Дінде кинотеатрға баруға бола ма?
Дінде кинотеатрға баруға бола ма?
23 күн бұрын 3169

Көптеген мұсылмандар кинотеатр, театр т.б. соған ұқсас жерлерге баруға Исламның көзқарасы қандай деп сұрап жатады: Мұсылманға ондай жерлерге бару рұқсат па, әлде тыйым салынған ба? деп.

Шүбәсіз кинотеатр және соған ұқсас жерлері көңіл көтеріп, сауықтайтын құралдардың бірі. Өзге құралдар секілді ол да пайдалы жөнге немесе зиянды жөнге қолданылуы мүмкін. Кинотетрдың өзін алып қарағанда еш әбестігі жоқ. Онда тұрған ештеңе жоқ. Мәселе, оның не ұсынатынында және онымен не нәрсе насихатталатынында. Үкімі де соған қарай өзгермек.

Сондықтан да, егер төмендегі шарт, талаптар табылып жатса кинотеатрға баруды халал және жақсы нәрсе деп ойлаймын. Ол талаптар:

  1. Киноның мазмұны – арсыздық, күнә және Ислам дінінің сенім-негіздері мен шариғатына және әдебіне қайшы келер мазмұнда болмауы тиіс. Ал дүниеге деген махаббатты оятар немесе күнә істерге шабыттандырып, қылмысқа итермелейтін яки адасушы пікірлер қалыптастырып, жалған нанымдарға шақыратын мазмұндағы қойылымдар және көріністер — харам, мұсылман адамға ондай нәрселерді көруге немесе атсалысуға болмайды, ал ондай мазмұндағы дүниелерді шығаруға немесе шығуына әлдебір жөннен ортақ болу да дінде рұқсат етілмейтінін айтпасақ та белгілі.
  2. Діни немесе дүниелік міндеттемелерден алдандырмауы тиіс. Діни міндеттемелерге Алла тағаланың әрбір мұсылманға күнде орындауды бұйырған бес уақыт намаз. Мұсылман адам әлдебір қойылым үшін (немесе фильм үшін) ақшам намазы сияқты ешбір парыз болған намазын қазаға қалдыруына болмайды. Алла тағала Құранда былай деген: «Сондай намаз оқушыларға нендей өкініш! Олар намаздарына немқұрайлы». («Мәғун» сүресі). Осындағы «немқұрайлы..» деген сөзге тәпсіршілер «намазын қаза болғанға шейін кешіктіреді» деп тәпсір берген. Құран Кәрім шарап пен құмардың харам болу себептерінің бірі — Алланы еске алудан және намаздан тосуы екендігін білдірген.
  3. Бөтен әйелдер мен еркектердің бір-біріне жабысып, аралас отырудан тыйылғаны жөн. Бұл – бүліктің болуын, күмән тууының алдын алу. Әсіресе, кинотеатрлар қараңғы залда көрсетілетіндігін назарға алсақ, мұндай сақтықтың маңызы арта түспек. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мына бір хадисін (алдыңғы тақырыптарда) айтып өттік, хадисте былай делінеді: «Өзіне халал емес бөтен әйелге қол тигізулеріңнен – бастарыңа темір иненің шаншылуы артық» дейді. (Бәйһәқи, Табарани келтірген. Риуаятшылары сенімді)[1].

[1] Мархұм шейх, доктор Юсуф әл-Қардауи (рахимаһуллаһ): «әл-Хәләл уәл-Харам филь Исләм» атты кітабынан аударылды. 167 бет.  Араб тілінде.

Қазақшалаған А. Қасым

 

0 пікір