Бала сүйе алмай жүргендерге...
Бала сүйе алмай жүргендерге...
10 жыл бұрын 149885
Салтан САЙРАНҰЛЫ
«Балалы үй ­– базар, баласыз үй – қу мазар» дейді қазақ. Шаңырақты нұрға бөлеп, ерлі-зайыптылардың арасындағы сүйіспеншілік пен махаббаттың беки түсуіне себеп болатын бірден-бір дәнекер ­– бала, ұрпақ, әулет. Сол себепті қазақ «Бір баласы бардың – шығар-шықпас  жаны бар, Екі баласы бардың ­­­­– өкпе, бауыр, жалы бар, Үш баласы бардың Бұқарада бұты бар, Хорасанда қолы бар» деп ұрпақтың өсіп-өнуіне, көбейіп-өрбуіне ден қойып, соған ынталандырып отырған. Жоғарыдағыдай сөздердің ділімізге сіңгені сонша, қазақ үшін шаңырақты баласыз елестету мүмкін емес. Ерлі-зайыпты екеу үйленді ме, ағайын-жұрт тоғыз ай тоғыз күннен кейін шілдехана тойын көруге асық болып отырады. Қос жұптың да күтетін алғашқы «жемісі» – бала.

Әрине, бұл жақсы ырым, ізгі ниет... Десек те, көп қазақ балалы болу Алланың қолында емес, екі жұптың қолындағы шаруадай көреді. Бір жылдың ішінде ақ босаға аттаған келіннен баланың белгісі білінбесе, ауыл-ауылдың арасын пыш-пыш әңгіме кезіп, келінге жан-жақтан суық сөздер, сұқ көздер қадала бастайды. «Қу тізесін құшақтаған қу бас», «жалғыз», «белсіз», «бедеу» деген неткен ауыр сөздер еді. Біраз уақыттан кейін осындай сөздерді де құлақ шала бастайды. Бұл сөздерден кейін шаңырақтан шаттық кетіп, отбасы-ошақ қасынан береке қашады. Бұдан соң бала ағайыннан алшақтап, келін қайын жұртқа жат боп кетеді. Бұл көптеген шаңырақтың басындағы жағдай. Әрине, бұның бәрі дініміз құп көретін сөздер емес. Сол үшін иманды қазақ «Жалғыз деме, Құдай жалғыз, Жетім деме, Пайғамбар жетім» деп, «жалғыз бен жетімге тіл тигізгенің, Құдай мен оның Пайғамбарын сөккенің» деп тыйып отырған.

Елімізде бір балаға зар болып, басын тауға да тасқа да соғып жүрген жандар көп. «Әйтеуір бір баланың иісіне тұшынсам» деген аңсарына жету үшін көбінің бармаған жері, баспаған тауы қалмайды. Кейбіреуі ақыры болмаған соң, үмітін де үзіп жатады. Ал енді біреулер баланы Алладан тілеу керек екенін де білмейді. Баланың болмауы денсаулықтың кінәраты деп ойлап, аурухана жағалайтындар да көп. Әрине, бұл баланы әуелі Алладан тілеп, сосын амалын қылған адам үшін дұрыс қадам. Бірақ, дені-басы сау бола бойына бала бітпей жүргендер де бар емес пе? Демек, мәселе тек денсаулыққа байланысты емес екен. Ұрпақ сүюдің, перзентті болудың да дінімізде жөн-жоралғысы мен хикметі бар. Мұны әркім білген жөн деп санаймыз. Ендеше соны тізіп көрелік:

1. Балалы болу еркек пен әйелдің қолындағы құдірет емес. Ол Алланың жарлығы. Алла қалағанын үбірлі-шүбірлі қылады, қалағанын белсіз, бедеу қылады. Қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала: «Көк пен Жердің иелігі Алланың құдірет қолында. Ол қалағанын жаратады, қалағанына қыз нәсіп етеді, қалағанына ұл. Немесе ұл мен қыздарды жұп-жұбымен береді. Қаласа тумайтын бедеу етіп те қояды. Ол сөзсіз бәрін білуші, бәріне құдіретті» (Шура сүресі, 49-50-аяттар), – дейді. Сондықтан да, бұл да иман мен тәуекелдің талабы. Сол үшін шаңырақ көтеріп, отау тіккен ерлі-зайыптылар балалы болу Алланың әміріндегі дүние екеніне имандай сеніп, Аллаға тәуекел  етуілері керек.

