Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алланы еске алудың артықшылығы
Шариғат бойынша, Алла Тағаланы еске алу – ең абзал амалдардың бірі. Себебі, басқа ғибадаттар құлдың Алла Тағалаға жақындау құралдары болса, ал зікір ету негізгі мақсат болып табылады. Бұл туралы Шәрәфуддин әт-Тыйибидің «Шарх әл-мишкат» (5/1733, «Низар Мұстафа әл-Баз» баспасы) атты еңбегінде айтылған.
Әбу Дардадан (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Сендерге амалдарыңның ең қайырлысын, Патшаларыңның (Алланың) алдында ең пәгін, дәрежелеріңді ең жоғары көтеретінін, алтын мен күміс жұмсағаннан да артығын, дұшпандарыңмен кездесіп, олардың мойындарын шауып, олар сендердің мойындарыңды шапқаннан да жақсысын хабарлайын ба?». Олар: «Иә», – деді. Сонда Пайғамбарымыз: «Ол – Алла Тағаланы еске алу (зікір ету)», – деді. (Тирмизи, «Сүнән»).
Таңертеңгі және кешкі зікірлерді үзбей айтудың артықшылығы және оған ынталандыру
Шариғат барлық уақытта және зікірдің барлық түрін айтып, Алланы көп еске алуға ынталандырған. Алла Тағала былай дейді: «Әй, иман келтіргендер! Алланы көп еске алыңдар» («Ахзаб» сүресі, 41-аят).
Орындалуы құпталатын шариғи құлшылықтардың бірі – күннің екі шетіндегі зікірлер (таңертеңгі және кешкі). Алла Тағала жалпылама зікір етуге бұйырғаннан кейін былай дейді: «Әрі Оны таңертең және кешке пәктеңдер» («Ахзаб» сүресі, 42-аят).
Ғалым Ибн Атия өзінің «Тафсирінде» (4/388, «Дар әл-кутуб әл-илмия» баспасы) былай дейді: «[Аталмыш аят] барлық уақытта, күн мен түннің екі шетінде уақытты жаңартып отыруды меңзейді».
Шариғат өзінің қасиетті кітабының басқа да жерлерінде бұған ынталандырып отырған. Алла Тағала былай дейді:
«Раббыңды күн шығардан бұрын және батардан бұрын мадақтап пәкте» («Қаф» сүресі, 39-аят) және «Раббыңды күн шығардан бұрын және батардан бұрын мадақтап пәкте» («Та Һа» сүресі, 130-аят). Осы сияқты аяттар таңертеңгі және кешкі зікірлерді айтуға шақырады, әрі зікірлердің әртүрлі синонимдермен келуі оның (зікір етудің) ұлылығын көрсетеді, өйткені атаулардың көптігі аталған нәрсенің қадірі мен ұлылығын білдіреді.
Әбу Һурайрадан (оған Алла разы болсын) риуаят етілген басқа бір хадисте Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Кімде-кім таңертең және кешке жүз рет «Субханаллаһи уа бихамдиһи» (Алла пәк әрі Оған мадақ болсын) деп айтса, Қиямет күні одан да абзал нәрсемен ешкім келмейді, тек оның айтқанындай айтқан немесе одан асырған адам болмаса». (Имам Муслим, «Сахих»).
Сондай-ақ, Әбу Һурайрадан (оған Алла разы болсын) жеткен және бір риуаятта Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) таң атқанда былай дейтін болған: «Аллаһумма бика асбахна, уа бика амсайна, уа бика нахйа, уа бика намут, уа иләйкән-нушур» (Я, Алла! Сенің арқаңда таң атырдық, Сенің арқаңда кеш батырдық, Сенің арқаңда тірілеміз, Сенің арқаңда өлеміз және Саған қайтамыз). (Әбу Дәуд, «Сүнән»).
Күннің басы мен аяғын зікірлерге арнаудың бірнеше мәні бар:
Бұл уақыттар басқа уақыттардан артық болғандықтан. (Имам Бәйдауи, «Әнуар әт-тәнзил», 4/233, «Дар ихйа әт-турас әл-араби» баспасы).
Осы екі уақытта жасалған зікірлердің екі арада жасалған күнәларға кәффарат (өтем) болуы. (Ғалым Ибн Аллан әл-Бәкри, «Дәлил әл-фалихин», 7/258, «Дар әл-маърифа» баспасы).
