ҚҰРБАН ШАЛУҒА ҚАТЫСТЫ БІЛУ КЕРЕК НЕГІЗГІ МӘСЕЛЕЛЕР (сұрақ-жауап)
ҚҰРБАН ШАЛУҒА ҚАТЫСТЫ БІЛУ КЕРЕК НЕГІЗГІ МӘСЕЛЕЛЕР (сұрақ-жауап)
3 жыл бұрын 21339
Аударып, дайындаған Абдусамат Қасым

С(сұрақ): Исламда Құрбан шалудың үкімі қандай?

Ж(жауап): Құрбан шалу - азатты, ақыл-есі дұрыс, ауқатты және жолаушы емес әрбір мұсылманға уәжіп болған амал. Ал, құлға, тұрмысы төмен кедейге және жолаушыға уәжіп емес. (Уәжіп - істелуі міндетті іс).

С: Бұл уәжіп амалын атқару үшін не сойылады?

Ж: Құрбандыққа төрт мал түрі сойылады, олар: түйе, сиыр және қой, ешкі. Кой немесе ешкі – бір адам үшін шалынады. Ал, түйе немесе сиыр малын жеті адам бірігіп шалуларына болады, ол - әрбірінің құрбаны үшін есептеледі. Бірақ әрбірінің үлесі жетіден бір бөлігінен кем болмауы керек (етін жеті бөлікке бөліп, жетеуіне теңдей бөліну керек). Сондай-ақ, жетеудің әрқайсысының ниеті құлшылық үшін болуы ләзім. Егер жетеудің біреуінің ниеті ет алу болса, ешбірінің құрбаны саналмайды.

С: Құрбан шалудың уақыты қашан басталады?

Ж: Құрбан шалудың уақыты - Құрбан айттың бірінші күні «фәжрус сәни» уақыты кіргеннен бастап, яғни, таң намазының уақыты кіргеннен бастап, басталады. Бірақ, қалалы жердегі тұрғындарға немесе қала үкіміндегі үлкен ауыл тұрғындарына Айт намазы оқылмай тұрып құрбандарын шалуларына болмайды. Олар Айт намазы оқылып болғаннан кейін шалулары тиіс.

С: Егер қалалы (немесе қала үкіміндегі үлкен ауылды) жерлердегі кісі Айт намазы оқылмай тұрып шалып қойса, не істейді?

Ж: Құрбанын қайта шалады.

С: Айт намазы оқылмайтын шағын ауылды жерлердегі тұрғындар таң намазы уақыты кіргеннен соң шалса, оларға рұқсат па?

Ж: Айт намазы және жұма намазы оқылмайтын шағын ауылдағы кісілер айт намазынан бұрын, таң намазы уақыты кіре салысымен шала берсе болады.

С: Құрбан айттың бірінші күні ғана шалыну керек пе, әлде құрбан шалу уақыты кең бе? (Құрбан шалу уақыты қанша күн?)

Ж: Құрбан шалу уақыты - үш күн. Құрбанды құрбан айттың бірінші күні және одан кейін екі күн ішінде шалуға болады. Бірақ, айттың үшінші күні күн батысымен, яғни, Зүл хиджа айының 12 күні күн батысымен құрбан шалу уақыты аяқталады. Құрбанды осы үш күннің әуелгі күнінде шалған абзал. Құрбан шалу абзал болу жағынан ортасы (айттың екінші күні) - екінші ретте тұрады. Үшінші ретте - үшінші күн.

С: Осы үш күннің алғашқы екі түнінің бірінде құрбан шалса, онысы есептеле ме?

Ж: Иә, есептеледі. Бірақ, қараңғы түнде тамағындағы күре тамырларының бірі кесілмей қалуы мүмкін деген қауіп болғандықтан, түнде құрбан шалу мәкруһ саналған, дегенмен есептеледі.

Құрбанға жарамайтын малдар

С: Құрбандыққа жарамайтын малдар жайында айтып өтсеңіз!

