Уағыз-насихат айту арқылы адамдарды күнә істерден қойдырып, сауапты істерге ынталандырудың - дінімізде алар орны ерекше. Қазақ халқы да ертеден бері айтатыныдай қоғамға «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» керек-ақ. Онсыз адам баласы бетімен кетері шындық. Теріс кетіп бара жатқанда «әй, оның қате, айналайын, былай жүр!» дейтін ескертушілердің болуы ләзім-ақ, әсіресе, азғындық белең алып тұрған бұ заманда, мұсылман уағызшы мамандардың мұсылман қоғамы үшін зәрулігі бары рас. Қасиетті Құранның қасиетті аятында: «Араларыңда ізгілікке шақыратын және жақсылықты бұйырып, жамандықтан тыйятын бір топ болсын! Міне, солар құтылғандар!» деп бұйырады. («Әли Имран» сүресі, 104 аят). Басқа бір аятта: «Ескерт! Шынында ескерту мүминдерге пайдалы» деп айтылған. Әйтсе де "біздерге айту ғана парыз, ал адамды тура жолға салу ісі - Құдайға тән!" екенін де Алла Тағала бірнеше аятында еске салады.
Әр нәрсенің өзіндік жолы болатыны секілді, мұндай өте жауапты істің де өзіндік ереже-қағидаттары мен әдіс-тәсілдері бары сөзсіз. Уағыз айтудың ережесі мен әдіс-тәсілдері - әуелі қасиетті Құран Кәрімнің аяттарында, екіншіден - Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадистері мен өмірбаянында, одан қала берді, сахабалар мен тәбиғиндердің тұрмыш-тіршіліктері жазылған кітаптарда ашық және анық көрсетілген. Тіпті, ол аз десеңіз, қазіргі біраз елдердегі Ислами жоғарғы оқу орындарында арнайы «дағуат усулі» (уағыз айту әдістемесі) деген де пән ашылған. Бұл пәнде Ислам дінін уағыздау әдіс-тәсілдерімен бірге, уағыз айту мәдениетін де қоса үйретеді. Ол ол ма, «шариғат мақсаттары» («мақосидуш шәриъа»), «шариғат саясаты» («саясатуш шариға» біз белітін саясат мағынасында емес) деген де пәндер бар. Бұлардың бәрі уағызшының дінді дұрыс түсініп, оның жан-жақты қыр-сырын және діннің көздеген негізгі мақсатын меңгеруге көмекші.
Мұны неге жазып отырмын?
Түнеу күні бір уағыз естіп қалдым. Біздің бір уағызшы жігітіміз уағыз айтып отырып, дінге келінкіремейтін және арты діннен суытуға алып келетін кеңесті алдында отырған жастарға айтып жатыр екен. Айтқан сөзінен діннен алыстау адам тұрмақ, өмірі дін оқып келе жатқан адамның өзі шошиды. Мысалы, әлгі жігіт сол жердегі жастарға діннің бір бұйрығын орындатамын деп тұрып, діннің басқа бір бұйрығына зақым келтіріп тұрғанын өзі де білмей тұр. Ол дұрыс тірлік емес. Ол уағызшының біліксіздігін көрсетеді.
"Уағыз айту мәдениеді" деген бар. Соны ұмытпау керек. Мен уағызшы жігіттерді сыйлаймын, олар - қоғамға зәру жандар. Бірақ, әр нәрсенің жолы бар. Уағыз айтудың да жолы бар. Діннің атынан сөйлеп тұрғаннан кейін, әрбір айтар сөздің тудырар нәтижесін ойлап сөйлеу керек. Ақиқатты тіке айтудың жөні осы екен деп ойға келгенді және ауызға келгенді айта салған жөн емес. Олай болған жағдайда, дінге шақырамын деп, керісінше діннен жирендіріп аласыздар. Ал хадисте «Лә тунәффиру (ولا تُنفروا)!» дейді. Яғни, жирендірмеңдер деген.
Сондықтан да, Уағыз айтқанда ақыл мен мәдениеттілікті ұмытпасақ дегім келеді. Қасиетті Құранда Жаратушымыз Құдай Тағала: «Алла жолына даналықпен және көркем уағызбен шақыр!..»1 - деп бекер бұйырмайды. Бұл дегеніміз, уағыз айтқанда:
- Ең бірінші - даналық болу керек, яғни, білім мен ақылдылық;
- Екінші - көркемдік болу керек, яғни, мәдениет.
Уағызшы адам «криминалды авторитет» емес қой, қалай болса, солай сөйлеп отыратын! Уағыз айтатын адамда "Усуәтун Хасана" сипаты болмағы керек, яғни, "көркем өнеге". Осыған арнайы "дағуат усүлі" деген сала бар, «уағыз айту әдістемесі». Уағызшы кісілер сол саланы бір оқып шыққандары дұрыс деп есептеймін.
Рас, ақиқат пен шындық айтылу керек, тіпті кейде шындықты тіке айту да қажет, бірақ жирендірмей, мәдениеттілікпен айтып үйрену керек. Бұған, жоғарыда айтқанымдай ардақты Пайғамбарымыз мен Оның сахабаларының өмірбаяны дәлел.
Қорыта айтқанда, уағызшы бауырлар, уағыз айту мәдениетін ұмытпасаңыздар! Кейбір айтып жатқан сөздеріңіз дінге зиянды болып жатыр! Уағыз айту деген ойға келгенді (кешіріңіздер) сапыра беру деген сөз емес. Кейбір уағыздарыңыз діннен суытуда. Отыз жылда қасықтап жинаған діннің абыройын, шелектеп төкпейік!
Уағыз айтарда жоғарыда айтқан екі насс (аят-хадис) қағидаларыңыз болсын, дәлірек айтқанда:
- 1) Діннен жирендірмеу.
- 2) Даналық, яғни, біліктілік пен ақыл-парасаттылық.
- 3) Және көркемдік, яғни, мәдениеттілік. Мен осы үш құндылықты «уағыз айту мәдениеті» деймін.
Назарларыңызға рақмет! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!
1Аят толығымен: «ٱدْعُ إِلَىٰ سَبِيلِ رَبِّكَ بِٱلْحِكْمَةِ وَٱلْمَوْعِظَةِ ٱلْحَسَنَةِ ۖ وَجَٰدِلْهُم بِٱلَّتِى هِىَ أَحْسَنُ ۚ إِنَّ رَبَّكَ هُوَ أَعْلَمُ بِمَن ضَلَّ عَن سَبِيلِهِۦ ۖ وَهُوَ أَعْلَمُ بِٱلْمُهْتَدِينَ - Алла жолына даналықпен және көркем уағызбен шақыр! Әрідесе, олармен ең көркем түрде талас. Шынында сенің Раббың кім жолынан адасқанын жақсы біледі және ол тура жолдағыларды да жақсы біледі!» («Ән-Нәхл» сүресі, 125 аят).