Бұл уақыттар адамның ұйқы-өлімнен - ояу-өмірге зікірмен өтуі, сол сияқты кіші өлім саналатын ұйқыға да нағыз өлімге ұқсастығы үшін зікірмен кіруі болғандықтан. Себебі, адам бұл ұйқысынан тұра ма, жоқ мәңгі ұйқыға кете ме білмейді, сондықтан оның өлімі Алланы еске алу үстінде болмақ. (Хатиб әш-Ширбинидің «Тафсирі», 1/550, «Әл-әмирия» баспасы).
Таңертеңгі және кешкі зікірлердің уақыты
Имам Әбу Хамид әл-Ғазали күндізгі «уирдтерді» (белгілі бір уақытта орындалатын зікірлер) жетеуге, ал түнгі уирдтерді төртеуге бөлген. Ол «Ихйа улум әд-дин» (1/331, «Дар әл-маърифа» баспасы) кітабында былай дейді: «Білгін, күндізгі уирдтер жетеу: таңның атуынан күн дискісінің шығуына дейін бір уирд, күннің шығуынан тал түске дейін екі уирд, тал түстен екінті уақытына дейін екі уирд, екінтіден ақшамға дейін екі уирд. Ал түн төрт уирдке бөлінеді: ақшамнан адамдардың ұйықтайтын уақытына дейін екі уирд, түннің соңғы жартысынан таңның атуына дейін екі уирд».
Күнмен байланысты айтылған зікірлерді күннің кез келген уақытында айтуға болатындығына, әйткенмен зікірді күннің бастапқы сәттерінде айтудың абзал екендігіне қатысты фақиһтар арасында келіспеушілік жоқ.
Ғалым Шәрәфуддин әт-Тыйиби «Шарх әл-мишкат» (6/1819) кітабында былай дейді: «Оның (хадистегі) «бір күнде» деген сөзі жалпылама айтылып тұр, күннің қай сәтінде екені нақты белгілі емес, белгілі сәтпен шектелмеген».
Десе де, ғалымдар таңертең немесе кешке айтылатын зікірлердің уақытына қатысты араб тіліндегі түсіндірмелеріне байланысты әртүрлі пікірде болған.
Таңертеңгілік (сабах): Тіл мамандарының көпшілігі оны түннің соңғы жартысынан тал түске дейінгі уақыт деп санайды. Бұл пікірді Ибн әл-Джәуалиқи мен Ибн Дурайд жеткізген. («Әл-мисбах әл-мунир», әл-Файюми, 1/331; «Назм фасих Саълаб», Ибн әл-Мурраххал, 173-бет).
Шариғатта: Түн ортасының нақты таңертеңгі уақыт деп санау көзделмеген, бірақ әдет бойынша сол сәттерде таңның атуы назарға алынып айтылған. Бұны Имам Бұхаридің «Сахихында» Абдулла ибн Омардан (оған Алла разы болсын) жеткен хадис растайды. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Расында, Біләл түнде азан шақырады, сондықтан Ибн Умм Мәктум азан шақырғанша ішіп-жеңдер», – деген. Сосын ол: «Ол көзі көрмейтін кісі еді, оған: «Таң атты, таң атты» деп айтылмайынша азан шақырмайтын», – деді.
Имам Ибн Баттал «Шарх сахих әл-Бұхари» (2/248) кітабында Ибн Хабибтен мына сөздерді келтіреді: «Оның «Таң атты, таң атты» деуі таңның шынымен жарылып, пайда болғанын білдірмейді, бірақ оның жақындағанын ескерту және азан шақыруға дайындалу үшін, таң атып кетуінен қорқып айтылған».
Соған сәйкес, таңертеңгі уақыт түн ортасынан емес, осы уақыттан (таңның атуынан) және оған жақын уақыттан басталады. Демек, таңертеңгі зікірлердің уақыты осы кезден басталып, сәскеге дейін созылады, ал оның қалған уақыты, таңертеңгі уақытқа жатады және ол тал түске шейін жалғасады (зәуәл уақытына дейін).
Кешкілік уақыт болса (масаъ): Ол зәуәл уақытынан басталып, қараңғы түскенге (кейбір пікірлерде түннің бірінші жартысының соңына) дейін жалғасады. Бұл пікірді Саълабтан жеткізген, ал Ибн әс-Самин әл-Халаби оны әр-Рағибтен келтірген. («Әл-мисбах әл-мунир», әл-Файюми, 1/331).
