Балаға уақыт бөліп жүрміз бе?
Балаға уақыт бөліп жүрміз бе?
9 жыл бұрын 6018
Есіркеп Жолаушы

Бүгінгі тіршілік қуған қым-қуыт заманда қандай құндылықтарымыз тасада қалып кетіп жатыр десеңізші. Соның бірі бауыр еті баламызға деген қаншалықты көңіл бөліп жүргендігіміз. Мамандардың айтуынша, балада дұрыс тәрбие қалыптасуы үшін әсіресе бес жасқа дейін көңіл бөлудің орны ерекше. Күні бойғы жұмыстан шаршауды бір шетке ысырып, балаға уақыт бөле білу керек-ақ. Бұл бөлінген уақыт балаға кейінгі өмірінде көп пайдасын тигізетін болады. Таратып айтар болсақ, өзіне арнайы уақыт бөлу баланың өзіне деген сенімін күшейтеді. Өйткені бөлген уақытыңыз балаға берген бағаңызды білдіреді. Балаңызға «Мен сені бағалаудамын, өйткені уақыт бөлудемін» дегенді ұқтырасыз. Бар-жоғын елемей, тура бір ол үйде жоқ секілді қарау баланың өзіне деген сенімін азайтады, оған кері әсер етеді. Әсіресе, бала саны көп отбасыларда әр балаға теңдей уақыт бөле білу маңызды. Бала саны аз немесе жалғыз бала болған отбасыларда болса, өзге бауырлары жоқ немесе саны аз болғаны үшін баланың іші анағұрлым көп пысатынын есепке алу керек. Ондайда баламен бірге уақыт өткізу міндеті ата-анаға көбірек жүктелуде. Өзіне бөлген уақыт баланың көп күйзеліске ұшырамауына, кездескен қиындықтарды қиналмай жеңуіне көмектеседі. Әсіресе, есейген шаққа дейінгі жүргізілген зерттеулерге қарағанымызда, ата-анасымен не отбасымен жақындығы болған не жақындарымен бірге көбірек уақыт өткізген кісілер кездескен күйзелісті жағдайлардан анағұрлым тез жеңе білген. Күйзеліске түскенде одан тезірек арылған. Сондықтан көңіл бөлу баланың алда кездесуі мүмкін күйзелістерде өзін анағұрлым мықтырақ сезінуіне жол ашады.

Балаға бөлген уақыт онымен арадағы жақындықты арттырады, оның сізге ойларын айтуына, яғни оның ішкі сезім әлемін бақылап отыруға көмектеседі. Кері жағдайда ол ата-анасынан алыс, ішкі сезімдерін айтпайтын, тұйық, бірқатар проблемалары болса да отбасымен бөліспейтін балаға айналады. Кейінгі жылдарда да бұл жағдай көптеген психикалық мәселелерге жол ашуы мүмкін.

Баламен өткізген уақыттың ұзақтығы емес, сапасы маңызды деуге болады. Бұл тұста қадап айтатын жайт, баламен өткізген уақыттың сапасын арттырып, бұл мәселедегі қажетін еркін өтей аласыз. Күнделікті өмірде өзіңізге бір бағдарлама жасап, тамақ жеу, теледидар көру, ұйықтау және осыған ұқсас көптеген күнделікті істермен қатар балаға уақыт бөлуді де ұмытпауға болады. Әр жас шамасына қарай балаға ата- ана ретінде бөлетін уақытымыз оның бақытты болуына және психологиялық дамуына оң әсер етеді. Кері жағдайда нашар қылықтарымен бала бәрірбір өзіне көңіл бөлдіретін болады, кейін сіз оның бұзақылықтарын жөнге салуға мәжбүр боласыз.

Салауатты ұрпақ өсіруде балаға бөлінген уақыттың маңызы ерекше, бұл өзі көптеген ата-ана елеусіздеу қарайтын мәселе. Ата-аналар баласы қасында болса, біздің көңіл бөлгеніміз осы деп ойлайды. Бұл тұста мынаған назар аударға жөн: уақыт бөлу деп балаға арнайы көңіл бөлуді айтамыз. Теледидар көргенде немесе өз ісіңізді жасағанда, балаңыздың жаныңызда жүруі әрине баланың жалғыз болғанынан жақсы, бірақ жеткілікті емес. Балалар өздеріне жасалған материалды мүмкіндіктер арқылы уақытша бақытты бола алады. Ал бала үшін шын бақыт өзін жақсы көрген адамдармен бірге болып, бірге уақыт өткізуі.

Жүргізілген зерттеулерде ата-анасынан бақыт тапқан балалардың өмірге анағұрлым оң әрі жағымды қарай алғаны, тентентіктерін тыюы, адамдарға сүйіспеншілікпен қарай алғаны, достарымен анағұрлым тіл табыса алғаны байқалған.

Кейде керісінше жағдай кездеседі. Балаға ата-анасы тым көп уақыт бөледі, қатты өбектейді. Бұл жағдай да балаға жағымсыз әсер етеді. Онда балалар ата- анасынан қашқалақтап, ата-анасына тез қарсы шығатын болады. Тым өбектелгендіктен жасына сәйкеспейтін қылықтармен келеңсіздіктерге тап болады. Бұл мәселені тым әсірелеп, өмір мен отбасының бірден бір шұғылданатыны тек бала болу керек дегенге келтірмеу керек. Баланың өз бетінше өткізген уақыттары да олардың жетілуінде айтарлықтай орны бар. Бұл мәселеде өлшем болуы керек-ақ.

Сөз түйіні мынау: балаңыз сізге қаншалықты жақын болса, нашар әдеттерден де соншалықты алыс болады. Сізбен бірге жүріп өзін қаншалықты қуанышты сезінсе, басқа кездерде де соншалықты қуанышты болады. Сізбен және отбасымен байланысы қаншалықты мықты болса, өмір бойғы проблемалары да соншалықты аз болады. Байланыс құралдары кең тараған, адамның жеке жұмысы көбейген қазіргі уақытта айтылған мәселедегі балалар үшін ең маңызды қауіп балалар мен олардың сана сезімдік қажеттіліктерінің өтелмеуі. Дәл қазір егілген дән ертең жақсы жеміс беретін болады. Ендеше, ертең жақсы болсын десек, бүгін соның әрекетін жасайық.

1 пікір
  • елеусіз көрінгенімен ереуілге ұласатын мәселені көтеріпсіз. авторға алғыс
    9 жыл бұрын