2. Ерлі-зайыптылар жыныстық қатынасқа түсерде Ислам ғалымдарының ұсынған шарттарға сай амал етулері керек. Яғни, жыныстық қатынасқа түспестен бұрын кемінде дәрет алып, арнайы дұғасын оқыған абзал. Дұға: «Бисмилләһи! Аллаһумма жәннибнәш шәйтаанәә уә жәннибнәш шәйтаанәә мәә разәқтәнәә». Мағынасы: «Алланың атымен бастаймын! Аллаһым, бізді шайтаннан және шайтанды бізге нәсіп ететін ұрпағымыздан алыстат!».

3. Әр құлшылық-ғибадатында Алладан салиқалы, саналы, қайырлы ұрпақ тілеу керек. Мол дұға ету қажет. Бұл Пайғамбарлардан қалған ізгі амал. Ибраһим Пайғамбар Алла Тағалаға: «Уа Раббым, маған салиқалылардан болатын бір жақсы ұрпақ бергейсің!» (Саффат сүресі, 100-аят), – деп дұға қылса, Зәкәрия Пайғамбар да Раббына жалбарынып: «Раббым! Маған өз құзырыңнан игі ұрпақ бер. Шүбәсіз Сен дұға-тілекті естушісің» (Әли-Ғимран сүресі, 38-аят), – деп дұға қылған. Алла Тағала екеуіне де Исмаил, Ысқақ және Яхиядай ұл берді. Үшеуі де пайғамбар. Қазақ та ұрпақтың салиқалы, саналы болғанына аса мән берген. Сол себепті: «Иә, Құдайым, бала бер! Бала берсең сана бер! Санасыз болса бергенің, Ретін тауып ала бер!» – деп дұға қылған.

4. Бала болмаған жағдайда үмітсіздікке ұшырамау керек. Өз ағайын-туыстарымның арасында болған бірнеше мысал келтірейін. Бір бөлем бар. Үйленгеннен кейін жеті жылдай балалары болмады. Бармаған жері қалмады. Ақыры ең соңында бөлем қолына тәспісін алып, оразасын ұстап, бар үмітін Аллаға бұрып, дұға-тілеуін қыла бастады. Дұға-тілегімізді естуші Алла көп ұзатпай бірінің артынан бірі екі қыз берді. Аллаға шүкір. Тағы бір мысал, бажамның да үш жылдай баласы болмады. Дәрігерлер қан топтарының сәйкеспейтінін, сондықтан да бала болмау ықтималы басым екенін айтыпты. Соған қарамастан Алла бір бала берді. Баланың атын да көптен бергі армандары болғандықтан Арман қойды. Бұл баланың артынан да тағы егіз бала келді. Аллаға шүкір. Тағы бір бөлем бар еді. Тұрмысқа шыққанына 4 жылдай боп қалды. Содан бері бала жоқ. Ауруханадан аурухана тоздырды, ақшалай да шашылды. Бірақ, еш нәтиже шықпады. Бәрі Алладан екеніне көздері жетті. Қанша тырысқанмен, Алла қаламаса, болмайтын бала болмайды екен. Сол бөлем өткенде қуанышты жаңалығын біреу арқылы айтып жіберіпті. Сөйтсе, бойына бала бітіпті. Аллаға шүкір. Алла салиқалы ұрпақ нәсіп етсін. Міне, осы мысалдардың өзі де жеткілікті секілді.

5. Алла Тағала қылған дұғамызды, тілеген тілегімізді еститініне, қабыл ететініне кәміл сену керек. Бұған қатысты пайғамбарлар қиссасынан мысалдар беруге болады.

