Ажырасу неден болады?
Ажырасу неден болады?
10 жыл бұрын 8749
Анар Салихова, психолог

Өзгені емес, өзіңді...

Елімізде 2001 жылы әр мың адамнан 6 адам некеге отырып, 2 адам ажырасқан екен. Сол жылдардағы санақ бойынша республика көлемінде жыл сайын 35-40 мыңға жуық неке бұзу тіркелген (Ескі мәлімет. Дегенмен одан кейін мұндай жағдайдың саны артпаса, кемігені шамалы). Өкінішке қарай, қастерлі отбасы сөзінің мән-мазмұны өз тұғырынан түсіп кеткен секілді. Қазақ халқының тарихына, діні мен діліне жат осы көрсеткіштерді азайту мүмкін бе?  Осы сауалды ортаға салайық.

Психологтардың көмегіне жүгінгендердің көбісі өзін емес, өзгені өзгерту қамында жүр. «Күйеуімді қалай ақылға салсам?», «Әйелім сондай түсініксіз...», «анау олай, мынау былай»-деп қынжылады. Әр адам өмірінде басқаларды емес, сол басқа адамдарға, оқиғаларға деген өз  көзқарасын дұрыстау арқылы ғана шын жетістікке қол жеткізіп, бақытты өмір сүре алады. Иә, жанымызға тыным таптырмайтын өзгелер емес, тап өзіміз екен, сондықтан істі өзімізден бастау керек. Әсіресе, өз отбасында әркім өзін түсіністік пен төзімділікке, кешірімді болуға тәрбиелей білуі керек.

 

Шинелістің түп-төркіні

Қазіргі уақытта өмір сүру қажеттіліктерінің артуы мен керекті-керексіз ақпараттар легі, тез даму қарқыны - стресс, депрессия, шаршау-болдыру секілді көріністерді қоса әкелуде. Жағдай түзелсе, отбасы түзелер деген бекер сөз. Адамгершілік пен сүйіспеншілік секілді асқақ сезімдер ғана отбасы берекетін келтіріп, көркейте түседі.  

Адамның басқа бір адаммен бірге тұруы оңай нәрсе емес, бірін-бірі сүйіп  қосылғанмен екі жастың жарасым тауып кетуі әр кезде әрқалай өрбіп жатады. Себебі, жұбайлар жарасымы үшін өмірлік құндылықтар мен ұстанымдардың, мақсат пен мұраттың сәйкестігі олардың бір-біріне деген құштарлық сезімінен кем болмауы керек. Бұл сәйкессіздіктер шинелістердің  бірден-бір себебі болып табылады.

Туысқандармен бірге тұруы жастардың үйлесім табуы тиіс адам санының көбеюі дегенді білдіреді. Жаңылыс-қатеге кешірімді, қамқор жандар жастарға сүйеу болса, кей отбасында керісінше, ұсақ-түйекпен қылаң еткен отқа май құйып, бекіп үлгермеген жастар шаңырағының шайқалуына себеп болуда.

Ерлі-зайыптылардың арасындағы кикілжіңдер адамдардың мінез-құлқының үйлеспеуінен туындайды. Жалпы адамның мінез-құлқы туа біткен және жүре біткен ерекшеліктерден қалыптасады. Ерлі-зайыптылар көбінесе, саналы немесе санасыз түрде, өз әке-шешесінен, айналасынан көргенін қайталауға бейім келеді. 

 

Кім кінәлі?

Бұл түбі жеткізбейтін терең сұрақ. Әр адамның бір сылтауы табылар-ау, бірақ бар мәселе әркімнің өзін-өзі ақтауында. Өзінікі дұрыс болғанмен, басқаларды да ойлап, түсінуге тырысу қажет қой. Өз бойында эмпатия қабілетін (өзіңді басқа біреудің орнына бір сәт қоя білу дегенді білдіреді) дамыту әр адамның өз өмірінің мағынасын, мәні мен сәнін арттырады. Яғни, алдыңдағы адамның ішкі сырын түсінуге жасалған әрекет әркімнің өзі үшін пайдалы болмақ. Бұл сізге ол адамның көзқарасын бөлісуді, тап сол адам секілді ойлауды керек етпейді, бар болғаны бір сәтке өзіңізді сол адамның орнына қойып, ішкі дүниесін сезінуге тырысыңыз. 

Кикілжің көбіне-көп өзімшілдіктен басталады. Жарының шағымы немесе қалауына  уақтылы мән берілмейді де, кейіннен мәселе әбден ушыққан кезде әттең дегізеді. Дүниеде мінсіз адамның жоқ екендігін әсте естен шығармаңыз. Ерлі-зайыптылардың арасында шинеліс шыққан жағдайда оқиғаны екіжақты сараптау керек. Кінәңіз болса, кешірім сұрауды кешіктірмеңіз. Жұбайлар бір-біріне өз мақсатын, ойы мен сезімін әрдайым ашық айтып, бөлісетіндей қарым-қатынасты сақтау қажет. Мінез көрсетіп, қатты сөзге келуді әдетке айналдырып алмаңыз, мұның адамның қадірін кетіріп, отбасының шырқын бұзғаннан басқа пайдасы болмақ емес. Сүйген жарыңыздың кемшіліктерін қазбалағаннан гөрі, жақсылығын, игі істерін жиі ойлап, оны бағалауға тырысып көріңіз.

 

Қызықты күндерден кейін...