Ж: Бір көзі немесе екі көзі бірдей соқыр мал жарамайды, сондай-ақ, құрбан шалынатын жерге жүріп бара алмайтындай ақсақ мал жарамайды, және де жілігінде майы жоқ арық көтерем мал құрбанға жарамайды. Сондай-ақ, құлағы мен құйрығының көбі (жарымынан көбі) кесілген мал да жарамсыз.

С: Құлағы мен құйрығы кесілгенімен, жарымынан көп бөлігі сау болса, үкімі қалай (басқаша айтқанда, құлағы мен құйрығы жарымынан аз кесілген болса, ол жарамды ма)?

Ж: Ол мал Құрбанға жарамды.

С: Мүйізсіз малды, тарттырылған (піштірілген) малды, (күйіс қайырып, шөп жей алатын) тентек малды және қотыр малды құрбандыққа шалуға бола ма?

Ж: Аталмыш төрт күйдегі малды шалуға болады. (Бірақ, қотыр мал егер семіз болса ғана жарамды, ал егер арық қотыр болса, ол жарамайды).

Құрбанға шалынатын мал түрлері

С: Құрбанға қандай мал түрлерін шалуға болады?

Ж: Құрбанға шалуға болатын мал түрлері, тек: түйе, сиыр және қой (ешкі). Осылардан өзгесі шалынбайды. Әрідесе, бұлардың бәрі «сәни» жастағы және одан жоғарғы жастағы болулары керек. Сәни жас: қой мен ешкі екі жасқа аяқ басқан болу керек (яғни, бір жасар). Сиыр – үш жасқа аяқ басқан болу керек (яғни, толық екі жасар). Түйе – алты жасқа аяқ басқан болуы керек (яғни, бес жасар). Қой малынан алты айлық ірі тоқтыны шалуға болады, бұл қой малына ғана қатысты үкім, қалған малдың "сәни" жасқа толмаған төлдері құрбандыққа жарамайды. 

Құрбанның еті мен терісі

С: Шалынған құрбанның етін жеуге және өзіне қалдырып сақтауға бола ма?

Ж: Құрбанның етінен өзі жеуге және байға да, кедейге де жегізуге әрі сақтауға болады. Садақаға беретіні еттің үштен бірінен аз болмағаны мұстахаб саналған (яғни, үштен бір бөлігін мұқтаж отбасыға беру ұнамды, бірақ міндетті емес).

С: Құрбанның терісін не істесе болады?

Ж: Құрбанның терісін біреуге садақа етіп берсе болады немесе одан елек, торсық сияқты тұрмыстық бұйым жасап қолдануға болады. (Теріні сатар болса, ақшасын садақа етіп беруі тиіс). 

С: Құрбандығын өзі шала ма, әлде өзгеге тапсырса бола ма?

Ж: Егер, мал союды жақсы білсе, құрбанын өзі шалғаны абзал. Өзгеге тапсырып, ол мұның тапсыруымен шалса да жарайды (яғни, өзгеге шалдырса да жарайды).

С: Егер Кітап иесі саналатын мұсылман емес кісі християн не яһудиге тапсырып, құрбанын сойдырса, үкімі қалай? (Кітап иесі – христиан дініндегі немесе яһуди дініндегі адам).

Ж: Христиан немесе яһуди бір адамға құрбанын сойдырса, Құрбан шалу міндетінен құтылған болады, бірақ оған шалдырғаны үшін мәкруһ істеген болады. (Ал христиан не яһуди дінінен өзге діндегілерге мүлдем шалдыруға болмайды).

С: Мысалы, екі кісі әркім жеке өзіне құрбан шаламын деп қой сатып алса, кейін екеуі шатасып, бірі екіншісінің сатып алған құрбанын шалып қойса (екеуі шатасып бір-бірінің құрбандарын шалса), құрбандықтары санала ма?

Ж: Иә. Әр екеуінің құрбандары саналады. Ол жағдайда екеуі бір-біріне қойларын өндіріп берулері шарт емес.

«Әт-Тәсһилуд Дарури» атты Ханафи фиқһ кітабынан аударылды.
Авторы: Мұхаммед Ғашық Иләһи Буландшаһри

0 пікір