Сафа, Мәруа төбелері және зәмзәм суы
Ибраһим (а.с.) Алла Тағаланың бұйрығымен зайыбы Ажар анамызбен емшектегі баласы Исмайылды қазіргі Зәмзәм құдығының орналасқан жеріне әкеліп тастап кетті. Ол уақытта қазіргі Мекке қаласының орналасқан жерінде ішер судың жоқтығынан тірі жан мекендемейтін-ді. Ибраһим (а.с.) зайыбы мен ұлы Исмайылға қорек ретінде азғантай құрма мен су тастап, Алла Тағалаға деген тәуекелін берік ұстап, ол жерден ұзақтай түсті. Қорек пен суға тапшы мына шөлде Ажар анамыз бен баласы Исмайылға өмір сүру күннен-күнге қиындай түсті. Бірақ өздерін сол жерге қалдырып кетуді жаратқан иелері Алла Тағаланың өзі бұйырған болса, Ажар анамыздың бостан-бос қам жеп, уайымдауы орынсыз еді. Өйткені, әлсіз құрт, құмырсқа сияқты жәндіктерге ризық берген Алла оларды жапан далаға тастап, ұмыт қалдыруы мүлдем мүмкін емес. Міне, сондықтан Ажар анамыз: «Алла Тағала бізді қорғайды, мына сусыз шөл далаға бізді жалғыздан жалғыз, жәрдемсіз тастамайды» – деп, Ұлы Жаратушысына деген сенімін берік ұстап, пайғамбарша тәуекел етті. Уақыт жылжыған сайын Ибраһимнің (а.с.) тастап кеткен азғантай суы таусылып, жас сәби Исмайыл су сұрап жылай бастады. Ана байғұс сәбиінің шырылдауына шара таба алмай шарқ ұрып, зыр жүгіруде. Анасы басқа не істесін, емізейін десе, омырауында сүт жоқ, су берейін десе, тамызықтай су да тапшы. Баласы Исмайылдың шырылдауына шыдап тұра алмаған ана өтіп бара жатқан тірі жанды кездестіріп қалармын деген үмітпен Сафа төбесіне шықты. Бірақ ешқандай тірі жанның қарасы көрінбегеннен кейін Сафа мен Мәруа төбешіктерінің арасында алқынса да, «үмітсіз шайтан» дегендей ерсілі-қарсылы жүгіре бастады. Мәруа төбешігіне жетінші рет шыққан кезінде құлағына беймәлім бір дауыс естіліп, қалт тоқтайды. Ажар анамыз: «Ей, дауыс иесі! Бізге даусыңды естірттің, егер бізге көмектесе алатындай күшің болса, көмектес», – деді. Ажар анамыздың осы мінәжаты бітісімен Зәмзәм бұлағының жанында періште Жебірейіл (а.с.) көрінді. Жебірейіл (а.с.) жерді қазып жатыр екен. Әне-міне дегенше су көрініп, аға бастады. Бұл құбылысқа қатты қуанып кеткен Ажар анамыз су ақпасын деген мағынада «зәм-зәм» дейді. Судың алдын бекітіп, кішігірім хауыз жасады. Ыдысына су алған сайын, орнына су қайнап шыға берді. Ыдысты суға толтырғаннан кейін мүбәрак судан қанып ішіп, ұлы Исмайылды емізе бастады. Жебірейіл (а.с.) Ажар анамызға былай деді: «Жоқ болып құрып кетеміз деп қорықпаңдар. Міне, мына жер – Бәйтулланың (Қағбаның) орны. Оны мына сәби мен әкесі салады. Алла Тағала бұл үйді салатындарды зиянға ұшыратпайды».
Міне, Зәмзәм суының шығу тарихы осылай. Қазіргі кездегі қажылардың Сафа мен Мәруа төбелерінің арасында жүгірулерінің хикметі – Ажар анамыз бен ұлы Исмайылдың басынан өткен осы бір ғибратты оқиғаны сезіну және жандандыру.
Зәмзәм суы – мүбәрак және киелі су. Пайғамбарымыз (с.а.у.) зәмзәм суының қасиеттері жайында:
{مَاءُ زَمْزَمَ لِمَا شُِبَ لَهُ} «Зәмзәм суын қандай мақсатпен ішетін болса, сол мақсатқа пайдалы»[1] – деген. Яғни ауруыма шипа болсын деп ішсе ауруына шипа, азық болсын деп ішсе, азық болады. Ажар анамыз бен ұлы Исмайыл ұзақ уақыт басқа азық жеместен зәмзәм суымен қоректенген.
