Жүрек – имандылық пен күпірліктің мекені. Жүрек – басқарушы орталық. Адамның сезімдері мен дене мүшелері осы орталыққа бағынады, орталықтан алған бұйрық бойынша әрекет етеді. Егер жүрекке иман ұяласа, адамның бойында имандылық, көркем мінез-құлық көрініс табады. Ал жүректі күпірлік мекен етсе, адамның бойында имансыздық пен жаман қасиеттер пайда болады. Яғни, жүрек – жақсылық пен жамандықтың қайнар бұлағы.
Сахаба Әбу Һұрайра (Алла оған разы болсын) былай дейді: «Жүрек – патша. Ағзалар оның әскері. Егер патша жақсы болса, әскері де жақсы болады. Ал егер патша нашар болса, әскері де нашар болады» (Байхақи, Шуьабул-иман).
Құран Кәрімде жүрек жайлы 132 жерде айтылады екен. Бұл жүректің маңыздылығын айрықша аңғартса керек. Сондай-ақ Алла Тағала адам баласының иманды немесе имансыз, екі жүзді немесе күнәһар болуының басты себебінің адам баласының жүрегінде жатқандығына назар аудартады. Пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Назар аударыңдар! Адам денесінде бір бөлік ет бар. Егер ол түзу болса, бүкіл дене дұрыс болады. Ал егер ол бұзылса, бүкіл дене бұзылады» (Бұхари, Иман) деп ескертуі де адам баласы үшін жүректің өте маңызды екендігін аңғартады.
Жалпы адам баласының жүрегін рухани тұрғыдан алғанда төмендегідей топтарға бөлуге болады. Олар:
1. Қалбун салим (сау жүрек)
Құран Кәрімде былай делінеді: «Ол күні (қиямет күні) мал да, бала-шаға да пайда бермейді. Тек, кім Алланың құзырына қалбун салиммен, яғни сау жүрекпен келсе, сол адам ғана пайда табады» (Шұғара сүресі, 88-89 аяттар). Аятта айтылып өткен «сау жүрек» сөзінің мағынасын алғашқы буын ғалым өкілдері: «күпірлік пен күнәһарлықтан аман», «ширк пен шүбәдан арылған», «Алланың Хақ екендігіне, қияметтің күмәнсіз болатындығына және өлгеннен кейін қайта тірілуге иман келтірген», «түрлі рухани дерттерден айыққан» және «жаман мінез-құлықтан арылып, көркем мінез-құлықпен безенген жүрек» деп түсіндірген.
Бұл жайында ғалым Фахруддин Рази былай дейді: «Сау жүрек дегеніміз – жүректің надандық пен жаман ахлақтан аулақ болуы. Яғни, жүректің соқыр наным-сенімнен, жиіркенішті әрекеттерден және дүние құмарлықтарынан арылуы».
2. Қалбун муниб (мойынсұнған жүрек)
Қалбун муниб – жүзін әрдайым жаратушы Аллаға қарай бұрып, өткінші дүниелердің бұғауынан құтылған, шынайы ықыласпен Раббысына мойынсұнатын жүрек. Құран Кәрімде бұл жайында былай деп баяндалады: «Міне, сендерге уәде етілген жәннат! Ол Аллаға қарай жән-тәнімен бет бұрған, әмірлеріне мойынсұған, көрмесе де Рахманнан қорыққан және «қалбун мунибпен» (Аллаға бет алған жүрекпенен) келген пенделерге арналған» (Қаф сүресі, 32-33 аяттар).
3. Қалбун мутмайын (орныққан жүрек)
Бұл – мүминнің санасын кеміріп, көкейіне түрлі арам ой салып, мазасын қашыратын уәсуәсә-азғырулардан құтылып, тыныштық тапқан яғни нық иман орныққан жүрек. Яғни, «айнал-яқин» дәрежесіне жеткен жүрек. Құран Кәрімнің баяндауы бойынша жүректің мұндай дәрежеге жетуінің бірден-бір жолы – «зикруллаһ», яғни Алланы еске алып, зікір ету. Бұл Құранда анық түрде баяндалған. «Біліп қойыңдар! Жүректер тек Алланы зікір етумен ғана орнығып, тыныштық табады» (Рағыд сүресі, 28-аят). Міне бұлар – шынайы мүмин пенделердің жүректері. Мұндай пенделер ақыретте ешқандай қиындық көрмейді. Олар Алла Тағаланың уәде еткен жәннатына кіретін болады.
