Бисмилләһир рахманир рахим
Құрметті оқырмандар, бүгін сіздермен бір хадис бөліскім келіп отыр. Бұл хадис - Алла елшісінің (с.а.у.) ақырзаман жақындағанда үмбетінің басына келетін кейбір жағдаяттар жайында баяндайды. Оның бірсыпырасы бүгінгі күні болып жатыр. Әсіресе, хадистің бір көзге батар тұсы - ақырзаманда адамдардың бастарында музыка аспаптарының ойналатындығынан хабар беруі. Хадисті толық берелік.
Әбу Дәуід, Имам Ахмед, Ибн Мәжә сынды хадисшілердің хадис кітаптарында келтірген бір «сахих» риуаятта Мұхаммед пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деп хабар береді:
لَيشربَنَّ أُناسٌ مِن أُمَّتي الخمْرَ، يُسَمُّونها بغيرِ اسْمِها, وتُضْرَبُ على رُؤوسِهم المعازِفُ، يخسِفُ اللهُ بهم الأرضَ, ويجعَلُ منهم قردةً وخنازيرَ.
«Күмәнсіз (қиямет жақындағанда) үмбетімнен болған адамдар шарап ішіп, оны басқа атаумен атайтын болады және бастарында музыкалық аспаптар ойналатын болады. (Олардың сол қылықтары үшін) Алла Тағала олардың (аяқтарының астындағы) жерді опырады (яғни, жер жұтады) және кейбірін маймылдар мен доңыздарға айналдырады»1.
Аталмыш хадис шәрифте ақырзаман туғанда мұсылман үмбетінің моральдық тұрғыда азғындап, бұзылатындығы баяндалуда. Хадистің әрбір сөйлеміне қысқаша тоқталып өтелік:
1) «Күмәнсіз (қиямет жақындағанда) үмбетімнен болған адамдар шарап (хамр) ішіп, оны басқа атаумен атайтын болады...». Осы сөйлемдегі «шарап» сөзі - түпнұсқасында «хамр» деп келген. «Хамр» деп, негізі шарапқа қолданылады, бірақ басқа бір хадистегі «كل مُسْكِرٍ خَمْرٌ / «Барлық масайтушы зат - хамр болып саналады» деген сөзін ескерсек, хадистегі "хамр" сөзі тек арақ-шарапты ғана емес, барлық масайтушы заттарды да қамтып тұр деуге болады. Бәріңізге белгілі болғандай, бүгінде адамдар түрлі масайтушы заттарды қолданады. Оның ішінде алкогольді ішімдіктері де бар, түрлі есірткілер де бар. Бәрі масайтушы зат болғанымен, әр қайсысы бөлек-бөлек атауға ие. Мысалы: вино, коньяк, арақ, наша, кокаин, героин, гашиш т.б. Барлығы - масайтушы сипатқа ие. Алайда адамдар олардың әрбіріне әртүрлі есім қойып алған. Ендеше, Алла елшісінің «адамдар шарап ішіп, бірақ оны басқа атаумен атайтын болады» деген сөзінің көрінісін қазіргі қоғамда оңай байқауға болады.
Немесе Пайғамбарымыздың бұл сөзінен "арақ-шараптардың әртүрлі атаулары болады" деп түсінуге де болады. Қазіргі таңдағы арақ-шараптарға этикетка жабыстырып, этикеткаларында әртүрлі аттар жазылып жататыны белгілі, мысалы, распутин, смирнов, тундра, бордо, эфес т.б. арақ-шараптардың атаулары бар. Бұлардың бәрі алкогольді ішімдіктер болып саналғанымен, әрқайсысын жеке-жеке атап қойған. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) "ақырзаманда адамдар шарап ішіп, бірақ оны басқа атпен атайды" деуінің бір мәні де осы болса керек.