Үйленбей тұрғанда әсіресе жігіт жақсы келеді. Ғашығына гүл шоқтары, сыйлық алып, әдемі сөзді үйіп төгеді. Қызға қайта-қайта телефон соғып, екеуі бірге өткізетін уақытты қызықты етуге тырысады. Театрға барғысы келмесе, киноға апарады, шәй ішкісі келмесе кофе алдырады. Қыздың қалауы орындалып, айтқаны болады. Өзінің де көңілі қалаған адам тарапынан осынша мәпеленген қыздың қандай арманы болмақ?

Сөз байласқан екі жастың бір-біріне ұнамды көріну үшін өз кемшіліктерін бүкпелеуге тырысатындары да шындық. Кездескен уақыттарында бой жазып қыдырып, тіршілік қамынан алыстайды. Бұл  жастарды еліктіріп, бір-бірін қайта көруге асық етеді.

Міне осы екі жас той өткен соң, ертегідей сезім құшағынан өмір сергелдеңіне топ ете түседі. Бұрынғы бірге серуендеп, тірлік қамынан алыстатқан адамы енді оны өмір бойы жалғасатын күйбек тірлікке міндеттейді. Осы жауапкершіліктерге дайын болмау, бейімделе алмау немесе қашқақтау алғашқы айларда-ақ наразылықтар тудырып, ұнамсыз жағдайларға апарып соғуы мүмкін.

Тойдан кейін жігіт «бұл да бір біткен іс болды» деп өмірінің басқа бір белесіне сыбана кіріседі. Енді күйеужігіттен гүл шоғы әйелдер күні мен туған күніңізде ғана алынады, ал қыздың қолынан у ішуге дайын жігіттің уақыт өте келе талғампаз отағасына айналуы да ғажап емес.

 

Әйел де, еркек те жылы сөзге зәру

Өмірде әйел мен еркектің атқарар міндеттері бөлек болғандықтан, әрқайсысы әу бастан-ақ өзгеше жаратылған. Сондықтан, жұбайыңыздың әрекеттерін ешқашан өзіңізбен салыстыруға тырыспаңыз. Ер адамның түздегі жауапкершілігі қашан да аз болмаған, ал үйдің ішкі тірлігі әйелге жүктеледі. Қалыптасқан бұл жағдай ер адамның үй шаруасына қамсыздық танытуына себеп болмау керек. Мұхаммед пайғамбардың өзі елге қызмет етумен қатар, отбасын сүюді, бала өсіріп, әйел затын сыйлауды уағыздаған. Отбасының жалпы салауаттылығы әйелдің ақылы мен төзімділігіне көбірек байланысты екені сөзсіз.

Жалпы ер адамдар әйелдерге қарағанда сөзге сараң, әңгімелері қысқа әрі нұсқа келеді, өзін шын мәнінде мазалайтын мәселелерді әйеліне ашып айта алмайды. Әйелдер кейде мұны түсінбей, ерінің өзіне деген ілтипатының азайғанын, көңіл бөлмейтінін ойлап қайғырады. Себебі, әйелдің табиғаты еріне өз проблемаларын айтып, көмек сұрауына кедергі емес, әйел заты оқиғалардан әсерленгіш, сыншыл да міншіл келеді.. Бар нәрсені сөзбен реттеп, орынды жерде орынды лебіздің айтылуына аса мән береді. Бір-екі ауыз жылы сөздің өзі әйелдің көңілін көтеріп, алынған болмашы ғана сыйлық оны балаша қуантуы мүмкін. Кейде сыйлықтың бағасы мен көлемінің өзіне сай болуын талап етуі де ғажап емес, себебі, әйел үшін ерінің оған қаншалықты көңіл бөліп, бағалайтындығының көрсеткіші десек те болады.

Аз немесе көп сөйлеудегі айырмашылық секілді, сөздің мағынасында да үлкен мән бар. Ер адам сөздерді тура мағынада қолданса, әйелдер көбінесе астарлап сөйлегенді ұнатады. Мысалы, әйелдер шаршап келген күйеуінен, маған бірдеңені меңзеп отыр ма, «не болды?» деп сұрағыштай береді. Өйткені, әйел өз шағымын көбінесе тікелей айтпайды, көңілі толмағансып отырса, айтары бар болуы керек. Бұндай кездері күйеуі «не болды?» деп сұраса, «ешнәрсе, шаршадым» деуі мүмкін. Ер адам шаршаған кезде өзін ешкімнің мазалағанын қаламағандықтан мазаламайын деп ойлайды. Ал әйел «менімен сөйлескің келмеді, жылы сөзбен көңілімді таппадың,» деп, одан сайын ашуланады. Жалпы әйелдерді түсіну күрделірек, еркектерге қарағанда сақ келеді.

Адам өз жарының тілін түсінуі үшін оны жақсы тануы керек. Бақылай-барлай білетін, эмпатия қабілеті жоғары адамға аса қиын емес.

Ер адам күні бойы «жұмыс бітсе, үйде дәмді тамақтанып, рахаттанып теледидар алдында бір тынығармын-ау» деп жүреді. Әйел де үйдің бітпейтін тірлігінен демалғысы, бір уақыт сейілгісі келеді. Екеуі де бір-бірінен қолдау күтеді, бір-бірінің көңілін тапқанын қалайды. Міне, осыдан «мені бір күн шаршамай, күліп қарсы алсаң не етеді?» деп шүйліккен еріне, әйелі «менің үйдегі еңбегімді елемейсің!» деп шағымданады. Негізінде «шаршап жүрсің-ау, мен сені түсінемін» деген екі ауыз сөз әрі қарай диалогты ғана емес, қарым-қатынасты нығайтып, бірлікті күшейтеді. Бар мәселе соны уақтылы айта білу, бірін-бірі бағалайтынын жеткізе білуде десек те болады.

1 пікір