4. Қатайған жүрек
Ислам ғалымдары жүректің қатаюын: «жүректің ақиқатқа бас ұрудан және Алланың аяттарын түсінуден ұзақ тұруы», «уағыз-насихаттарға құлақ аспай, жалғанға бой алдыруы» және «имансыздық пен күнә істеуде шектен шығып, қасарысуы» деп түсіндіреді. Пайғамбарлар арқылы жіберілген иләһи хабарларға жүректерін тарс жауып, бекітіп алған, оларды естімеу үшін барлық күшін салған, осы әрекеттерінің салдарынан жүректері қатайған адамдар жайында Құранда былай делінеді: «Алланы еске алуда жүректері қатайған пенделерге қандай өкінішті. Олар ашық адасуда» (Зүмәр сүресі, 22-аят).
5. Өлі жүрек
Бұл – Құран Кәрімнің терең мағыналы әрі ғибратқа толы аяттары мен Хазірет Пайғамбардың (с.а.у.) тағылымы мол уағыз-насихаттарынан ғибрат алмайтын, сезініп, әсерленбейтін жүрек. Мұндай жүрек Құран Кәрімде «мөр басылған жүрек» деп сипатталады. Бұл Алла Тағаланың ескертулеріне құлақ аспайтын, көкірек көздері көр болғандықтан ақиқатты көре алмайтын адамдардың жүрегі. Соқыр наным-сенімнің жетегінен шыға алмай, оны нағыз тура жол деп білгендіктен, ақиқатты зерттеп-зерделеуді, ақыл таразысына салып өлшеуді қажетсінбеулері әрі ақиқатты мойындаудан бас тартып, қасарысулары және Алланың өздеріне берген есту, көру, сезіну (ақиқатты табу) қабілеттерін қолданбауларының салдарынан Алла Тағала олардың жүректеріне мөр басқан. Құран Кәрімде Алла Тағала былай дейді: «Расында кәпірлерді ескертсең де, ескертпесең де бәрібір (ескерту оларға пайда бермейді). Олар иман келтірмейді. Алла олардың жүректері мен құлақтарына мөр басып, бекітіп тастаған. Көздерінде де перде бар» (Бақара сүресі, 6-7 аяттар). «Олардың жүректері бар. Бірақ, онымен шындықты түсіне алмайды» (Ағраф сүресі, 179-аят).
Бұл имансыздардың жүректері. Мұндай пенделердің ақыретте жағдайлары өте мүшкіл болады. Алла Тағала бізді мұндайдан сақтасын!
6. Ауру жүрек
Қасиетті Құранда былай айтылған: «Олардың жүректерінде ауру бар. Алла олардың ауруын күшейте түседі» (Бақара сүресі, 10-аят). Ислам ғалымдары жүрек ауруларын итиқади (сеним) және ахлақи тұрғыдан екіге бөліп қарастырады. Осыған байланысты имансыздық, екіжүзділік, ортақ қосу, надандық және күмән келтіру сынды иманға қатысты адастыратын әрекеттерді «итиқади сырқаттар» деп, ал шәһуаттың құлы болу, күнә істеу құмарлығы, қорқақтық, сараңдық, риякерлік, тәкаппарлық, кектену, көре алмаушылық және дүние құмарлық сынды жағымсыз қасиеттерді «ахлақи сырқаттар» деп түсіндірген. Жүрек дерттерінің емі – көп зікір ету, уақытында ғибадат ету, күнәлардан тыйылу, ізгі істерді көбейту, ата-ананың қызметін жасап, дұғаларын алу, отбасындағы аға-іні, апа-сіңлі, ерлі зайыптылар өзара жақсы қарым-қатынаста өмір сүру, қоғамдағы мұқтаж жандарға жәрдемдесу, жетімдердің басын сыйпау, қияметті көп еске алу, өлімді ұмытпау керек.
Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспаөз қызметі,
Дереккөз: nurgasyr.kz/