Жапонияның Йокогам университетін тәмамдаған 43 жасар ғалым, доктор Эмото Масару 1987 жылы алғаш рет судың жұмбақ қасиетінің куәсі болды. Америка-қытай қатынастарына негізделген мамандығына әрі сауда саласында жүргеніне қарамастан, ол осы кезден бастап судың қасиетін зерттеуге қатты қызықты. Оны қызықтырған жайт – бір күні іскер әріптесінің аяқ ауруын басатын арнайы су әкеліп бергені әрі сол судың дәрі-дәрмекке қарағанда анағұрлым жақсы әсер еткендігі еді.
«Екі бірдей егіз қар түйіршігі кездесе ме?»
Бірде Дэвид Саволдың «Үй шаруасындағы әйел мен басқа да ғылым жұмбақтары ізіндегі найзағай»* атты кітабын оқыған ғалым ондағы «Екеуі бір-бірінен аумайтын егіз қар түйіршіктері кездесе ме?» деген сұраққа қадала көп қарайды. Өйткені, кітапта миллиондаған жылдан бері жер бетіне әлі күнге дейін бірдей екі қар түйіршігі түспегендігі жазылыпты. Бұрын естігендіктен ол жаңалық аса көңіл аудартпайды. Алайда, тәжірибе жасап, соған іс жүзінде көз жеткізу Эмото Масаруды құмарта түсті. Дереу көмекшісі екеуі білек сыбана іске кірісіп, арадан екі ай өткенде 1994 жылдың Қыркүйегінде алғаш рет мұз кристалының алты бұрышты әдемі пішіні түскен суретке үңілді.
Жапон ғалымының суды зерттеудегі тырнақалды нәтижелері 1994 жылдың Қараша айында «Толқынды тербеліс туралы шындық»* атты кітабында жарияланды. Алайда, ол өз кітабының үлкен қызығушылық тудыратынын сезбеген еді. Енді үнемі мұз кристалдарының суретін түсіріп, зерттеумен айналысқан ол ғылыми конференцияларға қатыса бастады.
1998 жылдың соңында Жапон Тэнри университетіндегі адам денесін зерттейтін қоғамның отырысында атақты генетик, Цукуби университетінің құрметті профессоры Кадзуо Муракамидің суырылып шығып, бұл зерттеу жұмысты қолдауы ғалым құлшынысын еселеп, еңбегін одан да ширата түсті.
1999 жылы Эмото түсірген суреттер жұбайы шығарған «Су хабары» атты кітапта жарияланысымен оны АҚШ, Германия, Канада, Нидерланды сияқты мемлекеттерден конференция өткізуге шақырушылар көбейді. Бастапқыда ағылшын, жапон тілінде шыққан бұл кітап бүгінгі күні жиырмадан астам шет тіліне аударылды. Жапон ғалымы судың зерттелген қасиеттерін ұғындыратын шараны «Лядо-симпозиум» деп атады.
Судың «мәліметті қабылдау» қасиеті
Көп жыл зерттеу жұмыстарын жүргізген Эмото берілген сыртқы мәліметке қарай су құрамының өзгеретіндігіне анық көз жеткізді. Екі бірдей ыдысқа су құйып, біреуіне жақсы, ұнамды, жағымды сөз, екіншісіне жаман, жағымсыз сөз жазылған қағаз жапсырған. Сулардан түзілген кристалдарға қарағанда, жағымды сөз жазылған су кристалының өте әдемі, ал керісінше, жағымсыз сөз жазылған судағы кристалдардың пішіні бүлінгендігі анықталған. Айталық, «жақсы», «бақыт», «рақмет» деген сөздер жазып жапсырылған су кристалдары жаңа ашылған гүл секілді әдемі түскен. Ал, «жаман», «сорлылық», «жынды» деген секілді сөздер жазылған судың кристалдары дереу бұзылуға ұшыраған.
Бір қызығы, шет тілінде жазылған бір мәндегі сөздерге де су кристалдары әдемі түзілген. Мәселен, рақмет мағынасындағы ағылшынша «thank you», қытайша «doce», французша «merci», немісше «danke» италиянша «grazie», арабша «шүкран», түрікше «тешеккүр», корейше «камусамунида» сөздерінің бәрі де жақсы әсер ететіндігін байқатқан. Ең қызығы, «махаббат және құрмет» сөзі жапсырылған судан түзілген кристалдар тым әдемілігімен ерекше көз тартқан.
