әсерлі тәсіл.

Бұл кезеңде баланың қалыпты өсу үстінде екендігін үлкендерге жақындық танытып әрі олармен тартыншақтамай дереу ойнап кетуінен көруге болады. Екі жасар бала айтқанын орындамай қойсаңыз, бұртиып яки т.б. қарсы реакция көрсетуі мүмкін. Алайда, анасы баланың көңілін басқа жаққа бұра алуы тиіс. Мысалы, ыдыстағы ыстық шайды ішем деп жармасқанда басқа бір ыдысқа суық шай яки басқа сусын құйып беру секілді т.с.с. Бұл баланың табандап тұрып алуына қарсы жасалады. Бір нәрсені сұрап жылаған сайын баланы жазалай беру немесе барлық айтқандарын істей беру кейінгі жылдарда да жалғасын табатын оның қырсықтығы мен табандап тұрып алуды мінезге айналдыруына әкеп соғуы мүмкін. 

Әр баланың өзіне тән әркелкі мінезі болады. «Сүтпен біткен мінез сүйекпен кетеді» деген мақал да балаға туа бітетін мінезді толықтай басқа мінезге айналдырудың мүмкін еместігін аңғартқандай. Алайда, қырсық мінездерін жақсы әрекеттерге барынша бұру – ата-аналар көңіл бөлуі тиіс мәселе. Мысалы, қырсығу мінезін достары арасында жаман сөз айтпау мен жаман қылыққа бармауда қырсығуға бұру секілді. Сонымен қатар, бала мінезінің қалыптасуында ата-ана тәрбиесінің, ортаның, мәдениет пен қоғамның да елеулі әсер ететіндігі сөзсіз.   

Бұл жас аралығындағы балалар үшін ата-аналарымен бірге өткізген уақыттарының мәні зор. Екі жасқа дейін сәбиге анасын ему қаншалықты маңызды болса,  бала кезде ата-ана сүйіспеншілігін көру ондағы адамгершілік пен мінездің қалыптасуында үлкен рөл ойнайды. Баламен бірге уақыт өткізу, ата-ананың оған көңіл бөлуі өскенде баланың да басқаларға көңіл бөліп, кісімен сыйласа білуінде, өзгені бағалай алуында әсерлі екендігін ұмытпаған жөн.

Бұл жас өздеріне айтылған ескертпелерді тыңдай алатын әрі түсіне алатын деңгей. Басқа балалармен ойнай алатындай сабырлы әрі ынтымақтаса әрекет жасай алатын кезі. Яғни, бұл жас баланың әлеуметтік топтың бір мүшесі болуға дайын кезі. 

Бала 3 жасқа аяқ басқанда бойдағы біраз қабілеттерін жетілдіреді. Егер мүмкіндік берілсе тамақ жеу, киіну, шешіну, тазалық секілді біршама қажеттіліктерін өздері атқара алады. Өз қалауын басқаларға жеткізе алатындай, әлеуметтік қарым-қатынас жасай алатындай тілі шығады. Осы жаста балабақшаға бара алатындай есейіңкірейді. Бірте-бірте өз-өзіне деген сенім қалыптаса бастайды. Әлі де толықтай анасынан ажырай қоймаса да қажет жағдайда алғаш рет анасынан ажырап, ұзақ уақыт бойы басқа бір әлеуметтік ортада бола алатын шама.

3 жас үлкен өзгеріс кезеңі. Бұл кезеңде бала эгоцентристік көзқарастан арыла бастайды. Мен ғана емес басқалар да бар деген түсінікті ұғынады. Бір нәрсені бөлісуді, басқа балалармен бірге топ құрап  ойнауды әрі қарапайым ережелерге бағынуды үйрене бастайды. Бұл кезеңде үй ішіндегі  іс-әрекеттерге көңіл бөлмей болмайды. Мысалы, өтірік айтпау, баланы алдамау, балаға берген уәдені орындау, балада сенімсіздік тудыратын қылықтарға бармау, баланы тым еркіне жібермеу,  қатты жазаламау әрі қатты қорқытпау, үй ішіндегі кейбір жауапкершіліктерді міндеттеу, тазалық пен тәртіп мәселесінде сенім арту секілді т.б.

Баланы алдамау тұрғысынан Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у.) мына бір ісінің өнегесі мол. Бірде бірдеңе беретінін айтып баласын шақырған әйелден ол: «Сіз шынымен балаға бірдеңе ұстатпақсыз ба?»,- деп сұрайды. Әйел «Иә, құрмам бар еді»,- деп жауап бергенде, «Баланы шақырып алып ештеңе бермегеніңізде, Аллаһ есебінде «өтірікшілер» қатарына тіркелер едіңіз» деп ескерткен екен.   

Бұған қоса, ата-ана арасындағы өзара сыйласымдылық, ұрыс-керіске бармау, бәсең дауыспен тілдесу, жұмсақ сөйлеу, ымдау, ишарат ету әрекеттері де бала психологиясына айтарлықтай әсер етеді. Кейде «әлі бала ғой, не білер дейсің» деп аса елемегенмен, бұл жас аралығында жақсы-жаманды ажырата алмаса да, көргендері баланың зердесінде сақталып қалатыны шындық.

Баланың сұрағанын кешіктіріңкіреп беру, әсіресе, айтқан тілді алып, ережеге бағынғанда арқадан қағып, тәтті-пәтті ұсынып, көтерме сөздермен марапаттап отыру баланы өзімшілдіктен, эгоцентристіктен арылтады. Бойындағы сабыры бірнеше ойындар мен шараларды өткізуге ғана жеткенмен 3 жаста бала әлі де көп жауапкершілікті соңына дейін тиянақты атқара алмайды. 

Қорыта келгенде, балалы болмай тұрып жұбайлардың іштей ата-ана болуға дайын яки дайын еместіктерін таразылаудың мәнісі зор. Егер өздерін дайынбыз деп сезінсе, келесі дайындық тұтастай баланың өсуі мен таным-тәрбиесіне бағытталуы керек. Бала өмірге келгеннен бастап оны әдепті, арлы, адамгершілігі мен кісілігі мол, жақындарына, еліне жанашыр азамат етіп тәрбиелегенде ғана қоғамда ақыл-парасаты биік жандар көбейері анық. Алғашқы үш жылды ата-ана болудың не екенін үйренетін жылдар деуге де болады. Балалары дүниеге келмей тұрып, ата-аналары балаға, оның жас ерекшеліктеріне қарай жетілуіне қатысты біраз мәліметтерді жинақтаса, бұл олардың қаншалықты нәтижелі міндет атқаратындығын көрсетеді.

0 пікір