Сахаба Әбу Һурайрадан риуаят етілген сахих бір хадисте Алла елшісі түстің үш түрлі болатындығын білдірген. Ол (с.а.у.) былай дейді:
«Түс үш түрлі: Алладан келген сүйінші, адамның өз-өзіне айтқаны және шайтанның үркітуі. Кімде-кім, көңіліне ұнаған түс көрсе, қаласа айтып берсін. Ал, көңіліне ұнамаған түс көрген болса, ешкімге айтпай, тұрып намаз оқысын»[1].
Хадисте айтылған үш түсті атап айтар болсақ:
1. Салиқалы түс. Хадиста «ру’я салиха» деп келеді. Мәнді, мағыналы түс. Басқаша айтқанда: «Рахмани түс».
2. Шайтанның үркітуі. (Шайтани түс).
3. Қияли түс. Өз-өзіне айтқан нәрселерінің түсінде көрінуі[1].
Салиқалы түстер (Рахмани түстер) - Алла тарапынан келген аян іспетті. Бұның өзі: жорамалдауды қажет етпейтіндей анық-айқын және жорамалды қажет ететіндей жабық, астарлы түс болып екіге бөлінеді.
Салиқали түстер, басқаша атауы «Рахмани түстер» - не сүйіншілеуші, не ескертуші сипатта болады. Және көбіне сәресі уақыттарында орын алады. Мұндай түсті Пайғамбарымыз «пайғамбарлықтың қырық бес бөлігінен бір бөлік» деп сипаттама берген.
Адамның түсіне Салиқалы-Рахмани түстер әр уақытта кіре бермейтіндігі мәлім. Түстерімізге Рахмани түстер жиі кіріп тұруы үшін кейбір алғы шарттар көрсетілген. Осы алғы шарттар сақталған жағдайда салиқалы түс көру мүмкіндігі артады. Ендеше алғы шарттары қандай екен?
Олар:
1) Өтірік айтпау. Шынайы әрі Рахмани түс көретін кісі өтірік айтпайтын, шыншыл болуы тиіс. Көп өтірік айтатын кісінің Рахмани түс көру мүмкіндігі төмендейді. Бұған байланысты риуаяттарда Алла елшісінің былай дегендігі келтірілген: «Түс тұрғысынан ең шыншылдарың (түстері ең шыншыл болғандарың) – сөз тұрғысынан ең шыншыл болғандарың» - деген Алла елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм)[2].
2) Жеке бас тазалығына көп көңіл бөлу. Риуаяттарға қарағанда Алла елшісі (с.а.у.) әр күні сахабаларынан: «Кеше түнде түс көргендерің бар ма?» - деп сұрайды екен. Сахабалар көрген түстерін айтып беретін болған. Пайғамбарымыз оларды жоритын. Бір күндері Пайғамбарымыз (с.а.у.) әдеті бойынша «түс көргендерің бар ма?» деп, сұрайды. Бірақ ешкім түс көрмеген болып шығады. Осылай бірнеше күн сұрап, оң жауап ала алмағаннан кейін, Алла елшісі (с.а.у.) жаңындағы сахабаларға: «Қалай түс көрмексіңдер?! Тырнақтарыңның іші кірге толы!» - деп, тырнақтарының өсіп кеткенін және іші кірге толғанын, соның нәтижесінде салиқалы түс көрмей кеткендерін білдіреді. Тырнақты алу – фытраттан (адам табиғатына тән нәрсе) болып саналады. «Он нәрсе - фытраттан» деген Алла елшісі. Олар: Мұртты қысқарту, сақал жіберу, мисуакпен ауыз шаю, мұрынды сумен шаю, тырнақты қысқарту, саусақтар арасын жуу, қолтық түгін жұлу, әурет жердің түгін қыру және сумен іш дәрет алу[3].
3. Дәрет алып жату.
4. Оң жақ қырымен жату. Пайғамбарымыз (с.а.у.) жатарда бірінші оң жақ қырымен, қолын бетіне қойып (бетінің астына қойып) жататын болған[4].
А. Қасым.
[1] Ибн Мәжә, №3154 хадис
[2] «أصدقكم رؤيا أصدقكم حديثا»
[3] «Сахих Муслим»: №261 хадис; Әбу Дәуід: Сүнән - №53 хадис.
[4] «Сахих Бұхари».