Балалы болуға көмектесетін 3 дұға
Балалы болуға көмектесетін 3 дұға
6 жыл бұрын 11557
Мұнайдар БАЙМОЛДА

Біз дұға оқи білеміз бе? Мен бұл қақында сөз қозғайын деп отырғаным жоқ. Оны түсіндіретін өз адамдары бар. Менің ортаңызға саларым, отбасы құрғандар кейде бір балаға зар болады, не кіндігінен ылғи қыз бала өрбіп, мұрагер болар ер бала күтеді, әлде керсінше, ұл балалары бар да, қыз баланы аңсайды. Және мені замандастарымның өмір жайлы, ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасы қақындағы түсінігі қайран қалдырады. Олардың кейбірі үйленіп, ерлі-зайыпты атанса болды, бала өзінен-өзі пайда болады деп қарауы. Иә, Алла береді. Бірақ әлгі түсінік бойынша ер мен әйел баланы пласталиннен, не құйыршық құсатып қамырдан, әлде буратино сияқты ағаштан жонып алардай көрінеді. Ақиқатында адам баланы Алладан тілейді. Алла өзі біледі кім берерін, ұл ма, қыз ба? Дегенмен сол мейірім иесінің өзі үйреткен дұғасы бар, ол - кілт. Алтын кілт. Қазір медицина ғылымында ер мен әйел қатынасына кесте жасап, хромосома есептеп дегендей, бойға ұл, не қыз бітіруін реттеу жайын айтып жүр ғой. Одан гөрі ұлық иеміздің өз сөзі әлдеқайда тиімті, әлдеқайда артық емес пе?

Мысалға, мен өз басым "Әл-Ғимран" сүресінің 38-аятын: "Рабби һәб ли мин ләдункә зурриййәтән таййибатан иннәкә сәмиғу-д дұғаи" (О, Жаратқан Иеміз, маған жақсы ұрпақ сыйла, өйткені сен дұғаны естисің!" деген дұғаны оқып жүрдім, өмірге қызым келді. Шүкір ибалы, иманды болып өсіп келеді. Сосын "Саффат" сүресінің 100-аятын ауызға алдым: "Рабби һәб ли мина-с-салихин" (О, Жаратқан Ием! Салихалылардың ішінен маған ұл бер.) Осы кейінгі дұғаның шарапатымен Айбарыс, Елнамыс деген қос перзентім дүниеге келді.

Кейін үй болған достарыма да осы дұғаларды бердім, олар да ұл-қызды болды. Әйелім жұмысында отырғанда құрбысы мұң шағыпты. Бізде екі қыз бар, үшіншіге ойланып жүрміз, қыз болса, алдырып тастайтын болармыз, күйеуім ұл керек деп отыр демейді ме?! Мұны естіген жолдасым дұғаны ауызға алыпты. Содан ол әйелдің күйеуі маған келіп жолықты. Есімі - Руслан. Шетел компаниясында істейді екен. Бар шынын айтты. "Ұл керек" дейді. Мен бір тәуіп, әулие секілдімін, оның пікірінше. Сасып қалдым. Сосын дұғаны дәрет алып оқу керектігін, ішімдіктен аулақ болғанның абзалдығын айттым. Ол "сөз берем, айнытпай орындаймын" деп "Саффат" сүресінің 100-аятын алып кеткен, тура 9 ай 10 күн өткенде шекесі торсықтай ұлды болды. Аллаға мадақ!

Иә, дұғаны оқудың да шарты бар, таза жүру керексің. Кім болса да бір перзентке зар адамдарға "Әнбииә" (Пайғамбарлар) сүресінің 89-аяты көмек дер едім: "Рабби лә тәзәрни фардан уа әнтә хайру-л-уәрисинә" (О, Жаратқан Ием! Мені жалғыз қалдырма. Сен мирасқорлардың ең қайырымдысысың.") Аллаға қалай сенсең, оның дұғасына да солай сенген абзал. Мен бұларды бір білімім асып бара жатқан соң емес, әлдебір адамдарға жәрдемі тие ме, тұйықтан шығуға, қазақ санын сапалы көбейтуге бір шарапаты бола ма деп жазып отырмын. Көбіміз мешітке бармаймыз, имамадармен пікірлеспейміз, сондықтан керек еткен мұсылман бауырларым жазып алсын деп шештім.

Бәрі де Жаратқанның қолында. Бұл аяттар Жасағанның құлдарына түсірген ұлы игілігі ғой. Тек біз оны пайдаланбаймыз, аса мән бермейміз. Әйтпесе, дұғамен тау қопаруға болады... Бәрі де Алла-Тағаланың пәрменінде, дәргейінде!

1 пікір