  • Ибраһим пайғамбар. Ибраһим пайғамбар мен әйелі Сара анамыз ұзақ уақыттан бері бала көрмейді. Қартайған шағына да келеді. Ақыры Алла Тағала сарғая күткендерін нәсіп етеді. Тіпті, сүйінші айтып періштелер келеді. «Біз саған Алланың білімді бір ұл нәсіп ететінін сүйіншілей келдік», – дейді. Бұған Ибраһим: «Қартайғанда ма сүйінші сұрап тұрсыңдар? Немен қуантпақсыңдар?» – деп таңғалады. «Біз сені шынымен де сүйіншілеп отырмыз. Раббыңның рахымынан үмітіңді үзбе», – дейді (Хижр сүресі, 53-55-аяттар).  Әйелі де күліп жібереді. «Міне қызық, өзім кемпір, күйеуім шал болғанда бала табам ба? Расында мынау таңғаларлық дүние екен?», – дейді Сара анамыз. Періштелер де: «Алланың әміріне таңғаласың ба? Отбасыңа Алланың рахметі, берекеті жаусын! Расында Алла мақтауға, ұлықтауға лайық!» – дейді (Һуд сүресі, 73-аят). Осылайша, Алланың әмірімен Ысқақ пайғамбар дүниеге келеді.
  • Зәкәрия пайғамбар. Зәкәрия пайғамбар да қаншама жыл бойы ұрпақ сүймейді. Бірақ, қартайған шағына келсе де Алладан еш үміт үзбейді, бала сұрап дұға қылады. «Уа, Раббым! Сүйегім қаусап, шашым ағарды. Уа, Раббым, сенен тілеп, саған жалбарынудан үміт үзген емеспін. Шынында мен өз жақындарымның ізімді басатын мұрагер бола алмайтынына алаңдаудамын. Жұбайым да бала көтеруден қалған. Сонда да өз рақымыңмен бір перзент нәсіп ете гөр! Ол маған және Яғқұб әулеттеріне де мұрагер болсын! Раббым, оны ризалығыңа бөлегейсің (Мәриям сүресі, 4-6-аяттар)! Раббым! Маған өз құзырыңнан игі ұрпақ бер. Шүбәсіз Сен дұға-тілекті естушісің (Әли-Ғимран сүресі, 38-аят). Уа, Раббым, мені ұрпақсыз қу бас қалдыра гөрме! Ең жақсы мұрагер өзіңсің! (Әнбия сүресі, 89-сүресі)» – деп жалбарынады. Алла құлының дұғасы қабыл алады. «Ей, Зәкәрия! Біз саған бір бала нәсіп етіп қуантамыз. Оның есімі Яхия болады. Бұрын мұндай есімді ешкімге қойған емеспіз!», – дейді Аллаға Тағала періште арқылы сүйіншілеп. Бұған Ибраһим Пайғамбар мен жұбайы Сара анамыз секілді Зәкәрия да сасып қалады. «Раббым, жұбайым бала көтермейтін кемпір, менің де қартайып қаусаған кезім, сонда қалай балалы болмақпын?», – дейді. Алладан сүйінші сұрай келген періште: «Солай болмақ! Раббың айтты: «Бұл маған оңай, өйткені сен де бұрын жоқ едің, мен сені де жаратып, жоқтан бар қылдым», – дейді (Мәриям сүресі, 8-9 аяттар).

