Құран Кәрім алғаш түскен күннен бастап бүгінге дейін бастапқы қалпына сызат түсірілмей, тап-таза күйінде сақтала білген жалғыз киелі кітап болып саналады. Құранның көздің қарашығындай қорғалып, сақталуының бірден-бір себебі, оның тікелей Алла Тағаланың қорғауында болуынан деп білеміз. Мұсылмандар Исламның ақ таңы атқан алғашқы күндерден бастап-ақ, Құранды түсіну үшін барлық күш-жігерін жұмсады. Олар Құранның тылсым сырларын ең алдымен Құранның жер бетіндегі ең басты жаршысы саналатын Хазірет Пайғамбардан (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) сұрай отырып үйренді. Кейіннен келген ұрпақтар Құранды сахабалардан сұрап үйренді. Одан кейінгі ұрпақтар Құранды сахабалардың көзін көргендерден сұрап үйренетін. Ал енді одан кейінгі ұрпақтар ілімге өз беттерімен ден қойып, барлық жәйтке өз беттерінше тереңнен ой салатын, дәрістер тыңдау арқылы Құранның тылсым дүниесін тануға талпынатын. Осылайша ғасырлар өте келе Құранды түсінудің, нақтырақ айтқанда оны тәпсірлеудің методологиясы да өзгерді. Исламның алғашқы дәуірлерінен бастап күні бүгінге дейін «бәләғат» (көркем сөз өнері), әдеп, нахив (сөйлем құрылысын зерттейтін ілім), фиқһ, мәзхәб, философия, тасаууыф (сопылық ілім) және басқа да көптеген ілім салаларын қамтитын тәпсірлер пайда болды. Мұндай кітаптарда Құранды тәпсірлеудің түрлі методологиясы басшылыққа алынып отырды. Тәпсірлердің баршасының ортақ мақсаты – Құранның мән-мағынасын ашу. Сонымен қатар – қоғам мен адам өмірінің жол көрсетуші темірқазығы болу үшін түсірілген Құранды барша жан түгел түсінетіндей мүмкіндік жасау. Оның кейбір мағыналық тереңдікетіне бойлай отырып астарлы мәнін ашу болатын.
І. ТӘПСІР ТАРИХЫНА ҚЫСҚАША ШОЛУ
А. Тәпсірдің терминдік мағынасы Ғалымдар терминология тұрғысынан тәпсірге қатысты түрлі сипаттама береді. Мәселен, Әл-Хулидің ойынша: «Тәпсір – Аллаһ Тағала сөзінің түсіндірмесі» немесе «Тәпсір – Құран сөздерінің және мағынасының түсіндірмесі» болып табылады (Әл-Хули, 1995, 13). Басқа бір ғалымның ойынша: «Тәпсір – адамның білімі мен арапшаға жетіктігі арқылы Құран мәтінінің мағынасын түсіндіретін ілім» болып табылады (Катип Челеби, 1971-72, 1/427). Ал енді тәпсірдің ғалымдар арасында ең көп қолданылатын мағынасы мынадай: «Құран Кәрімнің мағынасын табу, Құрандағы мағынасы күрделі және түсінікке ауыр келетін тұстарының түпкі мәнін ашу, нені меңзегенін тауып, түсіндіру болып табылады» (Лисанул-Арап; Таджул-Арус, Зәркәши 1972, 2/147; Зәркәни, 1/471). Алайда, дәл осындай тәпсірлеу тәсілі тек Құранға ғана қатысты емес, мұндай тәсіл ғылыми, әдеби және философиялық еңбектердің түсіндірмесін жасау мақсатында да қолданылады. Тіл және сөз ілімі білгірлерінің ойынша тәпсір - мағынасы түсінікке ауыр немесе астарлы сөздерді қысқа әрі нұсқа күйде күрмеуін тарқатып түсінікті ету дегенге саяды (Тәхауани, 1984, 2/1115-1116). Әл-Бәйумидің ойынша тәпсір – адам баласының шамасы жеткенінше Құран Кәрімдегі Алла Тағаланың мақсат-мұратының не екендігін зерттеп-зерделейтін ілім (Әл-Бәйуми, 3/4). Тәпсір ілімінің зерттейтін тақырыбы түгелдей Құранның аяттары. Бұл ілімнің мақсаты – екі дүниеде бірдей адамдардың амандық пен бақытқа қол жеткізуін қамтамасыз ету. Аллаһ Тағаланың кітабы Құран Кәрімді Оның айтпақ болған мақсат-мұратына барынша жақын тұрғыдан түсіну, түсіндіру. Осылайша дәл нәтиже шығаруға күш салу болып табылады. Ә. Құран Кәрімнің тәпсіріне деген қажеттілік Құран Кәрім «мағынасы айқын арап тілінде» («Шуара» сүресі, 195-аят) Хақ Тағала тарапынан Пайғамбарымызға (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) уахи арқылы түсірілген кітап. Құран түскен ғасырда өмір сүрген араптардың ойды көркемдеп жеткізу және көркем сөз қалыптары бұзылмағандықтан Құранды жақсы түсінді. Сол кездің араптары Құранның кейбір аяттарының сөздік мағынасын білсе де, түпкілікті мағынасын түсінбейтін кездері де болып тұратын. Хадистерді жіті зерделей отырып Құранның қандай да бір тұсын түсінбеген сахабаның сол аятты тікелей Пайғамбарымыздан немесе ғалым сахабалардан сұрай отырып, көкейдегі сауалдарына жауап тапқанын байқауға болады. Бір жақтан «муташәбих»[1] аяттар, енді бір жақтан арап әліпбиінің сол кезеңдегі үлкен кемшілігі болып саналатын харәкә[2] және нүктенің жоқтығы, мұнымен қоса түрлі қырағат[3] үлгілерінің болуы Құран Кәрімнің кейбір тұстарын тәпсірлеуді қажет етті (Окич, 1995, 144-145). Құран мүминдердің жеке және қоғамдық