Шәкәрім – қажылық парызын орындаған, халқына Ислам парыздары мен шарттарын түсіндірген ғұлама. Шәкәрім «Үш анық» туындысында екі өмірге де керекті іс ұждан деп болжайды. Шәкәрімде алғашқы ақиқат – діни анықтықтың дәлелі ғаламның бір заңдылыққа сүйеніп дамитындығы мен ондағы кездейсоқтықтың болмайтындығы. Яғни, ойшылдың пікірінше, ғаламдағы заңдылық пен үйлесімділіктің түпкі тамырында Құдай жатыр. Екінші ақиқат – ғылым ақиқаты, жанмен, оның ажалсыздығымен байланысты ақыл-ойды алды. Шәкәрімде жанның мәңгілігі рухпен айқындалмайды, оның түсінігіндегі рух ақыл-ой қасиеті. Ал жанның азығы ретінде үшінші ақиқат ретінде ұжданды көрсетті. Ұждан – адамның ішкі рухани әлемі, онсыз адам жанын елестету де мүмкін емес. Ұждан жанның азығы ретінде, адамның адамдығы мен адамгершілік қасиеттерінің негізі, қоғамдық дамудың көзі. Шәкәрім ар ілімімен қоғамды дамытудың жолын көрсетіп берді. Қоғамдағы әрбір адамның ары мен ұятын оятып, оны жетілдіру арқылы мүмкін екендігін айқындады. Адамның ішкі дүниесін жетілдіруді ұсынған ойшыл, ағартушы ретінде өзіндік ерекше жолды нұсқады. Оның нұсқаған жолы ар ілімінде көрсетілгендей, адамды ең басты құндылық ретінде тану болып табылады. Ойшылдың бұл ойы бүгінгі күннің де мәнді мәселесі екендігі анық. Осы тұрғыда ойшылдың ілімінің құндылығы адамның өзін-өзі тәрбиелеу, мүмкіндіктерін тек жағымды жағдайларға пайдалану, адам деген атқа сай өмір сүру, өзін-өзі жетілдіру, білім мен еңбек арқылы дүниенің кілтіне ие болатындығы туралы ойларынан көрінеді.
Шәкәрім Құдайбердіұлының ұсынған ілімі гуманизм, ол адам жанын жетілдіру арқылы адамға қолайлы қоғам орнығатындығын, онда тек адами заңдар басшылыққа алынатынын, қоғамның ең басты құндылығы адам болып табылатынын тұжырымдады. Оны мына төменгі өлең жолдарынан да түйіндеуге болады:
Шошыма досым сөзімнен
Сөз құдайдан шыққан бу
Ұқпасаң көр өзіңнен,
Жұтқызайын нұрлы су.
Байлаймын да көзіңді,
Патша қылам өзіңді,
Ұғып отыр сөзімді,
Ел билетем жеті ру.
«Мейірім», «Ынсап»,
«Әділет», «Шыдам»,
«Шыншыл», «Харакет».
Түп қазығы «Ақ ниет»
Бұл жетеуін ел қылу.
Ешкімге зиян тигізбей,
Кәріптің көңілін күйгізбей,
Сайтанға беттен сүйгізбей
Жүрегіңді нұрмен жу – деп, ойшыл адамның өмірлік таңдауын өзі жасайтындығын айта келе, адамдық қасиеттердің ең асылы ретінде мейірімділікті, ынсапты, әділеттілікті, шыдамдылық пен шыншылдықты және әрекетшілдікті ұсынды. Осы асылдармен қатар адамның ақ ниеттілігі барлығының түпкі қазығы, руханилықтың негізі, жүрегінің тазалығының, пәктіктің белгісі. Ойшылдың бұл түйінінде адамды рухани тазалыққа жетелеудің жолдары қарастырылып, адамның ондай жолды ұстану құқығының бар екендігін айта келе, адамның өз мүмкіндіктерін тиімді пайдалана білуінің қажеттілігі жөнінде де ой салды.
