Алла Тағала Құранда: «Егер шүкіршілік етсеңдер (берген игіліктеріме алғыс білдірсеңдер), сендерге оны міндетті түрде арттыра беремін. Ал, егер күпірлік етсеңдер (игіліктерімді мойындамасаңдар), шын мәнінде азабым өте қатты»,-деген ("Ибраһим "сүресі, 7 аят). Шүкіршілік ету, әрбір нәрсеге разылық білдіру-мағынасы терең ұғым.
Біз Аллаға күнделікті қаншалықты алғыс білдіреміз?
-Біз әрбір атқан таң сайын жаңа өмірдің жазылмаған, кірленбеген аппақ жаңа парағы ашылды деп қуанып, шүкіршілік етуіміз қажет.
-Таңертең тұрғанда жарық әлемді өз көзімізбен көріп, түннен аман-сау оянғанымызға шүкіршілік етуіміз керек.
-Пердені ашып, жаңа күннің нұрын, сәулесін көргенімізге ерекше қуануымыз керек.
-Аяқ-қолымыздың жұмыс істеп, қозғалғандығына, ешкімге мұқтаж болмағандығымызға Аллаға шексіз алғыс айтуымыз қажет.
-Басымызда баспанамыздың болғанына, мейлі, жалдап тұрсаңыз да, далада қалмай жылы жерде тұрғанымызға шүкіршілік етуге тиіспіз.
-Жұмысымыздың болғанына, оған барар жолда жолақыға төлейтін азды-көпті қаражатыңыздың болғанына алғыс айтуымыз керек. Көлігіңіз болса, түрлі жол апатынан аман-есен жүргеніңізге Аллаға алғыс айтуға тиіссіз.
-Күнделікті жейтін наныңыздың, су, тамағыңыздың болғанына Ұлы Жаратушыға алғыс айтуыңыз керек.
-Ақыл-ойыңның саулығына, түрлі идеяларды жүзеге асыра алатын саналы адам екендігімізге Аллаға шексіз алғыс айтуымыз қажет.
-Алла Тағаланың жаратқан алып кеңістігіне, сол ғажап кеңістіктің астында алаңсыз өмір сүріп жатқанымызға сансыз шүкіршілік етіп, риясыз қуана білуіміз керек.
Айта берсек, біз Аллаға алғыс айтып, шүкіршілік ететін нығметтердің саны шектеусіз, бұл бір параққа сия бермейтіні анық. Сондықтан шүкіршілік етіп, әр нығметке қуанып, алғыс айта білген пендесіне Алланың берері де таусылмайды.
Бірде ізгілік анасы атанған әулие Рабиға Адауиядан адамдар сұраған екен.
-Уа, Рабиға! Қалай жасасақ, Алла Тағала бізге разы болады?-деп. Сонда Рабиға анамыз:
-Сендер әуелі Алла Тағалаға қаншалықты толыққанды разы боласыңдар, бергеніне шүкірлік етіп, қабылдап, мойынсұнсаңдар, Алла Тағала да сендерге разы болады. Сендер Аллаға шынайы разы болсаңдар, сендерге де разы болады,-депті. Бұл хикаяның астарында терең мағына жатыр.
Аллаға шүкіршілік еткен сайын адамның өмірінде қандай өзгерістер болады?
Адам баласының тіршілігінде қандай да болмасын бір кем дүние табылары анық. Өйткені, осы өмір-мәңгілік жәннат емес. Адам өміріндегі әрбір нәрсеге, нығметке, ұсақ-түйек болмашы дүниелерге шынайы қуанып, қабылдап, Аллаға шүкіршілік еткен сайын сол адамның санасы өзгеріп, өмірінде көптеген жақсылықтарға, оңды өзгерістерге қол жеткізетіні шындық. Бұл үшін біріншіден, өзіңіз тәжірибе жасап көріңіз, тек шүкіршілігіңіз риясыз көңілден шыққан мөп-мөлдір таза болуы тиіс.
Хадис шәрифтерде былай делінген: «Ризығына разы болған адамның берекесі артады, разы болмағанда берекесіз болады» (Ахмед).