өмірін реттеу мақсатында шариғат үкімдерін бекіткен. Осы үкімдерді «истинбат»[4] жасау үшін тек арапшаны білу жеткілікті емес. Құранда көптеген мутәшәбих аяттар, құпия қалдырылған жайлар, нақты жағдайға қарай түсіндірме жасауды қажет ететін жалпы үкімдер бар. Осындай аяттарды дұрыс әрі толықтай түсіну үшін осы салада нағыз білгір әрі ілім иесі болу қажет еді. Күллі жаратылыс туралы сыр шерттетін Құран Кәрім сынды ұлы кітапты барлық жанның оп-оңай түсініп, әр жақты қырларын жетік білуі мүмкін емес. Осы тұрғыдан алғанда Құранды ең жақсы түсінген ұрпақ сахабалар болғанымен олардың өз арасында да Құран ілімі тұрғысынан түрлі деңгейдегі жандар бар еді. Сахабалардың Құранға қатысты ілім деңгейлері әрқилы болды. Бұл көбінесе олардың Құранның терең сырларын зерттеп-зерделеу, пайғамбарымыздан ілім үйрену, ақылға салып ойлану, арап тілі мен поэзиясын жетік меңгеру, тарих білімінің тереңдігіне қарай айқындалды. Құранды жетік білді дегеннің өзінде ең алдыңғы қатарлы сахабалардың өзінің түсіне бермейтін аяттары бар еді. Міне, осы себептен де Құранға түсіндірме жасауға деген қажеттілік туындады (Йылдырым, 1983,17-20). Ислам діні тек бір дәуірге, бір ұлтқа ғана арналмаған. Ол барша дәуірдің адамдарына, болашақ ұрпақтар мен түрлі ұлт пен ұлысқа, күллі адамзатқа келген ұлы дін. Сондықтан да, Құранның мағынасын әрбір мұсылманның тереңнен ұғынып, оны жеке және қоғамдық өмірде тікелей іске асыруы қастерлі борыш болып саналады. Құранды түсініп, оны іске асыру үшін оның тәпсіріне қажеттілік болатыны заңды. Осы себептен, Құран Кәрімнің тереңнен пайымдалуы үшін терең ілім иесі, білікті ғалымдар тарапынан дайындалатын тәпсірлерге қажеттілік болды (Билмен, 1973, 1/105-107).
Б. Ардақты Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Құранды тәпсірлеуі Аллаһ Тағала шексіз рақымы және терең хикметімен Құранды уахи арқылы түсірді. Ал уахиді алған Пайғамбардың осынау ұлы ақиқатты паш етіп, жариялағанын қалады. Сондықтан да, Аллаһ Тағаланың кітабының мағынасын, ондағы үкімдерді тікелей Пайғамбардың түсіндіруі қажет еді. Құран Кәрімнің ақиқаттарын адамдарға ең тамаша үйрететін де, түсіндіретін де Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) нақ өзі. Пайғамбардың түсіндірмелері Құран тәпсірінің мәйегі және негізі. Өйткені, әуелде уахи арқылы тікелей Пайғамбарға түсірілген. Адамдар арасында Құранды ең жетік білетін еш күмәнсіз пайғамбар. Осы тұрғыдан Пайғамбар ең негізгі Құран үйретуші болды және бұл Оның басты міндеті еді. Осы жағдай Құран аяттарында да анық баяндалған («Маида» сүресі, 67-аят; «Нахыл» сүресі, 44-аят; «Ниса» сүресі, 105-аят). Енді ардақты Пайғамбарымыздың тәпсірінің ерекшелігі туралы айталық. Ардақты Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) тәпсірінде • Құранның «мужмәл»[5] аяттарын егжей-тегжейлі түсіндіру, • жалпыға ортақ үкімдерді жеке жағдаймен байланыстырып, жалқылап түсіндіру, • күрделі, түсінікке ауыр түйіндерінің күрмеуін ағыта отырып, ашып түсіндіру, • күшін жойған үкімдерді айқындап алу, • астарлы күйдегі үкімдердің мағынасын түсіндіру, • тылсым, жұмбақ сөздердің мағынасын баяндап сипаттау арқылы мәнін айқындау, • әдеби ерекшеліктерін түсіндіріп, бір сөзбен көп мағына білдіретін аяттардың мақсат-мұратын табу сынды көптеген мәселелердің байлауы тарқатылды (Йылдырым, 1983, 31). «Ахкам» деп аталатын Құран Кәрімдегі үкімдерді бекітетін мән-жайлар, ақыреттегі жағдай туралы хабар беретін «ахбар» мәселелер Құранда түсіндіріліп жатпайды. Міне, осындай аяттардың тәпсірін жасайтын Пайғамбарымыз. «Біз саған Құранды түсірдік. Осылайша, адамдарға өздеріне не түсірілгенін ашық айтып түсіндіресің» («Нахыл» сүресі, 44-аят) деген аятта да қасиетті Пайғамбарымызға Құранды түсіндіру міндеті жүктелгені анық айтылған. Пайғамбардың Құранды тәпсірлеуі Оның (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) айтқан сөздері, хал-күйі, іс-әректетері және құптап-құптамаған мәселелері арқылы жүзеге асты. Құрандағы үкімдердің көпшілігі жалпылама мәнге ие болғандықтан сол үкімдерді мәнін ашып түсіндіру үшін әрқашан Пайғамбар сүннетіне қажеттілік туындайды. Сондықтан да, Пайғамбар сүннеті Ислам құқығының екінші қайнар бастауы болып саналады (Жәррахоғлу, 1/46-47). Аллаһ Расулының Құранды тәпсірлегенін түрлі хадис жинақтарындағы риуаяттардан біле аламыз. Пайғамбардың осындай тәпсірі хадис жинақтарының «Китабут-тәфсир» деген бөлімін құрайды.
