Ана құрсағындағы тәрбие қалай болуы керек?
Ана құрсағындағы тәрбие қалай болуы керек?
8 жыл бұрын 7808
Асылбек ӘУЕЗХАНҰЛЫ

Адам баласының өмірі жатырға түскен сәтінен басталады. Болашақ ұрпағымыз ана құрсағында жатып дамиды, өседі, адам бейнесіне келеді. Сәбидің жатырдағы өмірі де Ислам ілім-білімінің назарынан тыс қалмаған. Құран кәрімде де, хадистерде де адам баласының эмбриологиялық даму кезеңдері өте дәлдікпен суреттелген.

«Мүминун» сүресінің 12-14 аяттарында былай делінген: «Шындығында, біз адам баласын нағыз сүзілген балшықтан жараттық. Сосын оны бір тамшы күйде сенімді, мықты бір жерге (жатырға) орналастырдық. Сосын ол тамшыны ұрықтық қою қанға, содан соң оны мудғаға (бір кесек етке), сосын ол кесек етті сүйектерге айналдырып, сүйектерді етпен қаптадық, Содан соң оны басқа бір жаратылыс еттік. Алла – ең керемет Жаратушы» – деп баяндалады.

Мұсылман ата-ана нәрсетесінің жаратылуы жөнінде анық біліп, толық сенуі керек нәрсе осы. Демек, бала ана құрсағында жатқан кездің өзінде үлкен үрдерістер өтіп жатады. Бұл кезеңдегі ананың әрбір әрекеті баланың жетілуіне, қалыптасуына әсер етеді.

Ғалымдардың білдіруінше, жүктіліктің 28-аптасынан бастап іштегі баланың қабылдау қабілеті артып, тіпті анасы жеген тәттіні сезіп, қуанады екен. Қазақ халқы да келіннің жүктілігі кезінде ауыр зат көтергізбеу, оның көңіліне тиетін сөз айтпау секілді мәселерді сан ғасырдан бері ұстанып келеді. Бұл, әрине, іштегі баланың дұрыс жетілуін тілеуден туған ғұрыптарымыз.

Сондай-ақ аяғы ауыр кезде темекі шеккен әйелдер қылмысқа бейімдеу ұрпақ әкеледі. Себебі, темекінің уы жатырдағы сәбидің миын зақымдайды екен.

Олай болса, тәні сау, жаны ізгі ұрпақ сүйгіміз келсе, бала тәрбиесін анасының жүктілік кезінен бастап, мықтап қолға алуға тиіспіз. Мәселен, әйел адам жүкті кезінде Құранды көбірек тыңдаса, өзі де оны дауыстап оқыса, онда баланың жатырда жатып-ақ Құранмен танысуына жол ашылады. Ал құлшылығын молайтып, дұға жасаса, іштегі сәбиімен бірге жалбарынғандай болады. Әрбір әрекетіне мұқият болып, мұсылмандыққа сай өмір сүрсе, баланың да ертеңгі күні адал, әділ, иманды, талапты, жүрегі-айна, көңілі ояу азамат болып өсуіне септігін тигізеді. Жас нәрестенің мәңгілік қуаныш болатындай өсуіне күш жұмсайды.

Иә, Құранда баланың бұл дүниенің сәні екендігі жайында мынадай аят бар:

«الْمَالُ وَالْبَنُونَ زِينَةُ الْحَيَاةِ الدُّنْيَا وَالْبَاقِيَاتُ الصَّالِحَاتُ خَيْرٌ عِندَ رَبِّكَ ثَوَاباً وَخَيْرٌ أَمَلاً »

«Байлық пен бала-шаға – дүние тіршілігінің сәні. Ал мәңгі қалатын жақсылықтар болса, Раббыңның қасында, табыс жағынан да, үміт тұрғысынан да әлдеқайда жақсырақ» («Кәһф» сүресі, 46-аят)- делінген. Ендеше, Алла тағала көптеген жандарды осы бала-шаға арқылы қуаныш-шаттыққа жеткізеді. Оларды көздің шаттығы, көңілдің қуаты, жүректің азығы етеді. Алайда перзентке жай бір дүние тіршілігіне келетін де кететін, бар болатын да, жоқ болатын уақытша нығмет, әйтеуір бір бұйырғаны болар деп немқұрайлы қарауға болмайды. Керісінше, ұл-қызымыз біз үшін мәңгі қуаныш болатындай, артымыздан Құран бағыштап тұратындай нағыз мұсылман етіп тәрбиелеуіміз керек.

Ал енді ертең балаларымыз Абай айтқандай сәнқой, даңқой, ойнасшы, керім-кербез, маскүнем боп жатса, онда солай өсірген өзімізден өзге ешкімге де өкпелеудің жөні жоқ деп ойлаймын.

Иә, кейде ата-аналар балам қызық емес, күйік болды, туылғанда бір рет қуантып еді, енді артынан мың жылатты деп жатады. Міне, дәл осылай өзегімізді өртейтін өкінішке қалмау үшін бала тәрбиесіне туылмай жатып көңіл бөлу шарт. Баланың анасына мұсылмандықты ұстануды, намазын үзбеуді, Құран оқуды, тек адал ас ішіп-жеуді, т.б. тапсыруымыз керек. 

0 пікір