2) «Бастарында музыкалық аспаптар ойналатын болады...». Пайғамбарымыздың (с.а.у.) бұл сөзіне екі түрлі мағына беруге болады:
- Біріншісі - «адамдардың басы-қасында музыка ойналады...» деген мағынада. Яғни, жанында музыка ойналып тұрады, олар сол музыкаға секіріп билейді. Бүгінде түнгі клубтарда, дискобарларда адамдардың арақ-шарап ішіп немесе есірткі қолданып түрлі әуендерге аласұрып билеп жататыны белгілі.
- Екіншісі - «бастарында музыкалық аспаптар ойналады» деген мағынада. Қазіргі таңда көп жастар құлақтарына құлаққап (наушник) тағып алады да, музыкалық аспаптар құлақтарында «дыкыш-дыкыш» деп соғып, ойнап тұрады. Қазір көп жастар құлаққапсыз жүрмейді. Қайда жүрсе де құлаққап киіп алып, музыка тыңдайды. Ондағы дыбыс сыртқа естілмегенімен музыкалық аспаптардың әуені бастарында ойналып жатады. Сонда Алла елшісі аталмыш сөзі арқылы: «ақырзаманда бастарына музыка аспаптары ойналып тұратын құрылғыны тағып алады» деп айтып тұрғандай. Олай десек, Алла елшісінің (с.а.у.) 14 ғасыр бұрын айтқан тағы бір сөзі шындыққа айналып, айтқаны айдай келіп отыр.
3) «Алла Тағала олардың (аяқтарының астындағы) жерді опырады (яғни, жер жұтады)...». Адамдар шайтанға табынып, азғындыққа салынған заманда, араларындағы кейбір топты жын ойнақ жасап жатқан кездерінде жер жұтады. Осыдан бірнеше жыл бұрын ғаламтор кеңістігінде, бір клубта қыздар мен жігіттер жиналып алып, би билеп жын ойнақ жасап жатқан тұста аяқтарының астындағы жер опырылып, көбі жер түбіне түсіп кеткеннің бейнебаяны тараған еді. Ол да бір Пайғамбарымыздың (с.а.у.) 14 ғасыр бұрын айтқан ескертуінің бір көрінісі болса керек. Құдай сақтасын.
4) «...және Алла олардың кейбірін маймылдар мен доңыздарға айналдырады». Хадистегі маймыл мен доңызға айналу құбылысы шынайы тұрғыда жүзеге аса ма, әлде рухани азғындауды білдіре ме? - деген сұрақ төңірегінде екі түрлі болжам айтылады. Дегенмен, хадистің «заһиріне» (беткі мағынасына) қарасақ бұл құбылыстың шынайы тұрғыда орын алатындығын байқауға болады. Неге десеңіз, хадисте: «менің үмбетімнен әлдебір қауым» дей келе белгілі бір топтың сондай күйге душар болатындығын білдіріп тұр. Осыдан-ақ, ол жағдайдың шынайы түрде орын алатындығын байқауға болады. Өйткені, бұл рухани жағдай болғанда «әлдебір қауым» деп шектеу қоймас еді. Алла сақтасын. Және де басқа бір риуаятта мұндай бәлекетке душар болатын қауымның мұсылман қауымы болатындығы айтылған. Сонда сахабалар: «Олар не істеп сондай күйге душар болмақ, уа, Расулаллаһ? – дегенде, Алла елшісі (с.а.у.): «Олар музыка аспаптарын алып, әншілерді (шақырып), дағыра (қағып) арақ-шарап ішеді. Олар солай сауық-сайран құрып, шарап ішкен күйі түнейді де, азанда маймыл мен доңызға айналған күйі тұрады» - деп түсіндіргені бар2.
Алла Тағала баршамызды тура жолға бастасын. Азғындық жолға және шайтанның жолына түсуден сақтасын! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!
1 Әбу Дәуід: «Сүнән», №3688; Ахмед: «Мүснәд», №22900; Ибн Мәжә: «Сүнән», №4020.
2 Әбу Нәъим әл-Асбәһәни: «Хүләтуль Әулия». №3579. (Сахих).