В. Сахабалар дәуіріндегі тәпсір Хазірет Пайғамбардан кейін тәпсір саласында ең маңызды рөлді сахабалар атқарды. Сахабалар өздерінің сарқылмайтын иман күшімен болған оқиғалардың баршасын иманға толы дүниетаным елегінен өткізе отырып, уахидің түсу себептерін дәл білгендіктен Құранды ең жақсы түсінген ұрпақ болып саналды. Исламның ең алғашқы кезеңінде ардақты Пайғамбарымызға жолдас болған сахабалар қауымы Пайғамбардан (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) үнемі имандарына нәр беретін рухани қуат алып отыратын. Олар Құран мен пайғамбардың әмірлерін бұлжытпай орындап, ардақты Пайғамбарымыздан Құранның тұңғиық тылсым сырларын үйренді. Үйреніп қана қоймай Құранның ұлы ақиқаттарын өз өмірлерімен біте қайнастыра білді. Олар үйренген әрбір аяты мен сүресін ішкі дүниетанымы мен санасына сіңдірмейінше келесі бір аят немесе сүрені үйренуге кіріспейтін еді (Жәррахоғлу, 1962, 9/34-36). Дегенмен, барлық сахаба Құранды түсінуде бірдей деңгейде болмаған. Сахабалардың Құран туралы ілімінің тереңдігі белгілі бір деңгейде олардың білімділігімен, арап тілі мен әдебиетіне жетіктігімен, ардақты Пайғамбарымыздың жанында көбірек уақыт өткізуімен өлшенді. Сондықтан да, сахабалар арасындағы ең білімді, ең сауаттылары ғана тәпсір ісімен айналысты (Окич, 1995, 145). Сахабалар Құран аяттарын тәпсірлегенде алдымен Құранның өзіне, сонан соң ардақты Пайғамбарымыздан естіп-білген, көріп көкейге түйген жайларды қарастыратын. Қандайда бір мәселеге байланысты Құран аяты немесе Пайғамбар хадисі болса ол мәселе туралы ештеме айтпайтын. Дегенмен, Құран аяттарын тәпсірлеуге қажеттілік туындағанда «рей»[6] немесе «ижтихад»[7] жасайтын еді. Сахабалар көбінесе, аяттардың түсу себептерін түсіндіре отырып тәпсір жасады. Ижтихад арқылы тәпсір жасауда мәселенің тілдік және діни қырына баса назар аударды. Сахабалар мағынасы күрделі аяттарды тәпсірлеу үшін басқа да түрлі тәсілдер қолдана отырып, өз пікірлерін білдіріп отырған. Сахабалар арасында Құран тәпсірі бойынша ең көп риуаят жасаған және осы салада танымал болған мына кісілерді атап өткен жөн: Али ибн Әбу-Талиб (660 қ.б.); Абдуллаһ ибн Мәсғуд (652 қ.б.); Убәи ибн Кааб (640 қ.б.); Абдуллаһ ибн Аббас (687 қ.б.); Әбу Мусал Әшғари (664 қ.б.); Зәйд ибн Сабит (665 қ.б.); Абдуллаһ ибн Зубәйр (692 қ.б.). (Сонымен қатар қараңыз: Зәхәби, 1/57/59; Жәррахоғлу, 1/69-75, 86-90).
Г. Табиғиндар дәуірінде тәпсір Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) дәуірі оның артынан төрт халифаның дәуірінде Ислам діні жеңістен жеңіске жете отырып, арап түбегінен асып алыс аймақтарға жайыла бастады. Жеңіспен алынған әрбір аймаққа Ислам дінін үйрету үшін мұғалімдер, тәртіпті қамтамасыз ету үшін әкімдер тағайындалды. Түрлі қалаларға тараған ғалым сахабалар сол жерде ілім үйрету қызметін бастап жіберетін. Ислам діні үстемдік құрған аймақта ғалым сахабалар айналасына шоғырланған табиғиндардан[8] дәріс алқасын қалыптастыратын. Олар шәкірттеріне Құранды үйретумен қатар ардақты пайғамбарымыздан үйренген тәпсірді де айтып жеткізді. Ислам дінінің жылдам жайылуымен бірге осы кезеңде мұсылмандар арасында қарама-қайшылықтар, жекелеген топтар мен бүлікшіл ағымдар көбейе бастады. Пайда болған әрбір ағым өз бағытының дұрыстығын дәлелдеу үшін бірінші кезекте Құранға сүйенді. Кейбір ағымдар қате тәуил[9] жасау арқылы халықты адастыруға барынша мұрындақ болды. Осы кезеңде табиғиндар да сахабалар сынды Құран тәпсірінің жауапкершілігін тереңнен түйсініп, бұл іске барынша байыптылықпен қарады. Кейбір табиғин дәл осы себептен Құранның тәпсірін жасауға қарсы шықты. Дегенмен, осындай қарсылықтарға қарамастан Құранның байыпты әрі дұрыс тәпсірін жасауға деген қажеттілік туындады. Осылайша, табиғиндар арасында сахабаның алдыңғы қатарлы ғалымдарына жүгіну күрт көбейіп, солардың айналасында Құран және хадис бойынша дәрістер беріле бастады (Думан 1992, 133). Осындай дәріс алқалары кеңейе келе ұстаз сахабалар мен шәкірт табиғиндардан құралған медреселер қалыптасты. 1. Мекке медресесі. 2. Мәдина медресесі. 3. Ирак (Куфа) медресесі. Табиғиндар мұсылмандар өмір сүретін барша аймақтарда тәпсір мен діни ілімдердің өрісін кеңейтіп, ғылымның дамуына тың серпін берді. Жоғарыда атап өткен үш тәпсір мектебі түрлі аймақ пен түрлі ғалымдар негізінде қалыптасқандықтан араларында айырмашылықтар болумен қатар, ортақ тұстары да бар еді (Толық мәлімет үшін қараңыз: әс-Суюти, 2/242; әз-Зәхәби, 1/99-132).
