Тәубенің төрт рүкні (шарты)
Тәубенің төрт рүкні (шарты)
4 жыл бұрын 12617

Пенде болғаннан кейін күнә жасап қоятын кездеріміз болуы мүмкін. Бірақ, артынша өкініп, ол ісімізге Алладан кешірім сұрап, тәубе етіп жатамыз. Тәубе етудің дініміздегі орны ерекше, өте маңызды іс әрекет. Мысалы, күнәсіна тәубе етпей жан тәсілім еткен мұсылманға қарағанда, өлмей тұрып тәубе етіп үлгерген мұсылманның о дүниедегі сұрағы жеңілірек, Алланың рахымына бөлену мүмкіндігі көбірек. Сондықтан да, дініміз күнә істеген пендеге тәубе етуін еске салып отырады. Тіпті, егер, тәубе етіп, дұрысталса, ізгі істер істей бастаса, Алла Тағала оның жамандықтарын жақсылыққа ауыстырып қоятындығын уәде еткен. («Фұрқан» сүресі, 70 аят).

Тәубеміздің қабыл болуы – бәріміздің қалауымыз. Осыған орай, Ислам ғалымдары қасиетті аят-и кәрима мен хадис-и шәрифтерде айтылған дүниелерді назарда ұстай отырып тәубенің қабыл болуы үшін бірқатар шарттарды реттеген. Ол шарттарды «Тәубенің шарттары» немесе «Тәубенің рүкні», яки, "тәубенің әдебі" деп атаймыз.

Осы тұрғыда Әзіреті Имам Нәбәуи (м. 1233-1277 ж.) рахимаһуллаһ былай дейді:

"Тәубе сөзінің тілдік мағынасы «қайту», «оралу» дегенді білдіреді. Осыған қарағанда, тәубе дегеніміз «күнәдан қайту» дегенді білдірмек. Ендеше, күнәдан қайтудың, яғни, тәубенің үш шарты бар:

  1. Күнәсін тәрк етіп, оны істемеу
  2. Істеген күнәсіна өкініш білдіру.
  3. Ендігәрі ол күнәға жоламауға белді бекем буу".

Имам Нәуәуи аталмыш үш шартқа тағы бір шарт қосып, оны төртке шығарған:  

«Егер, өкініш білдірген күнәсі – әлдебіреудің ақысына кіру болса, онда тәубесінің қабыл болуы үшін төртінші рүкні тағы бар, ол – ақысына кірген адамынан кешірім сұрау, онымен халалдасу», - дейді ғұлама.

Имам Нәуәуи тәубенің қабыл болуына қатысты мынадай қымбат мәліметтерді беріп өткен:

«Тәубенің негізі – өкініш. Күнәсіна өкіну – тәубенің ең үлкен рүкнін құрайды. Ислам ғалымдары күнәнің қай-қайсысына болмасын тәубе етудің уәжіп екендігін бір ауыздан айтқан. Мейлі үлкен күнә болсын, мейлі кіші күнә болсын, айырмашылық жоқ (істеген адам ол үшін тәубе жасауы керек). Және де тәубені күнә істер-істемес, бірден жасауы керек, кейінге қалдырмауы ләзім. Тәубе ету -  Исламның ең маңызды іргелі-негіздерінің бірі болып табылады. Әһлу сүннет уәл жамағат сенімінше (сүнниттер бойынша), тәубе ету – күнә жасаған пендеге шариғи тұрғыда уәжіп болса, Мұғтәзилия ағымы оны «ақли тұрғыда уәжіп» деген.

Әһли сүннет сенімі бойынша, тәубе барлық шарттарына сай орындалса да, Алла оның тәубесін қабыл етуге міндетті емес. Бірақ, Алла Тағала өзінің тәууәбур рахим сипатына сай, мейірім білдіріп, пенденің жасаған тәубесін қабыл ететіндігі үміт етіледі.  

Осы тұрғыда, пенде тәубе еткен күнәсін еске алған жағдайда, тәубесін жаңалау керек пе? – дегенге, Әһли суннет ғалымдары ихтиләф еткен. Ибнуль Әнуар: «Тәубені жаңалау уәжіп», десе, Имам Харамайн «уәжіп емес» деген.

Сондай-ақ, әлдекім басқа бір күнәға барып қойса да, бұрынғы күнәсіна жасаған тәубесі дұрыс саналады. (Басқа күнәға барды деп, мына күнәсіна жасаған тәубесі саналмайды емес).

Және де әлдебір мұсылман күнә істеп, артынан шарттарына сай тәубе етсе, бірақ кейінірек ол күнәға қайта барып қойса, бұнысы (жаңа, екінші) басқа бір күнә ретінде жазылады. Оның бұрыңғы тәубесі жойылмайды (ол кезде жасаған тәубесі қабыл болады, ал мына ісіне бөлек тәубе етуі керек).

Осы орайда айта кету керек: кәпірдің тәубесі, яғни, мұсылман болуындағы тәубесі – сөзсіз қабыл болады. Ал, пенденің өзге күнәларына өкініп, жасаған тәубесі міндетті түрде қабыл бола ма, жоқ па, ол жөнінде Әһли сүннет ғалымдары екі ұдай пікір білдірген: Имамуль Харамейн бұған қатысты «занни» (нақты емес) деген. (яғни, кейбір ғалымдар «тәубе сөзсіз қабыл болады» десе, кейбір ғалымдар қабыл болуы да мүмкін, болмауы да мүмкін, деп үміт пен қорқыныш арасында болуды жөн санаған)...

Алла Тағала ғапылдықтан сақтап, істеген күнәларымызға тәубе етуімізді жазсын және жасаған тәубелерімізді дер кезінде қабыл етсін! 

А. Қасым

0 пікір