Шәкәрім өз ізденістерінде адамды және онымен байланысты барлық мәселелерді қарастыра келе адамды ар жолынан, рухани тазалықтан тайдыратын жаман қасиеттер мен құмарлықтар мен оны адам бойынан байқау, онымен күресу, жою жолдарын ұсынды. Шәкәрім осындай жағымсыз қасиет, өткінші, жүрекке жалған жалын тастайтын, адам жанын улайтын у тәріздес деп бейнелейтіні – нәпсі мәселесі.
Бас көзімен қарасаң, нәпсі – жалған,
Бір сұлу қыз сықылды жұрт таңдаған ...
Бас алуға жаралған бір жәдігөй
Өткір қылыш сықылды уға малған ... –
(Құдайбердиев Ш. Өлеңдер мен поэмалар. Жалын. – Алматы, 1988. - 256 б.) деп, Шәкәрім адам бойындағы құмарлықтардың ішіндегі нәпсіні – адамның тек бас көзбен көріп бой алдырып, ақыл-ойынан бағындырып, санасын улайтын қауіп-қатер екендігін түсіндірді. Осы өлеңінің басқа жолдарында адамның нәпсіден құтылатын жолы – нәпсіні тыю болып табылады. Нәпсіні тыю оның құрығында жатқан ынсапты босату, яғни адам өз бойын ынсапқа басқарту. Ынсап барлық істе не кем немесе артық қылмай, адамды теңдікте ұстап, бәрінің дұрыс жолын көрсететін қасиет ретінде ұсынады. Сонымен ынсап Шәкәрімде адам бойындағы әділ, асыл қасиеттер қатарының алғашқысы болып көрінеді, адамның ақиқатқа ұмтылуы, қанағатшылдық, басқаларды дұрыс түсіну, барлығын салмақтай білу сияқты қасиеттерін білдіреді.
Шәкәрімнің рухани ізденістері діни-ағартушылық бағытта екендігі. Бұл оның мұрасын зерттеушілердің ортақ тұжырымдамасы. Ойшылдың «Мұсылмандық шарты» еңбегі мен көптеген өлеңдерінде діндегі рухани тазалықты дәріптеп, адамды арсыздықтан сақтау діннің ақ жол ұстану арқылы мүмкін болатындығын пайымдайды. «Иманым» атты өлеңінде әлем мен адамды жаратқан Аллаһ екендігін айта отырып, сенімсіздік адам жанын тұмшалап тастайтындығын, сондықтан иман адамның рухани жан дүниесіне сәуле түсіріп, оған жан бітіріп, сөйтіп оның көкірек көзін ашатындығын жазады.
Шәкәрім – өз ұлтын бар болмысымен сүйген ұлтжанды, ойшыл. Ол елінің болашағын, халықтың иманын ойлап, тұңғиығы терең рухани мұра қалдырған.
Ойшыл өзінің «Шошыма, ойым, шошыма» атты өлеңінде былай пайымдайды:
Шошыма, ойым, шошыма,
Келмейді жындар қасыма.
Таһараты жоқ сайтан,
Жоламас менің қасыма.
Қажыма, ойым, қажыма,
Қарама тозған жасыма.
Адаспасаң ақ жолдан,
Қонады бақыт басыңа.
Билет бәрін сабырға,
Кірме ажалсыз қабырға.
Сырласатын күн туар,
Жан қияр жақын тамырға!
Бұл өлең жолдарында имандылық пен тән және жан тазалығының адам өміріндегі маңыздылығын айқындай келе, дені таза, жаны пәк, иманды жаннан қандай жағдайда да Аллаһтың нұры жауып, бақытқа кенелетіндігіне сенімін білдірді. Осы жолдарда діндегі адамның өз ажалымен бақилық болу мен өзіне қол жұмсау мәселесін көтеріп, адам өмірінде қиындыққа ұшырасқанда барлығын сабырға жеңдіріп, ақ жолдан таймаған жағдайда ғана бақыттың төрі алыс емес екендігін тағы да көрсетеді. Өзі жасынан Ислами құндылықтарды бойына сіңіріп, имандылықтың, сабырлықтың, адалдықтың мәні мен маңызын діни тұрғыдан терең түсінген ойшыл, адамдарды имандылыққа, жақсылыққа, сабырлыққа, білім мен ғылым білуге шақырды.
Сен ғылымға болсаң ынтық,
Бұл сөзімді әбден ұқ.