Ғ. Табиғиндар дәуірінен кейінгі тәпсір Сахабалар және табиғиндардың риуаяттары арқылы жасалатын тәпсір ілімі тәдуин[10] жасалғанша осылай жалғаса берді. Негізінде, алғашқы ғасырларда тәпсір ілімін хадис ілімінің бір саласы ретінде қарастыруға болар еді. Алайда, кейінгі ғасырларда риуаят тәпсірімен қатар дираят[11] тәпсірі жылдам қарқынмен дами бастады. Осылайша хижри екінші ғасырдан бастап, хадис ілімінен тәуелсіз, тәпсірлер пайда бола бастады. Ауызша риуаят арқылы жасалғандықтан Пайғамбарымызбен сахабалар кезеңі тәпсірдің «бірінші кезеңі» деп аталса, хадис ілімінің бір қыры ретінде табиғиндар кезеңі – тәпсірдің «екінші кезеңі» деп аталды. Әтбаут-табиғин[12] кезеңінде тәпсір дербес ілім саласы болып қалыптасты. Сондықтан, бұл кезең тәпсірдің «үшінші кезеңі» деп қарастырылады (Әз-Зәхәби, 1/140; Жәррахұлы, 1/174). Тәпсірдің дербес ілім ерекшелігін иеленген әтбаут-табиғин кезеңінде әрбір аят Құрандағы орналасу тәртібі сақтала отырып тәпсірленді. Негізінде, алғашқы тәпсірлердің көпшілігі жоғалып, бізге дейін жетпеген. Осы тұрғыдан Таберидің (922 қ.б.) тәпсірі көненің көзі, жәдігер ретінде сол кездегі тәпсірлерден сақталып қалған тәпсірлер жинағы болып саналады (Жәррахұлы 1991, 269-270).
ІІ. ТӘПСІРДІҢ ТҮРЛЕРІ
Құран тәпсіріндегі өзгешеліктердің себептері Құран тәпсіріндегі өзгешеліктердің себебі біріншіден Құранның құрылымы, мазмұны және стилінен бастау алса, енді бірінде тәпсіршілердің көзқарасы, ой-пікірі және ұстанымдарынан бастау алатын. Себептердің біріншісі: Құранның адам өмірінің бүкіл қырларын қамтитындығы, адам болмысын бір бүтін ретінде қарастыруы яғни, Құрандағы хабарлардың көп қырлы, көп мақсатты болуымен бірге осы ақиқаттың кемелдікпен жеткізілуі. Құран түскен ғасыр мен кейінгі ғасырлардағы шындықтарға сай Құрандағы ұғымдардың түсіндірілуі әрі осы ұғымдармен жеткізілген мағлұматтар арасындағы сәйкестіктің кемелдігі Құран тәпсірінде өзгешеліктерге. Осы орайда айта кетерлік бір жәйт, Құран Кәрімнің сөзінен туындайтын қайшылық дегенде ақылға ең алдымен муташабих аяттар келеді. Кейбір аяттардың муташабих болуы түрлі түсініктердің тууына жол ашса, осындай түрлі түсініктер келе-келе түрлі түсіндірмелердің туындауына жол ашты. Осы тектес өзгешеліктерге жол ашқан факторлар ретінде мынадай жәйттерді де атауға болады: • Қырағат айырмашылығынан туындаған қайшылықтар; • Атау берілгеннің жалғыз, ал есімдерінің бірден көп болуы себепті туындаған қайшылықтар; • сөздің сөздіктегі мағынасына байланысты тіл мамандары арасындағы қайшылықтар; • аяттарда «ытлақ» (жалпылау) және «такйид» (нақтылау) ықтималдылығына қатысты қайшылықтар; • аятта дәлме-дәл немесе астарлы мағынасының меңзелуіне қатысты қайшылықтар; • аяттың мағынасының жалпыға немесе жеке тұлғаға байланысты мәселелерге қатыстытылығы туралы қайшылықтар; • кейбір сөздердің артық болып-болмауына қатысты қайшылықтар; • үкімнің «мәнсух» яғни, күші жойылып-жойылмағандығына қатысты қайшылықтар; • Хазірет Пайғамбар мен сахабалардан жеткен риуаяттардың әртүрлі болуынан туындаған қайшылықтар; • аяттағы сөздердің алға алынуы немесе кейін қойылуына байланысты қайшылықтар; • есімдік сөздің нақты кімге қатысты екендігінің аятта анық айтылмауынан туындайтын қайшылықтар т.б. (Думан, 1992, 186-189; қосымша мысалдар үшін қараңыз: Кыржа, 39-42).
Қайшылықтардың екінші себебі: Адам табиғаты, оның көзқарасы, ой-пікірі және ұстанымдарынан бастау алады. Тәпсіршінің жеке тұлға ретіндегі кісілігі, қарым-қабілеті, білім деңгейі, жеке ұстанымдары, мақсат-мұраты, ол өмір сүретін ортадағы саяси, экономикалық және әлеуметтік оқиғалардың ықпалы көп ретте муфассирдің (тәпсірші) Құран туралы таным-түсінігі мен ұстанымын қалыптастыруға ықпал етеді. Осы аталған факторлар да Құран тәпсірінде түрлі айырмашылықтардың пайда болуына ықпал етті (Қыржа, а.а.е.).
