Рамазан - Құран айы. Рамазанда Құран оқып жүрсіз бе?
Рамазан - Құран айы. Рамазанда Құран оқып жүрсіз бе?
4 жыл бұрын 5610

Қасиетті Құран Кәрім түсе бастаған бұл айды Құран оқумен өткізіп, Құран айына айналдырған жөн. Алла Тағала Құран Кәрімде былай деген:

 «Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол нұсқайтын және ақ пен қараны айыратын Құран түсірілді...». (Бақара сүресі, 185-аят).

Сондықтан, Пайғамбарымыз (ғалейһиссәләм) бен Оның саңлақ сахабалары және кейінгі олардың ізбасарлары (табиғиндер) Рамазан айын күндіз-түні Құран оқумен өткізіп, оның терең мағыналарына бойлай білген.

Құран оқудың қаншалықты сауапты екендігі жөнінде Алла елшісі (с.а.у.) былай деп өтеді:

«Алланың кітабының тым болмаса бір әрпін оқыған адамға бір сауап, ал осындай әрбір ізгі іске он есе артық сауап жазылады. Мен «әлиф, ләм, мим» бір әріп деп айтып тұрған жоқпын, «әлиф» бір әріп, «ләм» бір әріп, «мим» бір әріп».

Бұхари мен Мүслимнің «Сахих» атты хадис кітаптарында Ибн Әнәстан (р.а.) мынадай риуаят жеткізілген:

«Пайғамбар өте жомарт адам еді (саллаллаһу алейһи уә сәлләм). Ал, Жәбірейіл (аләйһис-сәлам) келіп Құран үйреткен Рамазан айында қолы тіптен ашық болатын. Жәбірейіл оған Рамазан айының әрбір түнінде келіп тұрды».

Осылайша біздің Пайғамбар Рамазанның әрбір түнінде Құранды оқып үйренді.

Мәселен, имам Мәлик Рамазан басталысымен Ораза өзінің барлық ғылыми жұмыстарын жиып тастап, Құран оқуға кірісетін. Имам Суфян әс-Саури де солай істеген.

Исламның бірқатар ғұлама-ғалымдары ғибадат кезінде намазға тұрғанда: кейбірі әрбір үш күнде, кейбірі әрбір жеті күнде, ал енді біреулері әрбір он күнде Құранды басынан соңына дейін толық оқып шығатын.

Егер мұсылман күндіз ораза тұтып, түнгі уақыттарда Құран оқыса, қиямет күнінде оны қорғайтын және оған кешірім беруді өтінетін, тозақ отынан сақтайтын екі жақтаушысы болады. Олар – ұстаған оразасы мен оқыған Құраны. Хадисте былай риуаят етіледі:

«Қиямет күнінде Алланың құлына Ораза мен Құран араша түседі. Ораза айтады:

 «Тәңірім! Мен оны күндіз ішуден және жеуден тыйдым» - дейді.

Құран айтады:

«Мен оны түнде ұйқыдан қалдырдым, сол үшін оған араша түсемін...» - дейді. Ол екеуінің өтініштері қанағаттандырылады.

Аса қымбатты мұсылман бауырлар! Рамазан айында Құран Кәрімге жүгінейік, оған барынша жақындайық, рақаттанып тыңдайық, мейірлене оқиық және ондағы үкімдер мен қағидаларды әрбір ісімізде басшылыққа алып отырайық. Сөйтіп, ақырет күнінде оның біздің әрбірімізге жақтаушы болуын және құдіретті Алланың кеңшілігімен, күнәларымызды кешіруін, тозақ отынан алыстатуын үміт етіп сұрайық.

«Ораза, зекет және садақа» атты кітаптан.
«Хикмет» баспа үйі, Алматы-2009 ж.

0 пікір