Таң намазының артықшылығы жайында жеткен сахих хадистер
Таң намазының артықшылығы жайында жеткен сахих хадистер
2 ай бұрын 4172
Мұса Жамал

1) «Сахих Мүслімде» келген хадисте былай делінеді:

«Кім таң намазын оқыса, ол Алланың қорғауында болады. Ендеше, Алла Тағала ешқайсыңнан қорғаны үшін ештеңе талап етпесін (деп тілейік)! Олай болмаған жағдайда (Алла қорғағаны үшін бір нәрсе талап етсе), Ол оны тозақ отына бетімен тастар еді».Яғни, Алланың қорғауындағы пендесіне біреу залал тигізсе, оның Алладан қашар жері жоқ болады. Хадисте намаз оқушыларға залал тигізуші кісілерге қатаң ескерту айтылып отыр (Құртуби).

2) «Бұхари» және «Мүслім» келтірген хадисте, сахаба Әбу Һурайра (р.а.) мынадай хадис жеткізген:

«Жамағатпен оқыған намаз сендердің жалғыз оқыған намаздарыңнан 25 бөлікке артық. Таң намазында түнгі періштелер мен күндізгі періштелер жиналады».

3) «Бұхари» мен «Мүслімнің» сахаба Әбу Һурайрадан (р.а.) келтірген хадисте, Алла елшісі (с.а.у.) былай деген:

«Мұнафиққа ең ауыр намаз – құптан намазы мен таң намазы. Ол аталмыш екі намазда не барын білсе, еңбектеп болса да (мешітке) ол екі намазға келуші еді».

4) «Сахих Мүслімде» орын алған хадисте, Алла елшісі (с.а.у.) былай деген:

«Кім құптан намазын жамағатпен оқыса, ол түннің жарымын намазбен өткізгенмен тең. Кім таң намазын жамағатпен оқыса, ол түннің бәрін намазбен өткізгенмен тең».  

5) «Сахих Мүслімде» орын алған хадисте, Айша анамыз (р.а.) Пайғамбарымыздың былай дегендігін жеткізеді:

«Таңның екі рәкәғаты – дүниеден де, дүниенің ішіндегісінен де қайырлы!».

 

 

0 пікір