Енді тарихи кезең ішінде пайда болған тәпсір түрлерін қысқаша танытып өтелік. Тәпсіршілер ерте кезден бастап-ақ тәпсірді жалпы алғанда «риуаят тәпсірі» және «дираят тәпсірі» деп екіге бөліп қарастырған (Кафияджы, 54; Билмен 1973, 1/107; Софуоғлу, 1981, 263). Риуаят тәпсірі - Құран Кәрім, Аллаһ Расулының (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) сүннеті, сахабалар мен табиғиндардың сөздерін негізге ала отырып жасалынған тәпсір түрі. Мұндай тәпсірді риуаят тәпсірі деп атаумен қатар «нақли» немесе «мәсур» тәпсір деп те атайды. Дираят тәпсірі - арап тілі мен әдебиеті, діни және философиялық ілімдер, сонымен қатар, түрлі нақты ғылымдарға негізделе отырып жасалатын тәпсір. Осындай тәсілмен жасалған тәпсірлер дираят тәпсірі деп аталумен қатар «рәй арқылы тәпсір» немесе «мақұл[13] тәпсір» деп те атала береді. Жоғарыда аталған тәпсір классификациясы кеңінен қолданылады. Дегенмен, осы ретте біз өзгеше бір жіктеу жасауды жөн көрдік. Ең алдымен тәпсірлерді бірінші «мәудуи», яғни тақырып бойынша тәпсір және екіншісі «мәузии» яғни аяттарды рет-ретімен, өз кезегімен тәпсір деп екі үлкен топқа бөліп, сонан соң оларды да өз араларында жіктейтін боламыз. 1. Мәузии яғни, аяттарды рет-ретімен тәпсірлеу. Бұл тәпсір түрі өз арасында бірнеше бөлімдерге бөлінеді: а) «тахлили» (анализ) тәпсір; ә) «ижмали» (қысқаша) тәпсір; б) «мукарән» (салыстырмалы) тәпсір; «Тахлили» тәпсір де өз ішінде екі бөлімге бөлінеді: 1) Риуаят тәпсірі; 2) Дираят тәпсірі; Дираят тәпсірі өз ішінде екіге бөлінеді: а) абсолютті дираят тәпсір – ешбір көзқарасқа негізделмеген; ә) шектелген дираят тәпсір – белгілі бір көзқарас үстем болған тәпсір түрі. Шектелген дираят тәпсірі де өз ішінде бірнеше бөлімге бөлінеді. • Тасаууыфтық немесе сопылық тәпсір; • Философиялық тәпсір; • Фиқһи тәпсірі; • Ғылыми негіздегі тәпсір; • Әдеби-қоғамдық тәпсір; • Лұғауи (сөздік мағынасына негізделген) тәпсір; • Тарихи тәпсір; • Ағымдардың тәпсірі; • «илхади» яғни, имансыз біреудің дінге қайшы жазған тәпсірі.
1. Аяттар рет ретімен жасалатын (мәузии және тәжзии) тәпсір Құран Кәрімдегі сүрелер мен аяттарды орналасу тәртібіне қарай рет-ретімен тәпсірлеу - «Тәфсирул-мәузии» деп аталады. Кейде бұлар «тәжзии» (Сард 7-9) және «тақлиди» деп те («Фудә, 1985, 45) аталады. Әрбір аяттың өз орны мен реті қатаң сақтала отырып тәпсірленетіндіктен бұл - мәузии тәфсир деп аталған. Кейбір ғалымдар осындай тәпсірге «мусәлсәл»[14] (Шаркауи 1980, 106) немесе «дәстүрлі тәсіл» (Кыржа, 1993, 190) деп те атаған. Осындай тәпсірлерде тәпсірші Құранды басынан аяғына қарай рет-ретімен тәпсірлейді. Тәпсірдің бөлімдеріне, тарауларына, тармақтарына белгіленген тәсіл мен тәртіп бойынша түсіндірме жасалады. Тәпсірші аяттарды болған оқиғалармен және жеке көзқарасымен немесе риуаяттар негізінде түсіндіреді. Кейде тәпсір барысында тақырыпқа қатысты басқа аяттар, мағынасы бойынша және терминологияда өзара ұқсастығы бар өзге де аяттар талдана отырып, түсіндірме жасалады. Осылайша, тәпсірленетін Құранның аятының мағынасын ашу барысында жалпы тәсіл ретінде контекст негізі басшылыққа алынады. Жоғарыда атап өткендей аяттарды рет-ретімен тәпсірлеу «тахлили», «ижмали» және «мукарән» болып үшке бөлінеді.
А). Тахлили тәпсір. Құран аяттарының кітаптағы орналасуына қарай сүрелер мен аяттардың рет-ретімен тәпсірленуі болып табылады. Мұнда муфәссир аяттарды барша қырларымен зерттеп-зерделеп оның мақсатын анықтайды (Әл-Куми 1982, 16).
Б). Ижмали тәпсір. Құран аяттарының қысқа әрі нұсқа күйде тәпсірленуі. Бұл тәпсір Құранның аудармасына да ұқсайды. Мұндай тәпсірде де сүрелер мен аяттар рет-ретімен тәпсірленеді. Алдымен түсініксіз сөздер мен сөйлемдердің мағынасы ашылады, сонан соң аздап ілімі бар адамдар түсіне алатындай етіп аяттардың мақсаты ашылып, олардың арасындағы байланыс түсіндіріледі (Әл-Өмәри 1986, 41).
С). Мукарән тәпсір. Арапшадан аударғанда салыстырмалы тәпсір деп аталады. Осы тәсіл бойынша муфәссир аяттың бұрын жасалған тәпсірлерін қарастырып, сондағы тұжырымдар мен пікірлерді саралайды. Сонымен қатар, муфәссирлердің түрлі тәпсір методологиялары салыстырмалы түрде сараланады. Нәтижесінде тәпсірші өзі сенім білдірген көзқарасты негізге ала отырып, өзіндік ой-тұжырымын жасайды да, қажетсіз деп тапқандарын негізге алмайды (Әл-Өмәри 1986, 44).
