Балаларыңызға бірдей көңіл бөлуіңіз үшін
Балаларыңызға бірдей көңіл бөлуіңіз үшін
9 жыл бұрын 4223
Баян Тұрсынбаева, психолог-әлеуметтанушы

Кей ата-аналар келесі бала туылғаннан кейін алдыңғы баланың жағдайын байқай бермейді. Бала ендігі өбектеу мен жақсы көру кішкенеге ауысып кете ме, деген үрейді бастан кешеді. Расында, ата-ана жаңа туылған нәрестені көбірек өбектеп кеткен кезде бұл алдыңғы сәбидің көңіл-күйіне айтарлықтай кері әсерін тигізеді. Мәселен, сіз кішкенеге болысып, үлкеніне бір нәрседен ұрсып тыйсаңыз, онда үлкен қателік жібересіз. Бұл жағдай оның әлі өзімен бірге ойнай алмайтын, сондай-ақ келмей жатып ата-ананың жүрегін жаулап алған нәрестеге деген тек қызғанышын тудырады.

Үлкеннің кішісін қызғану себебін былайша қарастыру керек: бәрімізге де белгілі, жаңа туылған нәресте көп қарауды, үнемі бағып тұруды қажет етеді. Ол істің әке-шешеге жүктелетіні тағы белгілі. Алайда, ата-ана көбіне нәрестеге тамақ пен құрғақ жаялықтан басқа ештеңе керек емес деп ойлайды. Сәбиге жетпейтін нәрсе – ақпарат. Өйткені, нәресте жатқан бөлмеде телефон шырылдамайды, теледидар да істемейді, ол бөлмеге қонақтар да жиі кірмейді. Осыдан барып сәби қоршаған ортамен тек әке-шешесі арқылы ғана араласады. Сөйтіп, баланы көзсіз өбектей берушілер өмірге келіп, ата-ананың барлық назары соған ауғанда, осы уақытқа дейін өбектеліп келген үлкен бала өзін ата-ана назарынан жырақ қалып кеткендей сезіне бастайды.

 

Сонда не істеу керек?
  • Ол үшін екінші бала дүниеге келерде яки келгенде, бірінші баланы соған дайындау керек.
  • Алғашқы баланың жандүниесі жақсы қалыптасуы үшін әуелден анасының тек соған ғана жақсылап көңіл аударуы аса маңызды.
  • Екінші бала дүниеге келісімен, әсіресе, шешесі жаңа туылған сәбидің қалай жетіліп келе жатқаны туралы бауырына түгел айтып отыруы тиіс, соған жасалған дайындықтарды білдіріп отырғаны дұрыс. Тұңғыш бала оны жақсы көруі үшін үнемі қасында болғаны да жөн.
  • Бауыры туылғанда алғашқы баланың қылықтарына (саусақ сору, жалғыз қалғысы келмеу, астына жіберіп қою) сабырлық танытыңыз.
  • Екінші бала дүниеге келгеннен кейін де шешесі алғашқы баласына көңіл бөлуі тиіс, оның сұрағанын кешіктірмеуі керек, бос сөзбен алдауға болмайды.
  • Балалар татулығында ата-ана арасындағы ынтымақтастық аса маңызды. Олардың арасындағы кикілжің балалардың арасындағы ұрыс-керіске де себеп. Бұл тікелей, кейде жанама да әсер беруі мүмкін. Жанама қатыстылықты әке-шешенің бала қажеттілігіне көңіл бөле алмауынан, жүйелі қарым-қатынас жасай алмауынан көруге болады. Ал, әке-шешесінің ұрыс-керісі болса, нәрестенің жандүниесін жаралайтын тікелей әсер.
  • Үлкенін «аға» яки «әпке» болуға баулыған жөн. Інісі яки қарындасымен бір нәрсені бөлісе білуге үйрету керек (тамақ, ойын, ойыншық).
  • Үлкеніне көңіл бөлуді азайтпаңыз. Оны қыдыруға алып шығу, дүкен аралату, серуендеу, оған ертегі оқу, осы кезде нәрестеге соны қарату жалғаса берсін.

Бір ата-ана тәрбиелеген, бірге туған бауыр болса да, ортақ ұқсастықтары бола тұра шынтуайтында екі баланың екі бөлек адам екенін естен шығармаған жөн. Ешқашанда балаларға салыстырма жасалмауы тиіс. Әр баланың қайталанбайтын өз орны барын ұмытпаңыз.  

0 пікір