Сағидың дұрыс орындалу шарттары
1. Сағидің қажылық немесе умра үшін ниет етіп, тәлбия айтып, ихрамға кіргеннен кейін жасалуы. Қажылық ғибадатын атқарушыға айттың алғашқы күнінен бұрын ихрамнан шығуына болмайды. Егер қажылық үшін жасалатын сағиді Арафатта тұрудан бұрын жасаса, ихраммен жасаған болады. Ал Арафаттан қайтқаннан кейін шайтанға тас лақтырып, құрбан шалғаннан соң жасаса, ихрамнан шығып та жасауына болады.
Умра үшін істелетін сағиді ихрамнан шықпай тұрып жасау – уәжіп. Умра тауабын орындап, сағиді жасамастан шашын алып немесе қысқартқан жағдайда ихрамнан шыққан болады. Ихрамнан шығып қойғаннан кейін жасалған умра сағиі дұрыс деп есептелінеді. Бірақ умра сағиін ихрамнан шықпай тұрып жасау – уәжіп болғандықтан, жаза өтейді.
2. Қажылық үшін істелетін сағидің қажылық айларында жасалуы.
3. Дұрыс орындалған тауаптан кейін жасалуы. Дұрыс орындалған тауап – жүніп, хайыз, нифас күйінде жасалмаған тауап.
4. Тауаптағы жеті айналымның кем дегенде төртеуінің орындалған болуы. Төрт айналымнан кейінгі жасалмай қалған әр айналым үшін жаза ретінде садақа беру керек.
5. Сағиді Сафа төбесінен бастау.
Сағи уәжіптері
1. Сағидің жаяу жасалуы. Ауру немесе кәрілікке байланысты сағи жасай алмайтындар арнайы арбамен жасауларына болады.
2. Сағидің жеті шаут жасалуы (Сафадан Мәруаға бару – бір шаут, Мәруадан Сафаға кері қайту – бір шаут)
Сағи сүннеттері
Басқа ғибадаттар сияқты сағидің де сүннеттері бар. Бұл сүннеттерді орындау – үлкен сауапты іс. Бірақ істелмей қалған жағдайда күнә болмайды.
1. Тауаптан кейін сағиді орындау. Яғни, тауап намазын оқығаннан кейін дереу сағиға бастау.
2. Сағиді дәретпен жасау
3. Денесінде немесе үстінде намазға кедергі болатындай нәжіс болмау
4. Сағиді бастамас бұрын қара тасқа сәлем беру
5. Әр жүгірісте Сафа және Мәруаның Қағба көрінетіндей жеріне шығу
6. Әр жүгірісте Сафа және Мәруада жүзді құбылаға бұрып, тәкбір, таһлил айтып, дұға жасау
Тәкбір дегеніміз: {أللهُ كْبَرُ} «Аллау әкбар» деп айту, ал, таһлил болса:
{لا إلَهَ إلاَّاللهُُ وَحْدَهُ لا شَرِيكَ لَهُ, لَهُ الْمُلْكُ وَ لَهُ الْحَمْدُ وَ هُوَ عَلَي كًلِّ شَيْءٍ قَدِيرُ}
«Лә иләһә иллАллау уахдаһу ла шәрика ләһ, ләһул-мулку уә ләһул-хамду уа һуа 'ала кулли шайин қадир» – деу. Мағынасы: «Алланан басқа тәңір жоқ. Ол – жалғыз, серігі жоқ. Барлық иелік оныкі және күллі мадақ оған тән. Оның барлық нәрсеге құдіреті жетеді».
7. Ер кісілердің Сафа мен Мәруа жолында жасыл белгілер орналастырылған екі діңгектің арасында адымдарын жиі-жиі алып, тез-тез жүрулері, бұған «һәруалә» делінеді. Әйелдер һәруалә жасамайды.
8. Сағи жасау кезінде тәкбір, таһлил айтып, дұға жасау.
Сағи қалай жасалады?
Тауап жасағаннан кейін Сафа төбесіне барып, Хажарул-Әсуәдке (қара тас) сәлем бергеннен кейін қажылық болса қажылық сағиі үшін, умра болса умра сағиі үшін ниет етеді. (Аллаым, мен сенің ризалығың үшін Сафа және Мәруа төбелерінде жеті рет қажылық (немесе умра) сағиін жасауды ниет еттім. Бұны маған жеңілдет және менен қабыл ал!) Тәкбір, таһлилдермен қоса зікір айтып, дұға жасап, Мәруа төбешігіне қарай жүреді. Сафадан Мәруаға төрт рет бару және Мәруадан Сафаға үш рет қайтумен сағиді аяқтайды. Ер кісілер Сафа мен Мәруа жолындағы жасыл белгілер орнатылған діңгектердің ортасында жиі-жиі қадамдармен жылдам-жылдам жүреді. Жасыл белгілерден өткеннен кейін ақырын жүреді. Әйел адамдар болса тез жүрмейді. Сағи қажылық үшін бір рет, умра үшін бір рет жасалады. Нәпіл сағи жасалмайды.
[1] Кутубу-ситта, 923/6910.