А. Тахлили тәпсір Тахлили тәпсір де өз ішінде екіге бөлінеді: 1. Риуаят тәпсірі; 2. Дираят тәпсірі. 1. Риуаят тәпсірі. Құран Кәрім, Аллаһ расулының (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) сүннеті, сахаба мен табиғиндардың сөздеріне негізделген тәпсір болып табылады. Риуаят тәпсірінде аяттардың мағынасы, қырағат түрлері, мухкәм[15] немесе муташәбих екендігі, аяттың түсу себебі, насих[16] немесе мәнсух[17] екендігі, сонымен қатар, өткен үмбеттер туралы да мәліметтер қамтылады. Мұндай мәліметтер көбінесе хадис, сира[18], мағази[19] және тарих кітаптарында болады. Осындай тәпсір бастапқыда риуаятпен басталып, ардақты Пайғамбарымыздан сахабаларға, олардан табиғиндарға жеткен. Кейіннен риуаяттар жинастырылып, тәпсірлер жинақ кітаптарға айналдырылды. Енді, ең танымал риуаят тәпсірлерінің атаулары мен авторларын атап өтелік:
1. Ибн Жәрир әт Тәбари, «Жамиул-баян ән тәфсирил-Құран»;
2. Әбул-Ләйс Самарқанди, «Тәфсиру Әбил-Ләйс»,
3. Әл-Уахиди, «Әл-Уәжиз фи тәфсири китабил-азиз»;
4. Әл-Бәғауи, «Мәалимут-тәнзил»;
5. Ибн Атия, «Әл-мухаррарул-уәжиз фи тәфсири китәбил-азиз».
6. Ибн Кәсир, «Тәфсирул-Құранил-азим»;
7. Жәләләддин әс-Суюти, «Әд-даррул-мансур фит тәфсир бил-Мәсур».
2. Дираят тәпсірі. Дираят тәпсірі риуаяттармен ғана шектеліп қалмай арап тілі мен әдебиеті, діни және философиялық ілімдер арқылы түрлі ғылым салаларына негізделе отырып жасалынатын тәпсір. Мұндай тәпсірлер «дираят тәпсірі» деп аталумен қатар, «рәй тәпсірі», «мақұл тәпсір» деп те аталады. Зәхәбидің айтуынша рәй арқылы жасалатын тәпсір - тәпсіршінің арап сөздерін, сөйлеу мәнерін, арапша сөздердің нақты қандай мағына білдіріп, нені меңзейтінін, Исламнан бұрынғы надандық кезеңінің өлеңдерін жетік білумен бірге аяттардың түсу себептерін білу, Құран аяттарының насих және мәнсухтарын білу, тәпсіршінің білуі тиісті басқа да мәселелерді игере отырып Құранды ижтихад арқылы тәпсірлеу болып табылады (Әз-Зәхәби, 1/255). Сонымен, дираят тәпсірі жеке адамның ілімі мен қарым-қабілетіне негізделген ижтихад түрі болып табылады. Қандайда бір аят жайында оны түсіндіретін басқа бір аят немесе хадис болмаса рәй және ижтихад арқылы тәпсір жасалады. Осындай жағдайда тәпсір жасай білу үшін муфәссирлер тәпсір тәсіліне қарай қажетті ілімдерді жетік меңгерген болуы қажет. Әйтпесе, өз бетінше рәй жасап тәпсірлеуі Құраға қайшы келетіндіктен мұндай әрекет мақұлданбайды. Дираят тәпсірі өз арасында екіге бөлінеді: 1. Абсалютті дираят тәпсірі. 2. Шектелген дираят тәпсірі. 1) Абсалютті дираят тәпсірі. Қандай да бір бағыт пен ұстанымға, сопылық, философиялық немесе ғылыми көзқарастарды қатаң басшылыққа алмайтын тәпсір түрі (Әл-Бәйуми, 16). Енді осы сарында жазылған бірнеше маңызды абсолютті дираят тәпсір мен муфәссирлерді атап өтелік: 1. Фахриддин әр-Рази, «Мәфәтихул-ғайып» (Тәфсири-Кәбир). 2. Қады Бәйзәуи, «Әнуарут-тәнзил уә әсрәрут-тәуил». 3. Нәсәфи, «Мәдәрикут-тәнзил уә хакакикут-тәуил». 4. Әбусууд Әфәнди, «Ишадул ақлис-сәлим илә мәзәйәл Құранул-Кәрім». 2) Шектелген дираят тәпсірі. Мұндай тәпсір де белгілі бір көзқарастың мәселен, сопылық, философиялық, фикһ, әдеби-қоғамдық пікір мен бағыттың ықпалы күшті байқалатын тәпсір түрі болып табылады. Шектелген дираят тәпсірі өз арасында бірнеше түрге бөлінеді. Енді шектелген дираят тәпсірінің аталған бөлімдерін қысқаша баяндап өтелік: а. Сопылық тәпсір Пайғамбарымыз дүниеден өткеннен кейін Ислам дінінің жеңістер арқылы жайылуы нәтижесінде жаңадан мұсылман болғандардың саны күрт өсті. Осының нәтижесінде мұсылмандардың діни түсінігінде және өмір салтында да айырмашылықтар пайда болды. Жеке адам мен қоғам өмірінде діни таным-түсінікте әралуандылық байқала бастады. Қоғамдағы әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық жағдайдың ықпалымен кейбір мұсылмандар арасында ғибадатқа берілу, узләт[20], дүниеден шектелу және зухд[21] көріністері пайда болды. Осындай түрлі ағым мен бағыттағы мұсылмандар өзгелерді де өздеріне қарай тартудың ең оңай жолы ретінде Құран тәпсіріне бет бұрды. Осы бағыттағы мұсылмандар Құрандағы көптеген ахлақпен (этика) байланысты ұғымдардың мағынасын түсіндіруге күш салды. Осылайша, Құран сөздерінің тәпсірінде бірқатарын «захири» (сыртқы, формалық) енді бірқатарын «батыни» (ішкі) деп екіге бөліп қарастыратын түсіндірме пайда болды. Тасаууыф ілімі теориялық және тәжірибелік болып екіге бөлінеді. Осы екі ағымның таным-түсінігі аясында екі түрлі сопылық тәпсір пайда болды: 1. Теориялық сопылық тәпсір – Құранды муфәссирдің зерттеулері мен философиялық көзқарастарына негіздей отырып оның мағынасын өз қалауларына қарай түсіндіретін тәпсір түрі (Зәхәби, 2/340; Атеш 1974, 167). 