Әйелі күйеуінің рұқсатынсыз өзінің дүниесінен садақа бере ала ма?
Әйелі күйеуінің рұқсатынсыз өзінің дүниесінен садақа бере ала ма?
4 жыл бұрын 6792
Хамза Мұхаммед Қасым
Мүміндердің анасы және Пайғамбарымыздың (с.а.у.) жұбайы Мәймүнә бинт әл-Хәристан (р.а.) жеткен хадисте, Ол (Мәймүнә) Алла елшісінен рұқсат сұрамастан бір күң әйелге азаттық береді. Содан, Мәймунаның Пайғамбар келетін күнінің кезегі келген кезде, Ол (Мәймүнә): «Уа, Расулалла! Байқадың ба, мен өзімнің күңімді азат еттім», - деп айтады. «Шыннан солай істедің бе?» - деп Алла елшісі сұрағанда, ол: «Иә», - деп жауап береді. Сонда Пайғамбарымыз оған: «Әйтсе де, сен оны нағашыларыңа бергеніңде, сен үшін сауабы көбірек болар еді», - дейді.  («Сахих Бұхари». №714 хадис).  

Хадистің түсіндірмесі:

Мүміндердің анасы Мәймүнә (радияллаһу анһа) күйеуі Мұхаммед райғамбарды хабардар етпестен және оның рұқсатын алмастан өзінің меншігіндегі күңге азаттығын береді. Мәймүнәнің үйінде қону кезегі келген күні Алла елшісі келгенде, ол оған: «Байқадың ба, мен күңімді азат еттім» дейді. Алла елшісі болса: «Расында солай еттің бе?» - деп сұрайды. Яғни, Мәймуна: «білдің бе, мен күңіме азаттық бердім» дегенде, Ол (с.а.у.): «Оны азат еттің бе?» - деп сұрағанымен, жұбайының Оның рұқсатынсыз азаттық еткендігіне қарсылық танытпаған. Жай ғана: «Әйтсе де, сен оны нағашыларыңа бергеніңде, сен үшін сауабы көбірек болар еді» деген. Бұл сөйлемнің мағынасы : Жақсы істепсің. Әйткенмен, сен оны Һиләл руынан болған нағашыларыңа сыйлағаныңда ол сен үшін абзалырақ және сауап тұрғысынан көбірек болар еді. Өйткені, онда туыстық байланыс бар дегенді білдіреді.

Хадистен алынатын үкімдер:

  1. Әйел кісі, егер ақыл тоқтатқан, оңды-солын жақсы білетін халде болса, өзінің жеке дүниесінен күйеуінің рұқсатынсыз жұмсауына құқылы (садақа беруіне, біреуге көмек ретінде ақша беруге, қарыз беруге, сыйлық беруге т.б.). Өйткені, мүміндердің анасы Мәймүнә күйеуі болып табылатын Алла елшісінен рұқсат сұрамастан және оны хабардар етпестен меншігіндегі күңін азат етіп, сауапты іс істеген. Онысына Алла елшісі: «Оны нағашыларыңа бергеніңде сен үшін сауабы көбірек болар еді» деді. Бұл сөзі – егер ол (Мәймуна) күңін күйеуінің рұқсатынсыз әлдебіреуге берсе де, оның еш ағаттығы болмас еді дегенді білдіреді. (Яғни, әйел баласы күйеуінен рұқсат сұрамай өзінің дүниесінен кімге берем десе де, өз еркі. Күйеуінен рұқсат сұрамағаны үшін күнәһар болмайды). Бұл Ислам ғалымдардың басым көпшілігінің ұстанымы, тек Имам Мәлик бұл мәлесеге қатысты: «Әйел кісі күйеуінің рұқсатынсыз өз дүниесінің үштен бірін ғана еркін жұмсай алады (қалғанына рұқсаты керек)» деп пікір білдірген. (Бірақ, көпшілік мәзһаб ғұламалары олай демейді, әйел кісі өзінің жеке дүниесінен кімге берем десе де ерікті).
  2. Күйеуі әйеліне және әйелі күйеуіне өз дүниесінен бере алады. Онысы дұрыс әрі біткен іс болмақ. Одан кейін берген нәрсесін (күйеуі болсын, әйелі болсын) қайтарып алуына рұқсат жоқ. Бұл көпшілік ғұламалардың тоқтамы. Ал Имам Мәліктің сөзіне қарағанда: Әйел кісі, егер  күйеуі алдап алды немесе беруге мәжбүрледі деп дауласа, онда күйеуіне берген дүниесін қайтарып алуына құқылы... 
  3. Әйелі күйеуінің хабарынсыз өзінің жеке дүниесінен жақындарына сыйлық ретінде болсын, жәрдем ретінде болсын беруі күнә емес.

Түйін:

Әйел адам күйеуінен рұқсат сұрамастан өзінің жеке дүниесінен садақа беруіне немесе өзгеге сыйлық беруіне құқылы. Ол үшін арнайы ерінен рұқсат сұрауы шарт емес. (Бірақ, күйеуінің дүниесін берерде оның рұқсаты керек).

 «Мәнаруль Қари Шарху Мұхтасари Сахихиль Бұхари» атты кітаптан.
Араб тілінен ықшамдап аударған: Нұғман Тұрғын

0 пікір