Міне, бұл қиссалар бізге Алланың дұғаны қандай жағдайда болмасын қабыл алатынын және барша нәрсеге құдіреті жететінін көрсетеді. Ал егер қылған дұғалар бұл дүниеде қабыл болмаса, ақыреттің қайыры үшін қалды деп біліңіз. Небір отбасылар бар, үбірлі-шүбірлі болғанымен балалары ата-анасын зар қақсатып жүрген. Ешбірінен бес тиындық қайыры да жоқ балаларының. Мұндай жағдайда сондайларды еске алыңыз. Тіпті, бұған да Қасиетті Құранда мысал бар. Кәһф сүресінде Мұса пайғамбар мен Қызырдың оқиғасын оқыған болсаңыз, Мұса пайғамбар ілім үйрену үшін Алла Тағала тарапынан ілім берілген Қызырды іздеп шығып, тауып, бұл дүниеде жоқ ілімнің сырын үйрену үшін бірге сапарлас болады. Сол сапарда Қызыр өздері отырған бір кеменің түбін теседі, алдынан шыққан кінәсіз бір жас баланы өлтіреді және өздеріне нәр татқызбаған бір ауылдағы екі жетімнің құлағалы тұрған үйін тегін тұрғызып береді. Бұған Мұса пайғамбардың сабыры жетпейді. Сонда Қызыр бұл жасағандарының сырын ашады. Біз оның бәрін тізіп жатпаймыз, қажет болса Кәһф сүресінің 60-82-аяттарынан оқып аларсыз. Біз тек тақырыбымызға қатысты Қызырдың кінәсіз баланы өлтіруінің сырына тоқталамыз. Қызырдың баланы өлтіру себебі, Құранда айтылғандай: «Өлтірілген баланың әке-шешесі мұсылман еді. Ал ол бала ержеткен соң оңбаған кәпір болатындықтан әке-шешесін теріс іске, күпірлікке мәжбүрлейді деп қауіптендік. Сондықтан, Раббыларынан оларға одан гөрі пәк, қайырымды бір перзент нәсіп етуін  тіледік» (Кәһф сүресі, 81-аят). Міне, кейде бізге қайырсыз көрінген дүниелер қайырлы болып шығуы мүмкін екенін Алла Тағала осы бір қисса арқылы ұқтыруда. Мұның бәрі Аллаға ғана мәлім сырлар. Сол себепті, бала жоқ, ұрпақ жоқ деп күпір сөйлемей, бұның да бізге беймәлім бір қайыры, жақсылығы, хикметі бар шығар деп білуіміз керек, солай деп сенуіміз қажет. Қазақтың «бала берсе сана беруін, сана бермесе, ретін тауып ала беруін» тілеуі де осы бір химетті жете ұғынғаны болса керек. 

6. Алланың құдіретіне шек келтірмеу. Алла Тағала үшін мүмкін емес нәрсе мүмкін емес. Не қаласа, қалағанына «бол» деуі ғана жеткілікті. Иса пайғамбардың тууы да бұған дәлел. Мәриям анамызға Жәбірейіл періште адам кейпінде келіп: «Мен саған Раббыңның бір пәк ұл беруі үшін жіберген елшісімін», – дейді. Сонда Мәриям анамыз: «Жаныма жан жуымаған болса әрі арыма дақ жұқтырмаған болсам, қалайша балалы болмақпын?», – дейді (Мәриям сүресі, 19-20-аяттар). Жәбірейіл: «Алла өз қалағанын осылай хикметпен жаратады. Ол бір істің болуын қаласа, «Бол!» дейді, ол да бола қалады», – деп жауап береді (Әли-Ғимран сүресі, 47-аят). Демек, бала көтере алмайсың дегендердің сөзі үмітті үзбесін. Бәрі Алланың қалауында. Мүмкін еместі мүмкін ететін бір Алла. Әкесіз бала бергені де жазулы тұр ғой Құранда.

7. Балалы болған соң шүкір етуді ұмытпау. Бұл Адам атамыздан қалған сүннет. Қасиетті Құранда: «Ол Алла сендері бір жаннан – Адам атадан жаратты. Жұбайы – Хауа ананы құштар болуы үшін өз тегінен жаратты. Ол әйеліне жақындасқаннан кейін әйелі Хауа жеңіл ғана жүкті болды. Сонымен күндер өтіп, аяғы ауырлағанда ол екеуі Раббыларына: «Егер бізге салиқалы перзент нәсіп етсең, әлбетте шүкір етушілерден болар едік», – деп дұға тіледі (Ағраф сүресі, 189-аят). Олай болса, Алла тілеуімізді беріп, шекесі торсықтай бала дүниеге келіп жатса, «шілдехана-бесік той, тұсаукесер сүннет той, ой шіркін-ай» деп жүріп Аллаға шүкір етуді ұмытып кетпейік.

 

Қорытындылай келгенде,

Құдайым әрбір үйге дұға берсін,

Тіл-аузын дұшпанының буа берсін.

Келіндерінің балағынан бала саулап,

Салпы ерін сары балалар туа берсін.

Әумин!

3 пікір