2. Ишари (нышан) сопылық тәпсір – сыртқы мағынамен үйлесімді болып, сопылардың ғана біле алатын аяттардың мағыналарына негізделген тәпсір. Мұндай тәпсірде теориялық сопылық тәпсірдегідей муфәссирдің өзіндік пікірі мен үкімі болмайды. Муфәссир ішкі дүниесіндегі шабыт арқылы Құран аяттарының мән-мағынасын ашуға күш салады. Олар жүректе пайда болған білімді астарлы тәсілмен ишарат арқылы жеткізеді. Сондықтан да, өздері жасаған тәпсірді тәпсір деп емес, ишарат деп атайды. Жалпы тасаууыфтық тәпсірлер көбіне «ишарат тәпсірі» деп те аталады. Басқалай айтқанда мұндай тәпсір алғашқыда ойға келмегенімен, тәфәккур (кең, терең және жүелі түрде ойлау) арқылы аяттардың ишаратынан жүректе пайда болған мағыналарды қамтитын тәпсір болып табылады. Ишари тәпсірлер мақұлданған және мақұлданбаған болып екі топқа бөлінеді (Зәркәни, 1/546-556; Кайхан 1991, 92). Кейбір тасаууыфтық тәпсірлерге мысал ретінде мыналарды атауға болады: 1. Әт-Түстәри, «Тәфсирул-Құранул-Азим»; 2. Сүләми, «Хакикатут-тәфсир»; 3. Мухаммад әл-Қушәйри, «Ләтәифул-ишарат». ә) Философиялық тәпсір Ислам әлемінде философияның кеңінен тарап, дамуы нәтижесінде ақидамен байланысты мәселелерді философиялық пікірлермен түсіндіру ұмтылыстары пайда болды. Осының нәтижесінде Құран аяттарын философиялық терминологиямен тәпсірлеген еңбектер шығып, философиялық тәпсір деп аталатын түсінік қалыптасты. Дегенмен, бұл бағыттағы тәпсіршілер Құранды түгел қамтитын толық мағынада тәпсір жасамаған. Көп ретте философиялық пікірталасқа арқау бола алатын жекелеген аяттардың ғана тәпсірі жасалды. Осындай еңбектерге мысал ретінде бірінші кезекте атақты мұсылман философы Әл-Киндидің еңбектерін атауға болады (Қарлыға, Четинер 1988, 16/198). Ал Ибн Сина философияда Әл-Фараби мен Ихваны Сафаны толықтырған (Егжей-тегжейлі қараңыз: Зәхәби, 2/419-431; Тұрғыт 1991, 289-293). б) Фиқһ тәпсірі Фиқһ тәпсірі Құран Кәрімдегі амал, ғибадат пен муамалат[22] мәселелерін қарастырып, осы мәселелерге қатысты аяттарды түсіндіре отырып, құқықтық үкімдер шығаратын тәпсір бағыты болып табылады. Мұндай тәпсірдің мақсаты – Ислам құқығының басты қайнар көзі саналатын Құрандағы амал етуге қатысты үкімдер мен қағидаларды айқындап, оларды түсіндіреді. Сонымен қатар, құқықтық үкімдердің қалай жүзеге асырылатынын анықтап көрсетіп, адамдардың екі дүниеде де бақытқа жетуін қамтамасыз ету болып табылады. Фиқһ тәпсірі Құранның түсе бастаған кезінен басталды (Гүнгөр 1996, 51-52). Жалпы Құран тәпсірлерінде белгілі бір деңгейде құқықтық үкімдер қарастырылады. Дегенмен, Құранның тек осы қырына ғана басымдық танытқан арнайы фиқһ тәпсірлері жазылған (Зәхәби, 2/432-473; Әбу Хузәйфа, 1988, 49-52). Мұндай тәпсірлер көбіне «Ахкамул Құран», «Фыкхул-Құран», «Тәфсирул-Аятул-Ахкам» деп аталады. Құқықтық үкімдерге баса назар аударылған еңбектер түрлі атаумен аталса да жалпы алғанда фиқһ тәпсірлері болып табылады. Фиқһ тәпсірі саласында жазылған еңбектердің кейбірі мыналар: 1. Әш-Шафиғи, «Ахкамул-Құран»; 2. Әбу Бәкір әл-Жассас, «Ахкамул-Құран»; 3. Әбу Бәкір ибн Араби, «Ахкамул –Құран»; 4. Әл-Қуртуби, «Әл-Жамиу ли Ахкамул-Құран». в) Ғылыми тәпсір Ғылыми тәпсірлерде Құранның барлық ғылым салаларын түгел қамтитындығы басты идея, негізгі тұжырым болып табылады. Осы бағытты ұстанған тәпсіршілердің ойынша Құран ақида мәселерімен қоса түрлі ғылым салалары үшін де жолбасшы болатын басты қайнар бұлақ. Құранды тек діни ілімдермен ғана шектемей оның жаратылыстану ғылымдары үшін де қайнар көз екендігін алға тарта отырып, адамдарды Құран негізінде ғылымға ынталандыру бүгінгі күні пайда болған құбылыс емес. Исламның алғашқы дәуірлерінен бастап-ақ осы бағытты жақтаушылар үнемі болды және осы тақырыпта түрлі еңбектер, кітап