Су және хадо
Су мен хадо арасында өте тығыз байланыс бар. Хадо дегеніміз – өте нәзік энергия. Кристалдардың түзілуі мен су сапасының жақсаруында оның әсер-ықпалы мол. Әр жаратылыстың өзіне тән дірілі мен энергиясы болады. Бұл нәзік энергия жағымды яки жағымсыз болып екіге бөлінеді. Сол қасиетімен кез-келген затқа әсер ете алады. Жағымсыз сөз жазылып жапсырылғанда, суға тән хадо егер жағымсыз болса, кері тебеді, онда мұз кристалдары түзілмейді. Ал, айтылған жақсы сөз суға тән жақсы хадомен үйлессе, онда әдемі кристалдар түзіледі. Демек, энергия мен дірілді байқататын хадо адамға да тән. Егер адамдағы хадо басқа бір заттың хадосымен үйлессе, онда жағымды әсер қалдырады. Ал, үйлеспесе, онда жағымсыз әсер қалдырады. Сөзіміздің дәлелін адамдар арасындағы қарым-қатынастардан іздеуге болады. Кейде бастық пен жұмысшысы екеуі де жақсы адам бола тұра қанша тіл табысуға ұмтылса да, еш нәтиже шықпайтын кезі болады. Өйткені, екеуінің толқындары екі түрлі бағытта. Олар көзқарас айырмашылығын уақытша деп біліп, хадоларын үйлестіруге тырысса, біртіндеп өзара түсіністікке қол жеткізуі мүмкін.
Адамдағы хадоны түсіну үшін «бір көргеннен ғашық болуды» алсақ та болады. Бірдей хадоға ие әйел мен еркек кездескенде араларында жақындық, жылылық пайда болады. Бір қызығы, хадо адамға субатомдық құрамдас бөлшектен бастап, барлық деңгейде әсер ете береді. Хадоның (энергияны пайдалану) емдік қолданысқа еніп кеткені соншалық, тіпті «хадо-медицина» деген термин де қалыптасып үлгерді.
Хадо-медицина
Жасуша деңгейінде дененің дірілі радиоэлектронды құрал арқылы өлшенеді. АҚШ-та жасалатын бұл құрал хадо-медицинада үлкен рөл атқарады. Хадо-медицинаның негізінде діріл мен жаңғырық жатыр. Денедегі әр жасушаның өзіндік дірілі мен энергиясы болады. Ағзадағы жасушаның қалыпты дірілі қандай да бір себеппен бұзылғанда, дене ауырады. Ондайда дененің әуелгі дірілін қайта қалпына келтіру үшін сыртқы дірілдің көмегіне сүйену арқылы жасуша қызметі реттеледі. Хадо-медицинаның мәні де осында жатыр.
Алдымен жеке адамның хадосы өлшенеді. Дірілден оның ауруы анықталып, зақымданған жасушалар жағымды мәлімет жапсырылған су арқылы емделеді. Арнайы дайындалған су хадосы бұзылған дірілді қайта қалпына келтіріп, адам денесін құрайтын әрбір элементар бөлшектерге, атомдар мен молекулаларға жағымды әсер етеді. Осындай су пайдалану арқылы адам бірте-бірте емделеді.
Хадо зерттеле келе, бүгінгі күні медицинадан да басқа салаларда кең қолданыла бастады.
Хадо – толқынды тербеліс немесе жай ғана толқын деген сөз. Ал, толқынның бірде көтеріліп, бірде басылып тұратыны белгілі. Толқын кейде екпіні өзінен жоғары басқа бір толқынмен соғылысқанда бәсеңсіп қалады. Мысалы, дыбыстық толқындар да осыған ұқсас. Қарама-қарсы толқынды дыбыстар қатар келгенде дыбыс жоғалып, үнсіздік басады. Бұны дәлелдеу үшін қазір ғалымдар айғайы көп шулы орында тыныштық орнату үшін дыбыстық құралдардың көмегіне жүгінетін тәсілдер ойластыруда. 1991 жылы «Йомиури» атты ақшам газетінде «Шумен күресте дыбысты пайдалану; қарама-қарсы пішіндес толқындар тыныштық тудырады» деген мақала жарияланды. Зерттеу шамамен 12 шаршы метрлік бөлмеде жүргізілген. Дыбыстың жоғалуын анықтау үшін бір динамикалық музыка толқынының пішіні белгіленген. Артынша оған қарсы бағыттағы екі бөлек динамикалық дыбыс әсер еткізген. Нәтижеде дереу әлгі бөлмедегі дыбыс атаулы жоғалған. Ал, одан бірнеше дюйм қашықтықтағы жерде музыканың бәсеңдеген негізгі компоненті мен адам даусы ғана естілген. Ал, бұл соңғылар алдыңғыларға қарағанда бірнеше жүздеген герц төмен жиілікті көрсеткен. Бейтараптандыратын динамикалар санын көбейту арқылы дыбыссыз кеңістік аясын кеңейтуге болады.