Демек, «иша» деп аталатын түнгі (кешкі) уақыт әдет-ғұрыпқа байланысты анықталады екен, яғни оның уақыты күн тал түстен ауғаннан таң атқанға дейін тілдік тұрғыда. Сәйкесінше, кешкі зікірлердің уақыты екінті намазынан кейін басталып, ақшамға дейін жалғасады және түннің үштен бірі немесе жартысы өткенге дейін созылады.
Төрт мәзһаб фақиһтарының осы мәселедегі көзқарастары
Төрт мәзһаб фақиһтарының пікірлері күннің екі шетіндегі зікірлердің уақыты жөнінде бір жерден шығады. Олардың негізгі өлшемі – күннің тал түстен аууы. Осы кезде таңертеңгі зікірлердің уақыты аяқталып, кешкі зікірлердің уақыты басталады екен.
Ханафи мәзһабында Алауддин Хаскәфи Ханафи айтады: «Осы дұғамен таңертең және кешке Алладан пана тілеу керек» дейді. Оның сөзіне түсіндірме жасаған ғұлама Ибн Ғабидин (р.а.): «Тәңертеңгілік зікірлер - түннің ақырғы бөлігінің жартысынан басталады, ал кешкі зікірлердің уақыты күн тал түстен ауғаннан басталады...», – деген.
Мәлики мәзһабының ғалымы әл-Адауи:
«Таңертең айтылуы талап етілетін дұға немесе зікірдің уақыты таңның атуымен кіреді, бірақ оны таң намазынан кейін күн шыққанға дейін орындаған абзал. Ал кешке талап етілгенді күн сарғайғанда немесе оған жақын уақытта немесе одан кейін ұйқыға дейін орындаған абзал», – деген.
Шафиғи мәзһабының өкілі ғалым Хатиб әш-Ширбини былай дейді: «Кеш – күн тал түстен ауғаннан кейін», – деген. Ғалым әл-Бужайрими оған түсініктеме беріп: «Оның «Кеш – күн тал түстен ауғаннан кейін» деген сөзі тілдік тұрғыдан түн ортасына дейін созылады, ал одан таңертеңгі уақыт тал түске дейін жалғасады». (Тілдік тұрғыда таң мен кештің басталу уақытын айтуда).
Ханбали мәзһабының өкілі Ғалым әл-Бәһути болса айтады: «Таңертең және кешке риуаят етілгенді айту мұстахаб (ұнамды)», – деген.
Қорытындылай айтқанда: Ғалымдар таңертеңгі және кешкі зікірлердің басталу уақыты мен аяқталу уақыты туралы әртүрлі пікір баян еткен:
Таңертеңгі зікірді: Кейбіреулер оның таң атқаннан кейін басталып, күн шыққанда аяқталады десе, басқалары сәске уақыты біткенде аяқталады дейді.
Ал Кешкі зікірлердің уақыты: Кейбіреулер оның уақыты екінті уақытынан басталып, күн батқанда аяқталады десе, басқалары оның уақыты түннің үштен біріне дейін созылады дейді. Тіпті кейбір ғалымдар кешкі зікірдің уақытын күн батқаннан бастап десе, тағы кейбіреулері: «күн тал түстен ауғаннан бастап, түн ортасына дейінгі аралықта» деген.
Түйін
Жоғарыда айтылғандарға сүйене отырып айтқанда:
Таңғы зікірлердің уақыты:
«Таңертеңгі зікірлердің уақыты түннің үштен бірінен (немесе жарымынан) басталып, күн тал түстен ауғанға дейін жалғасады (яғни, түннің ақырғы бөлігінен бастап, бесін намазына дейінгі аралықта оқуға болады таңғы зікірлерді). Әйтсе де, таңғы зікірлердің ең абзал уақыты – таң намазынан кейін күн шыққанға дейінгі аралықта айту.
Кешкі зікірлердің уақыты:
Кешкі зікірлердің уақыты болса, күннің тал түстен ауғаннан бастап таң атқанға дейін жалғасады (яғни, бесін намазының уақытынан бастап, ертең таң намазына дейінгі аралықта кешкі зікірді оқуға болады). Алайда, ең абзал уақыты – екінті намазынан кейін күн батқанға дейінгі аралықта оқу.
Осы тұрғыда, таңертеңгі зікірлерді күн шыққаннан кейін де, ал кешкі зікірлерді күн батқаннан кейін де оқуға болады және оны оқушыға толық сауап беріледі.
Алла Тағала бәрінен де жақсы білуші1.
1dar-alifta.org: «Таңғы және кешкі зікірлердің уақыты» атты мақала, ықшамдап аударылды. islam.kz