Білгеніңнің жақсысын қыл,
Білмегенді біле бер.
Білген ердің бол шәкірті,
Білмегенді қыл шәкірт.
Үйренуге қылма намыс,
Үйретуге болма кер. ...
(Шәкәрім. Қазақ айнасы. – Алматы: Атамұра, 2003. - 296 б.) – деп, білім мен білімсіздіктің арасындағы жер мен көктей айырмашылықты көрсетіп, білмегеніңді білуден жалықпа, одан арланба, ал білгеніңді ішке сақтамай оны адамзат қажеттілігіне жұмсап, басқаларға үйрет деп, адам дүниеге келгенен кейінгі өмірі бойына білім нәрін жинақтап, сонымен өзінің өмірлік бағдарын табатындығын жеткізуге тырысты. Өз ұлтының қоғамдық дамуын ғылым-білім жолынан іздеген Шәкәрім өзі де осы жолда қажымай еңбектенгендігі, оның сан-салалы ізденістерінің нәтижесі болған рухани мұраларынан байқауға болады.
Шәкәрім ұстазы Абай сияқты қоғамдық даму ғылым-білімнің арқасында, қоғамның өрлеуі әрбір адамның рухани толығуы, дамуы арқасында болатындығын айтты. Шәкәрім Абайдың халқы үшін жанашыр, елін тек дұрыс жолға бастайтын данышпан екендігін танып, оны аса қадірлеген. Абайдың рухани мұраларынан нәр алған Шәкәрім оның ағартушылық жолын әрі қарай жалғастырып, ұлағатты сөздерін қалдырды.
Шәкәрім шығармашылығының негізгі тақырыбы адам болып табылады. Шәкәрім – адам бойындағы танымдық мүмкіндіктерін, ар-ұжданын жоғары бағалай отырып, адамды жан-жақты жетілдірудің жолдарын іздеген гуманист. 1911 жылы шыққан «Қазақ айнасы» жинағы адамгершілік, мораль, этикалық мәселелерге арналған шығарма болды. Бұл шығарма адам бойындағы адамдықтың белгісі болып табылатын, адамзатқа пайдалы іс жасау, жақсылық ойлау, жақыныңа қамқор болу сияқты асыл қасиеттерді көрсетеді. Ойшыл адамгершілік, әдептілік, мораль мәселелерін көтерген өлеңдерінің көпшілігін жастарға бағыттап жазған. Оның себебі жас буынның қоғам болашағы екендігін көріп-біліп, олардың санасына өз өлеңдерімен әсер етіп, оларды оқуға, өнер үйренуге, ғылым меңгеруге шақырды. Туған елінің дамуын, күш-қуаттылығын көргісі келген ойшыл халқына тек оңды пікірлерін ұсынып, қоғамды дамыту жолында өзі де көп тер төгіп, артынан мол рухани мұрасын қалдырды.
Ойшылдың пікірінше, қоғамдағы орын алған келеңсіздіктерді жоюдың жолы қоғамның әрбір мүшесінің ар-ұжданын оятып, адамгершілік заңдарын бойларына тереңінен сіңдіру арқылы мүмкін болатындығын айтты. Сол сияқты, адам өзін-өзі жетілдіру, өзін-өзі билеу арқылы барлығын өзінің ырқына көндіруге мүмкіндігі бар екендігі туралы гуманистік ойларының мән-мағынасы ерекше.
Философ ғалым Ғарифолла Есім Шәкәрімнің дінге қатысты көзқарастары туралы былай дейді: «Шәкәрім Құдайға сенген, тақуа адам болған» (Есим Г. Наука совести. – Алматы: Раритет, 2008. - 480 с .).
Сонымен, Шәкәрім Құдайбердіұлының рухани ізденістері нәтижесінде туындаған шығармалары – жалпы адамзаттық мәселелерді тереңінен толғаған, берері мол құнды дүние. Ойшылдың мұраларында берілген идеяларының төркіні қазіргі рухани жаңару заманында таптырмас бұлақ. Тек сол рухани бұлақтың көзін ашып, сусындау өзін-өзі жетілдіруді көздеген әрбір адамға таптырмас қазына десек артық айтқандық емес.