Жалпы психолог мамандардың пікірінше, адам өз өміріндегі болып жатқан құбылыстарды қабылдап, мойынсұнып, әрбір нәрседен қуаныш тауып, әрбір нәрсеге қуана білсе, ағзада қуаныш гормондары көп бөлінеді. Ал қуаныш гармоны көп бөлінген сайын жүзіміз жарқырап, жан дүниеміз тыныштық тауып, ерекше үйлесімділікте өмір кешеді. Сондай-ақ қартаю үдерісін тежеп, әдемілікті арттырады, денсаулығымызды нығайтып, ішкі қуатымызды қалпына келтіреді. Сол себепті таңертең тұрғанда өмірге наразы көңілмен тұрып, "Күн суық, дүние қымбаттап кетті, айналам толы жаман адамдар, жұмысым нашар, жалақым мардымсыз, қарызға белшеден баттым, өмірім сұрықсыз, көңілсіз, бір сарынды тірлік" тағы басқа сансыз көңілді көншітпейтін жағымсыз ойлар мен сүреңсіз сөздерді айтсақ, шын мәнінде, өмірге өзгеріс, қуаныш әкелмейді. Қайта осы мағыналас сөздерді айтқан сайын миыңызға бағдарлама орнатасыз, ары қарай жағымсыз жайттар өміріңізе тартылып, осылардың шеңберінде айналсоқтап жүресіз де қоясыз.
Алла Тағала да әр нәрсеге нәумезденіп, көңілі толмай, тағдырына наразы болып жүретін алғысы жоқ пенделерін жақсы көрмейді.
Ұлы Жаратушы «Ал, егер күпірлік етсеңдер (игіліктерімді мойындамасаңдар), шын мәнінде азабым өте қатты»,-деп ескертеді. ("Ибраһим "сүресі, 7-аят).
Өмірде не нәрсеге қолымыз жетпей жүр?!
-Баспанаңыз болмай жатыр ма? Көп жылдан бері жалдамалы үйде тұрып жатырсыз ба? Оған да разы болыңыз. Оның да уақыты келеді. Аллаға өз жағдайыңызды айтып дұғада болыңыз, мақсат қойып, содан кейін кішкене қадамнан болсын талаптанып, әрекеттеніңіз.
-Үйіңіз болмай жатыр ма? Ендеше, баспаналы болып жатқан жандарға танысаңыз да, танымасаңыз да шынайы көңілден бақыт тілеңіз. Алла бір күндері сізге де нәсіп етер.
-Жұбыңыз жоқ, жалғыз жүрсіз бе? Осы күніңе де Аллаға сансыз алғыс айт, өміріңді іштей толық қабылда! (Бойдақ жігіт, кәрі қыз деген түрлі теңеулерге еш ренжімей, қабылда, іштей мойынсұн). Оның да бір қайыры бар болар. Алла сені жайсыз жағдайлардан сақтап жатқан шығар. Осы қалпыңа, осы тағдырыңа алғыс айт, мойынсұн, Алладан үмітіңді үзбей рухани жақындықты, дұға, тілектеріңді жалғастыра бер!
-Отбасымен жүрген жұптарды көшеде көргенде оларға танысаң да, танымасаң да іштей бақыт, жақсылық тіле! Алла сол тілегеніңді бір күндері өзіңе тарту етеді.
-Отбасылық өмірде балаң жоқ па? Бұл халіңе де разы бол! Сенің қолыңнан ешнәрсе келмейді. Аллаға өте рухани жақын бол, ғибадат жаса, Құдайды таны! Жүрегіңдегі бос кеңістікті Алланың мейірімі мен шапағаты ғана толтырады.
-Көшеде сәбилі аналарды, аяғы ауыр келіншектерді көргенде Аллаға шүкіршілік етіп, соларға адал ниетпен амандық, саулық, бақыт тіле! Ешқашан ешкімді қызғанба, қызғаныш қызыл итке жем етеді, өміріңді одан бетер ауырлатады.
Жалпы қандай жағдайда жүрсең де, қандай бір кем дүниең болса да Аллаға деген алғысың тоқтамасын. Бір кем дүниенің орнын Жаратушыдан келген рухани тыныштық, нұр, мейірім ғана толтырады.
Армандарыңызға жете алмай жатырсыз ба?