және тәпсірлер жазылды. Қай дәуір болмасын, қандай аймақ болмасын кез-келген ағымның жақтаушыларының болуымен қатар қарсыластары да болатыны заңдылық. Ғылыми тәпсір бағытын алғашқы дәуірде де, кейінгі кезеңдерде құптамайтындар, тіптен сынға алғандар болып келді (Айдүз, 2000, 67-100). г) Әдеби-қоғамдық бағыттағы тәпсір 1. Қоғамдық тәпсір кейінгі ғасырларда жаңашылдықты бетке ұстайтын бағыт ретінде пайда болды. Бұл бағыттың басты ерекшелігі – әлеуметтік мәселелерге басымдық танытып, адамдардың тура жолды табу мәселесіне баса назар аударылады. Жалпы Құран қоғам үшін түсірілген кітап. Сондықтан, барша қоғамдық мәселелер Құран аяттары негізінде өз шешімін табуы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда тәпсірдің негізгі тақырыбы – адам, адамның тура жолға түсуі және қоғамның өзекті мәселелері. Құранда адамның әлеуметтік болмысы, отбасылық жағдайы, үйлену және ажырасу мәселелері, көмекке зәру жандарға көмектесу, мирас пен жеке мүлікке ие болу, мемлекеттер арасындағы қатынас, басқару нысаны және тәсілдері, соғыс пен бейбітшілік және басқа да көптеген қоғамдық-әлеуметтік тақырыптар айтылады. 2. Әдеби тәпсір. Әдеби тәпсірде Құранның бәлағаты[23], мазмұндық тереңдігі, құндылықтары, ғайыптан хабар беруі, үнемі өзінің әсерлі жандылығын сақтап тұруы, ардақты Пайғамбарымыздың қалауына қарай емес, Хақ Тағаланың мұратына қарай түсірілуі сынды мәселелерге баса назар аударылады. Сонымен қатар, Құранның тілі мен методологиясы, түсу себептері, кітап ретінде жинақталуы, жаратылыстану ғылымдарымен қатынасы да қарастырылады. Құранның ижазын яғни, аз сөзбен көптеген мағыналарды қамтитын сөз шеберлігін де осыған қосуға болады. Құранның ижазына баса назар аударатындар көбінесе оның бәләғаты, тілі мен тәсілдеріне басымдық берген.
[1] Муташабих - Құран Кәрімдегі сөзі, мағынасы айқын емес, астарлы мағынасы бар аяттар.
[2] Харәкә - арап әліпбиінде дауыссыз әріптерді дауысты етіп оқу үшін қолданылатын белгі.
[3] Қырағат – Құран Кәрімнің өзіндік ереже және тәртіптері бойынша оқу үлгісі. Диалект.
[4] Истинбат - қандай да бір сөз немесе істің астарлы, құпия мағынасын табу дегенді білдіретін арап сөзі.
[5] Мүжмәл - қысқа әрі нұсқа сөздермен баяндау дегенді білдіретін арап сөзі.
[6] Рей – Ислам құқығында Құран мен сүннетте үкімі анық айтылмаған мәселелер бойынша салыстырмалы аналогия тәсілін қоса алғанда қалыптасқан қағидалар мен мен ережелер негізінде үкім шығару.
[7] Ижтихад – дін ғалымдарының шариғат ережелері бойынша Құран мен сүннетке сүйене отырып қандай да бір мәселе бойынша пікір білдіруі, үкім шығаруы.
[8] Табиғиндар – сахабалардың көзін көрген ұрпақтарға айтылады.
[9] Тәуил – Құран және хадистердің түсіндірмесіндегі бір себеп немесе дәлел негізінде аятты алғашқы мағынасымен емес, оның өзге мағыналарының бір немесе бірнешеуі арқылы тәпсірлеу дегенді білдіреді.
[10] Тәдуин – қандай да бір мәселе бойынша барша қайнар көздерді топтастырып, жинақ күйіне келтіру дегенді білдіреді.
[11] Дираят тәпсір – арап тілі мен әдебиеті, діни және философиялық ілімдер, сонымен қатар, түрлі нақты ғылымдарға негізделе отырып жасалатын тәпсір [12] Әтбаут-табиғин – табиғиндардың көзін көрген ұрпақтар.
[13] Мақұл – ақылға негізделген, ақылға сүйенетін дегенді білдіреді.
[14] Мусәлсәл – тізбекті, рет-ретімен дегенді білдіреді.
[15] Мухкәм – мағынасы анық, үкім белгілейтін және тәуил жасауды қажет етпейтін айқын аяттар.
[16] Насих – күшін жоқ қылатын, жоққа шығаратын дегенді білдіреді.
[17] Мәнсух – үкімінің күші жойылған, жарамсыз етілген дегенді білдіреді. [18] Сияр – ардақты пайғамбарымыздың (с.а.с.) өмірінің барлық кезеңін баяндайтын өмірбаяндық еңбектер.
[19] Мағази – ардақты пайғамбарымыз және сахабалары қатысқан соғыстар мен жорықтар туралы жазылған еңбектер.
[20] Узләт – адамдардан аулақ болып, оңашаланып құлшылыққа берілу дегенді білдіреді.
[21] Зухд – дүниеге және пәниге ұмтылыс пен ынтаны, тілекті тәрк ету.
[22] Муамалат – Исламдағы фиқһ ілімінде жеке тұлға, отбасы құқығы, мүліктік құқықтар, мұрагерлік, сауда-саттық, қарыз және еңбек құқығына қатысты үкімдерді түсіндіретін атау.(ауд)
[23] Бәлағат – көркем көз, сөзді көркем жеткізу дегенді білдіреді.