Аталмыш зерттеу нәтижесі шу мен дірілге белсенді бақылау орнату жөніндегі Халықаралық симпозиумда баяндалды. Өз жұмысын 1991 жылдың 9-Сәуірінде Токиода бастаған симпозиумда баяндама жасаған доктор Ямасаки мынадай тұжырым жасады: «Бұл – дыбысты дыбыспен өшіру тәсілі. Ол белгілі бір кеңістіктегі шуды басуға мүмкіндік береді. Мәселен, телефонмен сөйлесіп тұрған кезде, сондай-ақ зауыт, фабриканың шуын, жүріп өткен пойыздың гүрілін басу т.с.с. Меніңше, оны одан да кең қолдануға болады».
Су және дұға
Доктор Нобуо Сиоя екінші дүниежүзілік соғысқа дейін Кореяда жұмыс істеп, Сеулдегі Кейдзе император университетінің медицина факультетінде доцент ретінде сабақ берді. Жапонияға оралысымен доктор Нобуо Сиоя ішкі ауруларды емдейтін клиника ашты. Өз тәжірибесінде негізінен «сэймэйсэн тире» (өмір сызығы терапиясын) қолданды. Ол жүзден асқан жасына қарамастан тың қалпында әлі күнге гольф ойнаудың қызығын көріп келеді. Өзінен бұның мәнісін сұрағандарға ол дұға оқу керектігін айтқан. «Ұлы декларация» деп атаған оның дұғасы мынадай сөздерді қамтыған: «Ғаламның шексіз энергиясы барған сайын қоялана түсуде. Әлем анағұрлым тыныштала түсті».
1999 жылы таңғы төрт жарымда Жапонияның ең ірі Бива көлінің маңына 350 адам жиналып, жүргізілген зерттеуге куә болысты. Бива көлі лайланған әрі тым иістеніп кеткен еді. Бұл жағымсыз иіс көл маңайындағы тұрғындарға мазасыздық тудырған-ды. Оның үстіне, Бива Жапонияның ең негізгі көлі еді. Оның суы басқа көлдерге де міндетті түрде әсер ететін. Осы жолы тағы да хадо күші тексерілді. Бива көліне «Ұлы декларация» дұғасы он қайтара оқылды. Бір ай өтер-өтпес 27 тамызда киот газетінде дұғаның суға әсер еткенін әрі көл тазаланғанын білдіретін «Неліктен биылғы жылы шөптесін өсімдіктер, құрақтар көл бетіне өсіп шықпады? Су неге иістеніп кетпеді?» деген тақырыпта үлкен мақала жарияланды. Зерттеуге дейінгі әрі зертеуден кейінгі сол суды қатыртып барып түзілген кристалдар да бұны қуаттады. Өйткені, зерттеуден кейінгі кристалдар анағұрлым жақсы түзілді.
Осака универитеті техникалық колледжінің профессоры Ясуаки Маэдидің «Санкэй» газетінде жарияланған 16 Сәуірдегі «Ультродыбыс судағы диоксинді ірітеді, ол – батпақ пен көлді тазартуда таптырмайтын тәсіл» атты мақаласы осы зерттеулің ғылыми негізін анықтады.
Демек, жағымды сөз, оқылған қандай да дұға суға міндетті түрде әсер етеді. Ендеше, оқылған ішірткі немесе суға дем салудың да бір астары осында жатқаны күмәнсіз.
* David Savold, The Day That Lightning Chased the Housewife And Other Mysteries of Science.
* Хадо-но синри.