Оның бірнеше себептері қарастырылады:
-Біріншіден, бұл жағдайдың біздің өміріміз үшін қайыры бар, сабырмен, шүкірмен, үміт пен әрекеттің аясында жалғастыра берсек, Алла бір қайырлы нәтижесін беруші.
-Екіншіден, осы жетпей жатқан тілектеріміз арқылы Алла бізге сабақ беруі мүмкін. Біз іштей толық дайын емеспіз. Сондай-ақ айтылмыш шешілмеген мәселе нәтижесінде Жаратушыға деген рухани жақындығымызды, бес уақыттан тыс түнгі намаз оқып, нәпіл ораза ұстап, ізгілік жасап тағы басқа руханият төңірегіндегі жолдармен ішкі дүниемізді жаңартуымыз ауадай қажет.
-Тағы бір басты мәселе, өзімізді тереңнен зерттеп, өзіміздің ішкі әлемімізді тануымыздың, түлетуіміздің қажеттілігі. Мәселен, "Менің өмірімде осы оқиға неліктен орын алып жатыр? Мен өткен өмірімде қай жерден қателестім? Кімдердің хақысын жедім? Кімдерді келемеждеп, ғайбаттадым? Кімдердің өмірін сөз қылып, ортада талқыладым?". Осындай сауалдар төңірегінде өз-өзімізден көбірек есеп алып, өткенімізді тазартуымыз өте маңызды әрі қажетті дүние.
Өткен өмірді тазалау- бақытты болашаққа жол ашады ма?
Адамның өткен өмірін тазалап, ренжіскендерді кешіріп, жүректегі өшпенділік пен кекті жойып, өмірінен босатқанда ғана алдыңғы жолы, болашақтағы өмірі жарқын болады. Жылдар бойы күнә мен реніштің жүгін арқалап жүру-екі тарапқа да бақыт әкелмейді. Яғни, өз-өзімізге есеп беріп, өткен өмірді рухани тазалау.
Қасиетті Құрандағы 99-сүре «Зілзәла» сүресі деп аталады. Сүренің 7-аятында: «Сонда кім тозаңның түйірі салмағындай жақсылық істеген болса, ол оны көреді» делінген. Ал, бұл аятты ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) «Барлығын бойына қамтыған дара аят» деп ерекше атаған. «Зілзәла» сүресінің 8-аятында «Ал енді кім тозаңның түйірі салмағындай жамандық істесе, оны да көреді» делінеді.
Мейлі, жылдар өтіп кетсе де, кезінде бір адамның жанына жара салып, хақын жесең, сол адамды іздеп тауып немесе хабарласып, ұялмай кешірім сұрау. Қазіргі технологияның дәуірінде әртүрлі әлеуметтік желілер арқылы тез тауып, хат жазып, алдынан өтуге мүмкіндіктер бар. Алайда адамның нәпсісі кішірейгісі келмей, көп жылдық зіл батпан жүкті арқалап жүре бергісі келеді. Іштегі қарсылыққа қарамастан нәпсіні басып, ұятты қойып, Алланың алдында да, сол адамның алдында да кешірім сұрасаңыз, өміріңіз ғажап өзгеріп, санаңыз, жан әлеміңіз тыныштық тауып, сол түні рақаттанып ұйықтап, жеңілдеп қаласыз. Міндетті түрде содан кейін ӨМІРІҢІЗДЕ өзгерістер мен жақсылықтардың көп болатыны шындық. Бұған нақты тәжірибе мен әрекет қажет, әуелі жасап көріңіз...
Психологтардың айтуынша, мұны "карманы тазалау" деп айтатыны белгілі. Яғни, өткен өміріңді, қателіктеріңді тазалау, Аллаға тәубе ету, күнәға өкіну-дұғалардың қабыл болып, армандардың орындалуына жол ашады. "Алла кешірімді, кешіргенді жақсы көреді", ендеше, Аллаға шынайы тәубе етіп, әр нәрсесіне шағымдана бермей, разы болып, әрқашан алғысымызды білдірейік! Сонда барлығы да Алланың жәрдемімен өз шешімін табатына хақ. Ұлы Жаратушының әрбір нығметіне шексіз шүкіршілік етіп, баршаға бақыт тілейік!
Меруерт Бақдәулетқызы
Семей қаласы.